Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  163


Автор: Қалижан Бекхожин

Украинам менің

Асынып қару
Алысқа бардым,
Қалың бір өртпен
Қарыса қалдым:
Анталап дұшпан
Айнала тұстан,
Түсіпті, отқа
Туысқан елім —
Украинам менің...
Шалқыды. Отан
Кегінен дауыс,
Дауылдай төтен
Дүбірлеп алыс,
Орыстың ұлы
Өршіді үні:
«Бауырлар, аттан,
Құтылсын қаннан
Жау торлап жатқан
Туысқан елім —
Украинам менің!»
Өртіне сүңгіп,
Кештік біз қанды,
Өртіңдей жауға
Кек бұрқанды.
Сұрапыл қырғын...
Селебе түннің
Ішінде ана
Жаралы жанды...
Тебірентті бізді,
Дабылдай таңғы,
Жөнелдік алға,
Лап беріп жауға,
Ананың даусы.
Бомбадан күшті,
Қанымнан отым
Жалындап ұшты,
Болсын деп азат
Қандасы елім —
Украииам менің!
Асырдық жауды
Асудан аулақ...
Жайраттық аңды
Жұтынған жаулап...
Құшақтап мені
Украина анам:
«Ұлымсың!»,— деді
Күлімдеп маған.
Лебіне балқып
Достықтан туған,
Сонда бір шалқып
Жүректен туды ән:
«Алтынды, қырлы
Азат кең жерім,
Советтік елім
Украинам менің!»
Осы бір әнім
Жадымда қалып,
Шалқиды күнде
Жұлдыздай жанып.
Осы бір әнім —
Жалынды лебім,
Жырыма — көрік,
Достыққа — сенім,
Жасайды мәңгі
Туысқан елім —
Украинам менің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу