Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  167


Автор: Қалижан Бекхожин

Менің даңқым

Өрінде Европаның басып алшаң —
Келемін —
Қолбасшыдай тым тәкаппар.
Наполеонға —
Егер кез бола қалсам —
Мақтанатын менің
Зор атағым бар...
Жарқырап менің алтын иығымда,
Таңғы шолпан нұрыңдай екі жұлдыз.
Келемін
Менің шаттық қимылыма,
Таң қалғандай
Европада миллион қыз.
Мені сезім билеген...
Көңілім хош.
Келемін
Европада
Алшаң басып,
Құпия жат,
Белгісіз,
Танымас дос.
Жатыр бәрі,
Иіліп амандасып.
Айғай сүрең басылған бір зор қала,
Тыныштық әуесімен дем алып тұр.
Қуанышты мен емес жалғыз ғана,
Бар қалаға —
Төгілген азаттық нұр.
Менің хром етігімнің тақасына
Шақ-шақ етіп соғылған.
Жалтыр асфальт,
Төртінші этаж үстінен акация
Маған қыздар сүйсініп - жатыр тастап,
Бүгін мен бақыттымын!
Мен — тәкаппар
Адымдаймын, айбынды бір елшідей
Мақтанатын менің зор атағым бар,
Сондықтан шіренеді.
Кім менсінбей?
Ойран болған сарайдың есігіне,
Сүйеніп тұр маңызды бір субъект.
Қарай қалсам,
Сол маған тым тесіле,
Көзін сүзіп,
Көтеріп тұр иекті.
Ширата, үзе тартып
Ол шылымын,
Шұбатады түтінін маған қарай.
Көрсетіп Европалық «өршілдігін»,
Қарайды —
Ол қасқырға қарағандай.
Сұқ қолын шошайта қап маған мырза! —
Азият! Монғолмысың?
Әлде кімсің?
Европаның төрінде,
Алдымызда,
Алшаң басып,
Мақтанып неғып жүрсің?
Соны айтып маңызданып,
Маған келіп,
Ұсынды соңғы қалған сигаретін! —
Рақмет мырза,
Өскем жоқ түтін еміп,
Әдетім жоқ
Шылымды сый көретін.
Бірақ біл —
Өркөкірек европалық!
Темірдей түсім қоңыр азиятпын.
Намыс емес ол маған —
Тудым анық — Азияда,
Расында мен қазақпын.
Мен қазақпын,
Бірақ та мені өсірген
Ұлы Отан...
Біл мырза Адамымын —
Дүниеге азаттық әсер берген —
Айбынды Ұлы Совет Одағының!
Мақтанам —
Европаңда сенің тумай,
Туғаныма —
Ізгі елде Россиялық.
Мақтанам —
Сол ұлы елдің толқынындай
Келгеніме —
Азаттық мен сый алып,
Мен жүргем жоқ қолбасшы атануға,
Бәрінен артық даңқ
Маған тегі: Болғаным —
Ұлы армия қатарында —
Жеңімпаз партияның жауынгері!
* * *
Соны естіп ол,
Цилиндр сүр қалпағын,
Баса киді,
Көтерді көзәйнегін.
Шапшаң басып жөнелді ол аяғын,
Шапшаң бұйрық еткендей сөзім менің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу