14.08.2021
  297


Автор: Ғалым Әріп

Ана

Бұл бір уылжыған жап-жас келіншек еді. Ерге шыққан, алты айлық бөпесі бар дегенге білмеген кісі сене бермейтін. Өйткені, тым ұялшақ еді. Және жат адамнан жалтақтап қашып жүретін әдеті бар-ды. Көршілер оны «Үркек Мәриям» деп атайтын.


Бұлар бір отбасында үш-ақ адам болатын: күйеуі, өзі және жаңа отыра бастаған ұлы -Талғат. Ері Әнуар - мұнайшы, қызмет бабымен жүріп, ол көбіне үйге кеш оралады. Мұндай беймезгіл шақтарда Мәриям елегізіп үйде отыра алмайды.


 Сен жоқта біз қорқамыз, - дейтін ол кейде күйеуіне. - Әсіресе, Талғат ұйықтап жатқанда қорқамын.


 Сонда сен Талғат құрлы болмағаның ғой, - деп күлетін Әнуар.


 Ол жігіт қой.


...Жаз айы. Тас төбеден шақырая төнген күн сәулесі күйдіріп барады. Жексенбі күні болатын. Қаладан батысқа қарай бет алған көгілдір «Москвич» теңіз жағалауының оқшаулау бір жеріне келіп тоқтады.


Бұл арада адам аяғы өте сирек еді. Анадай жерде ғана он төрт - он бестер шамасындағы екі бала биік қатпар тас үстінен қармақ салып өздерімен әуре. Одан сәл әрегіректе төрт-бес адам карта ойынының қызығына түскен. Самбырлап сөйлесулеріне қарағанда аздап қызара бөртіп алған да сыңайлары байқалады. Ұшқыр моторлы қайық арлы-берлі заулап жүр. Жалт етіп көрінеді де, әп-сәтте жоқ болып кетеді. Кәрі Каспийдің бұйра-бұйра ақжал толқындары бұл күні тыныш, майда желмен жәй ғана қозғалады.


Олар төсеніштерін төсеп алып, әкелген тағамдарын газет үстіне жайғап қойып жатыр. Артынша шешініп суға түсуге даярланды.


 Мәрияш, кезекпен түспесек болмас. Талғат жылайды ғой. Сен түсіп кел, - деді Әнуар жұбайына.


 Өзің түсе берсейші.


 Жарайды, онда.


Әнуар жүгіріп барып көк теңізге қойды да кетті. Әне, құлаштай, біресе шалқалай жүзіп барады. Бір сәт басын бұрып, бейне «Талғат!» деп айқайлағандай болды. Әне, алыстан күлімсірей қарайды. Мәрияш та қолын маңдайына тіреп, көзін қалқалап, еріне қарай жымиған сыңай танытады. Ал ол болса екі қолын құлаштай сермелеп, бірте-бірте ұзай берді.


Мәриям жұп-жұмсақ шағыл құмның үстіне қолшатырды шанышты да, көлеңкесіне ербеңдеген кішкене сәбиін отырғызды. Өзі күн көзіне жаурынын беріп жата кетті. Көгілдір айдынның кәусар ауасымен кеудесін кере тыныс алып, бір ауық қиялға да берілгендей болды. Біраздан кейін жан-жағына қарап әлдене деп былдырлап сөйлеп отырған Талғатты ойнатты. Талғат қызық-ақ, онымен ерікпейсің де, зерікпейсің. «Мә-мә» деп сөйлегендей болады. Анасы күлсе, ол да күледі. Қолын ербеңдетеді, сөйлегісі келіп түсініксіз былдырлайды.


Мәриям орнынан тұрды. Талғатқа қарап:


 Отыра бер, машинадан емізігіңді әкелем, - деді де үш-төрт қадамдай жердегі көлікке беттеді. Алып келді де, Талғаттың аузына салды. Сосын тамақты әзірлемек болып, Әнуарды іздеп аласұрған теңіз төскейіне көз салып еді, ол тым алысқа ұзаңқырап кеткен екен.


Бойын үрей билеген Мәриям жағаға жақын келді. «Ән-у-ар! Алысқа неге ұз-а-ап кеттің?! Теңізбен ойнамасаңшы. Тез қайт! Сені Талғат шақырып жатыр»- деп айқайлады. Қайта-қайта қол бұлғалайды. Әнуар да бір кезде түсінгендей болды-ау деймін, бері қарай балықша ырғып жүзіп келеді.


Осы мезет әлдене жақын маңнан сұсты дыбыспен «ыс!» еткендей болды. Бейқам ананың ойы бөлініп, денесі дір ете түсті. Есіне бал уыздай балбыраған Талғаты түскен ол артына жалт бұрылып қараса... Сол кездегі көргені жас ананың есін алып, сең соққан балықтай басын айналдырып, көз алдын тұмандандырып, есеңгіретіп те жібергендей.


...Соның сәл алдында ғана анадай жердегі нән қатпар тастар қуысынан шыққан сұр жылан ирелеңдеп жылжыған қалпы нәрестеге жақын келген еді. Кеудесі мен мойынын жоғары көтерген күйі әлгінде «ыс!» ете түскен де осы болатын. Талғат бейне бір жыланды қолымен ұстағысы келгендей елпең қағып ілгері қарай ұмсынып отыр. Қайта-қайта ауаны қарманып, қолын сермелегеніне мәз. Ирелеңдеген шұбар жылан, талпынған сәби, өзінің бауыр еті Талғаты, міне, ана алдындағы оқыс көрініс осы еді. Сол сәт зәре-құты қалмаған ана «шағады-ау» деп ойлады және жан-дүниесін адам айтқысыз үрей биледі.


Ол бұрын тірі жылан көрмеген-ді. Тек әдеби кітаптардан ғана оқып, ол жайында аздап білетін. Оның ойынша, бұл дүниеде жыланнан өткен қансорғыш жыртқыш, улы ештеңе жоқ.. Сондықтан одан қатты секем алатын. Бірақ, «шағады-ау» деген жан шошырлық ой санасына жеткенде өзін белгісіз бір ғажайып күш, қыран құстың құдіреті көтеріп әкеткендей, алға ұмтылған бойы жыланды қос қолымен шап беріп ұстай алды да, тісімен ортан белінен қиып келіп жіберді... Сұр жыланды қос қолымен сығымдай ұстаған күйі талып та кетті өзі...


Біраздан кейін барып көзін ашқан бойында «Талғатым! Талғат-жаным!» деп жан ұшыра айқайлап жіберді. Өзі құм үстінде жатыр. Жылан денесі екі бөлініп түсіпті. Әлгіндегі бұралаң қаққан сұсты аждаһа енді жансыз күйде тым-тырыс бола қалған. Жанына жиналған адамдар:


 Талғат сау, өзің қалайсың? - десіп жатыр. Барлығы да ана батылдығына таң қалғандай риза болған кейіппен мейірлене қарайды. Осы кезде ана көзі қолшатыр астында дым сезбегендей мәз болып отырған Талғатқа түсті. Жүрегі елжіреп кетті. Сондай бір терең сезім құшағында толқып тұрған ері Әнуар:


 Мәрияш, мен сені қорқақ деп ойлаушы едім, батыр екенсің. Нағыз ердің ісін істедің, - деді.


Осы кезде самайына ақ кірген орта жастардағы кісі тіл қатты:


 Ана махаббаты бәрінен де күшті. Ол өлімді де жеңе алады!


Иә, бала үшін отқа да түсуге әзір тұратын абзал ана ғой ол.


1977 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу