👈 қаріп өлшемі 👉

  14.08.2021
  51


Автор: Ғалым Әріп

Оян, ойлан, қазақ!

немесе санаға жасап төңкеріс


Осы тақырыптың денінде осыдан екі-үш ай бұрын өлең жазған едім. Оны төменде ұсынып отырмын. Қазіргідей ұлттық ояну, өрлеуге ұмтылыс кезеңінде тәуелсіздік туын тіктеп, ел болар шақта көзі қарақты азаматтардың халқының сана-сезімін өсіруге, намыс отын қайрай отырып, ақылды да байыпты болуға шақыруға ықтияттана жұмыстануы қажет деп есептеймін. Таяуда ғана республикалық теледидардан болған «Сана» бағдарламасының соңғы хабарында да бұл жөнінде тереңірек айтылды. Оған республика Жоғарғы Кеңесінің депутаттары Ә.Кекілбаев, Қ.Мырзалиев, Ә.Әлімжанов, Ш.Мұртаза қатысты. Олардың қай-қайсысы да өз сөйлеген сөздерінде туған жұртымыз үшін бүгінгі таңда ең бастысы рухани өрлеу, рухани жаңару, ақылды, саналы, біртұтас, ұйымшыл болу керектігін баса айтты. Біз сияқты аз санды халықтарға, отаршылдық құрығынан ұзақ жылдардан кейін барып әрең құтылған халыққа өзгелер деңгейіне жету үшін асқан білімділік, еңбекқорлық, ізденіс, ұстамдылық, мәдениеттілік керек екендігіне тоқталды. Ғасырдың арғы-бергі жағында да зиялы қауым өкілдері «өз халқының көгіне шырақ болып жағылуға» барынша-ақ қызмет істеген-ді. Менің ойымша, қазір де ел басына осындай шақ туып отыр. Жұртымыздың рухани-танымдық дүниесі әлі де бірқалыпты өскелең дүниеге жетісе алмай жатыр. Мұның мысалын күнделікті өмірден де көріп жүрміз. Бәрін айтып жатпай-ақ, қоғамдық автобусқа отырып, немесе сауда орнына бара қалсаңыз болды, көп нәрсеге қанығасыз. Қайда да бірін-бірі орынсыз тілдеген қазақ. Және оның үлкен-кішісі, кәрі-жасы, әйел-еркегі жоқ, бірін-бірі ғайбаттаған жұрт. «Өзіңді қазақ деп тұрсам, алдыңнан кезектен тыс өткізбедің, оңбағансың» дейді бет-жүзің бар демей. «Өзіңді қазақ па десем, әйел адамды әуелі өткізе ме десем, нәйіс екенсің» деп жатқанын естідім бір жас ортасына келген ақ жаулықты кісінің. Оған берген еркектің жауабы да осал соғып жатқан жоқ. Бүкіл автобус ішіндегі жүргінші солардың «қызықты» керісін «тамашалаумен» болды. Тағы бірде екі топ қазақ жігіттері жол бойы бір-бірімен балағаттасумен болды. Автобус тоқтағасын қызыл қан болып бір-бірімен төбелесті дейсің. Басқа жұрттар күлмегенде қайтсін! Орынсыз жерде орыс, кавказдықтарға да беттен алып тіл тигізіп жатқан ағайынды аз көрмеймін. Соған ішім жылайды. Біз де бір мәдени өрелі деңгейге бір күндері бүтін ұлт болып жетісе алар ма екенбіз деп ойлаймын.


«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді атам қазақ. Ең болмағанда, өркен жайып өсіп келе жатқан балдырғандарымызды ұлттық құнарлармен сусындатып, көргенді, тәрбиелі етіп өсірелік дегім келеді. Ал әлгіндей мәдени деңгейдің тым төмендігі, басына кетушіліктен сірә да алысқа бармаспыз. Бұрынғы ата-бабалар жол-жоралғысы бойынша ер түлғалы, ізетті де ілтипатты, әдепті, қай нәрсенің де рет – жөнін білетін халық емес пе едік. Әрбіреуіміз өз тірлігімізге сабақ берейікші. Өз отбасымыз, ауылымыз, өлкеміз, байтақ Отанымыз үшін не істеп жүр екенбіз, соны ойлайықшы.


Ал рухани жаңарудың жолы - ана тіліндегі әдеби-көркем кітаптар, газет-журналдар, ұлттық өнер, музей, кинотеатр емес пе? Елдіктің жөнін айтатын көсем ойлы ақсақал, қарасақалдарымыз қайда? «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та бар қалан!» деп ұлы Абай айтқандай, әрбір қазақ туған елінің көтеріліп жатқан зәулім ғимарат шаңырағына бірі берік уық, бірі нағыз кірпіш болып қалануы ғана бағымызды ашады деп ойлаймын.


Ей, қазағым, ел болдық қой еңселі,


Тұқыртпашы төмен қарай еңсені.


Есебіне қоспаушы едім ездердің


Ер мінез деп еркін өскен мен сені.


Аш көзіңді!


Жый есіңді!


Түрегел!


Өз халқыңды сүйер болсаң шын егер.


Жалт-жұлт етіп ақ алмастың жүзіндей


Жүрмесек біз бұ дүниеде кім елер?!


Мәңгүрт санап мал бағумен күні өткен,


Өтті уақыт, өпірімдер құл еткен.


Енді, қазақ, намысыңа қайралып,


Өртене біл елді сүйген жүрекпен.


Шағың келді!


Шарпиды - Күн шұғыла,


Шомылып ал Көк Тәңірдің нұрына.


Туған елді, туған жерді сүйе біл,


Үміт артқан өр мінез қыз, ұлына.


Қалар болсаң қапияда жасып сен,


Кеше қоймас қайран Дала ашық, кең,


Өзгелердің бопсасында кететін


Екіжүзді, әлде, даңғой пасық па ең?!


Қайран, халқым, мен өзіңе ғашық ем,


Сен мен үшін баға жетпес асыл ең.


Өрттей лаулап өзіңе егер сүйенсем,


Көкте қыран, жарқылдаған жасын ем.


Жамандыққа қимасам да тегінде,


О, бауырым, келер ойлар көңілге.


Жарқылдап шық мынау жаңа өмірде,


Жайбарақат жүретұғын жөнің не?


Ей, қазағым, еңсе тікте, көтеріл,


Баста алға мәрт боп туған бекем ұл.


Дауыл болсақ, дуылдасақ бас қосып,


Дәулерің де айыл жияр нешебір.


Тіршіліктен не пәтуа тым-тырыс,


Сұр аспандай боп жүрмейік тоң-торыс.


Туған елдің қамын ойлап, сілкініп,


Санамызда жасалық сан төңкеріс!


19.02.1993 жыл.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы