Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  126


Автор: Қалижан Бекхожин

Ай туралы толғау

Тақ болған күллі дүние әлеміне,
Еркесі жұлдыздың да, әуенің де,
Тәңірі арулықтың, Ай сұлуым,
Тағы да көрік бердің елеңіме.
Ақындар тебіренген жер бетінде,
Табынған бәрі сенің келбетіңе.
Менің де сонау сәби қиялымды,
Шақырдың аспаныңда тербетуге,
Алтын бас, ая көзім, әйгөлегім,
Дөңгелеп тас төбемде жайнап едің.
Қаңбақтай қағып сені ұстаймын деп,
Сәулеңе саусағыңды жайған едім.
Қалықтап ауылымның төбесіне,
Әдейі арбағалы келесің де,
Аспанның теңізіне сүңгіп әрі,
Кетуші ең еліктіріп елесіңе.
Солай бір ұстатпайтын бақ туындай,
Болар ма кек сәулесі әккі мұндай!
Қыр көңілім құлазитын сен кеткенде,
Көлімнің үркіп ұшқан аққуындай.
Уа, Айым, тұңғиықта өрмеледің,
Жеткізген әлем бар ма жер сәлемін?
Арманы адамзаттың асқынса да,
Жүзіңнен жылы шырай бермеп едің. —
Ал аспан, серпіл енді, күл масайра!
Жұлдыздар жерге табын, биле, жайна!
Дүние теңселе бір қалды қарап,
Жасарып қайта жаңа туған айға.
Керемет бір сәуле тұр ай бетінде,
Сол сәуле аспан сырын әйгі етуге, —
Белгісі айға таққан Отанымның,
Көрсетіп құдіретін де, сәулетін де.
Қиялдың, армандардың тұңғышындай,
Жетті айға хабарымыз жыл құсындай
Ай, жұмбақ аян болды енді сырың,
Ашылған Арктикадан мұзды шыңдай!
Сен әлем, Отанымның айғағына,
Ай — айна, — келбетіне, айбарына.
Қадама, Күн, жалынды кірпігіңді,
Елімнің еркесі жүр ай маңында.
Уа, Күнім, Ай мен Жерді егізі — де,
Жетті айға адамзаттың лебізі — де,
Қиялдың қайығымен жүзейін мен,
Айымның Москвалық теңізінде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу