Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  225


Автор: Қалижан Бекхожин

Марқакөл

Тас қиядан таң аса мен
Аңсап келдім көлдің нұрын.
Күмбез тауға тамаша кең
Көл де жайды көк мөлдірін.
Асқар Алтай тау ғой алып,
Алтын қом бар өркешінде.
Теңгедей боп жарқыл қағып
Жайнап жатыр көл төсінде.
Арқа шыңға асылып күн,
Ақ қанатын жайды нуға.
Мен де күндей асығыппын.
Жүзуге көл айдынында.
Жұпарына кенелеміз,
Қаз-үйректей көлді жүзген.
Ән шырқадық кемеде біз
Қой басынан келген қызбен.
Тербелді ме сол бір әнге,
Көл де билеп теңселеді.
Өлең болып толқын әлде
Есіле ме, көрсе мені?
Айдын көлдің кең бетінде
Ән толқындай тарқап ерді.
Айна ғой деп келбеті де
Қыз мақтады Марқакөлді.
Асқарынан ән шырқап қыз,
Қожыр тауға көз қадады.
Аңырдық-ау, таңырқап біз,
Құж-құж тастар қозғалады...
Қоздаған ба асқар, белес,
Қойтастар ма қой боп жүрген.
Уа, керемет, тастар емес,
Қойлар екен сол өрбіген!
Қыздың шашын гүл сипатты
Сипалады ойнап жел де.
Шопан ата келе жатты
Қалың қойды айдап көлге.
Айдын көлден әнші қалқам
Қол бұлғады әкесіне.
Мен жырымды қайтып айтам,
Тыңдамай сен кетесің бе?
Жырсыз тауға қарамашы,
Көлді жырым аймалашы.
Жырымды айтып аралашы
Айдың көлдің айналасын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу