14.08.2021
  125


Автор: Ғалым Әріп

Күтпеген жекпе-жек

Иә, иә, әлқисса, деп айтам ба, о заман да, бұ заман, мұндай сұмдықты кім көрген. Адам баласы өзінің басына түспегесін кейбірде жұрттың айтқанына сене қоюшы ма еді тәйірі. Ал илана қойғаныңның өзінде де сол оқиғаны бастан өткерген кісідей сезіне, толық түйсіне алмайсыз ғой.


Қош, сонымен...


Демалыс күні, мерекенің орайы болатын. Түс ауған мезгіл. Қайдан ғана мені Құдайым үйдің сыртынан жүргізді екен деп ойлаймын артынан. Жөнімен, өзді-өзім, тып-тыныш, әдеттегімше аяңдай басып кетіп бара жатқанмын. Бір кезде... ту сыртымнан «һайт, һайт» дегендей қатты да тосын дауыс шыққаны. Жалт бұрылып қарағанда байқағаным: сонадайдан көрінген сары шашты қыз бен жігіттің сұлбасы. Оларды дауыс шыққан беттен шалт аңғарып қалдым. Бәрінен де сорақысы содан кейін болды. Сол беттен құсша зымырап ұшқан, бабында тұрған «бульдог» ит жолдағы тал теректер арасынан ыта, темір торлы жақтаулардан ышқына қарғыған күйі тас төбеме қарай жөңкіліп келеді.


Ойланып тұрар уақыт қайда! Бәрі де қас-қағым сәт. Айдың күнінің аманыңда, өзіңнің үйіңнің жаныңда қаңғыған қасқыр итке таланып қапы қалғанша...


Мықты қорғаныс жасап үлгермедім, бірақта тас-түйін болған күйімдегі жігерлі жұмылған жұдырығым жұлқына жетіп, бір демде қауып қалмақшы болған ұсқынсыздау хайуанның маңдай тұсынан сарт етті. Бейне ринг үстінде қарсыласын қағынта соғам деп, ойламаған жерден өзі оңтайға келіп қалған боксердей абдыраған (мүмкін, нокдаун алған шығар) бульдог есін жия, екінші рет екпіндей ұмтылғанда мойын тұсын қапталдай және тамақтың тұсынан бар күшіммен тепкілеп жібердім. Манағы қасқыр итімнің арыны енді басылғандай ма, қалай? Әйткенмен, төрт аяқтыға сеніп бола ма, көп кідірмей қайта шапты... Қапелімде тепе-теңдікті ұстай алмай қалған мен де ұшып түстім. Жандәрмен қарманып, кезекті шабуылға (һәм қорғанысқа) әзірленбек едім. Артыма қарасам, әлгі хайуан мені құлатқанына риза болды ма, иелеріне қарай ортекедей орғытып, құйындатып барады екен.


«Тәуба, тәуба!», дедім мен іштей. Қожайындарына айғайлап бір балағат айтқаннан артық ештеңе істей алмадым. Олар да не сасып қалды, не иттерін сынап тұр ма, әлде әдейі айтақтады ма, әйтеуір, ары қарай бұрылып алып асты.


Ал мен болсам, өзіммен өзім ойланып келемін. Апырай- ау, мені қойшы, шама келгенінше бір амалын жасармын-ау. Ал мұндайда дәрменсіздеу жан болса не қайран қыла алмақ?


Ойыма ана жылғы оқиғалар түсті. Теңіз жағасында бір дәрменсіз жас қызды бұралқы ит жеп қойды. Он бесінші шағын аудан жаңа бастап салынып жатқан кезде бір нәресте қазақ баласының бас құйқасын сол арада ит жетектеп жүрген балауса орыс қызының «овчаркасы» жұлмалап тастады. Бір қарт, одан кейін жігіт ағасы жасындағы азамат екі-үш жылдықта редакцияға шағым айтып келді. Әлгіндей ит қыдыртып жүргендер (олардың ішінде жергілікті ұлт болмайды ғой, сірә) қасынан өте бергенде бұларға айтақтаған.Бір әйел адам жолдан өтерде кездейсоқ сүрініп кетеді. Сонда бір кездейсоқ ит үстіне қона түскен көрінеді. Бұл не деген сұмдық соңда?!


Қалада бұралқы ит, мысықтардың тым көптігі, оның тұрғындарға күтпеген жерден қауіп-қатер төндіретіндігі жөнінде осы жолдардың авторы осыдан он бес жыл бұрын қазіргі облыс әкімі алдында баспасөз мәслихатында қозғап, мәселе қойып еді. Кезінде одан тәуір қорытынды да шықты. Мыңдаған бұралқылар арнаулы шешім бойынша атылды, аласталынды. Енді осындай шараларды тек «бұралқыларға» ғана емес, басыбайлы үй хайуандарына да алу керек сияқты. Итіне иесі ие бола алмаса, жауапқа тарту керек. Қаланың әр шағын ауданындағы иттердің тізімі жасалынып, олардың «мінез-құлқы», иесінің ақыл-есі тексеріліп тұрғаны тіпті де артық емес. Бұл қала тұрғындарының ит атаулыны көргенде абыржымауына, өздерін сенімді сезінулеріне себеп болады деп ойлаймын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу