Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  140


Автор: Қалижан Бекхожин

Жылама мен өлді деп

Жылама мен өлді деп,
Есіл жарым, асылым.
Буырқантсын елді кек,
Айбын атсын ашуым.
Жылама мен өлді деп,
Жаутаңдаған бөбегім.
Түнде сені әлдилеп,
Күнге сені бөледім.
Жылама мен өлді деп,
Жан туысым, егілме,
Күркіресін селді кек
Африканың кегінде!
Күңіренген Конгоның
Кеудесінде жанайын.
Африканың кең көгін
Жұлдыз болып жарайын!
Көкірегім кеңісін,
Кек дабылын қағайын.
Құлдық қысқан ел үшін
Құрбандыққа барайын.
Мейлі, мені өлтірсе,
Мұңайма сен, туысым.
Серпілші тек ерлікше,
Батыс бұлты қуылсын.
Жүрегімді жұрт сүйер,
Мейлі өлтірсе жендетім,
Сорлы Конго серпілер,
Тебірентіп жер бетін!
Мейлі өлтірсе, артымда
Атса таңым жарқырап.
Қайғы басқан халқыма,
Жанса бақыт — шамшырақ.
Өлсем мейлі дауылда,
Даусым қалсын бауырға.
Басқыншыға бағынба,
Конго ұлы, дабылда!
Өлсем мейлі дауылда,
Ұраным қалсын жауыма!
Сертім қалсын жаныңда,
Конго ұлы, жалында!
Жылама мен өлді деп,
Есіл жарым, асылым.
Буырқантсын елді кек,
Айбын атсын ашуым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу