Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  125


Автор: Қалижан Бекхожин

Ақынның албырттығы жарасады

(Әбдікәрімге)

Боз үйлер қаздай қонған белес еді,
Сауырдан жорға қоңыр жел еседі.
Қарттарын қойлы ауылдың жинап Сәбең
Кеш болса кең күмбезде кеңеседі.
Сәбеңе көп тиген ғой сөз үлесі,
Өзі де — дүниенің шежіресі.
Сөйлейді тыңдағанды желпіндіріп,
Ашылып сарайының кең іргесі.
Кетсейші сол бір үйге сыйып бәрі,
Ағаның рақат сөзге ұйытқаны.
Уа, қырсық, «ақсақал» деп мені біреу,
Әкелді қалған жұртты жиып тағы.
Амал не, шашым ұстап берді мені,
Ағыттым одан-бұдан әңгімені.
Ал сонау шеткі үйден шыққан шулар
Жастықтың думай даусын әйгіледі.
Сол үндер құлағымды елеңдетіп,
Отырдым орынымда әрең бекіп.
Оқшауда мәз екен ғой қыз-бозбала,
Ішінде Әбдікәрім өлеңдетіп.
Қызық қой өлең туса қыздар үшін,
Кім оқыр салқын жырды мұздау үшін.
Жас ақын бақыттысың, бірақ іштен
Тұтанды менің ескі қызғанышым.
Әлі де тарланбоздың бар асауы,
Өлеңім талайлармен таласады.
Жырыңдай құрбы болсаң өзің қызға,
Ақынның албырттығы жарасады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу