Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  172


Автор: Қалижан Бекхожин

Әншіге

(Татар ақыны Нури Арсланға)

Жырладың сен бесігімде жатқанда,
Жырладың сен мұңлы, тойлы шақтарда
Сенің назды жырларыңмен тербелдім,
Жырақ қырда, қойларымды баққанда.
Сен орманда сандуғаштай сайрадың,
Сол жырыңды жан сыры деп ойладым.
Есіркедім Ертісімді жағалап,
Жырладым мен шерлі «Сарман бойларын».
Қозғалғандай өз арманым, өз лебім,
Көрші татар көшелерін кезгемін.
Сен жырласаң, кетер қаным шымырлап,
Арбады ма әлде «Шаяң күзләрің».
Үй артында арасынан шиенің
Тамылжыған татар жырын сүйемін.
«Шул шиәләр, баш иәләр» әніңе
Басым түгіл, жанымды да иемін.
Сол жырыңда мұң төкті ме асыл жар,
Әлдеқандай аяулыңның жасы бар.
Әлде аңсап бүгінгісін татардың
Тебіренді ме өткен сонау ғасырлар?
Түсінемін махаббатың наз әнін,
Сол жырыңа құлашымды жазамын.
Жырла, сырлы әуеніңе балқысын,
Ән шырқалса, аңқылдайтын қазағым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу