Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  107


Автор: Қалижан Бекхожин

Орыс әні

Шаршап ұзақ жорықтан
Шаң-шаң болып отырдық,
Жан-жақ бізге болып таң,
Жаңғақ жағып отын ғып.
Сусыз дала, иен жер
Жауынгері бұл жүрген.
Мұнда ғалым инженер,
Майдандасқан сұр құммен.
Отырдық біз сәл үнсіз,
Құмның сырын ойланып.
Түнгі жапан көңілсіз,
Туған да жоқ ай жарық.
Кенет бір кез алыстан
Шалқып бізге үн жетті.
Естілді де таныс ән,
Лүпілдетті жүректі.
Сол бір әнді кер тыңдап,
Сусындасын өзегің,—
Жетті құмға толқындап,
«Волга - матушка»— өзенім!
Серпілді де сары алап,
Сергіп біз де тыңдадық,
Құм үстінде сорғалаң —
«Волга - матушка...» тұрды ағып.
Біз де әнге қостық үн
Зор дауыспен біріккен,—
Айттық жүрек достығын,
Орыс, қазақ, түрікпен.
Аулақ қырдан асты да,
Шалқып ұзақ тұрды өлең.
Біз де алға бастық та,
Кеттік өрен жырменен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу