Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  157


Автор: Қалижан Бекхожин

Біздің ту

Болса
Теңіз үстінде көк толқындар,
Болса
Көктің найзағай жарқылдары,
Толқыннан да
Телегей өктем тулар
Жарқырады мұхиттан шалқып әрі.
Қызыл нұрлы түсінде —
Күн асылы,
Ол туған
Көк дауылды құз бұлтынан
Күшті қол,
Жайнатуға бұл ғасырды,
Туғызған таңның нұрын
Қызыл тудан! Ішінде
Тұмандалған зеңгір көктің,
Үстінде
Жұмыр жердің дірілдеген,
Үстінде
От пен оқтың,
Зеңбіректің
Осы ту —
Күндей қалқып күлімдеген.
Ысырып
Ескі заман түн зілдерін,
Жайнатып жұмысшының
Бар қиялын,
Бұл туға
Таң нұрын құйды Ленин,
Көтерді оны
Сом қолы Партияның!
Бұл туда бар
Жалыны Октябрьдің,
Жарқылы бар
Жеңісті ұлы Отанның.
Жалауы — бұл
Жердегі көк-дабылдың.
Бұл — арайы
Әлемге атар таңның.
Желпіді ту
Қырмызы қанаттарын,
Шұғыласы
Шалқыды әрбір тұсқа,
Көрді әлем
Қызыл тудай таң атқанын
Европада, Кубада, Күншығыста.
Күн туы
Бейбіт, бақыт өмір беріп,
Әлемге еркіндіктің көркін жайды.
Халық — теңіз,
Таң нұрлы ту көтеріп,
Күн сәулесі дүниеге толқындайды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу