14.08.2021
  323


Автор: Ғалым Әріп

Жел

Желді күнге бала күнімнен құмармын. Сәби күнімнен-ақ құлағымда қалған жел гуілі бір түрлі әлдиге, сазға ұқсайды. Ал қиялы қиян кезген, жан әлемі дала демімен тыныстаған ауыл баласы үшін жел дегенің көкірек сарайын ылғи да желпінтіп тұрар бір құдірет секілді. Туған топырақтың жазғы лебі де, күзгі өкпегі де, қысқы ызғырығы да, көктемгі тентектеу қоңыр самалы сірә да өз алдына, жан-жүрегімізге майдай жағатынын қайтерсің?


Жел шіркінің құдірет десе құдірет қой.


Қайран, балалық, балғын шақ, балауса албырт шақ. Қоңыр күз әлдеқашан түсіп, қара суық басталып кеткеннің өзінде қалың жүн көрпе мен әкеміздің нән тұлыбын жамылып алып нар үстінде жатуды сондай ұнатушы едік. Біз үшін бәйек болып ата-анамыз қанша айтса да қасарысып болмай, далаға жатқанды соншалық қалайтынбыз. Сондағы аңсарымыз: түні бойы жел үніне құлақ түру, оның «гөй-гөйіне» ұйып ұйықтау. Таңертең жамылған көрпемізді құм басып қалып, шешеміздің ұрысқан дауысы естіліп қалып жатады. Ал біз төсек астынан көзіміз жарқырап, ойымыз сергіп, көңілді оянушы едік.


Мен осы бір сезіммен, туған жерімдегі осы бір ерекше құбылыстың, қоңыр самал мен аптап лебінің, ызғырық желдің, Маңғыстау желінің сиқыр-сырына өмір бойына тәнті болып, муза күй жетегінде келемін. Осындайда мына бір оқиға есіме түседі.


Онжылдықты тәмамдап, алғаш астанаға жол түскенде ақбас Алатау шыңдарын көріп талып қала жаздағаным, сол сықылды Алматыда мүлде жел жоқтығына таң-тамаша қалғаным бар. Біреу айтты сонда: «Мұнда жел жоқ екен» деп. Өзіміздің жақтың жігіті. Мұндай әңгімелерді кейбіреулердің аузынан бүгін де естіп қаламын. «Желден, шаңнан қашан құтылар екенбіз?» деп армандайтындар жоқ емес. Мен ондайларға басымды шайқап, жақтырмаған сыңаймен қараймын.


Асылы, адам табиғатпен етене туады, сонымен бірдей болып жаралады деген рас әңгіме. Менің маңғаз өлкемде тау-тас та, сортаң тақыр да, тарихи там - күмбездер де, шағыл құмдар да, исі бұрқыраған неше алуан кермек шөптер де, көз арбардай көгілдір теңіз де, алты айшылық жолды алар көнбіс адай тұлпарлары да, маң-маң басып жөңкілген аруаналар да өз алдына бір таңғажайып әлем болып көрінсе, қоңыр желі де солай.


Маңғыстау - бүтіндей кең-байтақ Қазақстандағы ең желді облыс. Маған ылғи да осы бір бағзы аймақтың қыр төсіндегі әруақты әулиелер мен аңыздағыдай батырлар баяғы бәз қалпында тірі жатқандай, әлгі қасиетті желдердің демімен әні-міні тұрып кететіндей көрінеді де тұрады. Даланың дархандығына әлі күнге таң қалып, бас иіп келеміз-ау, ал мен желдің ғаламат сырларына күннен-күнге тәнті бола түскендеймін.


Мынау астаң-кестең дүниеде,ойлап отырсам, азынап, сарнап, уілдеп, гуілдеп, күңіреніп жатқан жел, жарықтық, бабам Қорқыттың қобызшысы секілді көрінеді. Жел құлағыма енесін іздеп боздаған боз ботаның үнін ғана емес, тарихтың небір қатпарларының сырларын да әкелетіндей...


Жел әуезіне құлақ түру - менің қашаннан бергі әдетім. Жел үскіре, үздіге соққан сайын жел екпініне қарсы өршелене жүру де менің әдетім. Жел адамды қайсарлыққа баулиды, рухыңды үстем етеді, мінезіңді қайрайды. Ең бастысы, ол азаматты елін, жерін сүюге, жел әуенінен сыр ұғып, ел мұңына үңіліп, осы мақсат жолында белсене өмір кешуге жетелейді деп түсінемін.


Жел, жел!.. Сен нағыз алған бетінен қайтпас мәрттіктің, өжеттіктің көрінісіндейсің. Өзіңе құлдық ұрдым, о, құдірет!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу