Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  159


Автор: Қалижан Бекхожин

Сержант Беляков

Досы бар әркімнің
Шықпайтын жүректен.
Ұмытылмас бар күнің
Достықпен бір өткен.
Сүйікті жаныңа,
Ұмытылмас ер де көп.
Бірақ та бір бөлек,
Сержант Беляков.
Асығып елге біз
Жат өлке шыңынан,
Шырқап бір келеміз,
Өзгеше сұлу ән.
Өңшең дос асыппыз,
Құздардан өрмелеп.
Бірақ та мұнда жоқ
Сержант Беляков...
Жаутаңдап артына,
Жас қазақ қарайды.
Бата алмай айтуға
Томсарып мұңайды.
«Айт, жігіт, қайғың не,
Ойландың неге көп?»
Күрсініп: жоқ—деді,
Сержант Беляков...
Дем алып алқына
Аңсап от жүрекпен.
Қарайды артына
Іздеп көкжиектен.
Дейді ол, тым ұзап,
Кеттік - ау алға көп.
Қалдың - ау, жан досым,
Сержант Беляков...
«Өспеді біз бірге —
Екеуміз екі елден.
Ол туған Сибирьде —
Мен шықтым Меркеден.
Кездескен жеріміз,
Майданда бір окоп.
Менімен болды дос
Сержант Беляков.
«Секілді қос үйрек,
Дауылда бірге ұшқан».
Қосылды шын жүрек
Бейне бір туысқан.
Мен — қазақ, ол — орыс,
Біздей дос елде көп.
Бірақ та бір бөлек —
Сержант Беляков.
Қан майдан таянса,
Ренішті білмедік.
Бір түйір нан болса,
Бөлісіп бір жедік.
Көрсетті майданда,
Маған көп ол көмек —
Бір туған ағамдай,
Сержант Беляков.
Жолы ауыр майданның
Қорқыныш кей кезі.
Бірақ та жайдары
Көп жауған кездерде.
Біз жатқан жерге оқ —
Әзілін айтатын —
Сержант Беляков.
Ақ боран соқса да,
Ол бейне арыстан.
Секілді сұстана,
Қасқия қарысқан,
Оты бар жанында
Лаулаған онда кек —
Ер, қайсар жан еді,
Сержант Беляков.
Айтатын ол маған:
«Қорықпа өлімнен,
Тәйірі жігіт пе,
Өлімнен жеңілген?!
Жүр достым, тез жүгір,
Бас алға, алға тек!»—
Деуші еді ұрыста
Сержант Беляков.
Бір күні екеуміз
Барлауға шығып ек,
Қасымыз төтен құз —
Үрейлі шуы көп.
Өрт еді сол күні
Айнала ала кек,
Тек жарқын жүзді еді
Сержант Беляков.
Лай түсті тұманның
Ішінен көрінген.
Секілді маған күн,
Жымия ол күлген.
Қөңілсіз болса да
Аспан да қаракөк —
Көңілді бір ғана,
Сержант Беляков.
Сол үшін жанымды
Биледі қуаныш.
Өршіген дауылды
Достықтан туған күш.
Қарады алысқа
Түнерген тұман боп,
Бір хабар алам деп,
Сержант Беляков.
Қарасақ алысқа,
Келеді қалың топ.
Көктегі түйілген
Тұманды бұлттан көп.
Бір жоғын көп іздеп,
Тапқан бір жандай боп,
Шаттанды тағы да
Сержант Беляков.
«Жүр, достым, бөлімге
Тез хабар берейік,
Достарды бұл жерге
Тез ертіп келейік.
Шатасқан жау тобы
Тұрғанда тұман боп.
Шырмалсын,— деді,—
Сержант Беляков.
Соны айтып тұрғанда
Білмеймін, кім атты?
Оқ тиді аяқтан —
Мені кеп құлатты.
Көтерді басымды
Тигенде маған оқ —
Қамқорым, жан досым,
Сержант Беляков.
Қансырап жаттым да
Көз жұмып өлімге,
Сен достым, бөгелме
Тез жөнел бөлімге —
Деп едім,— жан досым
Мен құрбан саған деп,
Арқалап жөнелді
Сержант Беляков.
Өр кеуде, денелі
Ұлы ғой Сибирьдің.
Досын ап келеді
Сақтауға өмірін.
Қараса артына,
Қалыпты жау да көп,—
Асыға жүгірді,
Сержант Беляков.
Мен зілдей бір таспын,
Үстіне жабысқан.
Келемін әлсіреп,
Бойымнан ағып қан.
Тамшылап қара тер,
Ақты бір одан көп.
Сонда да жүгірді,
Сержант Беляков.
Арқалап ол мені,
Асты көп жылғадан.
Үрей сап төбеден
Оқтар да зулаған.
Ажалдан сол төнген
Мені алып қалам деп,
Шаршап бір кетіпті
Сержант Беляков.
Дедім мен: «Қалайын,
Сен баршы бөлімге,
Сенемін достыққа —
Сенемін өмірге.
Тақалды қалың жау,
Қадалды маған оқ —
Жөнел сен, жан достым,
Сержант Беляков».
Қаптап жау келеді,
Жарқылдап отымен.
Құшақтап тағы да
Сүйді де бетімнен —
Жүгіре жөнелді
Тез қайта келем деп,
Ер достым, сүйіктім,
Сержант Беляков.
...Естідім шуды мен
Бір кезде тау жақтан.
Уралап жүгірген
Өршіте оқ атқан.
Кеткендей сол оқтан,
Таудағы талқан боп!
Оқ атқан кім десем?—
Сержант Беляков.
Тауысып сабырды
Жан досым мен күткен
Ұрыста сол күнгі,
Ашына ерлікпен.
Асыға соғысқан,
Маған тез келем деп,—
Өліпті жан досым,
Сержант Беляков.
Кешікпей тұрдым да,
Сол достың кегімен
Майданда дұшпанды
Ашына қырдым мен.
Қайттым мен жеңіспен,
Дұшпаннан алдым кек.
Бірақ жоқ сүйіктім,
Сержант Беляков...
Қараймын артыма,
Көп іздеп қабырын,
Аңсап бір достықтың,
Шалқыған жалынын.
Айтшы тез жұбат,
Сондай жан бар ма кеп?
Болғандай маған дос —
Сержант Беляков!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу