👈 қаріп өлшемі 👉

  14.08.2021
  56


Автор: Ғалым Әріп

Сыбаға

(новелла)


Соңғы кезде Жігердің ойы елең-алаң, жан анасы жарық дүниеден озғалы көңіліне алабөтен қаяу түсті. Дүние-ғалам тұтасымен сұрғылт тартып, мұнар басып кеткендей, сұп-суық. Бір түрлі жетімсірегендей болады, көмейіне әлдене кептеліп қалғандай, кейде оқыс «һайи» деп күрсінгенін өзі де байқамай қалады.Тіршілік тынысы — ауа секілді әлдене жетпейтіндей...



Енді, міне, терең ойға шомып, көгілдір көкжиекке көзін сүзеді. «Жүрегім неге сонша қысып, шаншып алып барады, ә? Тегінде, пенде баласы дүниеге жанды тіршілік әкеліп, ұлы миссияны арқалайтын аналардың жан-әлемінен жаралатын болғандықтан, онымен етене байланысын жоймайды-ау. Асыл анашың өмірден озғанында, сенің де демің үзіліп кетердей болып қиналасың, қайғырасың, еңірейсің, еркелейтін ешкім таппай боз ботадай боздай бересің екен-ау...»


Былайынша қарағанда, әрине, бәрі де өмірдің заңдылығы іспетті ғой. Жетпіс жеті жас жасады. Қос жеті! Иә, киелі сан ғой! Ендеше, осынша ғұмыр кешкен, қиындық пен қызықты қатар көріп, балаларын азамат етіп қияларға қанаттандырып ұшырып, балпанақтай немерелер сүйген, жарық дүниенің бар рахатын көріп бақытты жан болып бақилыққа аттанған адамда арман бар ма деген де ой келеді. Иә, арман шіркін жеткізген бе. Ол бір таусылмас шексіз әлем. Кім жалғыз рет берілетін ғұмыр-пәни-тіршілікті, осы дүниедегі ең жақын адамдарын мәңгілікке қиып кеткісі келеді дейсің. Алайда, амал не, бұл Алланың ісі ғой, Ұлы Жаратқанның әмірі-пәрмені жеткен күні ажал тажалынан қашып құтылу қиын. Маңдайдағы жазу деген де сол деседі.


Көпті көрген көнекөз кісі, бәрі де ретімен, орнымен, сексенге таяған тұста болды ғой, оған да шүкір, дегісі келеді. Бірақ... Мейлі жүзге келсе де, осынау жаратылыс заңдылықтарын тереңнен түйсіне тұрғанның өзінде де, өзегін талдырып өбектеп өсірген алтын нұрлы Анасын тіпті де басқа дүниеге мүлде қиғысы жоқ.


«Ех, Құдіреті күшті Құдайым-ай, ең болмаса барлық Ана атаулыны неге мәңгілік етіп жаратпадың екен?!» Оның жүзі шын мәніңде шұғыласын молынан шашқан Күн арайынан аумайды. Енді сол арай-нұр, ізгі сәуле шұғыласы жалт етіп жоғалып кеткендей. Бір жылу жетпейтіндей, бір жылы алақанды іздейтіндей. Анасының бір ауыз жылы сөзі, шын мейірімге толы көз жанарын аңсайды. Оның, шіркін, алыста болса да, жасы біразға келсе де, әйтеуір, жер басып, көзі тірі жүргенінің өзі көңілге үлкен медет, демеу екен.


Марқұм, иманды болғыр, көзі жұмылғанша қаладағы балаларды аузынан тастамапты. Жігер тағы да ой құшағына ерді. «Сыбағаларын кем қылмаң депті-ау. Біздерді жалғызсырап жүр деді ме екен? Жетпестік көріп жүр деді ме, әлде?!» Ой жетегіне еріп, бойлап қараса, әңгіме тек онда емес екен. Құдай тағаланың өзі Ана атты ұлы болмыс иелерін балалары үшін шыбын жанын шырылдатып, ғұмыр-пәни бәйек қылып қойса, балаларын да анасының жан жылуы мен шарапатынан, сыбағасынан дәметтіріп қояды екен-ау.


Бүгін туған ауылға барудың сәті түсті. Келін кең етіп дастархан жайып, тәуірінен бабын келтіріп сарбалақ шәйін құйып беріп отыр. Сағынышқа толы әңгіме тиегі де ағытылып жатыр. Бәрі де жақсы-ау, кемі жоқ. Бірақ... Сонда да бір нәрсе жетпей тұрған секілді сезіледі. Ол, әрине, Ана құшағы, Ана шуағы, Ана қуаты, Ана бұлағы! Ана Көзі, Ана сөзі, Анаңның Өзі! Анаң болса, тәтті-дәмді, жылы-жұмсақты арнап сақтайды, шәй да, тамақ та сіңімді болады. Өйткені, шәй үстінде қызыл қуырдақ пен бауырсақ қана емес, анаңның сары майдай сақтап келген балқаймақ, құрты, қатырған секері, үйге келген бойда «Айналайын, жарық күндерім, жолдан шөлдеп келдіңдер» ғой деп бауыры үзіліп тұрып, өз қолымен сапырып құйып беретін көпіршік атқан шұбаты жан-жүйені ерітіп, қанға тарап, өн бойыңа күш қондырушы еді, қанаттандырмай қоймайтын. Ауылды сағыну деген ұғымның астарында бір жағы шын мәнінде баяғы балалық шақ өткен, өңшең дала көңіл, дархан жүректі қазақтар өмір сүретін, бота боздап, қой өріске өрген ауылдың ғажап өмір-картинасын ғана емес, сипаттауға тіл жетпес тылсым құдіретті тұлға, әулиең де, әнбиең де Анаңның Жұлдыздардай ғажайып жүзін сағынады екенсің. Бұл да заңдылық! Өйткені, Ананың орнын ешқашан, ешкім де толтыра алмайды. Сондықтан да оның жанды ұйытып, сезімді, өмірге құштарлықты оятып отыратын жылы шуағын сағынасың, аңсайсың, іздейсің, елеңдейсің. Ана — бөлек болмыс, бала дегенде бауыр еті үзілердей, үздігердей, тым өзгеше құбылыс! Ауылға айда-жылда қаладағы ұлан — ұрпақтары келгенде ел ішіндегі шақырылып қойған той-садақаларына да бармай, «өлгенде көрген балаларымның қасында болайын» деп балаларын төңіректеуі де сол ұлылықтың белгілері. Бауырларды, жеңге, келін, әкелерін де үйге шақыртып, өз ошағының берекесін, бәрінің басы бір шаңырақтың басында тоғысып, ортақ пәтуа мен тату-тәтті тіршілікке ұйысуын ойлайтын-ды.


...Қалаға қайтар алдында тамының басына барып әйет оқыды. Келіншегі де босаңқырады. Тіршілікте енесінің өмір дағдысы, ұлт қасиетін ұстанған текті келін болуға баулыған тағлымы мол ұлағатты ақыл-кеңестері де ойының елегінен өтіп жатқан тәрізді. Жігер де іштей өксіп жылағанын сыртқа білдірмей күтіп тұрған көлікке қарай бұрылып кетті.


Жол үсті тағы да шетсіз-шексіз ой меңдеді. Тағы да анасының сыбаға жайын қозғай беретіні ойына оралды. «Апырай,ә, менің ырзық-несібем аз деп жүр ме. Аман-есен, он екі мүшеміз сау, арқалы азамат етіп дүниеге әкелгеніне сау болсын. Қалғаны менің өзімнің қолымда ғой. Алла тағала менен бақытын да, бала-базарын да аяған жоқ. Жүрегімді толғандырып жырға толтырды, ата-бабалардың асқақ рухын сіңірді. Теңіздей телегей көңілмен жарық дүниені кешіп келемін...» Бес жасқа келгенінше ана сүтімен ауыздандырып, нәр құйып, бесінші класты бітіргенше арқалап, еркелетіп өсірген абзал анасының жаз дидарлы жарқын жүзін еске алған сайын оның шексіз мейір махаббатына тәнті бола түседі, қайтып келмес арман кәусарына шөлдейді.


...Жанарына тағы да іркіліп жас келді. Бұл әсте ынжықтық емес. Ешқашан қорлық та көрген кезі жоқ. Ешкімге есесін жіберген және жібере қоятын адамның сойы бұл емес. Кездіктегі алмас қанжар іспетті жарқылдайды. Тек... Сонда да... Бір запыран сағыныш селі ыршып кеткелі тұр. Өзін әрең-әрең ұстап іркіп қалды. «Өмірдегі өз орнымызды тауып, өз сыбағамызды алып жүрсек болады-дағы. Ол бізге мәңгілік махаббат, өшпес ұлағатты сыбаға етіп сыйлап кетті. Тірі жүрсек бір биіктерден табылармыз. Амандық болса, адалдық пен адамшылық жолдан ешқашан ауытқымаспыз», — дейді сүйген жарына қарап. Ол да басын изегендей болды.


18.01.1999 жыл.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы