Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  121


Автор: Қалижан Бекхожин

Өлеңнің Алатаудай алыбысың

Өлеңнің Алатаудай алыбысың,
Далаңа жаршы болды жалын-күшің,
Өнеге бердің бізге сермелуге
Семсердей сырлы сөзбен халық үшін.
Отындай Октябрьдің жайнап ескен,
Жырыңмен жауынгерше майдан кешкен
Тарлансың тарпып талай жат құзғынды,
Қияға қанатыңды қайрап өскен.
Әуезін еркіндіктің сезуге шын,
Қаладың қырға жаңа сөз іргесін.
Республика дабылын келдің қағып,
Халықтың жеңісіне шежіресің!
Ұқсайды кеудең жырдың күмбезіне,
Еліңнің бар бейнесі тұр өзіңде!
Сүйемін мінезіңді ұқсай туған
Қазақтың кең-жайдары мінезіне.
Білемін, жас баладай адал жаның,
Ақиқат — халық үшін жаралғаның.
Қаламын партияның қадап ұстап,
Бұқтырдың ызың-шуын арамзаның.
Сөз советтік — Армия маршында,
Дауысың дәуірледі барып шыңға.
Қосылған сол дауысқа түлегіңмін
Өзіңше өрлеп жырдың жарысында.
Ентелеп келіп қаппын мен де елуге,
Жорық көп әлі талай сермелуге.
Алпыста ағаң жастай жайнап тұрса,
Алысқа айғағым бар өрлеуіме!
Жүлделі тойда толып гүл құшаққа,
Шыңына бұл ғасырдың шыққан шақта,
Тыңдасаң ұстаз жырын жүзге келген,
Ақсақал ақындар біз тұрған сапта. —
Уа, Сәке, шалқып сонда бірге мен де,
Алдыңда өмір жырын тербегенде,
«Дұрыс!» — деп бүгінгіше тұрсаң күліп,
Қуана құшағыңды сермеп елге!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу