14.08.2021
  224


Автор: Дүкенбай Досжан

Шортанбай

«Түу-у-у!» Жердің бетін жалын шарпып, сағым ұшты. Қаратау белі кеткен қара нардай кирелеңдеп шөгіп қалған. Өркеш-өркеш құба жондары бірде қашықтап, бірде жақындап мұнартып тұр. Мына жақтан он шақты құйын атой салып, құйғытып келеді. Бұрылып қарап еді, желке тұсынан бір топ бала құйын дүркіретіп жарысып барады екен. Бұл құба жонды, ана Атырабат шөлін құйын ғана жайлап алып, баяғы бабасы айтқан; «Жын-шайтанның жымы етіп жіберіпті». «Ох, заман-ай!» деп, кепкен таңдайын тақ еткізіп, Шортанбай оң аяғын сылти басып кеп, балшық үйге еніп кетті. Су сеуіп салқындатып қойған тіреу түбіне жалп етіп отырды да, қолындағы балдағын босаға жаққа ырғытып жіберді. Шор-шор үлкен басының бір бұрышына әзер ілігіп тұрған жамау-жамау тақиясын алды. Тершіген маңдайын, мойнын тақиямен көсілте-көсілте сүртті де, оны алақанына салып қағып-қағып басының бір жеріне қайта жапсыра салды. Бұрышта қамыр илеп отырған әйелі Тоқбала ернін сылп еткізіп: «Тақия шақ келе ме саған, киген құрлым, қаққылап құртасың», — деді. Оны елеген Шортанбай жоқ, есік жаққа, онан әрі құйыны құтырған далаға қарады:


— Әлгі бала қайда жүр, ә? Ендігі мен Қарашеңгелге барып келетін ем. Мына ыстықта атты құртатын болды ғой, ала өкпе ғып! Аттың қадірін біле ме бұлар?! «Дүкенге барып келейін» деп құлағымды жеп қойды түге. Сен де қосылып, «шәй жоқ, бәтеңкеңнің бауы жоқ» деп қоймадың!


Тоқбала алара бір қарап қойды.


— Дүкенге есекпен-ақ барып келсе болар еді. Бұлар қит етсе атқа жүгіреді. Енді, міне, сарша тамыздың ыстығында атты қинап... Әй, маған да обал жоқ, көне салған.


Тамсанып-тамсанып жіберді де, төр жаққа қолын созды.


— Қарағым, насыбай шақшаға қол жалғап жіберші, — деді. Төрде бүк түсіп, өлең жазып жатқан аққұба бала, шақшаны алды да, итініп кеп қолына ұстатты. Насыбайды ернінің астына салып, біраз ойланып отырды. Әлден уақытта басын көтеріп, төрде бүк түсіп, өлең жазып жатқан аққұба балаға қарады. Аяныш білдіргендей қабағы кіржие қалыпты.


— Сөйтіп, ақын боламын де. Менің де суырып салмам бар-ды. Мына жеңгеңе үйленер кезде бұл атырапта менен асқан ақын жоқ еді. Аруақ қонды ма, қыдыр дарыды ма, әйтеуір тілге тиек болмай кетті...


— Қазір де айтасыз ба?


— Жоқ-ә! Соғысқа барған соң қойып кеттім ғой. Төрт жыл бел шешпей фашистермен шайқасу оңай ма? Мына аяғым содан жарадар. Елге келген соң бабамның жолын қуып ат ұстадым.


— Бабаңыз кім болып еді?


— Пәлі, баламысың-ау деген. Атышулы Сазанбай шабандозды білмеуің ұят екен. Өстіп жүріп өлең жазасың, ә!


Қабағы кіртиіп, есік жаққа қарады. «Тф-ә!» деп табалдырықтан асыра түкіріп жіберді.


— Әлгі бала қайда жүр, ә? Жүгермек-ай, ат қадірін түсінбей-ақ кетті-ау. Тал түсте тепеңдеп жетіп келеді енді. Күн қайтқанша бір үйге көлеңкелей тұрмайды-ау. Жануар қарнын тартып қалып еді... Әй, Тоқбала, тамағыңды тездет енді!


Төр жаққа бұрылып, бүк түсіп, өлең жазып жатқан аққұба балаға қарады. Қаламы ақ қағаз үстінде шиық-шиық етеді. Тақырдан дән терген тауықтың балапаны болушы еді. Мынаның қаламы да құдды сол балапандай. Бұл шіркін қайдан тауып жазады екен?


— Алматыларың аманшылық па? Әне жылы мына аяқтың ылаңымен мен де барып едім. Мәшине дегенің Қалтақ қойшының отарындай шұбап жатушы еді.


Ақын бала өзін ақындар санатына қосқан екі кітабын жарыққа шығарған Алматыны, сүйікті Алматысын мына шалдың қорлағанына қапа болып отыр. Әсіресе, ондағы мыңғырған машиналардың қайдағы бір Қалтақ қойшының отарына теңелгеніне көнгісі жоқ. Далаға бар, өмірден үйрен дей берген соң... келіп еді. Ойлап-ойлап, пәлен жыл көрмеген оңтүстіктің Созақ ауданын таңдаған. Онда аптап күн бар, сап-сары қымыз бар, ең бастысы шабандоз нағашысы Шортанбай бар. Міне, енді солардың қан ортасында... өмірмен қоян-қолтық араласып... бүк түсіп, өлең жазып жатыр. «Саяңды мен сағынам, Алматының қайыңы...»


Тоқбала асты түсіріп кеп дәл алдына ала дастарханды жайды. Далада қалып, суы ысып кеткен құманды әкеліп қолдарына су құйды. Шортанбай жамбасындағы шапанның қалтасынан бәкісін алды. Аузын шайып тастап, бері жақындап отырды. Ернеуі кетілген үлкен ағаш табаққа екеуі де ентелей жайғасты. Тоқбала тұздық қамдап, қазан басында салдырлатып жүрген. Даладан керімсал соғады.


Ақын баланың мұрнын жас еттің хош иісі жарып барады. Үңіліп қарап еді, қамырсыз, картошкасыз кілкіген майлы ет. Қамыры бар-ау. Бірақ, мазасыз, әр жерде бір шұқымы көрінеді. Сүбесі сыпырыла жаздап піскен үлкен жамбасты қолына ұстата салды. Өзі де турап отырған етінен әр кезде бір кесегін аузына тастап жібереді. Қылпып туралған ет табақ ортасына тау болып үйіліп қалды. Тоқбала қазанда қалқыған майлы сорпаға аз-маз пияз турады да, әлгі тау боп үйілген еттің үстіне құя салды. Ақын бала әлгі ұстатқан жамбастың етімен-ақ тойып қалды-ау. Сыпайылық сақтап, табаққа қолын созған болады. Жанына тізе түйістіре келіп отырған Тоқбала әлсін-әлсін: «Жесеңізші, алыңыз енді», — деп қояды.


— Қала жайламай-ақ, малмен жан баққан қазақпыз. Өзім осы совхоздың жылқысын бағамын. Шүкір, ешкімнен кем емеспіз, — дейді Шортанбай аузы астан босай қалғанда. Сөзге Тоқбала килікті.


— Қалқам-ау, әлгі ащы су болмаған соң алмай отырсың ба? Манағы бала да кешікті. Осы тұрған жер неғып... Дүкенші де бір сырбаз ит. Күн ысыса үйінен шықпай қалады. Мейірбанды баласынып жүр ме?


— Ойбұй, о не дегеніңіз? Баланы босқа әуре қылып. Ішпейтін едім ғой. Жақпаған соң қойғанбыз. Өзі де жағымсыз-ау, әтәңе нәлеттің!


— Қымыз құйып бер онда! — деді Шортанбай әйеліне иек қағып. Өзі әлі манағы қарпытудан танбай отыр. Қара табақтың да іші шұңғылданып, тереңдеп барады. Жүрегі кілкіп, көзін тайдырып, есік жаққа қарады.


— Көрінбейді, ә? Бір үйге кідірген шығар. Атты аяса сөйтеді. Осы сенбіде қойшылар тойы болмақшы еді. Өкімет бәйге, көкпар береді деседі ел. Соған Күреңді даярлап жүргем...


Қолын майлыққа сүртіп, дастарханнан шегініп шықты. Самайынан шып-шып тер моншақтап, жүзіне қызғылт рең кірген. Дөңгелек қой көздері жылы нұрға толы. Үлкен салалы саусақтарының майымен шоқша сақалын сүйкеп-сүйкеп өтті. Әйелі ұсынған орта кесе сорпаны алды.


Ақын бала есік жаққа жалтақ-жалтақ қарайды. Күрең атты борбайлатып отырып, әлгі баланың салып жетіп келгенін қалап-ақ отыр. Атты аяп өлеміз бе? Шаппай, жортпай не бітірмек. «Құйын қуалап кеткен ол жоқ, келмей ме енді. Атты байлап жіберіп, ердің басынан қара дорбаны алса ғой. Ол дорбаны ептеп ұстап үйге әкелер. Дорба ішінде сылдыр-сылдыр, сыңғыр-сыңғыр етіп әлгі көкмойын шынылар көздің жауын алып тұрады-ау. Көздің құрты ғой, шіркіндер!.. Былай қарасаң, ішкің де келмейді. Мына құйын құтырған иен далада ішпей қайтесің, құса боп өлемісің? Мына шал отыр атын айтып, көкпарын жыр ғып. Ең болмаса селт еткізер әңгіме де қозғамайды...» Есік жаққа еміне қарап қойды.


Елең ете қалысты. Шынымен дүбір шықты. Кәдімгі суыт жүрген салт атты жолаушы дүбірі. Шортанбай отырып-отырып санын бір-ақ соқты.


— Ой-бұй-й! Жүгермек-ай, атты құртты-ау! Ай, жануар-ай, күнге күйіп пісіп қалды ғой. Тағы да жәй жүрмей жортып келеді. Енді не қыласың бұларға? Атты қан сорпа ғып бұзды да жіберді. Әй, қатын, әкел ана балдақты, — деп күңіреніп, түтігіп орнынан тұрды. Оң қолындағы таяғы сықыр-сықыр етеді. Тоқбала да зыр қағып, көбелектей ұшып-қонып жүр. Шалының ашуынан да қорқып барады.


— Отағасы-ай, қойыңызшы! Байғұс бала қайдан білсін?! Қарашы өзі де шүкәйттай боп, күнге күйіп кетіпті. Қонақ келгесін жаны қалмады ғой.


Баланың түрін көргесін Шортанбайдың ашуы басылып қалды. Ақ көбік тер басқан Күреңге бір, түтігіп, күйіп, бір уыс болып ер үстінде отырған ұлына бір қарап қойып тізгінді ұстады.


— Түс енді, жарбимай, — деп жекіп қалды.


Мейірбанның үзеңгіге де аяғы жетпей ат үстінен сыпырылып келеді. Асығыста бір балағы таралғыға ілініп қалып, көне шалбары жыртылып, дыр етті. Әрі қысылып, әрі қорқып, сасқалақтап жүріп түсті-ау әйтеуір. Танауы тершіп үйге жүгіріп кірді. Бір қолы ышқырында жүр.


— Апа, арақ жоқ. Сыпабек қатынымен қыдырып кетіпті, — деді.


— Алда қағынғыр-ай. Әні, өстеді ғой деп ем-ау. Осы қисықтан құтқаратын күн туса екен. Нақ керек кезінде зым-зия жоғалады. Балаға да обал болды-ау. Қойшылардың соңынан сүмеңдеп жүретін көшпелі дүкен болушы еді. Жылқышыны адам екен демейді. Жылқыны таста, қой алайық десем, ана әкең көнді ме! Қой бақсақ қой — күнде бір бастық дедек қағып келіп тұрар еді, қас-қабағымызға қарар еді.


— Қапа болмаңыз енді. Баста әуре қылмайтын нәрсе еді. Ішкілікке жоқпын ғой, — деп, ақын бала орнынан тұрып тысқа беттеді. Босағада бос жатқан қара дорбаны теуіп кеп жібергісі келді.


Күн ауып алыпты. Манағы маңайда қаптап жүрген құйындар да жоқ. Сонау Раң өзенінің арғы беті қаптаған қой. Қойлы ауыл. Түтіндері тік шаншылып шығады. Қыбырлап қозғалып, есекке мінген қойшылар өзенге құлап келеді. Бастары қалтаңдап үзіліп түсердей.


Үй артындағы көлеңкеде аттың терін үгіп, күйбеңдеп Шортанбай жүр. Ыңылдап, сипалап, Күреңді айналғандай болады. Құлағының түбінен қасиды. Енді қолына үлкен ат тарақты алып, ұйысып қалған құйрық-жалы жібектей сусылдап таралып, сүзіліп тұрды.


Шортанбайдың бұл тірлігіне ақын бала қызыға қарайды. Апыр-ай, ә, мұндай да ұқыптылық болады екен-ау! Аттың тарамаған бір тал қылы қалмады ғой. Мына мүсін, мына мойын тастан қашалғандай көрікті-ақ. Тұрғызып қойып, қарап тұрар ма еді.


— Ә, көзің қызықты ма, ақын бала? Бір сен емес, Күреңге қызыққан қаншама жан. Шынымды айтсам, талай жан қолқа салды. Бергенім жоқ. Құдай қаласа, ертеңгі қойшылар тойында ел-жұртты бір шулатамыз.


— Бұрын бәйгеге қосып па едіңіз?


— Құнанында қосқаным бар. Озып келді. Биыл бесті. Нағыз шабатын шақ. Қыстай арпа бердім. Бірақ, көктем шыққалы қара отқа жайыла алмай келеді. Жусан да күйіп кетті. Қара отпен қарнын тартып алсам ба деп едім...


— Шабаз, тұқымы жақсы ғой мұның. Өзіміздің Ақалтеке мен құлан айғырдың тұқымы. Марқұм әкеміз айтып отырушы еді, Құланды ұстаған жігіттің арманы жоқ деп.


Күлімдеп, жүзіне нұр ойнап, армансыз бір толқып кетті. Таяғын сықырлатып аттың сол қолтығына келді. Әлі сөйлеп жүр. «Жылқы тұқымы, мына Күреңнің атасы қай тұқымнан, анасы қай тұқымнан», жыр қылады дейсің бір. «Пәлен дегеннің асында пәлен жылқыдан озып келіп еді. Арғы атасы ма, арғы атасы кешегі аласапыран заманда Мөңке батырды құтқарған екен. Беріде бұлардың балаларын ескерген адам болған жоқ. Қойшы-қолаңшы мәстек қып мініп алды. Сойып, тауысуға айналған. Өзім соғыстан қайтып келсем, осының тай атасы мініс болып бір бригадирдің астында жүр. Тани кеттім. Өлуге айналған екен. Содан колхозға мына қатынның жалғыз сиырын орнына өткізіп әрең алдым. Әйтеуір, әлпештеп жүріп, келер қыста барып үйірге салдым».


— Сағатың қанша болды, қарағым?


— Бес жарым.


— Бесін болып қалған екен-ау? Ау, Мейірбан, қайда құрып кеттің?!


— Не көке? — деп, Мейірбан жүгіріп келді. Аузының кенересіне жаңа ғана ішкен айраны жұғып қалыпты. Манағы жыртылған балағы жамалған. Кішкентай қарны тыңқиып ышқырын керіп тұр. Қап-қара кекілі көзіне түсіп мазасын алады. Тілін шығарып, аузының айналасындағы айран қалдығын жалап алды.


— Не дейсің, көке?


— Атты терлетіп келші. Бүгін қамау терін алайық... Қазір жабулап беремін. Сонау Қарамолдадан бір-ақ қайт! Орта жолда сәл кідіріп түзге тұрғызып аларсың. Қамшың қайда?


Үйден Тоқбала шықты. Қолында майысқан ақ шелегі бар.


— Мейірбан-ай, аяқ киіміңді ки. Башайыңды үзеңгі жеп қояды...


— Тәйірі, не қылар дейсің? Кел мін! Қатынқамалға жеткенше қамшы салма. Қайтар бетте тізгінді екі-үш рет жіберіп алуыңа болады.


Он жасар Мейірбан талыстай Күреңнің үстінде титімдей болып көрінеді. Ыржиып, күлген болады. Әкесі көйлегін ышқырына салып, аяғын таралғыға қыстырып, қомдап жатыр, қолына үкілі қамшы берді. Тізгінді екі-үш жерінен түйіп бала қолына шақтап қысқартты. Ат басын бұрып, «шу» деп жіберді.


Күрең ауыздығын сүзе, дүсірлетіп жорта жөнелді. Аршындап, арындап барады. Үстіндегі Мейірбан желп-желп етіп, тізгінмен қоса бүгіліп-бүгіліп түседі, лезде қырқадан асып ғайып болды. Көпке дейін дүбірі басылмай тұрды. Сары далаға тұлпар кетті.


— Тастап кетпесе игі еді, — деп ақын бала Мейірбанды уайымдай бастады. Жүрегі бір жаманшылық сезгендей. — Өзіңіз неге мінбедіңіз?!


— Мені ауырлайды. Сексен килені көтеріп отыз шақырым жер шабу оңай ма? Белі кетеді ғой.


— Қаршадай баланың тақымы қалай шыдайды? Бір жерде тастап кетіп жүрсе.


— Сыр мінез ғой. Құнан кезінен өзі шауып жүр.


Деуін десе де, Шортанбай да толқи бастаған сияқты. «Сонша алысқа жібермей-ақ, Қатынқамалдан қайтарсамшы. Ай, қызбалық-ай! Ол межеге жетем дегенше күн де батады. Баласынып жүрмесе, жануар есті еді, я, құдая, өзің жар бола гөр!»


Екеуі де батар күнге қарады. Қызарып-қызарып Қаратау өркешінің айрығына тақап қалыпты. Күні бойы ыстығын төгіп-төгіп, сөнуге айналған сексеуіл шоғындай. Шортанбайдың қой көзі де қанға толып, шоқтай жанып келеді. Балдағын сықырлатып есік алдына барды. Шаппа шотты алып қазық істеуге кірісті. Қолы дірілдеп, ісі өнер емес. Анадай жерде сиыр сауып жүрген Тоқбалаға қарайды, ақын балаға сыртын беріп отыр.


— Енді есіме түсті. Жаңа сенімен әңгімеге алданып жүріп, байқамай... шаптауына ескі тартпа салып жіберіппін ғой. Қараң қалғыр, шіріп тұр еді. Ат арындап алғасын шарт үзіледі-ау!.. Ау, Тоқбала, не ғып жүрсің?! Қойсаңшы енді сиырдың желінін соза бермей!


Жүзінде аңқау-адал адамның кешірілмес кейісі білінді. Қатуланып қапа болып отыр. Қолындағы қазықты лақтырып жіберді. Анадай жерде сүйек кеміріп өліп жатқан Майлыаяқты таспен жіберіп ұрды. Қыңсылап жайына ол кетті. Жарты шекесі ғана қалған күнге қарады. Көзі қанға толып кетіпті. Балдағы сынардай болып зарлап, сықырлап тұр.


— Күн батар кезде балаға ат шаптырар ма? Орға түсіп кетсе қайтесің? — деп, Тоқбала күңкілдеп келеді. — Ешкімнің сөзіне тыңдау жоқ мұнда...


— Өшір үніңді! — деді Шортанбай қатуланып.


— Сабыр қылыңыздар. Үнемі шабылып жүрген жылқы мінез көрсете қоймас. Кәнігі ғой, — деп ақын бала білгенін айтып тоқтау салмақ болды.


— Ей, не білгенің бар! Үнемі шабылып жүрген жоқ еді ғой. Құнанынан кейін шапқаны осы. Қыста қолда ұстағаным болмаса, мінілген жоқ. Көктем шыға үйірге қосқам. Әбден айғыр болып жүрген жерінен той болады деген соң, кеше ұстап әкеліп едім. Әрі аңқау басым, сен келген соң, есіріп, көрсете қояйын деп. Басты пәле, үйірге түсіп жүрген жерінен кеше келгені ғой...


Ошақ басынан Тоқбаланың сарыуайымға толы үні шығып еді, едірейіп тұрған Шортанбай тағы дүрс ете қалды.


— Өшір үніңді!


Бұл шақта күн әбден өшіп, соңғы шапағын жинап-теріп, көк аспанды жалап-жұқтап, қас қараюға айналған. Сонау өзеннің арғы бетінен қойшы ауылдың жылт-жылт еткен оттары көрінеді. Жылаған баланың даусы шығады. Бір ит үн созып дауыс көтеріп еді. Анадай жерде мөлиіп жатқан Майлыаяқ та басын көтеріп алып, қыңсылады кеп. Енді тұмсығын көкке шаншып үздік-создық ұли бастады. Тамағы қырылдап жер-жиһанды көшіріп барады. Ақын баланың төбе құйқасы шымырлап жөнелді. Шортанбай да шыдай алмады білем.


— Кет, әрмен! Иттің баласы, жаманшылық шақырма!— деп кейіді кеп.


Ит арағырақ барды да, үздік-создық тағы ұлып жөнелді. Қойшы ауылдың иттері де қосылды. Бұл жолы Шортанбайдың жан даусы шықты.


— Әй, қатын мылтықты әкел үйдегі! Бір жолына садаға!


— Шортеке, сабыр етсеңіз. Иттің ұлығанында не тұр! Хайуан емес пе, — деп ақыл қосып жатыр ақын бала.


— Отағасы, ашуыңды қишы. Кісіден ұятты... — деп Тоқбала да тоқтау салғысы келді.


— Әкел енді, әкел дегесін!..


Саңқ етіп атылған мылтық, қаңқ еткен ит үніне қосылып сары даланы, ана адырды аралап жарысып жөнелді. Енді бір сәтте маңай құлаққа ұрған танадай тына қалды! Тіршіліктің үні өшіп, құлағы бітеліп тұрды. «Не боп қалды түге?» — дегендей қиядан қылқиып ай қарай бастады. Жымиып күлгендей болады. Әлдеқайдан қыздың сыңсығаны ма, баланың шырқырағаны ма — құлазыңқы үн келеді құлаққа. Түн күңгірт, шілденің күрең түні. Көк аспанды мың сан жұлдыз торлап алған. Сыбыр еткен жел жоқ.


— Аман болса Қатынқамалдан бері асты, — деді шал. Сүйеніп тұрған таяғын тастай бере, жерге жата қалып тың тыңдады. Бұлар да ішін тартып қатып қалған. Қыбыр етсе болмашы дыбыс, сол дүбірмен қосыла келетін өмір дыбысы үзіліп кететіндей. — Әзірге дүбір естілмейді.


Шортанбайдың есіне жас кезінде басынан өткен бір оқиға түсті. Жүрегі дір ете қалғандай болды...


Өзі де Мейірбандай кішкентай еді. Бірақ жасы ересектеу, он үшке тақаған. Жылан жылы ма-ау, қоян жылы ма, есінде жоқ. Атасымен қосылып Түркістанға барғаны бар. Айдап барған малын сатып, астыққа айырбас жасады. Бірер түйе ұн артып алды. Енді елге қайтты. Бір күн жүріп бұл әтірепте атасы ғана жақсы білетін Құл асудан асып Баба атаға түсті. Алда әлі үш күншілік жол бар.


Баба атаға қонған жерде атасы қатты ауырып, ертеңгісін төсектен бас көтере алмай қалды. Енді бұл саса бастады. Науқастың бері қарайтын түрі жоқ. Әрі бұлар аттанған шақта ауылда ашаршылық еді. Кешіксе бала-шаға қырылады. Сонда қайран атасы кішкентай Шортанбайды жанына шақырып алып қаршадай немересіне ақыл айтты. Әлі есінде: «Балам, Құлаға өзің мін де, байталға бірер пұт ұн артып алып ауылға тарт, елге жет. Маған қарайлама. Хабар тигізсең, Жанұзақ өзі келіп алып қайтар. Бір ескеретінің, күндіз саймен, түнде жолмен жүріп отыр. Адассаң айға қарап сал. Маңдайыңда ай тұрсын ылғи...» Жылап жүріп атқа ауыздық салды. Атасын үй иесіне тапсырып, жөнеліп кетті. Жетегінде кер байтал, жүрегінде тәуекел.


Сонда да осындай ай туып еді. Құба жонмен дамылсыз жортады да отырады. Жас бала әр нәрседен шошына береді. Бұл далада нелер жоқ. Шақылдаған шибөрі, ұлыған қасқыр, жалғыз жортқан ұры, бәрі бар. Әсіресе, жалғызілікті жолаушыға қиыны жолда қорымдар көп. Әрқайсысының қорқынышты аты бар. Жылаған ата, Батыр қалған, Аттан төбе, Қатынқамал...


Осы Қатынқамалға жеткен түні соңына қасқыр түсті. Жұт болса, қасқыр құтыратын әдеті емес пе. Ай туысымен-ақ бір үйірі тори бастады. Жүрген сайын өкпені қысып, қадамды тарылтып барады. Шортанбайдың көзі тұнып, арқасынан мұздай тер саулап ақты. Енді бір сәтте жалт қарап еді, қамшы сілтер тұста арланның тісі сақ-сақ етті. Шошып кетіп, шар-р-р етіп, байталдың тізгінін босатып жіберді. Астындағы құла айғыр ышқынып, жымып жөнелді. Аш қасқырлар кер байталды қамап алып қалды.


Сол шапқаннан шауып отырып, ай бата ауылға жетті. Жаман шошынғаны сонша, анасын танымай, талай күн тілі күрмеліп сөйлей алмай жүрді... Сол қорқынышты түндер, сол ұзақ жол, қаршадай кезі есіне түссе, жүрегі ауырғандай болушы еді. Енді, міне, сол жүрек дәл сондағыдай аттай тулап, аузына тығылып тарсылдап тұр.


— Дүбір естілетін сияқты. Балақай, сен тыңдашы, — деді жерден басын жұлып алып.


Ақын бала да жерге сұлай кетіп, біресе оң құлағын, біресе сол құлағын топыраққа тосты.


— Құлағым шуылдайды ма-ау, ештеме естілер емес, — деп міңгірлейді. Жан тері шығып, әбден қысылды.


— Жүрегің болды онда... Әй, қатын, есекті әкелші. Жолға шығайын, — деді. Тамағы құрғап қалған, үні қатқыл, ащы шықты. — Осындайда керек болар деп мінгіш әкелгем. Әнебір жетім зоотехник зар жылап қойды ма. Зиянын тигізбей жүре ме бұл жұрт. Әтаңа нәлеттер-ай, қол ұшын бермейді-ау! Мінгішке жем бер деп құдайдың зарын қылдым. Жылқыны жегенде болмаса, мал демейді ғой...


Ақын бала шыдай алмай, анадай жерде жайылып жүрген сұр есекке жүгіре жөнелді. Бара сап аяғынан тұсауын алып жетекке икемдеп еді. Әбден ерқашты болып қалған хайуан екен. Төрттағандап кеп тырысады. Ызасы келіп, салпаң құлағынан тұсаумен тартып жіберді. Ол «мұнан да құқайын көргенбіз» дегендей басын шайқады да сол мінезінен танған жоқ. Шаң-шаң қыр арқасын жиіркене ұстап тұрып, тәуекел ғып ырғып мінді. Тақымынан ақ шаң бұрқ ете қалды.


Жортақтатып, тықырлатып отырып Шортанбайдың нақ алдына келіп бір-ақ тоқтады. Тоқбаланың әкеп берген ерін салған жоқ.


Оң аяғын есектің қыр арқасына асып тұрып, таяғын тіреп қалып, ырғаң етіп, мініп алды. Қатты: «Ыхх-а!» деп, тебіне түсіп, жортақтай жөнелді. Үйдей кісінің астында кішкентай сұр есек кирелең-кирелең, тыпың-тыпың етіп жылжып барады. Ол қос өкпеден қорс-қорс тебінеді.


Мына жақтан Тоқбаланың ашынған даусы шықты.


— Құдая, мұның мінезін пендеге бермесін. Балаға да, әйелге де рақымы жоқ... Бар арманы — бір ат. Жер ортасына келсе де көкпар десе далбаңдап жүргені. Осы бір адыра қалғырды ас қатықсыз отырғанда туғалы тұрған жалғыз сиырымызға алып еді. Не рахат көретінін білмеймін. Бұған біреу: «Атыңыз жақсы екен» десе, бес күн тамақ ішпеуге бейіл...


— Сабыр етіңізші... Дүбір шыға ма?.. — деді, ақын бала елең етіп. Тоқбала жанын қоярға жер таппай кетті.


— Тіліңе май, садағаң кетейін!


— Әне, әне! Қырқадан бері түсті, — деп ақын бала қышқырып қалды. Көзіне жып-жылы жас келді.


— Әне, көрдіңіз бе?.. Ай астында...


— Әкесі ше?


— Көре алмай тұрмын...


— Аман болғай, ақ тілеулі пендесі еді құдайдың.


— Жылағаны несі... мұндайда қуанар болар еді?!


Еті қызып алған Күрең талмай самғап, сыпыртып келеді. Ай астында сары даланың бетімен сырғып келе жатқан қара құйын тәрізді, әр кезде жылт-жылт, жалт-жұлт сәуле шығады. Бұл айға шағылысқан ауыздық пен үзеңгі еді. Ақын бала бұқпалап, бұғып әлгі қара құйын арасынан құртақандай Мейірбанды іздеді. Әйтеуір бірдеме қалтаң-құлтаң елес беретін секілді. Қара құйын жылжып жақындап қалды.


Тұсына тақап келгенде, ұшып барып, шаужайға жармасты. Тоқбала да шырылдап жеткен екен. Ат жалына тиген ақын баланың қолы күйіп, тұзды суға салғандай тыз-тыз ашыды. Бұлқынған бұлшық ет, шылқыған тер, сусыған жал қол тигізер емес. Ер үстінен Мейірбанды жұлып алды.


Шеше байғұс баласын бауырына қысып, ышқынып жылап, сілейіп тұрып алды. Ақын бала дір-дір еткен Күреңнің тізгінін ұстап аңырып тұрған. Анасынан бұрын етегі арасынан кішкентай Мейірбанның жарықшақ үні шықты.


— Аға-ау, тұрмаңыз! Тер қатады, — деді.


Селк етіп, сасып қалып, Күреңді сүйрелеп жетелей жөнелді. Қалың құрым жабу астында ат қан сорпа болып терлеген. Саудыраған төрт аяғы сары жусанды күтір-күтір кешеді. Желкесінен ып-ыстық лебі тиеді. Жануардың демі терең, әріден үздік-создық ішін тартып тыныстайды.


Ана тұстан Шортанбайдың «ыхы-ыхы» деген үні, қатты жөткіргені естілді. Сұр есек те қан сорпа болып қалған. Ышқынып, үздігіп, өлуге бет алып тұр. Балдағы, белі қоса сықырлап қасына тақады. Тотығып, тозып қалыпты.


— Бәрекелде-е! Дұрыс істегенсің, жетектеп суытқан жөн мұндайда. Өзің пәлекет екенсің-ей! Өлең жазудан өзгені білмейді екен десем. Атқа қырың болды өзіңнің. Адам болатын бала, міне, өстеді, — деп шын риза болып, ақын баланы қолпаштап, балдағы сықыр-сықыр етіп жанаса жүріп келеді.


Үлкен жанарлы атты, ақын баланы айналғандай болып ішіп-жеп барады. Жалынның арасына, терлік астына қол жүгіртеді.


— Әй, Мейірбан, немене шешеңнің етегіне оралып қалдың? Қызбысың сен? Кел мұнда!.. Қарамолдадан қайттың ба? Ат неше рет түзге тұрды? Аз екен, ә! Шаптауы үзілді деймісің-ей?


— Ие, ат әбден қызған еді. Ер лық етіп босап кеткендей болды. Тізгінді тартып қарасам, шаптауы шарт үзілген. Бүгіліп, салбырап келе жатқан тартпаны алдым да, тістеп тұрып бір ұшын босатып, доғалақтан әрең өткіздім...


— Шапқан ат үстінде ме?! — деп ақын бала сұмдық таңданды. Ежірейіп тұрып қалды.


— Ие...


— Несі бар, өзіміз осындай кезімізде көкпар тартқанбыз. Бұл әлі бәйге шабудан басқаны білмейді әрі үйкүшік-ақ. Қазан-аяққа үйір, бәтшағар, — деп Шортанбай баланы кемітіп, мұқатып тастады.


Ол болса ыржиып кеп күледі. Бұл дүниеге қызыққаннан басқа қабағында кірбіңі жоқ. Жалаң аяғын көтеріп, башпайларын бір-біріне үйкеп, ысқылап қояды. Арт жағынан, ошақ басынан шешесінің даусы шығып еді. «Айран ішіп келем, көке», — деп, дың етіп, бұрылып жүгіре жөнелді.


Маңай маужырап қалған. Дәл маңдайдан аппақ ай сәулесін төгеді. Үп еткен сәл-пәл жел бар. Мына даладан қышқылтым, кермек жусан иісі келеді. Күнімен аптап ұрып, топыраққа сүңгіп, ұйқыда жатқан жәндіктер тіріле бастады білем, дың-дың, тысыр-тысыр, пыр-пыр көбейіп кетті.


— Жетер, балам. Тізгінді бер, суға байлап келейін, денесі мұздасын, — деп Шортанбай ақын баладан тізгінді алды. Қисаңдай басып, атты жетелеп, анадай жердегі айдынға апара жатыр. Шаршап, қажығанын ұмытып кеткендей. Әйелі айтқандай, ат жолына жанын пида қылуға бейіл. Елпеңдеп, жалпақтап, құрдай жорғалайды кеп. Атағы дүйім жұртты дүңкілдеткен шабандоз нағашысының мына мінезі әуелгіде ақын балаға ұнамаған; тым жеңілтек көрініп еді.


Енді өзі елігіп еріп келеді. Жылқы жайында нелер қызық хикая тыңдауға құныққан. Апырмау, ат күткені ше, қарап тұрғың келеді... Бұл өзі ақын жырлап, жазушы көрмеген қиын кісі болды. Мінезін қай «пунктке» жатқызса екен. Меланхолик пе, сангвиник пе?.. Олай болса, әлгі профессор айтқандай, атқұмар қазақты көркем әдебиетке жағымсыз бейне етіп пе, жоқ жағымды етіп пе?.. қай жағынан кіргізген мақұл? Бақандай бес жыл ежіктеп, енді, міне, бір мінездің табиғатын тани алмай тұрғаны...


«Тәйірі, адамды адамша жырлайықшы осы!»


Бұл ой ақын баланың басына бүгін таңертең, бұл ауылға, нағашысының үйіне енгеннен бастап келіп еді. Енді, міне, Күреңді суға байлап, одан үйге қарай нағашысымен қатар келе жатқанда да қинап қоймады. Басын жеп келеді. Оқыста ық етіп, жусанға сүрініп кетті. Жер сүзіп барып қалды.


Шортанбай қолтығынан демеп қап, аттың әңгімесін үзе тұрып, енді ақын баланың жайына көшті.


— Жілік майың үзіліп қалған ғой, ап-арықсың. Ағарғанды көп іше гөр. Қалада қай бір күтім бар дейсің, біреуге-біреу қарамай, безіп бара жатқан бір тірлік. Бір күні, бұлар неге сонша асығады десем... кәзит алуға жүгіріп барады екен. Сені де сол кәзит қуған болар-ау!


— Болса болар, — деді ақын бала еркінен тыс.


Бұлай дегісі келмеп еді. Әлгіде басына кірген ой шеңгелінен шығармай, әлі өзіне-өзі келе алмаған. Болса болар деп ойлады. Шалдың бұл пікірінде шамданатын дәнеңе жоқтай. Қайта, қалада нелер тілдің майын тамызатын тағлым ортада, татымды сөзді кім айтты бұған. Еститіні бәзбаяғы кітаби сөздер: «Жолдас! Бұл өмір ме — бұл өмір. Жасаймыз, жаңартамыз...» Үйге де келіп қалыпты-ау.


— Алты айналымға шейін Күрең ортада отырады. Ұзаққа шабатын жылқының кәсібі сол. Тек шаң жұттырмай, топтың шетін алып отырған жөн. Бұл саған сабақ, құлағыңа құйып ал, — дейді Шортанбай. Анадай жерде, ошақ жаққа тесіліп Мейірбан отырған.


Бұлар есік алдына су сеуіп, текемет төсеген жайлы орынға қылжия-қылжия кетті. Тоқбала кеп шынтақтарына көпшік тастады. Жантайып жатып, аспанға, аппақ айға сұқтана қарады. Мұрнын жаңа піскен сүттің хош иісі жыбыршытып жіберді. Бұрылып еді, екі аяғын көсілтіп жіберіп, арасына үлкен ақ табақ, Мейірбан бас көтермей сүт ішіп жатыр. Ат тізгінін қалай тарту жайлы сыр шерткен әкесіне ұйқылы-ояу көзімен қарайды да, сүтті бастырмалатып ұрттай жөнеледі.


Тоқбала ақын балаға қымыз ұсынды. Қаңсып қалған тамағына май жұққандай әсер етіп, салқын сары қымыз тіл үйіріп, шымырлатып әкетіп барады. Шекесінен салқын тер бұрқ етті. Әріректе жантайып жатқан Шортанбай тамсанып-тамсанып, бұлар жаққа алара қарайды.


— Табағымен әкелсеңші былай! — деп кейіп жатыр.


— Апырмау, қонақ бар ғой енді... — деп қысылған Тоқбала қымыз толы нән керсенді қарсы алдында лық еткізіп апарып қойды. Әйелінің қолынан ожауды алып, созып-созып сапырды кеп. Арагідік ақын балаға да құйып қояды. Артынан ожауын көсіп-көсіп өзі ұзақ-ұзақ сімірді. «Уһ» деп, жан шақырып жантая кетті...


Ашық аспан астында, ашық көңілді жандар арасында ақын бала рахат ұйқыға шомды. Қаратау жақтан мап-майда леп соғады. Қытықтайды, сыбырлайды. Аққұба дөңгелек жүзді ай шығып алып ұзақ қарады.


Шортанбай түс көрді... Бәйге. Жер қайысқан жұртты таңырқатып Күрең жүр жетегінде. Ұлы сүрең, ұлы дүрмек екен дейді. Аттар сөреге тұра бастады. Қас қылғандай, атқа мінетін Мейірбан зым-зия жоғалды. Таптырсыншы қанекей. Амал жоқ, шобырға да жөндеп отыра алмайтын ап-арық ақын баланы мінгізуге тура келді. Жыларман боп, өкініштен өзегі өртеніп, күйзеліп кеп, талыстай Күреңге ақын баланы жарбитып мінгізіп еді. Ел-жұрт күңіреніп кетті. Мүлде жасып, тұлпарға қатын мінгізгендей, көңілі құлазып... түсінде... жылап жатты Шортанбай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу