Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  228


Автор: Нұрғиса Төремұратов

ЕССІЗ ӨМІР

Адам ессіз болып туылады,
                                                              ессіз болып өмір сүреді,
                                                                          есті болып өледі.
                                                                   (Ескіден қалған сөз).




Ессіз сәттер,
         ессіз уақыт,
                 ессіз күн.
Еліктеуден,
                елітуден ескірдім.
Ессіз өмір таңбасы екен бес күннің,
Ессіздіктің қасіретін кеш білдім.

Ессіздіктен күнә жасап, у іштім,
(Есерлікпен мұрнын бұздым туыстың).
Ессіз күйде ербең-ербең елігіп,
Есімді алған ібіліспен жуыстым.

Елең-елең...
                елегізіп жатырмын.
Есендігім алды-нұрлы, арты-мұң.
Ертегінің еміренген еліне,
Еркелігін кім кешірер ақынның?

Ессіздіктен құрдым кетті...
                                 жыл, айым.
Естелікке енді мойын бұрайын.
Ессіз қылық-еншім емес ғұмырлық,
Ессіз қылып алма мені, Құдайым!

Е-е-ей-и, ессіздік...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Ғалия
Ғалия 15.08.2021 19:54
Өлең өтежеңіл жәңе әсерлі. Менде ібілістің артыңа еріп кеткен жан ның бірі едім.

Пікір жазу