Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  132


Автор: Қалижан Бекхожин

Келіңдер, кең далама

Келіңдер, кең далама, достар тағы,
Ән-жырдың халқымыздың қостар жаны.
Жайылар алдарыңа кең құшақпен,
Даланың дәнге толы дастарқаны.
Ағасың! Алып жұртсың тау мүсінді,
Үнің бар, екпіндеген дауыл-сынды.
Ежелден атам қазақ естіп өсті,
Далада сенің дарқан дауысыңды.
Халқымның сол даусыңа жаны құштар,
Үніңде — еркіндік бар, қуаныш бар.
Пушкиннің лебізі бар,
Дауысында —
Лениннің қуаты бар, жалын күш бар.
Алғысын айтып қойшы лебізіңе,
Егінші жыр тізеді дән ізіне.
Қосады үндеріңді қалың қазақ,
Достықтың толқындаған теңізіне.
Осындай достар келген игі күнде,
Өткеннің шертілгендей күйі бірге.
Разы боп, қол соғып тұр Абай аға,
Сендерге, Алатаудың биігінде.
Ұқсайды пейіліміз таң нұрына,
Достығың шұғыла шашты тағдырыма.
Орыстың жүрегінің ырғақтары,
Соғады менің күре тамырымда.
Ұлысың — талайыңа сөз егілген,
Дарқансың, мерейіңнің өзені кең.
Ағады аңқамызға сусын жырық,
Россия, сенің терең өзегіңнен.
Жауғандай даламызға жаңбыр құтты,
Дауысыңмен жұрт жүрегі жаңғырықты.
Кел достар,
Таң — тамаша ән шырқалық,
Кең сарай, пейіл үшін мәңгілікті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу