Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  191


Автор: Қалижан Бекхожин

Таң алдында

Баласымен келеді ана
Түн ішінде тас қараңғы.
Атылған оқ, қанды дала
Толған үрей басты маңды.
Басты маңды толған үрей,
Жас баланың түсі қашты.
Қорқыныш па әлде дүлей,
Көрді нені, бала састы.
Елестеді көз алдына,
Түсі суық әлде біреу.
Нендей пәле, қандай ғана
Түн ішінде жүр меңіреу?
— Түн жамылып сол сұм жаулар
Келіп қалды маған таяу.
Құтқаратын күн қайда бар,
Атама таң, апатай - ау?
— Қорықпа, жас құлыным,
Көрінеді таң жұлдызы.
Күн туғанда кетер зұлым
Өртенер де қанды жүзі.
Қалтырады тағы бала
Өрт жалыны көрінді де.
Түтін толды айналаға
Түн аспаны кәмілді де.
— Мені өртеуге қалды таяу
Түн жалыны лапылдаған.
Таң шолпаны, апатай - ау,
Тез туа ма айтшы маған?
— Қорықпа, еркетайым,
Ол өрт емес, қызарған таң,
Тудырам деп күн мен айын
Осыншама ұзарған таң.
Таң шолпанын іздеп ана
Баласымен келе жатты.
Түн сырылды жылжып қана
Тағы зулап оқтар ақты.
— Апатай - ау, әне тағы
Оқтар жауып жатыр маған.
Қайда кетті атар тақы
Қалды ма оқтар атылмаған?
Тез біте ме ажал оғы,
Үсте зулап, мынау ұшқан?
Тез жете ме түннің соңы,
Тез ата ма қуаныш таң?
— Күн шығыстан мынау ұшқан
Таңның отты жұлдыздары.
Атты, әне қуанып таң
Азаттықты туғызғалы,—
Таңның отты жұлдыздары
Қызыл тулы сенің ағаң.
Азаттықты туғызғалы
Келе жатыр әне, саған.
— Қуанайын, апатай - ау,
Жұлдыздар ғой мынау ұшқан.
Түн көріне көмілді жау,
Атты алақай, қуаныш таң!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу