14.08.2021
  150


Автор: Ғалым Әріп

Бақытты билет

Демалыс күні болатын. Абзал ЖенПИ-ге Жәмилаға бара жатқан. Автобусқа мініп билет алды да, үміттене көз салып еді, күткеніндей «бақытты билет» екен. «Жолым болады» деп түйді ішінен. Автобустан түсіп солай қарай беттеп бара жатқанында, таныс жігіті қарсы ұшырасты.


— Қайда жортып бара жатқаның белгілі. Жолың болсын, — деді жымия күліп.


— Рахмет! Жолым болса болар, жаңа «бақытты билет» алдым. Саматтың көз алдына билетті тақап көрсетіп қойды.


— Тілектеспін! — деді Самат.


— Рахмет!


Абзал билетті бүктемей төс қалтасына блокноттың арасына салып қойды.


Жатақхананың жанына келіп ішке кірді де, кезекші қызға шақыртып еді, «жоқ» деп келді. Сонда да сенбей өзі білетін терезенің тұсына келіп көрер деген ниетпен арлы-берлі жүріп еді, бірақ жан шықпады. Абыржып аз ғана тұрды да, басы салбырап кейін қайтты. «Енді қайда барсам екен?» Сыраханаға баруға ұйғарды.


Онда ауылдас жігіттері отыр екен. Алматыда «служить» етіп жүрген Арыстанбай да бар. Бұл кездесуге бәрі де қуанысып, қауқылдасып қалды. Олар «кел, кел» десіп көпіршіген сыраларын жұта түсті. Өздері әжептәуір қызара бөртіп те алған...


Олар далаға шыққанда уақыт түнгі тоғызға таяп қалған. Аспанды қою қара бұлт торлаған. Абзал жерлестерімен қоштасты да, ЖенПИ-ге қарай екінші рет бет түзеді.


Жәмила келген екен. Қыздар болып киноға барыпты. «Қыдырайық» деп мұның қиыла сұрағанына құлақ аспаса да, «жарты сағаттай әңгімелесіп жүрейікші» дегеніне «сөзіңде тұр» деді Жәмила келіскен сыңаймен.


Екеуі ақ қайыңның саясына келіп тоқтады.


— Ішіп алыпсың ғой, Абзал, мұның не? — деді Жәмила.


Абзал ол сұраққа жауап берген жоқ. Шап беріп Жәмиланы құшақтай алды да, «сүйемін сені» деді өнбойы діріл қағып. Көптен жеткізе алмай жүрегінде сақтап келген сөзін бір-ақ сәтте айтып салды. Құшырлана ернінен сүйіп те үлгерді...


Жәмила мұндай тосындыққа қатты абдырап қалды. Кенет Абзалды жағынан тартып жіберді де, жатақханаға қарай жүгіре жөнелді. Абзал қуып жетіп қайта ұстап алып еді, «жібер!» деді ол ышқына айқайлап.


Шыңғырған қыз дауысын естіген жақын маңдағы Киров атындағы зауыттың жатақханасының жұмысшы жігіттері жетіп келді. Ештеңе деп сұрап жатпастан толықша келген біреуі Абзалды иегінің астынан сылқыта соқты. Босанып шыққан Жәмила жүгіре жөнелгенде, Абзал шалқасынан құлап бара жатыр еді...


Аузы-мұрны дал болғанын Абзал ертесіне айнаға қарамай-ақ білді. Денесі қара зіл-батпан. Көзінің алды шодырайып ісіп кеткен. Бадырақ көзі сығырайып қалыпты. Бейне бір өзінікі емес сияқты.


Ол ертесіне екі түрлі ойды саралады. Алайда, бір шешімге келе алмады.


«Үйге аман-есен жеткенім жақсы болған...»


«Жәмиланы сүйгенім батылдық болды». Сол бір сәтті көз алдына елестетіп жымиып қойды.


«Ал енді осынау күйге ұшырауыма не себеп болды? Ел аман, жер аманда жараланып! Ақылсызбын, жігерсізбін», деп бір қойды.


«Жәмила қатты ренжіп кеткен жоқ па екен? Неге сүйдім?» Бұл сауалына жауап таба алмады.


Көп ұзамай Жәмиладан хат алды. «Абзал, сәлем. Кешір, қалайда хабарлас», деп қысқа жазыпты. Төбесі көкке екі елі жетпей қалғандай, көңіл-дөнен шарықтап алып ұшады. Солай қарай сол сәтте-ақ тартып кетті. Шақыртып еді, бар екен. Ол жүгіріп келді де, мұны құшақтай алып жылап жіберсін келіп...


Бір сәттік кілт үнсіздік. Абзал діттегені болып, бәрінің қалыпқа келгеніне енді көзі жетті. Жәмила Абзалдың жанқалтасынан блокнотын алып «мен де сені сүйемін» деп жазды. Қайта орнына қойғалы жатыр еді, арасынан баяғы билет сусып түсті. «Бақыттысы...» Абзал оны жерден шапшаң көтеріп алды да, Жәмилаға көрсетті. Бірақ, түсіндіріп жатпады. Тек қана жәйлап күбірлеп:


— Бақытты билет, мен енді бақытты боламын, — деді жансыз нәрсеге тіл қатып.


1979 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу