Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  146


Автор: Қалижан Бекхожин

Жыр сәлемі

(Сәкен Сейфуллинге)

Алтын дәнді вагондарға күй еріп,
Келді міне, өлең-жырлар тиеліп.
Асқан дана астанаға дастан ала,
Жарты жаһан жерімізді игеріп.
Ақтардық та ата қазақ ғасырын,
Алып келдік кене қырдың асылын.
Шығандардан, шыңды таудан, шырын баудан
Шырқап келдік жаңа дүние жас үнін.
Қырларымда қиқу салған малшымын,
Астанаға жырларыммен жаршымын.
Шертіп өлең, бердік сәлем, еркіндеген
Жүректердің жалындатып бар сырын.
Дүбірлеткен дулы дала белеңін
Бәйгі көктей шын жүйрік пе өлеңім?
Көр шабысын, шырқалысын, сыр танысын,
Сенің сынын, — менің сырым, сенемін.
Жырларымыз ұқсап толқын жалауға
Желпілдесін заңғар Қызыл Алаңда.
Жүрегіме — Кремльге кірем бірге,
Дала жыры даңқ берді маған да!
Кең көшеңде масайрасын күй бүгін,
Қазақтың көр бұлбұлдарын, жүйрігін.
Өр лебізді, тербе бізді, кеудемізді
Көтерейік, сының бізге — сыйлығың.
Терезеңді бүгін күліп қағады
Сұлу қырдың сері күйі, сал әні.
Келді бізбен, жігіт-қызбен, жырмен жүзген
Алатаудың алма-жұпар самалы.
Ауылымның айналасы алтын бақ,
Аққу-қаздай әндер келді аңқылдақ.
Келіп тыңда, келін жырға сәулет құр да,
Тойшы қала, төк шашуды жарқылдап!
Москва,
Дабыл қақ!
Досыңа Жалындап!
Тілекті қабылдап,
Жүректі жалындат!
Жалындап,
Дабыл қақ!
Дабылдат!
Дабылдат!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу