Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  106


Автор: Қалижан Бекхожин

Бұл тауда...

(Ленин атындағы совхоздың жас жылқышысы Ақан Секуовқа арналды)

Бұл тауда тұлпар-ата жылқы баққан,
Жылқысын Ерейменнің жұрт ұнатқан.
Тұқыртып ақ борандай асауларын,
Жапанға жел жүйрігін зымыратқан.
Осы тау өңірінен жүйрік тынбас,
Қалапты аталардан ерлік мирас.
Көрдім мен терең сайлы бір адырда,
Асаумен алысып жүр бір өршіл жас.
Асау кер арыстандай астындағы
Қарғиды, арындайды осқырады.
Тебініп қадалыпты тік жалына,
Ер жігіт — Ерейменнің жас қыраны.
Үйреткен тұлпар атты, жігіт – тұлпар
Бозбала, қыз бәйгіден үміті бар.
Серігі — қарлы боран, асау жүйрік,
Қыз қайда бұл жігітке келетін пар?
Ал, әне, қарады қыз егіндіктен,
Сол шығар сүйемін деп сені күткен.
Асаудың тұқырт басын, Ақан, тоқта,
Жайраңдап жас құрбыңа кел үмітпен.
«Жоқ! — Қамшы тиді аттың сауырына,
— Уақыт жоқ қазір қыздың сауығына.»
Құйғытты көп жылқыны қайырғалы,
Егіннен, тұнып тұрған тау ығында.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу