Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  156


Автор: Қалижан Бекхожин

Тақия-тас

Қала да орнар өңірге,
Білемін — гүлдер бақша да.
В. Маяковский

Сұрғылт жар құмдарынан қаққан елес
Қызықты аңыздардың аттары емес:
«Қыз кеткен», «Тақия-Тас», «Долы дария»...
Алыста «Барса келмес» жатқан белес.
Бар шығар сырлары да аңызының,
Құм жаға сөйлегендей қағып ызың.
Сүйемін, Тақия-Тас, қазір сенің
Үстіңде жарқыраған таң қызығын...
* * *
Келешек кереметтің басы ғана,
Таң болып дүбірлеген осы арада.
Тірілді елі жаға, құм қунақтап,
Жан кірді сұп-сұр мақта тасына да.
Сұрғылт құм кеше ғана елсіз өңір
Жарқ ете қалды шапшаң қызулы өмір —
Бұл кезде құрыш-болат гүріл қағып
Тас құмның зіл ұйқысын бұзды темір.
Өзенде өрігі кеме толқынды ұрып,
Ашуын айдағандай жойқын бүлік.
Жағада құж-құж ерен шойын күштер,
Қосылып кетіп жатыр жорық құрып.
Шаңқылы тас, гранит, бетондардың,
Майданның көрсеткендей төтеп алдын.
Бұл ара шабуылдың алғы шебі, —
Жеңіске бұл арадан кетер қарқын.
Басталды осы жерден құмға жорық...
Бәрін де биік жардан тұрмын көріп:
Қалың құм қырқасына қаптап адам,
Құйындай машиналар жөнелді өріп.
Мұнара мойындарын сілкіп асқақ,
Жүр экскаваторлар құмды тастап,
Ауызы тиген белде апан қалып,
Барады зор өзектің жолын бастап.
Түнерген қу жапандай құм жағада,
Тез ғана таң-тамаша туды қала,
Қаланың қат-қат үйлер, орман гулеп,
Сән берген сәулетімен айналаға.
Тұр қала. құмға қарап, өр пішінде,
Қуаныш жарқын сенім бар ісінде.
Екпін бар толқыннан да шапшаңырақ,
Асығыс жандарының жүрісінде.
Көз тартып түкпірдегі тұйық алқап,
Отанның өрлерінен ұлан-байтақ,
Ағылған мұнда халық, самсап келіп,
Жосалап айдын құмды жатыр шайқап,
Тың қоныс адамдары қандай ғажап!—
Бәрі де қосылғандай сүйіп қалап.
Құлшынған орыс, өзбек, украин,
Түрікмен, қарақалпақ, тәжік, қазақ...
Аты бір естілмеген тас мүйістің,
Зор даңқ, зулағандай басып үстін.
Тасынан жалын атты Тақия-Тас,—
Бастауы құмға шапқан тасқын күштің.
Бас Арна басталады осы жерден,
Айқасып мұнда дүлей долы өзенмен,
Саламыз бұғалықты жойқын күшке,
Асамыз тасқын селмен қалың белден.
Темірлі, мраморлы соғып арна
Өзенді жөнелеміз тартып алға.
Толқыннан алтын отты жайнатамыз,
Сәулесін жеткіземіз мың жылдарға.
Үстіне Қарақұмның жатқан алшақ,
Бұл жерден құйылады толқын моншақ.
Тереміз коммунизм гүлдерін біз,
Жайқалған жаңа белде жайып құшақ.
Сол күннің салтанаты осы арада,—
Шың қақты міне, құмда өсіп қала.
Дүбірі сол қаланың келешекке
Кеткендей қазірде де өсіп — жара.
Басыңа алып маяк нұрын жағып,
Жанып тұр келешекке дабыл қағып.
Жайнайды Қарақұмда жасыл жайлау,
Басынан коммунизм өзені ағып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу