Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  353


Автор: Қалижан Бекхожин

Менің көршілерім

Бір көршім бар — тұйық кәрі мұғалім,
Бір көршім бар — сыпайы әйел дәрігер.
Таңданамын мінезіне бұлардың,
Сөзге сараң, бірақ ылғи әбігер.
Қарт мұғалім көз әйнекпен қарайды,
Сәлем берсем, шәкіртім деп қалады.
Дәрігер мені пациентке санайды,
— Қалайсыз? — деп, күлімдейді қабағы.
Жоқ та шығар мінездері өрсінген,
Бірақ — қызық, сөйлеспейді кідіріп.
Сырласуға кешке жақын көршіңмен,
Біздің көше рақат! — келші қыдырып...
Бір көршім бар — мінезі оның тамаша,
Ылғи жүзі ашық күндей жайдары.
Болса-дағы оның бойы аласа,
Бірақ ұзын өзендердей ойлары.
Жас та емес, бірақ, дейміз — Гриша,
Ұнатады көршілердің шын бәрін.
Кешке жақын достық кеңес құрылса,
Ол шертеді «Сельэлектро» сырларын.
— Болып келдім ең бір қиыр ауданда,
Татай таудың қияларын аттадым.
Жарқыраттық жұлдыздардай сол маңға
Электрлі нажағайдың оттарын.
Үлкен бір СЭС сол ауданға орнады,
Қуаты өрен, бірнеше мың киловат.
Қырда самсап антенналар тармағы,
Түкпірлерге тарап жатыр күн қуат.
Сүйкімді ғой менің нажағайларым,
Күн сәулесін колхоздарға сүйдірген.
Қырқып, сипап жібек жүнді қойларын,
Сиырларын қайта-қайта идірген.
Кемпірқосақ сымды тарттық әр үйге,
Әр қорада жарқырады жұлдызым.
Онда менің қуатым бар, әрине,
Мақтан етіп, жайнап соған тұр жүзім.
Құрметтейді мені бала-шаға да,
«Жұлдызтай» деп жүгіреді соңымнан.
Қырман — теңіз, қыздар — аққу-шағала,
Жарқыраған электрдің тогынан.
Қызық көрсең, машиналар күй тартып,
Билетеді электрмен бидайды.
Нажағайлы нұрларыма құмартып,
Динамодан қыздар қолын бұлғайды...
Керемет қой электрик өнері,
Нажағайды ұстап қолмен жаңарған!
Қызығымды айта бергім келеді,
Колхоз елін бүгін қайран қалдырған... —
Деп жымыңдап, жарқылдайды жанары,
Электрдің оты бардай көзінде.
Айтқандайын, бір көршім кеп қалады,
Гришаның шалқып жатқан кезінде.
Сабырлы қарт сөз қадірін сыйлайды,
Амалсыздан әрең ғана қатады үн.
Сөйлегенде маңыз беріп сипайды,
Толстойдың сақалындай сақалын.
— Құдіретін электрдің білемін,
Станогым қозғалады тогымен.
Көрдің бе сен машиналар бөлегін, —
МТС-ке талай бөлшек соғып ем.
Қадірлі ғой біздің завод маркасы!
Сан қиырда оның бөлшек түлегі.
Шырағым-ау, өзің ойлап байқашы,
Колхоздардың біздің завод тірегі.
Қынжыламын, тек қадірлей білмейді,
Сақталады бөлшектердің өте азы.
Тез бүлдіріп, бөлшектерді мінейді,
Үдеп кетті Сельхозснаб заказы.
Сен білдің бе, қандай екен маманы,
Жүрген қол көп машиналар басында?
Шіркін, болса ол механик бағалы,
Шыдар еді бөлшектерім ғасырға!
Сақтар едік бөлшектермен көп күшті,
Әр колхозға СЭС-ті жылдам орнатса,
Комбайнды, тракторды, сепкішті
Адамсыз-ақ, электрмен зырлатса...
Мақтан, шырақ, сонда ғана! — дейді де,
Түксиеді қарттың қалың қабағы.
Солай сөйлеп, сыр айтысып, кей күнде
Екі көршім айтысып та қалады...
Маған қызық екеуінің таласы,
Қиялдары мені де ертіп кетеді.
Ойларында колхоздың кең даласы,
Қалада бұл болса-дағы мекені.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу