Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  151


Автор: Қалижан Бекхожин

Ата мен атан

Тыңда, бөбек, жырымды,
Бұл бір аңыз бүгінгі.
Ертегі ме, бұл рас па?—
Түсін, жырмен сырлас та!
Ақшатаудан аулақта,
Өзені жоқ жан-жақта,
Жатқан еді құлазып,
Күн қуырған бір жазық.
Елсіз жапан айнала,
Алысында бар қала.
Сол қалаға қырдағы,
Белдерді асып құмдағы,
Мініп алып атанды,
Ата Қылыш аттанды.
Атан әрең аттады,
Тең-тең етіп мақтаны.
Алдынан құм жел ессе,
Теңселеді кемеше.
Қабағынан шаң борап,
Аңызақ жел алды орап.
Сары атан маң басып,
Шудаларын шаң басып,
Келе жатыр мұңайып,
Көрмеді бір тыңайып.
Қалтырады жануар,
Көрінбеді ауылдар,
Сөйтіп шаршап жүргенде,
Шөге қалды бір жерге.
Ата зекіп: «Жүр», — деді,
Атан бірақ жүрмеді.
Тас түйілді қабағы,
Шалға ашумен қарады.
Шал ұмтылды ұрғалы,
Түйе қорқып тұрмады.
Аузы-мұрны бұрқылдап,
Сөйлеп қалды мыңқылдап!
«Неге ұрасың, ұрма сен,
Арызымды тыңда сен!
Сені арқалап он жылдай,
Жүріп келем бір тынбай.
Мақта, жүнді тасыдым,
Талай қырдан асырдым.
Теңдеп тартып жүгімді,
Талыс белім бүгілді.
Талай күн су татпадым,
Шөлге мені қақтадың.
Торсықтағы сарқынды
Өзің іштің, таусылды.
Дарияға барып қайт,
Бір торсық су алып қайт.
Су болмаса жатамын,
Жатып мәңгі қатамын».
Атан айтты осыны,
Ата байғұс шошыды.
Қолына алып торсықты,
Дария іздеп ол шықты.
Шал жүгірді, жүгірді,
Белі талып бүгілді.
Қу жапанды кезді кеп,
Әлі бірақ өзен жоқ.
Тағы, тағы жүгірді,
Бір белге кеп жығылды.
Ата байғұс шөліркеп,
Қалды жатып құм бүркеп.
Бір төбеде түйесі,
Бір төбеде иесі.
Бір-біріне қосылмай,
Жатты талып осылай.
Қанша жатты — кім білді,
Жалғыз ғана құм білді,
Сонда желмен жарысқан,
Айғай шықты алыстан:
«Ей, атажан, тұр жылдам,
Су шалқыды сұр құмнан!»
Шал тұра қап қараса,
Дала неткен тамаша!
Сардалаға салып шу,
Келе жатыр ағып су.
Арқыраған дария,—
Таң қалып тұр қария!
Ата шапшаң жүгірді,
Барып суды сімірді.
Торсығын да толтырып,
Кетпек еді шал тұрып.
Тағы қатты үн шықты:
«Таста деді торсықты,
Сен үшін біз қария,
Ағыздық сел-дария.
Асып талай асудан,
Дәл түйенің қасынан,
Су ағады, қараңыз,
Гүл жайнады далаңыз...»
Ата көрді ерлерді,
Қопарған құм белдерді.
Әр төбенің қасында,
Ойнақтайды машина.
Көріп соны шал кетті,
Түйесіне кеп жетті.
Келсе, атан алдында
Ағып жатыр дария.
Суға қанып шалқиып,
Атаны тұр маңқиып.
«Шалым, енді мін», — деді,
Мінгізді де гуледі.
Кезіп ата даланы,
Жаңа қырға қарады.
Су толқындап белестен,
Cap жазыққа гүл өскен.
Су жайылған алқапта
Жайқалады ақ мақта.
Миуалар көп тізілген
Мөлдір моншақ жүзіммен.
Танымастай болыпты,
Жаңа қала қоныпты.
Көшелерін гүл бөлей,
Гуілдейді көбелек.
Орман, сұлу бұл аймақ,
Бұлбұл құстар тұр сайрап.
Жас балалар гүл жайнап,
Жас боталар жүр ойнап.
Жазықта ән шырқалып,
Жер жаңғыртып жүр халық.
Таңғажайып қызық іс,
Қырда қызу құрылыс.
Жапан жатты жаңғырып,
Атан тұрды аңырып.
Ата жүзі күлімдеп,
Сөйлеп кетті күбірлеп:
«Советтің бұл адамы,
Гүл жайнатқан даланы.
Құм құйынды көшірді,
Қырға жеміс өсірді.
Отанның ер ұлдары,
Қандай ғажап сырлары!»—
Ата солай жырлады,
Жас бөбектер тыңдады!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу