Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  168


Автор: Қалижан Бекхожин

Аңқаты әуендері

(Орал облысындағы «Қызыл ту» колхозының егінші — ерлеріне арналды)

1
Қырына алтын бидай алқа тұнған,
Ән шіркін аңқылдады Аңқатыдан.
Тасыды дән өзені... Дәл өзінің
Көктемгі нөпіріндей тарқатылған.
Сілкінді Аңқатының адырлары,
Алыптай дән кемелер адымдады.
Теңселді телегейдей торғын бидай,
Толқындай жал-жал болып ағындағы.
Қызу ғой «Қызыл тудың» өрендері,
Қызбай ма дән гулесе ер еңбегі?
Төрт жүз қол шеру тартып аттанғанда,
Дүр етті моншақ бастар белеңдегі.
Көрсең сол,
Қауырт істің қарбаласын,
Соншама тездігіне таң қаласың.
Моторлар дүр-дүр етіп, жұрт дүркіндеп,
Ду басты Аңқатының маң даласын.
Ғаламат дән басыпты мұнша қырын,
Өлшесең, созылғандай мың шақырым,
Майдандай қызды жорық. Таңсәріден,
Жарым түн жамылғанша сұр шатырын.

2
Жастары жауынгердей ұрыстағы,
Мінгені, құрсанғаны — құрыш бәрі.
Жайратты самаладай қалың дәнді,
Жарқылдап комбайнның қылыштары.
Құлшына кірісіпті бәрі ісіне,
Қызы да, баласы да, кәрісі де.
Сақалын қауыз басып шалдар жүрді,
Қырманда, өрбіген дән өрісінде.
Тосыннан Аңқатыда тасқын бардай,
Дән түлеп, ақ мекенді шашты қардай.
Төбелер масақ мұртты тұқылданды,
Шебер қол ұстарамен шаш қырғандай.

3
Жарым түн, қырман басы электрлі,
Жан-жақтан жиналыпты ер екпінді.
Сәулемен жалт-жұлт еткен меруертті,
Жеті қыз жеделдетіп елеп тұрды.
Жаңбырдай дән құйылды күймелерге,
Ал Біләл, моторыңды күйлет, өрле!
Қоршады құрыш жасақ дән қамалын,
Жөнелді сауырынан сүйреп өрге.
Тартылды соңғы майдан шерулері,
Сап құрған жүз машина керуені.
Жөнелді тарту артып миллиардқа,
Ырыстан Аңқатының өріндегі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу