Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  525


Автор: Қалижан Бекхожин

Хош келдіңіз, көріңіз

Хош келдіңіз, көріңіз
Аралап түгел қараңыз —
Таң-тамаша жеріміз,
Қырында талай бар аңыз.
Аталар етсе тарығып,
Түнекті дала төрінен.
Заманадан зар ұғып,
Күңірене көшсе керуен.
Дауылдан күткен үмітті,
Тебірене туған ұл-қызы.
Жайнатты қара түндікті,
Октябрьдің жұлдызы.
Көріңіз тудай түрленді,
Тауым да, маңғыт тыңым да.
Ленин өзі нұр берді,
Республикам туына!
Көріңіз сол ту желпілдер,
Жайлауда қырын гүл басқан.
Малшы қазақ серпілер,
Сырларын шертіп мың дастан!
Төсейді сізге кең жайып,
Бәйшешектен кілемін.
Көрерсіз көркі ғажайып,
Құлпырған дала түлегін.
Соғылған мәңгі мәрмәрдан,
Сарайлар ашар қақпасын.
Шашу қып терең заңғардан,
Шашар гауһар — ақ тасын.
Ғалымы шығып мінберге,
Тұнығын толғар өлкенің.
Толқындай толы өнерге,
Республикам — өркенім!
Жүйріктей түскен жарысқа
Ақыны шығар аңқылдап.
Атағы кеткен алысқа,
Республикам — алтын бақ!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу