Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  164


Автор: Қалижан Бекхожин

Оз бәйгеден...

Ағылып ВУЗ-ға жастар неше лек-лек,
Үміт үндер шалқиды көше гулеп:
— Мен инженер,
— Мен дәрігер,
— Мен агроном
Боламын, оймен өрлеп өсемін деп,
Күбірлесіп көшеде адымдайды,
Емтихан бар,
Қауіпті, алды — бәйгі.
Біреулері
Жаутаңдап әлденеге,
Біреулері асыға жалаңдайды...
Отыр жастар, жүзінде ойлы толқын,
Ақтарып қат-қат сырын қилы томның:
Талданып Менделеев элементі,
Тексерген заңдарын да Ньютонның.
Ұшқындап кітаптардан үміттері,
Сарылған, маңдайының шығып тері.
Қуаныш!
Құшақтарын құзға жайған
Даланың уыз қызы, жігіттері кеп кезеді кең көшені,
Саяда кездескенмен кеңеседі:
— Кім екен директоры?
— Емтиханшы?
Тәкең біздің таныссыз емес еді...
— Біздің де бар Баяннан Бәкеңіміз!
— Біздің де бар Шаяннан Шәкеңіміз!
— Мен бөлемін Бәкеңе,
Қуандықпын.
— Мен жиенмін, Жәкеңе,
Шығандықпын.
— Соларға бір сыбырла, әке, — дейді,
Әкелері
Туысқан төтелейді.
Қайдағы Серкеш, Бекен, Бураларды
ВУЗ-дардың есігіне жетелейді.
Табылып туыс, таныс ілгешегі,
Бұрынғы бүгінгімен тілдеседі.
Қозғалып Мәкен, — Бәкең,
Тәкең — Төкең,
Ептеуге емтиханды бірлеседі...
Болса да бірен-саран,
Сыр білдіріп, бұл шылық арамызда жүр жүгіріп
Жабысып сілімтірік, шалағаймен,
Ғылымға, қызметке де, жылжып кіріп.
Жоқ, інім, білім жолы шатқал өрен,
Аспайсың оңай ізбен аққанменен.
Жас ұрпақ, жаңа заман толқынысың,
Шарықта,
Ғылым сырын ақтар терең.
Жарып өт,
Қиындықтың шұғыл жарын,
Сындарда, сынақтарда шынық бәрің.
Білімнің ұстарасын қайрап, безен,
Сылуға ескіліктің шылықтарын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу