Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  151


Автор: Қалижан Бекхожин

Жерден ұшқан жұлдыздар

Көктен аққан жұлдызды көргенімде,
Әлденеге тітіреп тұрған денем.
Өйткені әжем:
«Бақытсыз әлдекімге
Белгісі бұл ажалдың туған,» — деген...
Көрдім бүгін жарқ етіп ұшты жерден
Аспанға
От жұлдыздар алтын қанат.
Ұйқылы түнді жарып дабыл берген
Ізіне алтын Москва тұрды қарап.
Мен көрдім таңғажайып кемпірқосақ секілді
Шұбалған жұлдыздарды...
Қыз таққан қызыл-жасыл лента құсап
Аспанда өзгеше бір нұрлы із қалды.
Қуанып жас баладай бар Москва,
Тұрды қарап көгіне жасыл, жарқын.
Сол ұшқан жұлдыздардан ай астынан
Үстіне Москваның шашылды алтын.
Астананы алтынмен жапқан тегіс
Жұлдыздардың тұрып мен сәулесінде.
Көрдім: жерден түн жарып атқан жеңіс
Шапағы екен жұлдыздар.., Сол есімде
Сақталыпты, білемін, содан бері:
Ақса мейлі аспанның жұлдыздары.
Егер жұлдыз ұшырса,
Отан жері
Жеңіс пен
Қуанышты туғызғаны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу