Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  142


Автор: Қалижан Бекхожин

Менің Алматым

Алматыда алшақ басып келемін,
Өзімменен бірге шықты өлеңім.
Өлең - сынды ормандардан гуледі,
Алма біткен мәуе ағаштың гүлдері.
Зәулім биік қат-қат үйлер қасынан
Өтсем менің ойым өрге тасыған.
Мақтан көрем, қарап саған өтуді.
Бәрі менің өз үйлерім секілді.
Әжем, әне, балконында тұр қарап,
Өміріңде ойласам кеп сыр ғажап.
Өсіп еді өзі қырдың құмында,
Тар лашықта туып еді ұлын да.
Ие болып салтанатты өмірге,
Отыр енді комбинаттың төрінде.
Көзбен шолып Алматының ағашын,
Күтеді әжем профессор баласын.
Бұл күндерде шарықтаған ой шыңын,
Профессор — баласы еді қойшының.
Машиналар дүбірлеткен кешені,
Жаяу жүріп, көңілім соған өседі.
Ішіндегі шалқиған кім? — Қарашы,
Өзіміздің Орман шалдың баласы.
Әкесімен жалғыз ғана тай мініп,
Жетім бала қалып еді қайғырып.
Машинада отыр шалқып ол енді,
Машинадай гуілдетіп өлеңді...
Мені Алматы толқын ойға бөледі.
Көшелерін кезе бергім келеді.
Қызығамын сәулетіне, сырына,
Жарқырайды мұнда шаттық шұғыла.
Бірі ғалым, бірі инженер, бірі ақын,—
Достарым көп Алматыда тұратын.
Бірі әнші, не дәрігер кейбірі,
Бірі мастер заводтағы әйгілі.
Кеңседен бе, заводтан ба, бақтан ба.
Үйге достар қайтып келе жатқанда.
Кездеседі қуанысып менімен,
Кездескенде кеудем талай кеңіген.
Тұра қалып бәйтеректің түбінде,
Сөйлесемін орыс, қазақ тілінде.
Сырласамыз айтып ылғи жаңалық,—
Алматымыз жатыр күнде жаңарып...
Қуантыпты өлең құмар жастарды,
Жазып Тайыр.жаңадан бір дастанды.
Ойын бопты театрда тамаша,
Рөлін Шәкен ойнапты да.жаңаша...
Кездестірдім архитектор досымды:
Биыл қандай сәулетті - үйлер қосылды?
Салыныпты заңғар үйлер қат-қабат
Алматыда комбинаттар қаптамақ...
Көшесінен кең сарайлы ВУЗ - дардың,
Естілді, әне, шат күлкісі қыздардың.
Көздерінен көріп бақыт нұрларын,
Күлкілерін қуанышпен тыңдадым.
Қыздары еді бақташының бір кезде,
Өзгеріпті енді киім, мінез де.
Сүйемін мен сол қыздардың өнерін,
Сәндерін де тіпті қызық көремін.
Қызық көрем көз алдымда жүргенін.—
Бәрі менің бақшадағы гүлдерім...
Астанамсың — алыс қырдан, қиырдан,
Республикам өрендері жиылған.
Көкірегі қуанышты, білімді,—
Көк ерімдей жас буыным бүгінгі.
Құлпырасың қызыл тудың астында,
Шұғыласын септі саған Москва.
Орыс, қазақ төскейінде тоғысқан,—
Сен достыққа болдың бейне бағыстан!
Сол достыққа жырымды бұл қосқаным,
Тыңдасын деп менің орыс достарым.
Алшаң басып кең кешеде, бағында,
Достық сырын елеңдетем тағы да!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу