14.08.2021
  328


Автор: Сайын Мұратбеков

Құданың «фокусы»

Почтаға телефонға шақыртып кеткен Тортай тез қайтып оралған.


— Құдаң қонаққа келсін деп шақыртып жатыр, — деді шешесіне күңкілдеп. Қатулы екені үнінен де, түйілген қабағы мен түнеріңкі түрінен де көрініп тұр. Өзі түні бойы қырманда болып ұйықтамаған, екі көзі қызарып, үсті-басы шаң-шаң, беті қолын да жумаған екен, шаңытқан ұсақ топан тұтып тұр, қайратты қалың шашы аңызақ қаққан құрғақ селеудей тікірейіп кетіпті.


— Келін қайда, қашан кайтады екен? — деген Қатша қарсы сұрақ қойып.


— Қайтпайды, — деді баласы отау бөлмеге өтіп бара жатып.


— Не дейді?! Не боп қапты?!


— Е, мен қайдан білейін. Барсаң өзінен сұрарсың неге қайтқысы келмейтінін.


— Мыналарға бірдеңе болған шығар, — деп Қатша ернін сылп еткізген.


Тортай болса мұнан әрі сөйлегісі келмеген түр көрсетіп қараңғы бөлмеге кірді де, өзі күнде жатып жүрген тақтаның үстіне гүрс етіп құлай кетті.


Түкке түсінбеген Қатша ернін тағы бір сылп еткізіп қойып баласының бар қимылына таңырқай қараған да қалған. Өзі әлгінде ғана көрші кемпірдің үйінде ұзақ отырып шай ішіп, терісі кеңіп жадырап келген беті еді. Қобырап кеткен бурыл шашын жөндеп, шыт орамалын қайта сәндеп тартып тұрған, баласының мына сөзі сол көңілінің шәт-шәлекейін шығарды. Қызыл шырайлы өңін лезде көлеңке шалып, қос қабағының ортасындағы әжім сызық тереңдей түскен.


Жатуы-ақ сол, Тортай қор ете қалды. Қатша киімшең құлаған баласының аяғындағы шұлығын шешіп қойды. «Құдаң қонаққа келсін деп шақыртып жатыр», — түкке түсінсе бұйырмасын. Келінінің төркініне кеткеніне екі аптадай боп қалған. Баяғыда-ақ қайтатын уақыты болды, бірақ неге екені белгісіз әлі қайтпай жатыр. Үйі жоқ, күйі жоқ адамдай ол жатысы не екенін кім білсін. Шәй дескен жоқ. Әке-шешемнің үйіне барып, амандықтарын біліп келе қояйын деген... «Әлде мына менің көктүйнегім кетерінде бірдеңе деп ренжітіп жіберді ме екен. Бұдан ондай шығады. Өз текешігімнің сыры өзіме мәлім». — Қатша күңкілдей күбірлей жүріп жолға жиналды. Осы күні келіндердің төркіндеріне барып, болымсыз нәрсені сылтау етіп қайтпай қалуы деген де оп-оңай. Ажыраса салады, оны бір бастарына ар көріп, өміріне ақау түсті-ау деп жатқан жан жоқ.


«Ә, көктүйнегім, осы бірдеңені бүлдірген ғой...»


Тортай түс ауа бір-ақ оянған. Тұрып, кеудесіне дейін шешініп, суық суға жуынып, алдына қойған кәрлен кесе айран мен жарты бөлке нанды сыпыра соғып алған соң ғана қабағы жадырап, шешесіне қарап күлімсірей отырып көзін қысып қойды.


— Жә, көзін қысқаны несі, — деп жекірген шешесі, баласының ерке қылжақтығына әдейі сыр бермей отыр. Тортай рақаттана күліп көзін тағы да қысты, шешесіне еркелегені.


— Сайтаныңды қағып түсірем ғой, — деп шешесі пеш жақта оңай тұрған оқтауды жұлып алған. Баласына шаншыла қараған.


— Қойдым, қойдым, — деді Тортай күліп, шешесінің қатулы екенін түсінді. — Қашан жүресің?


— Сенің оянғаныңды күтіп отырдым.


— Қазір онда қырманның басынан солай қарай жүретін машиналардың біріне отырғызып жіберем өзім.


— Әй, көктүйнек, — деді шешесі зілді үнмен. Бағанадан бері айран-асыр қылған іштегі қыжылдары сыртқа теуіп. — О келін неге қайтпайды, құда мені неге шақырады? Осы сенің бүлдірген бірдемең бар ма, айтшы кәне? Келінге бірдеңе деп пе ең?


— Бірдеңе деп нем бар онда. Түкті де бүлдіргем жоқ. Өздерінің фокусы да. Құдағидың өзімен ақылдасатын шаруа бар еді, келсін дейді. Барып қайт. Келінің екеуің бірге келесің ғой. Ал жүр. — Онан соң шешесінің жұпыны киінген түріне қарап.


— Немене, осы күйіңде бармақсың ба? — деді.


— Е, несі бар?


— Жоқ, ки анау жалт-жұлт еткен көйлегіңді, басыңа әлгі жапон орамалыңды сал, аяғыңа лакированный туфлиіңді ки. Құданың үйіне бара жатырсың ғой, жұтамай бар.


— Е, білмейтін адамдар дейсің бе? — деп шешесі қарсыласа бастаған.


— Жоқ, ки дедім ғой, ки анау жалтылдақ көйлегіңді, — деп енді дауысын Тортай зілмен көтерген. Шешесі өз бөлмесіне өтіп кетіп, жалтылдақ көйлегін киіп, басына жапон орамалын салып шықты.


— Міне, енді көп-көрім келіншек боп қалдың, — деген Тортай әзіліне қайта басып. — Бетіңді ептеп опалап алсаң, тіпті әдемі болар ең.


— Қағынды келгір со, шешеңмен ойна енді.


— Ойнағаным емес, рас айтам, опаланып алшы, құдаларың шалқасынан бір түссін.


— Сөйлеме әрі...


Қырманға кеп, шешесін астық тартып ағылып жатқан көп машиналардың біріне отырғызған соң, Тортай қылжақ сөзіне қайта көшті.


— Бір шал-пал кездессе алдап-сулап ала кел, мына қырманды күзеттіріп қояйық, — деп көзін қысқан. «Қап, көктүйнектің корлығын-ай, ә», — деп Қатша кабинада күйіп-пісті. Баласының қалжың күлкісіне түс бермей қабағын түйіп, тысырайып отырып алған.


— Түу, шеше, мүлде әзіл көтеруден де қалып барасың-ау, — деді Тортай ренжи сөйлеп.


— Ал жарайды, қойдым. Құдаларыңа сәлем айт. Тек жалынып-жалпақтаушы болма. Егер осыдан келінің қиқалақтап қайтпаймын дейтін болса, құдаларыңның алдына кішіреймей қайт та кет.


«Міне, тағы да жұмбақ». Қиқалақтағаны несі ей? Немене деп қиқалақтайды? Әй, осы жалғыз ұл-ақ нервімді тоздырды-ау...»


Машина жүріп кеткен. Тізеден асып көлпілдеп жатқан қара жолдың топырағы алды-артты бірдей орап бұрқырай жөнелді. Ой, аллай, шаң да мұндай түтектеніп бұрқырайды екен-ау. Дәл бір диірменге майдалап тартып әкеп әдейілеп жол үстіне қап-қап қып тастағандай бұрқылдауын. Анау жылы Сырымның тұсында осы жолға тас төгіп, асфальт төсейміз деп грейдермен бір жаз тегістеп түзеткен болатын. Ақыры, Сырым аварияға ұшырап өлген соң тас та қалды, асфальт та қалды жайына, сондағы топырағы бос үйілген жолдың ендігі түрі мынау. Кейінгі болған бастықтардың жол жөндеуге қолдары жеткен емес. Әй, бұ біздің колхоз ба?! Әй, жуық арада көгере қоймайды-ау... көгермейді... Бір істе береке жоқ қой. Бір істі шегіне жеткізіп тындырмайды-ау. Әркімнің күйттегені қара басы. Колхоз көгерсінші, колхоздың шаруасы тынсыншы деп жаны ауырып жүрген біреуі жоқ-ау... Әйтпесе біздің колхоздың байлығы деген көл-көсір емес пе? Мынау жолыңды да асфальттап, анау мыжырайған-мыжырайған, атамзаманнан бергі саман үйлерді де бульдозермен тегістеп жіберіп орнына қабат-қабат тас үйлер салып тастауға болады ғой... Бірақ соны кім істейді? Колхоздың, колхозшының қамын ойлап, басы қатып, шымбайына батып жүрген кім бар?! Көз қылып: «жоспар, жоспар» деп даурыға шапқылаған болады текке... Әй, құрысыншы... әлгі менің көктүйнегім не деді жаңа: «Келінің қиқалақтаса жалынба, қайт та кет», — деді емес пе?! Әй, көктүйнегім-ай, сол бірдеңені бүлдірген ғой, келінді ренжіткен ғой, бірдеңе деп.» Есіне ұлының қалжың сөзі, көзін қысқаны түсті. «Одан ба, одан шығады бәрі де, өз текешігім ғой, сыры өзіме мәлім». Ой, аллай, қылжақтығы да, мінезі де құдды айнымаған әкесі. Марқұм, өстіп адамды ылғи мысқылдап қыжыртып қажап сөйлеуші еді. Қай сөзі шыны, қай сөзі әзілі екенін айыра алмаушы ең. Тіпті өлерінің алдында да, атаукересін іше отырып бір сәт көзінде жылт етіп күлкі ойнай қалған.


«Қатша, сен ұзақ жасайсың әлі. Кейін сөйлесетіндер болса, өзің қатарлы болмаса, шалға тиюші болма», — деп еді марқұм. Е, байғұс, сонда мен байсырай қалады деп ойлады ма екен. Әдіре қалсын, байды қайтем. Тортайымды маңдайынан ешкімге шерткізбей өсіргеннен артық не керек маған. Енді, міне, соның қызығын көріп жүрсем болады емес пе. Келінім бір кішкентай алданыш тауып берсе, сонымен өз базарым өзімде боп отырам ғой.


Құдаларының тұратыны — Саржазық элеваторға барар үлкен жолдың үстінде еді. Алпыс шақырым жер машина үшін жол боп па, тәйірі, әне-міне дегенше Қатша құдасының үйіне жетіп те келген. Мұны көре сап, анадай жерде ағаштың көлеңкесінде сәкіде кітап оқып отырған келіні Сәукен: «Апа-а!» — деп ұшып кеп мойнына асыла кетті. Балаша еркелеп, Қатшаның бетінен шөп-шөп сүйіп жатыр. Бәз қашанғы әдеті сол. Қатша да келінінің бетінен сүйді. Сағынып қапты, онысын өзі енді анық сезді. Келінінің жалбыраған қысқа шашынан еркелете сипап:


— Күнім со, күнім... әбден сағындырып бұ жатысың не?! — деп қойды.


Көзінің астымен байқап қалды: келінінің іші едәуір томпайыпты, ақ құба жұқалаң өңі бұрынғысынан да гөрі жүдеу тартып, секпілдене бастапты. «Көкем жібермеді», — деп сыбырлады, жүзінде лып етіп қызыл ойнаған келіні.


Ac үй жақтан Мүнилә құдағиы шықты. Біртоға көп үндемейтін жуас адам, жұмсақ иленген қамырдай аққұба өңінде жылы күлкі табы ойнап жаны қалмай қалбалақтап амандасып жатыр. Құдасы Бектемір қырман жақта екен, хабар айтып көршінің баласын жүгіртіп жіберген, көп ұзамай салдыр-гүлдір сөйлеп ентігін баса алмай ол да жетті. Бұрын көп жылдар колхозда бригадир боп істеп тік жүріп, тік басып қалған адам алпыстан асса да иілмей-бүгілмей өзін-өзі шалқақ ұстап, ұзын мұртының шалғысын кезек сылап қойып, құдағиына тос түйістіріп амандасып, келгеніне қуаныш білдіріп, тіпті мәз боп жатыр. Қатша құда мен құдағи қабағынан да, келінінің қабағынан да ешқандай реніштің ізін таба алмады. Көңілдері со бұрынғы аңқылдаған кірбіңсіз қалыптары. Тіпті сөз әлпеттерінен де ештеңенің сызы білінер емес. «Е, өздерінің мені қонаққа келтіру үшін істеген амалдары болар», — деп қойды. Бектемір жеңін түрініп жіберіп, дереу бір кепесін сүйрелеп әкеп: «Ал, құдағи, бата жасап жібер», — деді, ай-шайға қарамастан алып-ұрып соя бастады.


— Қап, маған бола мал сойып... — деп Қатша қарсылық білдірген...


— Әй, құдағи, — деді құдасы бұған оқыс бұрылып шытынып. — Біздің сенен жақын, сенен сыйлы кіміміз бар?! Құдай қосқан құдағисың, саған соймаған малды, сонда біз кімге соямыз?!


Тіпті жазғырған үнмен қатқыл айтты. Рас-ау енді. Қатша қарсылық білдіргеніне өзі қысылып қалды. Құдасы бұрын да жаны қалмай қатты сыйлайтын, ал бұл жолғы ықыласы мен сый-сияпаты тіптен ерекше еді. Дастарқан жайылып, қымыз сапырылып ас келген кезде шампан мен коньякты қатар ашып қойды.


— Құдағи, ішпесең де алдыңда тұрсын, — дейді құдасы.


Өздеріне қарасты екі-үш ағайын-туғандарының және көрші-қолаңның кемпір-шалдары шақырылып, әңгіме-дүкен құрылып, кішігірім той-думандай көңілді отырыс болды. Астан кейін кештете қайтуға ыңғайланған шал-кемпірлер әрқайсысы өз тарапынан жік-жапар боп Қатшаға үйіріле сөйлеп үйлеріне арнайы қонаққа шақырысты. Қатша оларға рақметін білдіріп үйде мал-жаны қалғанын, тез қайтпаса болмайтынын айтқан. Бірақ шал-кемпірлер оның бұл сылтауына құлақ асқылары келмеді. Әсіресе осы колхоздың бастығының нағашы апасы аталған сөзі басқалардан гөрі үстемірек шығып отырған атжақты, толық сары кемпір өз тілегін билеп-төстей айтты:


— Әй, құдағи, сен мал-жан деген сылтауыңды қой. Бірер күнге қырылып қалмас. Үйде балаң бар ғой. Өстіп анда-санда келгеніңде танитының осы бір құдаңның ғана үйі болып, қонар-қонбастан от сұрап келгендей қаша жөнелесің ылғи. Тіпті басқа ел-жұрты, ағайын-туғаны жоқтай бір үйге келіп, бір үйден кеткенің бізге ұят. Сондықтан, қиқаңды қойып ертең біздің үйде боласың, — деді, нық айтты, кесіп айтты.


Лаж жоқ, Қатша ертең түсте қонаққа баруға уәдесін берді.


Сары кемпірдің бүйтіп өзімси өктемдік еткеніне құда да, құдағи да мүлде риза болып, қыптары қанып қалды.


— Жарықтық, бұ кісінің мінезі осы, бәрімізді бір шыбықпен айдайды, — деп басқалары да кеу-кеулесіп мәз боп жатыр.


— Е, дұрыс қой енді, бұл кісі айтпаса, біз айтқалы отыр едік бұл сөзді, — деп құданың құдасы боп келетін Шалқар деген сөзшең көрші шал құптап қойды. — Сонан соң, құданың құдағиы, ертең кешкісін біздің үйде боласыз. Қой да бар, қозы да бар, бірақ жегеніңе еті жеңіл деп күрке тауық соямын.


Ертеңіне түске жақын сары кемпір: күтініп отырмыз, келсін, — деп немерелерінің бірін жүгіртіп жіберіпті. Қатша құдағиымен екеуі солай қарай шықты. Сары кемпірдің үйі үлкен көшенің аяғында екен, сондықтан ауылдың қақ ортасымен жүруге тура келді. Бұрын талай келіп жүрсе де Қатша бұл ауылды аралап көрген емес еді, енді байқап келеді тіпті бір үлкен іргелі ауыл екен, қала дерсің: асфальт көшелер, екі қабатты, үш қабатты биік-биік тас үйлер... Тіпті мінезі бір тоға, көп үндемейді дейтін құдағидың өзі де мақтанышын жасыра алмай ділмарсып кетті.


— Құдағи, мынау үйді колхоз өткен жылы ғана осындағы жаңадан үй болған меканизатор мен шопырларға салған еді, — деді Мүнилә қабырғалары ою-өрнекті екі қабат үйді көрсетіп. — Енді көшенің анау тұсынан дәл осындай тағы бір үй салынып жатыр, оны да меканизаторларға беретін көрінеді. Ал енді осы үйлердің ішіне кірсеңіз шыққыңыз келмейді. Асты қонақ бөлме, ас бөлме, үсті жатын бөлмелер... Несін айтасыз, біздің колхоз осы күні дүрілдеп тұр ғой...


— Мынау үш қабат мектеп болар, сірә?


— Иә, бұл мектеп, мұны да жаңадан салып бітірді. Бұл онжылдық болады да, ал мұның арғы жағында тұрған анау ескі екі қабат мектеп сегіз жылдық боп қалады... Әнеу бір қабат жаңа үй балалар бақшасы... анау, тұрғын үй... анау да тұрғын үй... колхоздың кеңсесі... кітап дүкені...


Қатша мұндай қала кейіптес колхоздар барын радиодан еститін, анда-санда кешкісін телевизоры бар көршілерінің үйіне кіргенде телевизордан көріп қалатын. Соны айтып келгенде Тортай ылғи:


— Әй, биылғы жылы киім кимей, тамақ ішпей қалсақ та, ақша жинап бір телевизор алмасақ па, — деп қоюшы еді. Сол бай колхоздар осылар екен ғой. Мына қарашы, көшелері қандай түзу, үйлері қандай ретті. Жақсы басшы басқарған жер осы да. «Сырым тірі болғанда ғой ендігі біздің ауыл да өстіп дүрілдеп тұратын еді-ау, — деп ойлады Қатша. — Әйтпесе жеріміз де кем емес, еліміз де кем емес қой осылардан».


Сары кемпірдің үйінде біраз адам бар екен. Бұлар келгенде бәрі де өзара дабыр-дұбыр сөздерін дым қоя қойып ізет білдірісті, құрмет көрсетіп, төмен қарай ысырыла отырып қояр да қоймай Қатшаны төрдің төбесіне шығарды.


— Біз ауыл адамдарымыз ғой, ішімізде өзіңізден сыйлы қонақ жоқ, — десті. Таныса келе Қатшаның түйгені бұл шақырылған кемпірлер ылғи ығай мен сығай, ауылдың қаймаққа шығар басшыларының шешелері боп шықты. Ішінде сары кемпірдің туған сіңілісі — осы колхоздың бастығының шешесі де бар екен. Жасының нешеде екенін айырып болмайды, әйтеуір екі бетінің қаны тамған, дөңгелек жүзді, таңқы танау әйел екен, үстіне жалтылдаған ақ жібектен көйлек, оның сыртынан өңірін оюлап тастаған шымқай көк камзол киген, екі қолы толы сақина. Сөзінің мәтелі болу керек не айтса да, «Әй, подумайыш» деп сөйлейді екен.


— Әй, подумайыш, енді тамағымызды кеберсітпей беретін шайыңды берсеңші, — деді апасына өзімсіне шолжаңдап.


— Қазір, қазір...


Ентігі басылмаған сары самаурынның шайы мен сапырылған сары қымыз қатар жүрді. Бүгінгі отырыс кешегіден де қызық, көңілді болды. Қымызға сәл қызып алғаннан кейін кемпірлердің бірі:


— Әй, ән сала отырайық, — деген ұсыныс айтқан. Сол-ақ екен бастықтың шешесі тамағын кенеп ап аңыратып қоя берді. Жарықшақтана шығатын жұмсақ даусы бар екен:


Дүние-ау, ойлап тұрсам-ау шолақ екен-ау,


Адамдар бір-біріне-ау қонақ екен-ау...


Жас кезінде жиын-тойдан қалмаған еркетотай келіншек болғаны түрінен де, киім киісінен де, қимыл-қозғалыс, сөзінен де көрініп тұр. «Әй, қандай сайтан болдың екенсің», — деп қойды Қатша ішінен. Бір әнді аяқтап, алдындағы қоңыр шайдан бір ұрттап қойды да екінші әуенді бастады:


Мінезі жүйрік аттың соқпа-ай, соқпа,


Айтамын мен өлеңді осы топқа.


Сөйлеп қал қызыл тілім, өлмей тұрып,


Өмірің бір азырақ бар ма, жоқ па?


Бұл әнді де қайырып тастап үшінші әуенге ауысты. Сірә, өздерінің салттары болу керек, әнді тегіс колхоз бастығының шешесі айтып, қалғандары сілтідей тына тыңдап, ән аяқталған кезде кеу-кеулесіп қолпаштап отыратын.


Тіршіліктің барында күл де ойна,


Өлгеннен соң қара жер суық дейді...


Бастықтың шешесі тағы біраз әндер салып, өзі қызара тершіп құмарынан шыққандай болған кезде барып бір-ақ тоқтады.


— Әй, кемпірлер, подумайыш, мен жалғыз айта берем бе, енді сендер де айтыңдар, — деп кезек берді.


Мұнан кейін бір-екі кемпір қосылып:


Әй, қалқа, сен қалайсың мен дегенде,


Менде жоқ ұшар қанат сен дегенде, —


деп баяу үндермен созылта шырқаған.


— Пәлі, шіркін, мына екеуі сұңқылдады ғой...


— Шерменде екен-ау, бейбақтар, — десіп басқа кемпірлер бұларды бірден іліп-қағып кәукілдесіп жатыр. Өздері сонша мәз болып күледі.


Қатша қанша көңілді отырып оларға қосыла күлейін десе де күле алмады. Көңілінде бір түйткіл тікенше қадалып тұрды да қойды. Тіпті әрі-бері отырыстан кейін бірдеңе жетпегендей, бірдеңенің орны жоқтай, бір түрлі зеріккендей күйі осы отырыстан ыңғайсыздана бастады.


«Тезірек кетсек екен. Түу, басым неге ауырып кетті. Сақинам ұстап қалмаса жарар еді. Қап, бүгін ауылға қайта алмадым. Тортайым жалғызсырап қарны ашып қалмаса...» Өстіп өз-өзінен мазасы кеткен Қатша кемпірлердің әндеріне де, сөздеріне де құлақ асқан жоқ, шайды сораптап іше берді.


Тек осы үйден шығып құдағиы екеуі басқа кемпірлерден озып оңашаланған кезде ғана:


— Түу, тіпті бойым ауыр тартып кетті ғой, — деді көңілсіз күйін жасыра алмай. — Ылғи бір ескі, зарлы әуендерді салғандары несі сонша. Дәурен өтсе қайтеміз енді?! Кімнің басынан өтпеген бұл дәурен... Өз басым сөйтіп зарлағандарды жек көрем, жастарға кесіріміз тимесе екен деймін, — деп ішіне сыймаған сырын айтты.


— Құдағи-ау, әнде тұрған не бар?


— Е, ән болса да зарлағанның несі жақсы дейсіз...


Ауылдас кемпірлерін қанша жақтап, қанша ақтайын десе де Мүниләнің өзінде де іштей бір қуыстанған күй бар екен. Қатша соның дәл төбесінен түскендей боп келеді.


— Біздің бастықтың шешесі сондай адам. Кеу-кеулеп қостап отырмасаң пәлеге қаласың, — деп ақыры шынын айтты.


— Оны сездім, құдағи, тым тойынып, асып-тасып кеткен әйел екен де. Өзіміздің аулымызда болса, бастықтың шешесі түгілі онан зор болса да сайтанын қағып алар ек, әттең, амал қанша. Есем кеткендей боп отырдым-ау... — Қатша сөзін соншалық бір тістеніп сөйлеген. Мүнилә үндеген жоқ, бір езуін тартып сыпайы ғана күліп қойды. Тек әлден уақытта сөз төркінін басқа жаққа аударғысы келгендей:


— Құдағи, қырманымыз анау. Бектемірге соға кетейік, — деген.


Қатша сөз айтпай келісті. Өзіне-өзі іштей: «Бұлардың қырманы қалай екен, оны да көре кетейін», — деп қойды.


Қалай дері жоқ, қырмандары шынында да тап-тұйнақтай ретті екен. Бектемір тау-тау боп үйілген қызылдың төңірегін сыпырғыштап жүрген, құдағиының келгеніне тіпті қуанып қалды.


— Дұрыс келдіңіз, дұрыс келдіңіз. Өзім де қырманға сізді қалай шақырып келтірсем екем деп ойлап қойып едім, — деп мәз бола күліп, құдағиына қырманды аралатты. Дәл бір ауданнан келген өкілге көрсеткендей әр затты нақтап айтып түсіндіріп қояды. Ең соңында:


— Міне, қараңызшы, бәрі механизация. Қол жұмысы дегеніңіз мұнда атымен жоқ, — деді есе сөйлеп.


Өстіп тұрғандарында шеткі көшелер жақтан қылт-қылт етіп көк УАЗ-иктің қарасы көрінген.


— Ойбай, бастық, келе жатыр, — деді құдасы дегбірі қалмай сасқалақтап. — Көрінбегендерің жақсы. Мінезі шәлкестеу адам. Қазір мына науқан кезінде бос жүрген адам көрсе бет-жүзің бар демейді, бірдеңе деп тастар. Кәне, мында кіре тұрыңдар, — деп күрек-сыпырғыштар қоятын кішкентай ағаш будканың аузын ашып, екі кемпірді соның ішіне жауып тастады.


Әлден кейін машина кеп тоқтаған. Құдасы:


— Ассалаумағалейкүм! — деген. Бірақ қарсы сәлем болған жоқ.


— Әй, осы сендердің көздерің желкелеріңе шығып кеткен бе?! — деді жуан, қатқыл дауыс зіркілдеп. — Анау жерде жолда шашылып жатқан дәнді неге көрмейсіңдер!


— Қап, әлгінде автобазадан келген бір машина астық тиеп еді, сол ит-ау, төгіп кеткен, — деген құдасы.


— Қай ит екенін кейін анықтармыз. Кәне, тез барып топырағымен қоса жинап салып әкеліңіз де ұшырып тазартыңыз, — деді председатель келте бұйырып.


— Әлбетте сөйтем. Барып бір дәнін қалдырмай жинап алам ғой.


— Жинап алам ғой емес, қазір менің көзімше барып жинап әкеліңіз!


Құдасы салдыр еткізіп шелек алып, тапырлай басып ұзай берді.


Сәлден кейін машина жүріп кетті де, екі кемпір будкадан шыққан. Бектемір шелекке жинап әкелген топырақ ішіндегі дәндерді бұрқ-бұрқ еткізіп қолымен ұшырып отыр екен.


— Әй, бір безбүйрек болу керек өзі, — деді Қатша председатель туралы ойын білдіріп.


— Жоға, тәйірі, — деді құдасы әлгіндей емес, жүні жығылып баяу үнмен. — Құр күж-күж еткені болмаса, еш зілі жоқ. Ойбай-ау, осылай қатал келмесе бастық бола ала ма?!


Кешкісін кешегі айтқан уәдесі бойынша көршідегі құданың құдасы атанған сөзуар шал Шақардың үйі қонаққа шақырған. Айтқанындай күрке тауық сойған екен, соның еті піскенше әңгімелесіп ұзақ отырды. Бәрі де бір ауыздан бастықтарын, колхозды мақтаумен болды.


— Құданың құдағиы бұл жолы мал соймады деп ренжіме. Амандық болса, ерулікке мықтап әзірленіп жатырмыз, — деді Шалқар күліп.


«Ерулігі несі, есі дұрыс па, мына шалдың» деп қойды Қатша.


Дәл осы жолғы келісінде өзіне деген осынша сый-құрметтің, осынша жік-жаппар ықыластың тегін емесін жақсы сезген Қатша. Осының бәрінің артында бір салмағы бары анық. Енді, міне, оның ұшы білініп отыр. Апыр-ау, сонда кешеден бергі... Жоқ, енді не де болса ақырына дейін шыдап, құданың өз аузынан естігенше сабыр сақтауды жөн көрді.


— Біздің ауылды, былай байқап көрдіңіз бе құданың құдағиы?


— Көрдім.


— Жаңа салынып жатқан қабатты үйлерді де көрдіңіз бе?


— Көрдім.


— Қала боп кеттік қой... — деді сөзуар шал мұнан әрі лепіре сөйлеп. — Бізге көшіп келгендер әрі кетсе үш ай, әйтпесе тіпті бірер айдың ішінде-ақ сол жақсы үйлерден пәтер алып кетеді. От жағам, су әкелем деп жатқан жоқ, бәрі ішінде...


Тіпті қанша жетесіз болса да Қатшаға осы сөздің төркіні көп нәрсені аңғартқан еді. Бірақ сонда да сабыр сақтап, қонақтың соңына дейін түс бермей, жайбарақат әңгімелесіп отыра берді. Бұл колхоздағы қара жұмыс істейтін еңбекшілерінің де, механизаторларының да айлық еңбектері жіпке тізілді, колхоздың жеке меншік мал ұстайтындарға орталық беретін жем-шөбі де сөз болды. Құдасы мен Шалқар шал екеуі жарыса сөйлеп, бірінің айтқанын бірі үстемелеп қағып кетеді. Қысқасы, жер жәннаты осы колхоз, осылардың ауылы екен де мұнда көшіп келгісі келетіндер тіпті көп екен, бірақ колхоз басқармасы олардың бәрін қабылдай бермейтін көрінеді. Кейбір осындай ағайын-туғандары барлары болса, көшіп келетіндер солар арқылы амалдайтын көрінеді. Ал бұлар, яғни құдасы болса бастықтың шешесімен ағайындас адамдар. Жарықтық, үлкен сары кемпір аман болса бұлардың тілегін бір ауыз сөзбен-ақ бітіреді... «Түу, мыналардың сонша бұлтақтатқандары-ай», — деп ыза болды Қатша. Сонда да құдағи екенін есінен шығармай әдеп сақтады. Үндемеді.


Құдасының үйіне келіп жатар алдында Қатша ертемен ерте тұрып ауылына қайтатынын айтты.


— Күнім, сен де сергек жат, бірге қайталық, — деген келініне. Келіні үндемей төмен қараған-ды.


— Құдағи, Сәукентай қайда кетер дейсің, қайтады ғой, — деді құдасы. — Тек өзіңізбен ақылдасатын бір шаруа боп тұр. Шақыртқаным да сол еді. Рақмет сізге, келгеніңізге...


Қатша келгеннен бері алғаш рет құдасына байыппен тіктей қараған. Сөзін бөлмей тыңдайтын ыңғай көрсетті...


— Құдағи... — Бектемір сәл кідірістеп алды да сөйлеп кетті. — Сәукентайдан бәрін сұрастырып біліп отырмыз. Және әрі өткен, бері өткендерден де естуіміз бар, өзім үйіңізге бір-екі рет барғанда да байқадым, анау сіздің колхоз мұнан былайғы жерде балаларға тұрақ болып оңдырмайтын сияқты. Мынау ақ түйенің қарны ақтарылып жатқан заманда жаңа ғана үй болған балаларымыз не киімге, не үй-мүлікке жарымай, өз қатарларынан кейін қалып отырса, ол жанымызға қалай батпасын. Ал анау сіздің берекесі қашқан ауылыңызда...


— Құда!.. — Қатша мұнан әрі оның сөзін айтқызбай кесіп тастаған. Қатал үнмен: — Елге, ауылымызға тіл тигізбеңіз, — деді.


— Тіл тигізіп отырғам жоқ, құдағи, жағдайды айтып отырмын. Оның несіне ренжисіз. Колхоздарыңыздың нашар екені өтірік пе?.. Оңалатын, түзелетін түрі көрінбейді. Қайта жылдан-жылға кейіндеп барады ғой...


Не дерсің, рас сөз, әділ сөз. Қатша үндей алмай, өңіріне жабысқан қиқым жіпті шымшылап тазалай берді.


— Құда, сонда сөзіңнің тоқ етерін айтшы? — деді әлден соң.


— Сөздің тоқ етері, осында көшіп келіңіздер. Ертең қайтысымен балаңызға айтып, көндіріңіз. Дәл сондағыдай жүргізіп жүрген моторы осы колхозда да бар. Бағана қырманымызды өзіңіз көрдіңіз. Келеді де механик болады сонда... Менің айтпағым осы. Ал Сәукентайды көріп отырсыз, аяғы күннен-күнге ауырлап барады, ары-бері жүріп босқа жол соқты болмасын. Сіздерді осы үйде отырып күтіп алады.


Құданың бұл дегені соққы үстіне соққы еді.


— Сонда, немене, құда, келінімді қайтармаймын деп отырсың ба?


— Келініңіз қайда қашып кетер дейсіз, — деп құдасы күлген болды. — Осы үйде болады.


Қатша келініне қараған, ол әкесінің сөзін қостағандай түр білдіріп төмен қарады.


— Мен не дейін аяқ асты, — деді Қатша лажы таусылған шарасыздықпен шаршай сөйлеп.


— Келін қайтпаймын десе, оны зорлап әкете алмаймыз... Балаға барайын, ақылдасайын...


Қатша бұл түні ұйықтаған жоқ, атар таңды көзімен атқызды. Жұмсақ төсек жамбасына тастай батып, дөңбекшумен болды. Өмір дегеннің қалтарыс, бұлтарыстары осынша оқыс болар ма?! Үш ұйықтаса ойына келмеген түйінді түйіп тастап көлденең тартып қойғаны мынау... Есіне колхоздарының аварияға ұшырап өлген бастығы Сырым орала берді...


...Оған да, міне, үш жыл бопты. Иә, иә, дәл осындай егін орағының қызған кезі еді-ау. Жас демей, кәрі демей науқанға жұмыла кіріскен. Марқұм Сырымның өзі үй-үйді аралап жүріп дені сау, қолынан іс келеді-ау деген бірде-бір адамды қалыс қалдырмай жұмысқа шығаратын. Қара жер хабар бермесін, өзінің діні қатты жігіт еді, анау-мынау сылтауға құлақ аспайтын, ақырып қалғанда зәре-құтты алатын. Оған да көнбесе жер-жебіріңе жетіп зіркілдеп ұрысқанда, Алатау асып безердей қылатын.


Ол жылдары Қатша колхоздың кеңсесін сыпырушы боп істеуші еді. Сол жұмысы аздай-ақ науқан кездерінде мұны бастық телефонның қасына күндіз-түні бірдей кезекші етіп отырғызып қоятын. Аудан, облыс, элеватор бәр-бәрінен хабарласқандарға жауап беріп отыру керек. Бірде неше күн ұйқысы шала боп қалжыраған күйі бастықтың бөлмесіндегі диванға жантайса, қатып ұйықтапты да қапты. Бір кезде тарс еткен дыбыстан оянды.


Бастық кеп столды қойып қалған екен.


— Қара бассын сені, қара басқыр, — деді зіркілдеп. — Әй, сені мұнда ұйықтасын деп отырғызып қойып па ек?!


— Қисайғаным осы әлгінде ғана еді...


— Атаңның басы... әлгінде ғана дейді ғой ұялмай. Әй, мен осында қырманнан тура сағат жарым бойына безілдетіп телефон соқтым ғой... Өліп қалған болар деп ойлап ем. Қарашы-ей, ұялмай-қызармай, әлгінде ғана дейді. Шашыңа ақ кіргенде бүйтіп өтірік сөйлегенше өлсеңші!..


Сырымның соңғы сөзі Қатшаға қатты батып кеткен. Көзінен ыстық жастың қалай ыршып кеткенін білмей қалды.


— Өзің өл!.. О ана сыйлап көрмеген затсыз неме. Сені де бастық деп аузыңа қарап отырмыз-ау... Әй, менің шашымның ағында не әкеңнің құны бар?! — Қатша да бір адамнан кем түспес көк долының өзі болатын. Дір-дір етіп, көзі жасаурап қарғыстың қара қапшығының аузын ағытып қоя берді. Ешкім бетіне тік келіп көрмеген Сырым көзі шатынап столын қойғылап ақырып боқтаған.


— Сен кемпірді ме, осыдан тентіретіп жібермесем...


— Әдіре қал, тентіретпекке!.. Ойбай, аруақ, ойбай, құдай, бармысыңдар? Атыңдар ажал оқтарыңмен мына көргенсізді!.. Ойбай!.. ойбай...


Мұнан әрі айқайласып Қатшаны жеңе алмасын білген Сырым кеңседен атып шығып, машинасына отырды да жүріп кетті. Жер-көкті жұлып, кеңсе ішінде қарғанып-сіленіп Қатша қалды.


Дәл сол күні кешке қарай бүкіл ауылды аяғынан тік тұрғызған жаман хабар да жеткен еді. Ауданға бара жатқан жолда Сырымның машинасы астық тартқан үлкен машинамен соқтығысып апатқа ұшырапты. Қатты екпінмен келе жатып соғысқанда кішкене машинаның багі жарылып со күйі жанып кеткен көрінеді. Ішіндегі шофер де, Сырым да түк қалмай өртенген. Барып көргендер:


— Несін айтасың, есіл азаматтар сүйектеріне дейін қалмай жанып кетіпті, тек күлдерін ғана жинап алдық, — деп келді. Онан соң сыбырласа сөйлеп: — Ой, алла-ай, сірә, адамның жүрегі отқа жанбайтын болса керек, Сырымның жүрегі со күйі бүп-бүтін күл үстінде қып-қызыл боп жатыр екен... — деген.


Қатша жаманат хабарды естіген сәтте не болғанын білмей есеңгіреп отырды да қалды. Ертеңгі өзінің Сырыммен ұрысқаны, оны қарғап-сілегені есіне түскенде, өзін қоярға жер таппай зәре-құты ұшты. «Ойпырмай, кием бар екен-ау» — деп ойлаған өзі жайлы. Азаматтың мерт болғанына қайғырудан гөрі өзінің сол «киелігіне» тәнті болудан аса алмаған. Бүгін ойлап көрсе соның бәрі де күйкі көңілдің өзеуреген күйті ғана екен де. Сол Сырым обалы қанша, жақсы бастық еді-ау. Соның кезінде колхоз қандай гүлденіп келе жатыр еді. Шаруашылық дәулетті, табыс мол, колхозшының тұрмысы қандай күйлі еді. Марқұм, өзі де тыным көрмейтін, өзгеге де тыным бермейтін. Мазасыз еді, қатал еді. Соның бәрі колхоз үшін, колхозшы үшін екен де. Кім ұғып, кім бағалады соны?! Дүние-ай, сол Сырымды да аузы барып қарғап-сілеп, басына жамандық тіледі-ау... Егер Сырымның кезі болса, құдасы кешегі сөзді айтар ма еді? Садаға кетсін. Қайта Сырымның кезінде бұлардың ауылына басқа колхоздан көшіп келушілер көп еді ғой... «Әттең, тағы сондай бастық шығар күн болар ма?! Шығар. Не бопты, біз де ел емеспіз бе?!» — деп күбірлеп қойды Қатша...


Ертеңгі шай үстінде Қатша өзінің ойланған-толғанған, көңіліне түйгенін айтып кетуді жөн көрді.


— Құда, — деді сабырлы қату дауыспен. — Келгеннен бері ауылдарыңызды, елдеріңізді аралатып жақсы сый-сияпат көрсеттіңіздер. Рақмет! Біраз нәрсені мен де аңғардым. Кеше бастықтарыңызды да көрдім. Айтпақшы, көргем жоқ, даусын, сөйлеген сөзін есіттім. Жоқ, құда, менің балам бұл колхозға келмейді. Келе қалған күнде де істей алмайды. Бізді бекерге жылы орнымыздан қозғамаңыздар. Жаман болса да, жақсы болса да қаршадайымнан сол колхоздың ыстығына күйіп, суығына тоңып бірге жасасып келем. Әкем де, күйеуім де сол колхозда еңбек етіп еді. Енді бүгін нашарлап кетті, артта қалды, деп көше жөнелгеніміз болмайтын шаруа... — Көзі келініне түскен, ол кешегідей тағы да төмен қарап отыр екен. — Келін тағы біраз күн осында боламын десе онысына рұқсат, — деді оның да мына қылығына кеңдік жасағандай үнмен.


Ауылға қайтар жолы ірің күйге түскен, жер үстімеи емес, жер астымен қайтқан қорлық жолы еді. Машинасына отырғызған шофер талай жайды айтып, талай әңгіменің басын шалған. Бірақ Қатша оның не айтқандарын ұққан да, естіген де жоқ, меңірейіп мелшиген халде отырды да қойды. Кабина терезесінен ыстық аптап келіп тұр. Жанар майдың, күнсіген шаңның иісі жүректі лоблытады. Шөбі шабылған қырат-қырқалар, сабаны шашылған мая, күні кеше жыртылған қара пар — бәр-бәрін шаңғытқан мұнар тұмшалап тұр. Аспан да, жер де сол бір сүреңсіз боз мұнарды ауырлап шаршаған, торыққан кейіпте еді. Тек ауыл қарасы көрінген кезде ғана Қатшаның өңіне жылылық еніп, болар-болмас күлкі жүгірді.


— Әдіре қалғырлар, — деді тістене күбірлеп.


Шофердың да даусын осы кезде естіген.


— Апай, сіз контужный емессіз бе, осы?. — деп күліп отыр екен ол.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу