14.08.2021
  155


Автор: Ғалым Әріп

Аға хаты

Жексенбек көшені көп кезді. Ұрынарға қара таппады. Бойдағы күш шіркінің тасып барады. Қасында бірер курстас жігіттер бар, қалалық саябаққа кірді. Ол кезде мұндағы жаңадан ашылып жатқан аттракциондар қол күшімен атқарылатын. Осы жерде біраз тер төгіп, табыс табу ойларында бар. Біраз ақша қолға іліккесін, салқын сырадан сапырып, қағынып кететіндері де жасырын емес. Бүгін де солай болды. Өздері сияқты әрі нәпақа табуды көздеп, әрі «күштері тасыған» әлдебір жігіттермен жұдырықтасып та қалды. Ұзын саны оншақты жігіттің бес-алтауын оңдырмай ұрғасын, қалғандары тырағайлап қашты.


Жатақханаға түнделетіп жетті. Басын ұстап орындыққа отыра бергені сол еді, үстел үстінде жатқан сарғыш конвертке көзі түсті.


«Жексенбек! — деп жазылыпты бұл хатта, — сен арақ ішіп, көше кезіп, төбелесқор атаныпсың. Енді оқудан шығып кетуің мүмкін көрінеді. Балдызым Жұмаш осы сөздерді өз аузыңнан естіпті. Мұның не, сені біз осылай қаңғыбас өмір кешсін деп Алматыға жібердік пе? Одан да елде қалып, ата кәсібімен қой баққаның жақсы болатын еді. Не болса да, әйтеуір, басың аман болады ғой. Өзіңе Құдай берген қабілетің-қарымың, жігер-күшіңді игілікті іске жұмсағаның дұрыс қой. Ақылға кел, ақылыңды ішпе, абай жүр, пәле-жала, қауіп-қатерден аулақ бол. Өзіңе қамқор болған аға-жеңгеңді де ойла.


Ал егерде осы жүрісіңді қоймайтын болсаң, елге келуші болма!..


Ағаң Сәрсенбек.», — деп жазылыпты.


Қанша ішкен болса да, ой-санасы, көңіл сарасы орнында ғой. Іштей: «Кешір, жан аға, асыл жеңгетайым!» - деп күбірлеп жатып таң алдында көзі қалай ілініп кеткенін де байқамады. Сол таңға дейін кірпік ілмей жатқанында көз алдынан өткен балалық шағы сүзіліп өтті. Соғыстан кейінгі тағдырлы жылдар тауқыметі. Ата-анадан ерте айрылу. Қара нанға зәрулік. Сондай ел басындағы қиындықтарға қарамастан жалғыз ағасы інісінің оқып, қатарға ілігуіне түрткі болып еді. Алыс ауылдан айлап жүріп Алматыға келіп, арманшыл көңілмен КазГУ-ге түсіп, ортасынан жарып шыққаны бар еді. Өз білімімен, алғырлығымен, еті тірілігімен ерекшеленген Жексенбектен дене шынықтыру пәнінің оқытушысы қай спорт түрімен айналысқысы келетінін сұрағанда «бокс!» деп бірден жауап берген кездері де әлі жадында.


Сабақтан тыс уақытта шұғылданып жүрді. Жаттықтырушысы алғашқы күннен-ақ Жексенбекті қатты ұнатты. Оның жігерлілігі, ештеңеден қорқып, тайсалмайтын жүректілігі мен ұру тәсілдерін тез меңгеріп, шеберлікпен қолдана білуі қуантты. Бұл талдырмаш баладан бірдеңе шығатынын айқын сезді. Жексенбектің рингтегі өжеттігі, соққысының тез әрі қуаттылығы талайды сескендірді. Мықты, шымыр денесі мен бұлт-бұлт етіп шиыршық атқан бұлшық еті, ештеңеден сескенбейтін жүректілігі, өңменіңнен өтердей өткір көздері баяғының батырларын елестететін.


Иә, ол тым тікелеу, бір беткейлеу, өркөкіректеу болатын. Оқып жүрген оқу ордасының чемпионы, қалалық жарыстардың жүлдегері атануы оның даңқын асырса да, табиғи тентектеу мінезі күндердің күнінде оны жарға соқтыруы да мүмкін екендігін ол бастапқыда байыптамаған. Енді, міне, жоғары білім алып, танымал спортшы болудағы жетістіктері жас жігітті әбден желпіндіріп, теріс жолға да бастап барады. Қарап жүре алмайтынды шығарды. Қарсыласып қалған өр кеуде жігіттердің қалпағын қайырып жіберуге әуес. Мұндай алды қатерлі жағдайларға сан рет ұшырасып жүр. Бірақ, әзірге айылын жиған жоқ. «Батыр бір оқтық» демекші, кез келген ызақор біреу сумаңдаған пышақты өңменіне бойлата өңгеріп жіберсе, шаруасы бітіп жатыр ғой. Бірақ, оған қарап жатқан бұл бар ма? Күні кеше ғана сыраханада жиналған көптің көзінше бір дәуді талдырып ұрып, тұмсығын дал етті. Артынан милиция келіп қалып, балалар болып әрең дегенде қашып, бой тасалады. Осы жерде өзімен бірге болған ауылдасы Жұмаш қой, бұл көнбегесін, білдірмей, ағасына жасырын хат жазып жіберген. Сонда ол бұған: «Жексенбек, сен сонау Маңғыстаудан келген бір топ жастардың көшбасшысың ғой. Ертең бір күндері істі болып, немесе оқудан шығып кетсең, басқа да бір пәлелерге ұрынып қалсаң қалай болады. Ауылда күтіп отырған ел-жұртың бар ғой» — дегенде бұл қиястау сөйлеп, арты екеуі бір-бірімен ілінісіп қалған. Жексенбектің ауырлау жұдырығы ауылдас ағайынының да тұмсығына жалап кеткен-ді...


Ол мезет есін жиып алды. Түйіні: «Жоқ, болмайды! Бәрін де қою керек!» — деді ақылын бойына жиып алып.


Аға хатындағы жалғыз ауыз сөз бүкіл өміріне, ерек ойлы, биік парасатты ел азаматы болып қалыптасып, халқына қалтқысыз қызмет жасауға, білім тереңіне сүңгіп, бақыт әлеміне жол тартуға себеп-түрткі болған еді.


1980 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу