Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  165


Автор: Қалижан Бекхожин

Назым Хикметке

Естіп ем ертегіні талай ғажап...
Қапаста қайран бұлбұл қақты қанат.
Келгендей құлағыма бір мұң зарлы,
Аяушы ем, қапастағы бұлбұлдарды.
Қай жауыз, наз бұлбұлды қамап қойған
Көрінер екен деуші ем енді қайдан?
Түріктің төрелері неткен топас?!
Ән-күйге Түркияны еткен қапас.
Жырымен жалындатқан ел жүрегін,
Түріктен төтеп шыққан бұлбұл едің.
Пашаның күрзілерін алып қолға,
Қамады топас төре сені торға.
Мекенің ұзақ жылдар болды зындан,
Қорықты сұм төрелер отты жырдан.
Бірақ сен күшті болдың бұлбұлдан да.
Ұмтылдың тар қапастан бұлқып таңға.
Теңселтіп жолбарыстай темір торды,
Ызалы жүрегіме дауыл толды.
Жарылып қала берді темір шарбақ,
Өр даусың дүниені кетті шарлап.
Өлеңге тұтқындалған ерік бердің
Қайғысын таратсын деп түріктердің.
Жүрегін төрелердің түйресін деп,
Қанжардай тіл безедің тура сілтеп.
Дауылдай кекті даусың көкті жарып,
Түркия тұманына төкті жарық.
Дауысың шайқап өтіп теңіздерді,
Әлемге жалыны ыстық лебіз берді.
Жұлдыздай жырларынан жайнап өмір.
Алыста әнге басты аңсап негр.
Тыңдадым дауысыңды сүйіп мен де,
Ақынсың арыстандай биік кеуде.
Үніңе қосыламын, шырқа қатты
Достықты, тыныштықты, махаббатты.
Түйрей бер жауыздықты, қан құмарды,
Түріктің төбесінен түр тұманды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу