Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  174


Автор: Қалижан Бекхожин

Ағама хат

Кейде жалғыз ойға батып кетемін...
Нұрымыз ғой екеуміз бір әкенің.
Бір ананың сүтін емдік, сенімен
Бір еді ғой сәби бесік мекенім.
Шықты ма сол балғын шағың есіңнен,
Ыстық ұяң, төріне біз көсілген?
Мәз едік қой бірге жүрсек, бір күлсек,
Бір еді ғой бақытың мен несібең?
Сол шағымды айрылмастай көріп ем,
Екеумізге бір үйдің де төрі кең.
Өмір қызық, екеумізді айырып,
Екеумізді екі жанға теліген.
Енді бөлек босағаға маталдық,
Аға болдық, ақсақал да атандық.
Разымыз ғой өмірге де өсірген
Екеумізді игілерге қатар ғып.
Бірақ бұл не, бір қалада болсақ та,
Жүргендейміз көз көрмейтін алшақта!
Неткен күйбең, қайран жарты ғасырдың
Деңгейінен жылдам асып қалсақ та?
Істерің көп — ғұмырыңнан көлемді,
Мен де жазып тауыспаспын өлеңді.
Аңдаусызда айрылысармыз мәңгілік,
Анда-санда көрсетіп қой төбеңді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу