14.08.2021
  457


Автор: Сайын Мұратбеков

Үскірік

Қар жауды, көп жауды. Онан соң ышқына ұлып долданып, жер-көкті астын-үстіне сапырып, жұлып жеп, жын қаққандай құтырынып, еліріп боран соқты. Қарды жалап-жайпап сыпырып, қуыс-қуысқа үсті-үстіне нығарлады кеп, нығарлады кеп. Ертеңіне күн ашылды. Бірақ аспанды мұнар кіреуке торлап тұрды. Күннің көзі жасаураған, шел басқан кәрі көздей өлеусіреп, қызамықтанып, жыртиып қана сәуле шашты. Жылуы жоқ, жансыз сәуле. Ен даланы саршұнақ аяз жайлады, үскірік есті. Боран оңынан соққан, үскірік солынан есті. Бет қаратпайды, жалап тұр, жалап тұр.


***


Таң атқалы қораларды аралап, малдарды қарап жүрген ферма бастығы үсті-басы қырау-қырау, сақыр-сұқыр сықырлатып екі үйге кіріп шықты. Екі үйдің азаматын: Дәнеш пен Қайрақты екі шанамен шөпке жұмсады. Алыста қалған мая бар, соны бұзып кешке дейін шөп әкелулері керек, мал қолға қарап қалды, сақ отырған жөн. Аша, күректі сайлап алмаса болмайды. Жол ашуға, қар басып қалған болса маяны аршуға тура келеді. Жол ауыр, жол қиын.


Екі жігіт — ұйқылары қанған, көңілдері тоқ, мал қораның алдына шана жекті.


Үйден жұқа шыт көйлекшең күйі жүгіріп шыққан сауыншы келіншек екі шананың ортасынан өте бергенде, екеуі бірдей тап-тап берісіп, біреуі оң білегінен, біреуі сол білегінен ұстай алды. Екеуі де ақсия күліп, келіншекті екі қолынан кере тартып тұр. Жүздерінде: қуаныш, күлкі, өмірге деген еркелік, масайрау ғана бар.


— Тоңып кеттім, ой-бай, — деп шыңғырады келіншек. Шықырлаған хром етік киген топ-толық балтыры жарқ-жұрқ етіп, бұғалықтағы асаудай тыпырши секіріп жұлқынады. — Жіберіңдер, деймін.


Бірақ өзі жігіттердің осындай қылжағын тіленіп тұрған сияқты. Қап-қара көзі ойнақшып, екі беті қып-қызыл нарттай боп бал-бұл жанып, аппақ ірі тістерін көрсетіп сақылдай күледі.


— Тоңып кеттім, ой-бай...


— Бетімізден сүйсең ғана жібереміз.


— Иә, екеумізді кезек бетімізден сүй.


— Ой, оңбағандар-ай!.. Ал..


Келіншек алдымен Дәнештің, онан Қайрақтың бетінен сүйді.


— Ал, енді жіберіңдер.


— Алдымен неге менің бетімнен сүймейсің, жоқ жібермеймін, — деді Қайрақ.


— Дәнеш, қой деші мынаған.


— Қой, Қайрақ, енді босат.


— Өй, мен сол Дәнештен қорқады дейсің бе. Кел, сүй!


— Осы сен кетші ары, безеу-безеу болмай, — деп оған ернін шығарған келіншек, қатты жұлқынып қалды да, сып етіп жүгіре жөнелді. Анадай жерге барып кілт тоқтай қалды.


— Дәнеш, бері келші, — деді.


Дәнешті шақырып ап, бірдеңе деп сыбыр-сыбыр етті де, тағы да сақылдай күлді. Ыза боп қалған Қайрақ оған көзін алартып, басын шайқап қойды.


— Әй, келіншек, маған да айтпайсың ба?


Бірақ келіншек бұған пысқырып қайрылған да жоқ, сықылықтай күлген бойда жүгіріп кетті. Дәнеш езуін жия алмай ыржиып, шанасына қайтып келді.


— Не дейді?


— Жай, әншейін бір...


— Жасырасың ғой, жарайды...


Дәнешке көзін сүзе қараған Қайрақ тісінің арасынан сыздықтата шырт түкірді де, шанасына барып отырды. Сауыншы келіншектің қылығы қитығына тиіп намыстанып қалған сияқты.


— Ал, баста!


— Жо, сен түссеңші алға.


— Қиқаңдамай баста! Сен тұрғанда жолды мен күрейді дейсің бе?! — деп даусын шығарып, қитыға ақырып қойды Қайрақ.


— Мынау қайтеді-ей, — деп езу тартқан Дәнеш оның сөзін әзілге сайып жауапты күле қайырды:


— Әй, бірақ, сен қашан жол бастап көріп ең. Орға жығып жүрерсің. А ну-у!..


Шанаға секіріп мінген Дәнеш ысқырып қап делбені қақты, қолындағы ырғай сапты ұзын бишігін үйіріп-үйіріп, таңдай қаққандай сарт еткізді. Суықта сіресіп тұрған аттар алып жөнелді.


Түні бойы ышқына соққан боран қалың түскен жаңа қарды жол үстінен сыпырып тастапты. Таптанды болған, өңі сарғыш сүрлеу қар тақтайдай. Аттар қос танауы шелектей боп буды бұрқ-бұрқ бүркіп, аршындап келеді. Торысы қайсы, бозы қайсы, белгісіз. Аппақ ақ сүңгі қырауға оранған, тек бүйірлері ғана қап-қара боп ойылып солқ-солқ етеді. Шөп тиейтін қанатты бос шаналар май үстінде жүзгендей сыпсыңдайды. Ат тұяқтары тақтай қарды қырт-қырт ойып, шана табандары таусылмас бір сыңсу тартады. Үзілердей бұралған қобыз сыңсуы. Жол бірде ырғып қырға шығады, бірде құлап еңіске түседі. Осынау тұтасып жатқан, мелшиіп жатқан ақ-даланың жонында сыпсыңдаған ат-шана жөңкіп аққан жаңқа сияқты. Жол арнасынан мүлт шығуға болмайды. Аттар аяғын беті қатқыл күпсек қарға сұғып алса, күп беріп, оңқа-шоңқа боп түседі. Соны сезетін әккі боп үйренген аттар да ізден таймайды. Үкідей ұшып cap желіп келеді. Бүйірлерін солқ-солқ соғып құлақтарын қайшылап ырс-ырс етеді. Бос шананы құйып ұшырғандай ұйтқытады. Алда шөп бар. Есті алардай, мас қылардай жұпар аңқыған әлі бүрлері үгілмеген көкжауқазын құрғақ шөп бар. Соны сезіп келеді. Безектеп алып ұшатыны да сондықтан.


Алдыңғы шанада — Дәнеш. Киімі ықшам, жұмысқа ыңғайлы күпәйке, мақталы сырма шалбар киген. Атты шана үстінде түрегеп тұрып айдап келеді. Делбені қағып тастап, ысқырып қояды. Қолындағы ұзын бишікті үйіріп-үйіріп сермеп қап жалаң еткізді. Бишік ысқырып-ысқырып кеп таңдай қаққандай сарт ете түседі. Онсыз да үкідей ұшып келе жатқан аттардың зәре-құты қалмайды. Құлақтарын жымырып, жымып жөнеледі. Міне, Дәнеш бишігін тағы да үйірді. Делбені қағып жіберіп, ысқырды, бишік қосыла ысқырды.


— Әй-й! Дән-е-еш!


Арт жақтан Қайрақтың жан даусы шықты. Дәнеш аттарының басын тартты. Кейін қарады, Қайрақтың шанасы тоқтап тұр.


— Әй, ит, ала алмай жүрген өшің бар ма еді, ашаңа арандата жаздадың ғой, — деді Қайрақ тістене әзілдеп.


Дәнештің ашасы түсіп қапты. Найзасы жоғары қарап, дәл Қайрақтың шанасының алдында көлденең жатыр. Егер тоқтамағанда аттары шынымен арандағандай екен. Дәнеш жүгіріп кеп ашасын алды.


— Қасақана әдейі түсірдің, ә, — дейді Қайрақ тағы да қыжырта сөйлеп.


— Азар болса сенің қарныңа кіретін еді, — деді Дәнеш те улы әзілмен.


Қайрақ үлкен қара тонға оранып алған. Шананың ортан белінде бір шөмеле шөпке ұсап, дүңкиіп отыр. Үстін ақ сүңгі қырау басқан. Сөйлегенде болмаса қимылдамайды. Делбені бос жіберген, ұшы жамбасының астында. Дәнеш барып шанасына секіріп шыққанда тықыршық атып тұрған аттары ала жөнелді. Қайрақтың аттары да ентелеп соңынан ерді. Шана табанының зар еңіреген шиқылы төбе құйқаны шымырлатып, жүректі тырнайды. Үскірік те жаланып тұр. Ашық жер болса қарып түсердей. Қайрақ қара тонның жағасына тұмсығын онан әрмен тыға түседі: «У — у, суығы-ай!..» Дәнеш болса, со түрегеп тұрған күйі, ысқырып қойып бара жатыр. Бет-аузы қып-қызыл боп кеткен, үскірікті елең қылар емес.


— «Қарныңа кіретін еді», — дейді, — кіргізермін мен қарныма... Әуелі өз қарныңа кіріп жүрмесе, — деп қояды Қайрақ Дәнешке кіжініп. — Өзі қашан да болсын өле алмай жүріп сөзіңе сөз қайтарады. Кеше де кәдімгідей тайталасып жатыр. Не жайлы еді?.. Е, айтпақшы...


Кеше, боранды күні бір топ жігіт соғым сойған бір үйге түстеніп карта ойнаған. Дәнештің қолы жүріп, біраз ұтыстарға ие болды. Сондықтан ептеп есіңкірей сөйлеп отырды. Сонда Қайрақ: «Ой, сорлы-ау, азын-аулақ тиын-тебен алғанға сонша есірмесеңші, мен шындап ойнасам, тақияда тамтығыңды қоймаймын ғой», — деген әзілдеп, Дәнеш іркілместен: «Әй, ондай мықты болсаң әйеліңді салшы картаға бір түнге, әкеңді танытайын», — деді. Әрине, әзіл орайына қарай әзілдеп айтты. Бірақ жараның аузын удай ашытып тырнап кетті. Амал не, ашуланудың еш реті жоқ. Ол екеуінің мұндай әзілі кеше ғана ма екен? Баяғыдан, бала күндерінен осындай емес пе...


Аттары тағы да пысқырынып тұра қалды. Тонының жағасымен бетін бүркеп еңкейіп отырған Қайрақ басын көтерген. Дәнештің ашасы тағы да түсіп қапты, шананың алдында кесе-көлденең жатыр. Бұл жолы Дәнеш өзі түсіп кеп алды ашасын.


— Қыстырып қоятын жібім үзіліп кетіпті, — деді.


— Әй, жіп-мібіңді білмеймін, енді түсірсең, айтпады деме, сол ашаңды өз қарныңа тығам, — деді Қайрақ зілденіп.


— Менің ашам басқа қарынға болмаса, өз қарныма кірмейді, — деп күле сөйледі Дәнеш.


— Өзің әлгі келіншектің сыбырынан кейін есіңнен танғандай есеңгіреп келесің ғой деймін.


— Сен әлі соған ашуланып отырсың ба? Ой, жігіттігіңе болайын. Онан да өзіңнің әйелге өтімсіздігіңе ашулансаңшы, — деді Дәнеш те ыза болып.


Аттар тағы да заулап жөнелді. Қылау жоқ, қылтанақ жоқ томпиған қоян жон кішкене жоталар бірінен кейін бірі қалып жатыр. Ат екпіні күшейткен үскірік қойны-қонышты кеулеп, бойды тітіркендіреді. Суық өтіне шыдай алмаған Қайрақ бетін қайта бүркеп, тұмшаланып алды. Жеңіл киінген Дәнештің мына суықты елең қылмағандай шана үстінде қайқайып түрегеп тұрғаны оның ит жынын келтірді. «Әйелге деген осындайлардың аузы салымды болады», — деп ойлады Дәнешке бірдеңе деп соқтығып, тиіскісі кеп кетті.


— Әй, Дәнеш, ит-ау сонша елеуреп баяғыда өлген әкеңнің асына асықтың ба, ақырын жүрсеңші, — деп айқай салды.


Дәнеш қайырыла бұрылып қарады. Құлақшынының бауын байлап алған, өрттей қызарған қып-қызыл жүзін ақ сүңгі қырау көмкерген. Ақсия күледі. Уытты бірдеңе айтардағы түрі. Сөйткенше болған жоқ:


— Менің әкем шейт кеткен, атаусыз қалған сенің әкең ғой! — деді ол да айқайлап.


Бұлар айқайлап сөйлескенде аттар қиқу естігендей құлақтарын қайшылап еліре түсті. Тұяқтарынан ұшқан тоң-тоң мұздақ, кесек қар шанаға қарай борап келеді. Қара тонның сыртынан сарт-сұрт етеді. Қайрақтың алдын кеміп тастады. Ол бір қозғалып көтеріліп, әлгінде үйден астына салып шыққан бір аша кәшәктің үстіне тізерлей отырды. Тонының жағасын кейін қайырып тастады. Үскірік аяз бетінен осқылай жөнелді. Тынысын қарып жіберді. Көзі жасаурап кетті. Сонда да тістеніп шыдап бақты. Дәнештің жаңағы сөзі көкірегін удай ашытып барады. Ылғи осы. Бір сөзді жауапсыз қалдырмайды-ау. Қайрақ «ә», десе, бұл: «мә» деп тұрады. Және асырып айтады. Екеуінікі де әзіл сияқты, әй, бірақ сөздері мірдің оғынан да қатты-ау!


Еске алып қаза берсең мұндай улы әзілдердің не бір сорақылары айтылады-ау екеуінің арасында. Екеуі талай рет бірін-бірі қақ маңдайдан салып қалғандай етіп, не бір ащы, улы әзілмен аямастан мұз тақырға талай отырғызды ғой. Сонау бала күндерінен бастап бірімен-бірі бақа тіреспен келеді емес пе. Екеуі бір жылда туды. Бір жылғы төлдей қатар өсті. Бүкіл өмірлері осы бір шағын ауылда өтіп келеді. Біріне-бірі улы зәрді өмір бойы шым-шымдап жинаумен келеді. Далалы жерде, жусанның арасында бір тұтам қара шұбар жылан болады. Уы жалғанда қатты. Шаққаны қате кетпейді, халықтың айтуынша сол қатерлі жылан бір рет қана шағатын уын бүкіл жаз бойы жинайды екен. Бұл екеуі де сол сияқты, құрдастық қақында әзілдескенімен, шым-шымдап жиналып жатқан улары бар іштерінде. Ол үшін екеуі де кінәлі емес. Кінәлі — әкелері. Екеуінің екі әкесі. Осынау кең дүниеден соларға не жетпеді екен! Ол жағы бұларға белгісіз. О баста болымсыз ғана қатын өсек бірдеңе себеп болған сияқты. Болымсыз нәрседен ушығыпты. Аяғы үлкен жауығуға апарған көрінеді. Кімнің әкесінің қиянаты басым? Ол жағын бір тағдырдың өзі ғана білед те. Әуелі Дәнештің әкесі қуғын көрді, қамауға түсіп, аз күн жатып шықты, онан кейін Қайрақтың әкесі ұсталды және ұзаққа кетті. Ол кезде бұл екеуі де жөргекте жатқан сәбилер еді. Бұл алыс-жұлысқа екеуінің де зәредей қатысы жоқ, мүлдем пәк болатын. Бірақ әкелер арасында болған жауығу ана сүтімен бұлардың бойларына да тарады. Ал әкелері болса, екі жөргектің ортасына отты тастады да, істерін осымен тындырғандай өздері мәңгі жоғалды. Дәнештің әкесінен Ұлы Отан соғысында қаралы қағаз келді, ал Қайрақтың әкесі ұсталғаннан хабар-ошарсыз...


Суық жеп бара жатқандай болған соң Қайрақ қайқиған пісте мұрнын уқалап қойды. Шана үстінде делбені шірене ұстап талтая қайқайып тұрған Дәнешке қарады. «Егер төбелессек қайсысымыз басым түсер едік», — деген ой келді оған. Екеуі де бірін-бірі аямас еді. Бірін-бірі құртып тынуы мүмкін ғой... Тіпті біржола құртпағанның өзінде, шала жансар, жарымжан етеді, ол сөзсіз. Әттең, қайткенде де Қайрақ бір басымдық көрсетуі керек. Дәнештің төбесіне бір шығуы керек қой. Бір ғана рет! Ал Дәнеш оңайлықпен беріспейді, көнбейді. Түбі екеуі бір айқасуы айқасады. Бірақ, қашан, қалай, қандай себеп сылтау болады оған? Ол жағы белгісіз әзірге. Және алдымен тиісетін Дәнеш болмайды, жо, ол тиіспейді де, тіпті оған негіз де жоқ қой. Қайрақ суық өтіп сырқырағандай болған соң тісін шықырлатты, қолындағы бишігіне қарады: қисық ағаш сапты, төрт өрім, үйіргенде қолға салмағы жоқ, атқа да онша өтпейді. Бишік... сөз бе екен. Азар болса бірін-бірі өрім-өрім ғып сабайды, бірінен-бірі таяқ жейді. Бар болғаны еттен өтетін таяқ қана...


Төбелес... таяқ... сөз болып па. Жұдырықпен бір қойғаны үшін сотталады да кетеді, ол бір жұдырықпен кек те қайтпайды, өз өмірі өксиді, қор болады. Жә, кек қайтарған соң қайтарған сияқты қайтару керек. Өмір бақи жанын сыздататындай ету керек. Өзіңнің де айызың қанатын болсын. Ал ол қалай болады? Әзірге белгісіз... Тақтақ жол да белден-бел асып әлі созылып жатыр, шана табанының зар еңіреген шиқылы жүректі мысықша тырналайды, аттар тұяғы төбені ойғандай күрт-күрт етіп, мұздақ кесекті шанаға қарай үсті-үстіне бората лақтырады. Сәскеден ауған күн аспанды бүркеген аяз мұнарының арасынан төңірегі қызара шелденіп жасаурағандай боп көрінеді. Тезірек батуға, ұясына кіруге асығатын сияқты. Дала аппақ. Солқылдатып көзді суырады.


Тағы біраз жүргеннен кейін үлкен жолдан шығып, терең құзды бойлап, едәуір биік қабақтың үстінде тұрған бір мая шөпке қарай бұрылуға тура келді. Аттар тақтақ жолдан шыққылары келмейді. Қиқаңдасып барып, төбелерінде бишік ысқырып, бір жақ езулері жыртылардай болған соң әзер бұрылды. Нағыз азапты жол басталды. Күпсек қарға бауырынан батып, жандәрмен ұмтыла секіріп, қайта батып, малтығып шоқаң-шоқаң жүріспен келеді. Дәңеш шанадан секіріп түсіп, делбені жебей қағып, аттарды жанамалай жаяу жүрді. Түні бойғы жел түймештен кейін сіресіп қалған қатты қар мұны салмақ көрер емес. Пісіріп басқан ақ киіздей боп тып-тығыз жатыр. Жүгіріп ойнақ салсаң ойылар түрі жоқ, ал аттарға қиын-ақ — сұқпа-сұқпа. «Аяқтарын сындырып алар ма екен» деп қорқып келеді Дәнеш. Артына бұрылып қараған, Қайрақ со күйі шананың үстінде отыр. Қозғалар емес. Тіпті делбені де қолына алмаған. Аттардың жандәрмен бұлқынуы, мертігердей боп қарға оңқа-шоңқа малтығуы ойына кіріп-шығар емес. Дәнештің зығырданы қайнап кетті. «Иттің баласы, шатың ісіп отыр ма, түс шанадан!» — деп ақыра ұмтылып, бишікпен осып жібергісі келді де, өзін-өзі ұстап, іркіліп қалды. Өйткені, олай еткен күнде ашумен істейді, ал ашумен істесе оның аяғы екеуі үшін де жақсылықпен бітпейді. Жә, керегі не. Жамандыққа қай уақыт болмасын барысуға болады ғой. Ал жарайды делік, екеуі қазір төбелесіп, бірін-бірі аямайды, қызылшеке қан болады. Сонда не түсті? Мүмкін тіпті айдалада араша түсетін адам жоқ, бірін-бірі өлтіріп те тастар... Онда не болады? Сабыр, Сабыр... Өз жөнімен жүріп кетті. Аттар қара терге малынды. Үстерін басқан ақ қырау сыпырып алған көбіктей жоғалды. Әлгінде шана үстінде тұрғанда, сіресіңкіреп қалған Дәнештің бойы да жылынайын деді. Енді ол темір күректі алып, бірлі-жарым кесек қарды күрей отырып, қайтар жолды тазалай жүруге кірісті. Өліп-талып маяға да жеткен. Маяға көлікпен жанап келу мүмкін емес еді. Қалың қар іргесін мүлдем көміп тастапты. Жол аршуға тура келді. Темір күрекпен қарды күпсектете кесек-кесек етіп оя бастады.


Едәуір артта қалған Қайрақтың шанасы да жетті бұл кезде. Қайрақ асықпай қозғалып, орнынан тұрып тонын шешті, оны бүктеп шетке қойды, қолғабын киді. Онан соң бұл да темір күрегін ұстаған.


— Сен менің ойғанымды ашамен лақтыра бер, — деді Дәнеш.


«Һм, қуын қарай гөр. Бәсе, асыкқаны тегін емес еді. Қар оюды өз міндетіне ап, маған лақтыртпақ екен ғой», — деп басын шайқап қойды Қайрақ. Бірақ ләм деместен күректі тастап, ашаны алды. Асықпай барды да, әдемілеп, төрт бұрышты кірпіш құсатып қиылған шеткі бір кесекті іліп ап, сол сылбыр қимылынан танбастан, салмақтап тұрып лақтырып жіберді. Құрысып тұрған тұла бойы күтір-күтір етіп, желі үзіліп жеңілейіп қалды. Асықпай екінші кесекті іліп алды.


— Өй, бұ қимылмен біз шөп алып қайтпақ түгілі кешке дейін қарды аршып бітіре алмаспыз, — деді Дәнеш күңкілдеп. Өзі бусанып терлей бастапты. Күректі тастап енді ашаны ұстады. Өзі ойған қарды үсті-үстіне ытқытып лақтыруға кірісті. Әп-сәтте жерді тазартып та тастаған.


— Дәл осы жолы өз еңбегімді де саған жазғызбасам ба, — деді Қайрақ әзілдеп.


Дәнеш үндеген жоқ. Маңдайына құйылған терді сүртіп, біраз белін жазып тұрды да, қайта құлшына кірісіп кетті. Алды-артына қарамастан апыртып лақтыра берген. Оң аяғының астынан сусып бірдеңе кіргендей болды да, кәдімгідей көтере бастады. Қапелімде шошып қалған Дәнеш бір шетке қарай ыршып түскен.


— Байқаусызда сені де қармен бірге лақтырып жібере жаздаппын-ау, — деп Қайрақ ыржиып күліп тұр.


— Кімді кім лақтырар екен, келші өзің, — деп қызып тұрған Дәнеш ашаны оқтай ұмтылып тап берді. Қайрақ та осыны күткен тәрізді, ашасын қарсы тіреп тұра қалды. Онан соң өңмеңдеп келе жатқан Дәнештің ашасын қағып тастап, бүйірлете сұғуға өзі ұмтылды. Бір сәтке күлкі ойнаған көзі қанталағандай сұмдық қорқынышты болып кетті. Өңі сұп-сұр, сұп-суық, қыстыгүні безере қатқан жердің тоңы түстес, мүлде жансыз. Астыңғы ернін жымқыра тістеп ашаны шындап сілтеді. Дәнеш бұлт етіп бір жағына қарай секірген. Ашаның айыр ұшы жанқалтасына ілініп, дар еткізіп жыртып жіберді. Енді Дәнеш те аянған жоқ. Ашаны бұ да шындап кезеді. Шындап сұқпақ болды. Бірақ Қайрақ тағы да қағып тастады, онан соң Қайрақтың ашасын бұл қақты...


Осылайша екеуі айдалада бірінші рет аяусыз соқтығысты. Біріне-бірі ашаны кірш еткізіп бойлата сұғуға бар, әттең... бірін-бірі ала алмай діңкеледі. Екеуі де бар күш, бар айла-тәсілдерін салып бақты, бірақ жеңісе алмады. Ақыры әдбен қара терге малынып, сүлесоқ боп қалжырап, екеуі екі жерге отыра кетті. Дәнеш кесек қардың шетінен кертіп алып аузына тықты. Қайрақ аунай кетіп қарға тұмсығын тығып жіберді де, обырлана асады. Онан соң қар жабысқан тұмсығын көтеріп, Дәнешке ыржия қарады. Дәнеш те ыржия күлген болды. Бірақ әлгідегі жаналқымға келген арпалыс есіне түскен сайын жүрегі су-су етіп шымырлап, ып-ыстық жас көзіне үйіріліп, алқымына өксік кептеліп тұрып қалды. Аузындағы еріген қардың суын жұта алмай буындары босап, дірілдеп кетті.


— Анда-санда өстіп, алысып-жұлысып қан таратып алған жақсы, ә? Бойың сергіп қалады, — деп қойды Қайрақ.


— Қой, ойнадық, қан тараттық, жетеді, енді шөп тиейік, — деп қорыкқанын сездіргісі келмей орнынан тұрды Дәнеш.


Тырмысып жүріп, маяның үстіне шықты. Бет жағындағы қар басқан шөпті аударып тастаған, көкпеңбек көк жауқазын шөп көздің жауын алып шыға келді. Құп-құрғақ, хош иісі танауды жарып жібергендей. Манадан құлақтары салбырап, үскірік суықтан бүрсектеп, сөлбірейіп тұрған аттар құрғақ шөптің сыбдырын естіп бастарын көтеріп алды. Құлақтарын тігіп, танауларын жыбырлата оқыранып, ауыздықтарын азу тістеріне салып қиып тастардай-ақ күтірлете шайнап, дегбірлері қалмады. Дәнеш мая үстінде тұрып-ақ екі аша шөпті аттардың алдарына лақтырып тастады.


— Ей, аттардың ауыздығын алып, белін босата салшы, өз шанаңды бері жақындат, алдымен сенің шанаңа тиейік, — деді Қайраққа.


Мұнан кейін екеуі де үн-түнсіз шөп тиеуге кірісті. Қимылдары бірдей, істері ортақ, бірақ әрқайсысы өз ойымен өзі.


«Иттің күші бар, едәуір күшті, оңайшылықпен ала алмайсың. Сақ болмасаң мерт қылып жіберуден де тайынайын деп тұрған жоқ. Оқасы жоқ. Бұл бірінші рет күш сынасуымыз, амандық болса әлі екінші рет те айқасармыз, сонда көрермін әуселесін... Дегенмен қауіпті екен өзі, байқамаса болмас», — деп ойлады Қайрақ.


«Осындай итпен шөпке келіп жүрген обал жоқ өзіме де, обал жоқ... Басқа білмесе де менің білетін кезім жетті ғой, осының мінезін, сөйте тұра, онымен бірге жүрем. Бүгін осы шөпке бірге келмеуіме де болатын еді ғой. Өзімше батырсынып, қорқатынымды білдіргім келмеді. Жоқ, батырлық өз алдына... Лажы болса ендігәрі бірге жолға шықпауым керек», — деген ойда болды Дәнеш.


Бұлар екі шанаға шөп тиеп болған кезде күн еңкейіп, ұясына қонуға таяп қалған. «Ауылға ымырт үйіріле жететін болармыз», — деп шамалады Дәнеш. «Тақтақ жолға түскенше қиын, онан әрі зулаймыз ғой». — Ол әбден қара терге түсіп, өзінің едәуір титықтап қалғанын сезді. Бір жағы кетіліп орталанған маяның үстінде тұрып, біраз бойын жазып, орамалын алып бет-аузының терін сүртті. Аттарға қарап еді, теп-тегіс аппақ ақ сүңгіге оранған. Көк жауқазын шөпті күрт-күрт еткізеді. Үскірік әлі есіп тұр. Бірақ ертеңгісіндегідей емес, зәрі қайтқан сияқты. Тіпті бетке жұп-жұмсақ тиеді. Төңірекке рақаттана көз жіберді. Тым-тырыс. Құба жондар аппақ-аппақ болып дүңкиіп жатыр. Көз жетер жерге дейін қылтанақ бұта жоқ. Алыста бұлаң қағып түлкі жүр. Тінтінектеп кеп, жата қап қарды тырмалайды, атып тұрып жортақтай жөнеледі. Тышқан аулап жүрген болу керек. Онан әріде, терең құздың арғы бетіндегі үлкен жолда бір шана кетіп барады. Алыстан қарағанда мидай тегіс аппақ жонның үстінде тапжылмай бір орында тұрған сияқты, бірақ жылжып барады.


Көз ұшында ауыл көрінеді. Әр үйдің іргесінде көкшіл тартып селдіреген биік теректер, төбесін тегістеп қырыққандай қара ағаштар, мұржалардан көтерілген түтіндер шоқпыт-шоқпыт боп соларға ілініп жатқан тәрізді.


— Не қарап тұрсың, ей? — деп сұрады Қайрақ.


— Мынаның үстінен дүние жер көрінеді екен. Қарашы, сонау батыс жақта ауыл мұнартып тұр, үйлердің төбесіндегі түтіндері қызық... көкшіл түтін, қара түтін, қоңыр түтін...


— Кәне?


Маяның үстіне Қайрақ та шықты. Ол да ауыл жаққа қарады.


— Шынында да қызық екен, ей, — деп қостап қойды. Онан соң маяның ар жағына бұрылып қарады да ішегін тартты. Ой-бай-ай, мына құзды-ай! — деді таңырқап. — Дәл осы маяның үстінен домалаған адам табанына бір-ақ түсер. Өзінің табанында бұлақ бар ғой, ей, әне, қап-қара боп буы бұрқырап жатыр.


— Бұлақ бар, жазда шөп шапқанда талай рет су ішкенбіз. Суы мол бұлақ.


Дәнеш құлақшынын алып қолтығына қыса тұрып, маңдайын, шөптің үгіндісі түскен желкесін орамалымен ысқылап, тағы сүрте бастады. Құлақшынының аяқ астына түскенін байқамай қалды.


— Әй, кетпейміз бе енді? — деп Қайрақ бұған бұрылып қарады да: — Тер қатып өлесің ғой, сорлы-ау, — деді күліп.


— Біз шыныққанбыз. Терден қорықсаң жаныңды күткен сен қорық.


— Әй, шыныққаным-ай, — деп Қайрақ мая үстінен секіріп түсе берді де, аяқ астында жатқан Дәнештің құлақшынын көріп, — мынау қайдан келген доп, ей! — деп теуіп жіберді.


"Құлақшын қалқып барып құздың жар қабағындағы өңірейіп құлағалы тұрған көшкіннің үстіне түсті. Төмен қарай ақырындап домалай бастады.


— Өй, өй, кетеді-ау, анау кетеді-ау!.. Уә-ә, ойбай! — деп санын шапақтап, Қайрақ секіріп түсіп шанасына қарай жүгірді.


Әуелде не болғанын білмей сасып қалған Дәнеш, тоқтап қалып домалап, тоқтап қалып домалап, көшкін қабаққа таяп қалған өз құлақшынына аңырайып қарады да тұрды. Тоқтар деп ойлаған, жоқ, тоқтамады. Әне, көшкіннің құламасына бір метрдей ғана қалды. Енді бір үш-төрт домаласа... Дәнеш көшкінге қарай секіре атылды. Бірақ жетіп үлгермеді. Бұл құлама көшкінге бес-алты адымдай қалғанда, құлақшын соңғы рет төңкеріліп барып, бұлт етіп көзден ғайып болды. Қатты екпінімен Дәнештің өзі көшкіннен асып кете жаздады. Өкшесін қадай тіреп әзер тоқтады. Онан соң ақырындап аңдап басып кеп, көшкін қабақтан төменге үңілген. Құлақшын жел қуған қаңбақтай табанға қарай құлдырай зымырап барады екен. Жолында не бір тосқауыл, не бір бұта жоқ. Анда-санда жалп-жалп етіп секіріп қояды. Дәнеш бала кезінде тауға шығып, балалармен тас домалатып, жарыстырып ойнайтын. Сонда кейбір домалақ жұмыр тастар табанға жеткенше естіп зымыраушы еді. Домалатқан бала сол тас қашан тоқтағанша есіл-дерті соған ауып, селт етпестен мәз боп тұратын. Онда бір керемет мақтаныш болушы еді және неғұрлым алысқа, тоқталмай домаласа екен деп тілейтін. Ал қазір... құлақшын сол зымыраған күйде, құздың табанындағы жыланша ирелеңдей қарайып жатқан бұлақ суына барып жалп ете түсті.


Дәнеш енді ештеңені ойланып тұрмастан дереу барып мая үстінде қалған ашаны алды да, қатты қарда соны тіреуіш етіп құздың табанына түсті... Бұлақ суы буы бұрқырап, қалың қардың түбінде қара ботана боп созыла қарайып жатыр. Ағып жатқаны, әлде іркіліп жатқаны белгісіз. Жаздағыдай сылдыраған күміс үні естілмейді. Меңіреу тілсіз, түбі жоқ сияқты. Төңкеріліп түскен құлақшын ортан белінен суға толып, батып тұр екен. Су едәуір сіңіп, бөгіп қапты. Дәнеш сілкіп-сілкіп суын бұрай сығып басына киіп көріп еді, тастай суық судың сызы шекесінен өтіп сырқыратып жіберді. Қайта жұлып алды. Жоқ, мұны кигенше жалаңбас жүрген артық. Енді ол құлақшынының бауын байлап білегіне іліп алды да, терлеп-тепшіп, сан жығылып, тайғақтап, ит көрмеген қорлықпен құздан әзер шықты. Ентіккені сонша, буындары қалтырап кетті. Шананың үстіне әзер шығып отырды. Аттар да тықыршып тұр екен, айдау күтпестен жолға өздері түсті.


Қайрақ едәуір ұзап кетіпті. Тонға оранып, шөптің үстінде дөңкиіп барады. Артына қайырылар емес. «Тұра түр, иттің баласы, қазір жетейін»... деп тісін қайрады Дәнеш. Ысқырып жіберіп, бишігін үйірді, жол ойқы-шойқы болса да аттары желіп кетті. Енді ғана байқады, күн ертеңгісінге қарағанда жылынбапты, қайта аждаһадай жалаңдаған қаһарына шындап мінген екен. Әлгінде ет қызулықпен сезбепті, үскіріктің ащы зәрі күшейіп, кешкілікке қарай сары шұнақ аяздың құтырына түскен түрі бар. Бүкіл дүниені сығымдап қусырып, қысып тұр. Дәнештің құлақ-шекесін, алқымын қарып-қарып алғандай болды. «У-у!..» Бишікті үйіріп-үйіріп, ысқырып жіберді, бойындағы бүкіл долылық ыза атаулы ысқырық боп шыққан болу керек. Соны сезген аттар сүріне-қабына ұшып жөнелді. «У-у!..»


Суық ауа дем алдырар емес, тынысты қарып барады. Дәнеш қолғабын шешіп, алақанымен құлағын, шекесін ысып-ысып қойды. Қармен ысқылап алсам ба екен деп ойлады, бірақ шананы тоқтатып, сәл де болса жолдан қап кідіруге дәті бармады. Неде болса алға, тезірек Қайрақты қуып жетуге асықты. «Апырай әдейі істеген иттігі ме, әлде абайсызда болды ма?.. Неге тоқтамайды ей?.. Бұ неткен суық күн еді... Неге бір сәт толастамайды...» Құлақ-шекесін тағы ысқылады қолымен, алақаны мұндай жылы көрінер ме. Өзінің мүйіз-мүйіз боп ойылған, домбыққан алақаны жып-жылы екен. Есіне, ертеңгісінгі сауыншы келіншектің алақаны түсті. Оның қолы доп-домалақ, жұп-жұмсақ еді, әне, нағыз жылылық қайда!.. Дәнештің қолы сексеуіл сияқты көрінген сонда... «Қайтеді ей, мына суық, шынымен жеп барады ғой...»


Дәл тақтақ жолға түскен жерде Қайрақты қуып жетті. Дәнеш одан бір амалын істе, не құлақшыныңды, не ішігіңді бер деп көмек сұрағалы келе жатқан. Бірақ Қайрақ артына бұрылып қарады да, мұның мына мүшкіл халін көріп, қыбы қанғандай масайрап ыржия күлді.


— Әй, шыныққан жігіт, хал қалай? — деді. «Қап, әттеген-ай, иттік істеппін-ау. Абайсызда болды-ау...» — деген ой қаперіне де кірер емес. Сол зымиян күлкісі, сол зымиян күйі. Ыза кернеген Дәнеш бишігін көрсетті, жай көрсеткен жоқ, салмақтап дөң айбат білдіріп көрсетті.


— Менде де бар, — деп Қайрақ та қисық сапты бишігін шошаңдатып қойды. Онан соң ішігін шешіп тастап, «келсең-кел», — дегендей шана үстіне тізерлеп қоқырая отырды.


Мұнан ары Дәнеш ештеңені ойланбастан, бәрін ашу ызамен істеді. Әлгіндегідей тағы да құлақты жара ысқырып қап, делбені шірене жұлқып, аттарын бишікпен осып-осып жіберген. Аттары атыла ыршып, қарды омбылап, Қайрақтың шанасын қаға-маға жан дәрмен алға ұмтылды. Екі шана қапталдасқан кезде, Қайрақтың шанасы бір жағына, Дәнештің шанасы екінші жаққа қарай шоңқия берді. Екі шана екі жаққа аударылардай аралары ырсиып ашылған. Не болғанына түсінбегендей Қайрақтың аттары тұрып қалды. Дәнеш бишігін үйірді. Қайрақ та қапы қалмай үйіре берген. Бірақ Дәнештің бишігі ысқырып кеп бірінші тиді де, Қайрақтың мойынына оралды. Дәнеш, шанасы озып бара жатып, бишігін қайта тартып аламын дегенде ұмтыла тұрған Қайрақ домалап кеп бір жағы көтеріліп келе жатқан шананың астына түсті.


— Ойбай, өлдім! — деп айқай салды. Дәнештің шанасы алға шыққан. Дәнеш артына бұрылып еді, Қайрақ қарға көміліп қалғаң бір аяғын тартып ала алмай шоршаңдап жатыр екен. Дәнеш шанасын тоқтатып, қарғып түсіп кеп, оны қолынан тартты. Көзі қызара жасаурап қанталап, қабағы кіржиген Қайрақ: «ойбай-ай, өлдім-ау... өлдім-ау...» деп, шолтаңдай басып шанасына қарай жүрді. Қолтығынан демей берген Дәнештің қолын қағып жіберді.


— Аяғың аман ба? — деді иегі-иегіне тимей сақылдап дірдек қаққан Дәнеш.


— Кет!.. Кетші ары, әкеңнің!.. — деді көзінен жасы ыршып кеткен Қайрақ бұған жеп қоярдай кіжініп.


— Шанаға отыра аласың ба?


— Кет, дедім ғой. Өзім отырам...


Дәнеш шанасына отырып жүріп кетті. Жаланған суық құлақ-шекесін удай ашытып сырқыратып әкетіп барады. Көзі жасаурап бұлдырап, кірпіктері айқасып жабыса берді. Сасқанынан күпәйкәсін шешіп ап, басын орады. Сәл жүргеннен кейін зәрлі үскірік бүкіл тұла бойын кеулеп, әсіресе белін сырқыратып омырып жіберді. Амалсыздан күпәйкені қайта үстіне киді. Біраздан соң тағы солай істеді, күпәйкесін басына орады, онан үстіне киді. Екі қолымен бірдей бет-аузын, құлақ шекесін ысқылай берді. Қолы шашына тиген, басындағы өз шашы емес, болат сымтемірлер сияқты қап-қатты бірдеңе. Алақанын осқылап, тызылдатқандай болды. «Бұл сұмдық болды ғой, сұмдық болды ғой... — дей береді күбірлеп. — Осыдан аман жетер ме екен үйге...»


Күн ұясына қонып барады. Ортан белінен батыпты. Сөніп бара жатқан шоқ сияқты. Күрең қошқыл. Сөніп бара жатса да шоқта жылу болушы еді, ал мынада жылу да жоқ, тек жексұрын сәулесі бар, иә, жексұрын сәуле! Бірінші рет Дәнешке күннің сәулесі жексұрын көрінді. Жексұрын емей не, ең болмаса шоқ құрлы жылуы жоқ дәт қылар. Қайрақтың зымиян күлкісіндей ғана алдамшы, опасыз сәулесін шашады.


Күпәйкесін тағы да басына орады. Болар емес. Тажал үскірік сүйек-сүйегінен өтіп, сырқыратып барады. Белден өткен суық қандай ащы, улы еді. Күпәйкесін қайта үстіне киіп алды. «Ойпыр-ой, бұ неткен ұзақ жол еді?.. Ауыл көшіп кеткен бе, сонша... Жып-жылы үй, ып-ыстық алақаннан асқан не бар екен дүниеде? Оның есіне тағы да сауыншы келіншек оралды, аппақ тістерін көрсетіп ақсия күлген кейпі, жұп-жүмсақ алақаны алыста... мүлдем алыста, жеткізбес арман-қиял тәрізді ғана...


Бет-аузы, құлақ-шекесі, сырқырап ауырып кетті де, онан кейін тызылдап аши бастады, ақыры суық зәрін сезуден қалды. Басы телеграфтың бағанына ұқсап зыңылдап, құлағында керемет бір көп шуыл пайда болды. Көзі жұмылып кірпіктері айқасып қалды. Қайтып аша алар емес. Тіпті ашқысы да келмеді. «У-у» Сақылдай шыққан өз даусы ма, әлде құлағына шалынған үскіріктің үні ме, әйтеуір бір ұлыған дыбыс бар. «Осыдан аман жетер ме екем», — деген ой үйіріліп келе берді басына.


Аттар ұшып келеді. Ауылға қарай делбе қаққызбастан өздері бастап келеді. Шана табанының зар еңіреген шиқылы. Үзілердей бұралған қобыздың сыңсуы сияқты жүректі тырнайды. Дүние тегіс сақырлап кеткен тәрізді. Аяз деген тажал алып қазанын сақырлатып қойып, бәрін бірдей қуырып жатқан сықылды. Дәнеш басын бауырына тығып бүктетілген қалыпта мең-зең боп өң мен түстің арасындағы бір халде жата берді. Ешбір әрекет істеуге мұршасы келмеді. Сақыр-сұқыр, сақыр-сұқыр... Әне, қайнап кетті қазан, ақ көбігі асып төгіліп жатыр. Ызыңдап қайнайды, сыңсып қайнайды... Дәнеш үрлеп жатыр, үрлеп жатыр. Мәссаған, шана тоқтап тұр ғой. Аттар қораның алдына кепті. Дәнеш мықшыңдап шанадан түсе берген, біреу қолтығынан демеді. Аяғы жерге тиді, бірақ жүре алатын емес. Басында «жеттім-ау... жеттім-ау...» — деген көмескі ғана бір ой бар, ал дене өз денесі емес сияқты. Біреу қолтығынан демеп жетеледі де, жылтыраған отқа алып жүрді. Үйге кірді. Түу, шіркін-ай, енді өлсе де арманы жоқ қой! Түрегеп тұрған күйде көзін ашты да, қайта жұмды.


— Ей, Дәнеш-ау, Қайрақ қайда? Қайрақ қайда қалды? — деп ферма бастығы жұлқылады. Дәнеш кемсеңдеп аузын ашқаны болмаса, сөйлеуге шамасы келмеді. Терезеден сыртқа қараған үй иесі — бақташы қарт:


— Ой-пай, келістіріп тиепті-ау шөпті, — деп сүйсіне таңданып қойды.


— Өй, бұлардың бүйтіп әкелген шөптері кұрысын, иттің балалары, — деді ферма бастығы кіжініп. — Ісім осы екеуімен болсын ендігі жерде!..


Ферма бастығы шығып кеткен. Дәнеш әлі тұр. Сол қолының қарына ілген құлақшыны зілдей боп, сусып барып гүрс етіп жерге түсті. Біреулер жұлқылап шешіндіре бастады. Енді бірде мың-сан инелер бет-ауыз, құлақ-шекесін, бүкіл өн бойын удай ашытып қадалып, сұққылап кетті.


— Шыда, жаным, шыда, — деген жұп-жұмсақ дауыс келді. Әлгі сауыншы келіншектің дауысы болар. Бірақ ащы инелер аяусыз сұққылап жатыр...


...Жапалақтап жауған қардан кейін, алай-түлей боп жер-көкті сапыра теңселткен боран соғып өткен соң, ертеңіне күн шайдай ашылатын бір кез болады. Бірақ күннің зәрі қайтпайды. Кең даланың төсінде танауды қусырып, бет қарыған зәрлі бір үскірік еседі. У-ух, сол бір үскірік-ай!..


Терезеге қырау тұрады. Неше түрлі гүлді өрнек торлайды. Жылы жерде ұзақ қарап табиғаттың асқан зергерлігіне қызығуға болады. Сондайда жаланып тұрған үскірік еске түссе, төбе құйқа шымырлайды. Әсіресе ен далада үскіріктің бар ащы зәрін татқан адам зар күйіне салады. Қасірет шеккізген қатыгез жол, тарамыс жіптей созылып, бүкіл ойы көңіліне шырматылып, жанын қыл бұрауша шырқыратады.


Жылы палатаның ішінде жатқан Дәнеш, бет-аузы, басы тегіс таңулы, көзі ғана жылтырап, ұзақты күнге терезеге қарайды. Үскірік есіне түскен сайын сай-сүйегі сырқырап, есінен танар халге жетіп ыңырсиды.


Саулығын сұрап, халін білуге келетіндер көп. Ағайын-туған, бірге жүріп, бірге тұрған жолдас-жоралар. Біреулері жылап-еңіреп, бұл қорлықтың есесін қайыруға іштей бекініп кек түйіп, көкіректері ерімес мұз боп қатып, ашынып келсе, біреулері азаматтық кеуілді бетке ұстап, кешірімділік, жақсылық дегендерді көлденең тартып, ағайын арасына бітім тілей келеді.


Міне, мұртын сылап қойып ферма бастығы да келіп отыр. Үлкен басын кішірейтіп, мұның алдына осымен екінші рет келуі. Татулық сұрайды Қайрақ үшін. Алды-артты орай отырып, аз сөзбен көп жайды аңғарта сөйлейтін, көңілі жүйрік, ел-жұртқа қадірмен ақылды адам.


— Сыртта Қайрақ келіп отыр. Саған кіріп, аяғыңа жығылмақ, — дейді ол жұмсақ үнмен сөзінің соңында. — Зар еңіреп, қатты опынып жүрген көрінеді. Өзін қойшы оның... көзінен жас емес, қан аққанына қарамастан атып тастасаң обалы жоқ. Әттең, ана шиеттей балаларын айтсаңшы... жаның ашиды...


Ферма бастығы кетуге ыңғай білдірді. Тек бір ауыз жауап естімек.


— Маған кірмей-ақ қойсын, — деді ыңқылдай сөйлеген Дәнеш. Онан соң әл жинағандай біраз тыныстап барып жалғады сөзін: — Қорықпасын...


Қар кетіп, жер түлеген көктемнің жайма-шуақ күндерінің бірінде Қайрақ бошалап кеткен сиырын іздеп, зираттың тұсынан өткен, жолға таяу, шеткергі, үстінен бу бұрқырап жатқан жас қабірге еріксіз көзі түсті. «һм, жатырсың ба? — деп күңк етті. — Жат, жат».


Бұл — Дәнештің қабірі еді. Ұзақ ауырып жатып, ақыры қайтыс болған. Өле-өлгенше Қайрақтың бетін көрмей кетті. Бірақ, бірде-бір туыс-туғанына Қайрақпен екеуінің арасында болған жайды ләм деп айтпапты. Мүмкін, жігіттігі ұстап намыстанған болар. Үнсіз жатқан күйі, үнсіз кеткен.


Дәнешті жерлеген күні осы қабірдің басында Қайрақ елден ерекше зар еңіреп жылаған еді. Қабірге түсіп, жер бауырлап жатып алған. «Қайтсін-ай, қатар өскен тел емес пе, қимайды ғой», — дескен көздерін сығымдаған қарттар.


Қазір сол сәт есіне түскенде Қайрақ бір түрлі ұяттан беті дуылдай бастады. Өзінен-өзі қысылып ыңғайсызданып кетті. Сондағы өзінің сотталып кетем бе деп, жанынан қорыққанынан, сырт елге көз қылу үшін жер бауырлап сонша жылағанын — ойлап тұрса ез болып құлдырауы екен. Кенет оған жұрттың бәрі мұның сол ездігін, пасықтығын білетін сияқты, сыртынан мазақ етіп жиренішпен күлетіндей боп көрінді. Сол сол-ақ екен тынысы тарылып, жер болып қорланған, өмір бақи бетіне шіркеу түсіп, таба болған жаман күйге түсті. «Әй сорлы... адамның қорысың ғой», — деп күңкілдей айтылған сөздер құлағына анық естілгендей. Өне бойын тер басқан Қайрақ бар ызасын мойнын жерге соза берген атынан алғандай: «Өй, мынаған не болған, ей!» — деп қамшымен тартып жіберді.


Жас қабірді оралып өтіп жүріп кетті. Әлгі бір сезім көкірегін жегі құртша кеміріп онан сайын удай ашытып барады, ит бұралқы күйге түсіріп, жер қып барады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу