Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  170


Автор: Қалижан Бекхожин

Ұлытау

I
Даланың тәкаппары құмнан туған,
Асқақтап көрінеді алыс қырдан.
Жалғыз тау жазықтағы сақшыдай бір,
Қырына қарауылдап қарап тұрған.
Ұлытау таңданамын саған қарап:
Айналаң құмды дала, адырлы алап.
Мың-мың сан, мыж-мыж болған төбелерге,
Кім қойған қорған етіп сені қалап?
Қараймын сенің жасыл мұнарыңа,
Ұлылық бар ма сенің шыңдарында.
Бір таусың атың — ұлы, тұлғаң — кіші,
Сұлу ма әлде тасың сыр алуға?
Түксіз тас өртелгендей жап-жалаңаш.
Сұлу ма құр мелшиген қу қара тас?
Болмаса — құмында гүл, суында нұр.
Таулардың иеміз бе даңқына бас?
Қалайша ұлы даңқ саған ауды,
Қарасам келбетіңе атың даулы?
Ұлы деп атаған ба әлде біреу,
Көрмеген Көкшетау мен Алатауды?
Мұрасы еткеніңнің жалғыз ғана —
Тас төбе шың басыңда қалған мола.
Әлде сыр, әлде алтын сақтады ма,
Білмеймін төңірегің толған оба?
Білуге сол бір сырын ұлы атыңның —
Алыстан аңсап құмар болатынмын.
Алайда ақтармаймын оба сырын,
Емеспін археолог, мен ақынмын.
Қу мола құлазып бір құмда қалған
Артқыға сақтады екен қандай арман?
Немене, қурап қалған басты жинап,
Көрнекі кер қазуға құмарланған?
Қай Жошы қалды екен деп қай белесте?
Соларды жүреміз бе сақтап еске?!
Оба боп өліп қалған еткені емес,
Таудағы тірлігімен ұлы емес пе?
Не сыр бар құм жамылған төбелерде?
Гауһар ма түбіндегі, әлде көр ме?—
Сүңгісін шыңнан ырғып шыңырауға,
Тауым сен, аш қойыныңды инженерге!
Мен - дағы инженермін,— бірақ жанның,
Досымын, сырласың тірі адамның.
Мола емес, оба да емес, тау түрленткен
Жұрттың мен жүрегінен сыр аламын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу