Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  173


Автор: Қалижан Бекхожин

Қария мен балалар

Сипайды шал қырау басқан сақалын
Ақсақал деп шығарған сол атағын.
Жас балалар мәз-мереке қасында,
Қызығады тұлғасына атаның.
Ойлар бала: «Шалдың жоқ қой арманы,
Өмірдің көп қызықтарын барлады.
Болсақ біз де осындай бір ақсақал
Шарықтап тез шағымызда алдағы!»
Шал ойлайды іштен тұнып, күрсініп:
«Өтті өмірім, алдымда көр тұр суық.
Қайғысы жоқ қайран мынау балалық
Жайнар ұзақ, алдарына гүл шығып...»
Өмір солай. Тағдырыңа көнесің,
Шал қайғысын бала қайдан елесін?
Қызық көріп аппақ күміс сақалын,
Тыңдамақшы ертегісін, кеңесін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу