👈 қаріп өлшемі 👉

  14.08.2021
  124


Автор: Ғалым Әріп

Ақша қар

Мынау жарық дүниедегі ізгі де шынайы әсем құбылыстарға көргенін айнытпай қабылдайтын сәбидің пәк көңілімен, бозбаланың бұлақтай мөлдір бұла сезімімен қарағым келеді. Былайынша дүниенің, осынау өміріміздің мәні де, сәні де аспандағы жарық нұр іспетті. Ал тіршіліктің мән-мағынасын әлгі айтқан баланың пәк жүрегінің, бозбаланың арман-сезімінің тылсым сырларынан іздейтіндеймін, сезінетіндеймін. Сондайда күн шұғыласымен күмістей жылт-жылт еткен ақша қар оралады ойыма. Аппақ-ау, аппақ, бір ғажайып кіршіксіз әлем...



Сондайда тағы да дүние-пәнидің өзге қым-қуытында титтей де шаруасы жоқ бал бүлдіршінге айналып, топ балаға қосылып, құлақшыным жалпылдап, алма беттер нарттай болып қызарып, қыр басынан шанамен төмен қарай құлдилағым келеді дерсің. Ауыл баласының ақша қар үстінде алысып-жұлысып, аунап-қунағанының өзі әжең айтар ертегі секілденеді. Бала дегенің ойынға тоюшы ма еді сірә да. Қайран, балғын шақ! Екі топқа бөлініп алып, қар лақтырысып, әрлі-берлі сыбасып, еш уайымсыз, соған мәз болып арқайын өткен күндер-ай! Асыл анашым, сенің ұлылығыңа тағы да енді көз жеткізгендеймін. Күн ұзаққа далада қармен ойнаған қарадомалақтарың әбден қолдары үсіп, бүрісіп үйге жеткендерінде мейірімді жүзіңмен жылытып, ып-ыстық қолтығыңа мұп-мұздай қолымызды салғызатын едің. Сонда балдырған балапандарыңның тұлабойды қарып кетердей сұп-суық алақанының ызғарын елең де қылмай, шексіз мейір махаббатыңмен өбектей қарайтынсың, аяулы ана!


Ол кезде күн де шағырмақтанып, құлағыңды қыз-қыз қайнатып тұрушы еді. Ол кезде қар да қалың түсетін. Ол кезде терезе әйнектерінде кәдімгі қазақтың ою-өрнектеріндей әсем суреттерді шымыр аяз өзі-ақ бейнелеп үлгіретін. Жерге түскен ақ ұлпа ақ мақтадай үлбіреп, көздің жауын алатын. Ол кезде де ақ мамықтай ақ түбіт қардың үстінде қомпаңдаған қара қарға жүретұғын жорғалап...


Шіркін, дүние! Бозбала дәурен - өз алдына жатқан бір жыр. Алабұртқан асау жүрек, жақсылыққа, ізгілікке, мейірімге, достыққа, махаббатқа ұйыған іңкәр сезім алыс армандарға жетелеп, көңіл құсы қияларға шарықтай самғап, қиян-әлемдерден сыр жұмбақ іздемеуші ме еді? Жаз болса, шексіз сайын дала төсінде емін-еркін қалықтай қанат қаққан ақ көбелектен көз алмай, сағымды белге сарғая, ойлана көз тігетінсің, ал қыс түссе-ақ болды, қар жауғанын тілеп, алып-ұшып құмартып жүретінсің. Соның өзі дүниеге, табиғатқа адам баласының жаңадан өркен жайып келе жатқан балауса шағында бей-жай қарай алмайтындығының, сұлулықты, әсемдікті сезіне білетіндігінің белгісі екен-ау...


Алғашқы қар жауғанда анамыз үйдің ішін қағып-сілкетін. Алғашқы қар жапалақтап тұрғанда адамдар көңілінде де өзгеше бір өзгеріс болып, бір түлеп, жаңарып, жасарып қалатын. Қар үстінде жосылып нешебір іздер жатушы еді. Соның бәрі де табиғатпен, жаратылыспен соншалық етене сурет секілденетін. Бала біткен таң ертемен екі езулері екі құлақтарында мәре-сәре болып, ай-хой, аққала соғушы еді. Осындайда тіршіліктің тамыр соғысында ерекше екпін, табиғи әрі жаңаша ырғақ пайда болатын. Қыр үстінен қылт етіп қасқыр көрініп, боранның өзі аш бөрідей ұли жөнелгенімен ісіне бекем малшы қауым қарау күннің қатерінен ықпай, қаруына да, қайратына да сенімді жүруші еді. Соған қарамастан малдың күй-қоңы да, малшының көңіл ауаны да жаман болмайтын. Ел еңсесі көтеріңкі, шаруасы бекем, қытымыр аязы көп болғанымен, қысыр сөзі аз, жөні түзу әңгімесі мол болатын-ды. Әрине, мұның бәрі де ол кезде, біздің бала кезімізде, бозбала шағымызда..


Бозбала демекші, сол бір шақтарды еске алсам, албырт көңілімде тағы да арман, тәтті мұң жүзеді. Қыс түсер-түспестен ылғи да қаршылдаған қар жататын Бейнеудің ғажайып бейнесі көз алдымда бейне бір ақ көгершіндей көлбей қалады. Қысы қанша қатал болғанымен де ақша қарындай аппақ көңіліме, алғаусыз сезіміме, лүпілдеген бозторғай жүрегіме мәңгі сөнбестей ыстық от салып, қалған ғұмырымда осынау дүниеден жалындап, лаулап өтердей тіршілік нәрін сепкен еді. Ақша қарлы далада желкенді үміттің, аппақ уыз махаббаттың тұтқыны болғанмын. Жаңа жылдың жанға сондай жайлы осынау мақпал түні әлі есімнен кетпейді...


1986 жыл


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы