14.08.2021
  223


Автор: Дүкенбай Досжан

Сексеуіл мінез

Тамыз айының орта шенінде иен өлкенің түкпіріңде жатқан титімдей ұжымның барып кел, шауып келімен жүрген зоотехник Ахметжан Бетпақтың шөлін аралап келгелі денесінің қызуы көтеріліп, ұнжырғасы түсіп, мылжаланып жатып қалды: бұл жерде «аралады» деген артықтау, әрине, шаруашылық басшысының шұғыл тапсырмасымен түкпірді жайлаған қойшының малын санап қайтқан; қойшының өзі санақшыны көлікпен ауылға жеткізіп салған. «Ауырып қалды» дегенді есітіп, үйге бас сұққан жолдастары осыдан біраз бұрын екі беті шиқандай дилы жігіттің саудыраған құр сүлдері қалғанын көріп, жағаларын ұстады, о, тобалап, басынан қандай қатер өткенін суыртпақтай сұрап еді, «шөл-шөл... Қожабай, Қожабай!..» дегеннен өзге жарытымды сөз ести алмады. Қой, бүйтіп жатып беті арман қарай аунап кетер, ауруханаға апарайық десіп кеукеулескен: беті жылтыр бәлекей келіншегі: «Моншаға қамап қапа қып өлтіресіңдер», — деп бермей қойды. Келіншектің «монша» деп тұрғаны осы совхоздың тақауда іске қосылған он орындық шағын ауруханасы, әрине. Күні ыстық қапырық жерде темір бетоннан құрастырып салған үй жазда ішті-тысты ауа өткізбей қамалып, оның үстіне жалдамалы құрылысшылар шөл дауылы соққанда, ішіне құм кірмесін деп екі-үш терезесін тарс бекітіп цементпен сылап кетіпті: қыста мұздай, жазда моншаға ұқсап, жағдайсыздау соғып тұрғаны содан.


Келіншектің қолы жеңіл, жемге байлап отырып тоқтысын сойып, жас сорпамен қалжалап Ахметжанның аз күнде бетін бері қаратты. Күнге күйген бір қабат терісі сыпырылып түсіп, еріні шыт-шыт жалақтанып, көзінің астынан көлеңке кетпей таяғына сүйеніп, ирек-ирек қозғалып ертеңді-кеш есік алдына шығатын халге келді. Бас қуысына біреу қорғасын құйып кеткендей еңсесін көтере алмас еді: төмен тұқырған басын қайта көтерсе дағы әуелгіде аунақшыған жанары бір нүктеге тоқтамай, алысты болжай алмай, тез шаршайтын. Жілік майы үзіліп әбден сүлеленді. Бәлекей келіншегі бұған көрсетпей көзін сығып алып, қабағын аңдап, бәйек боп қызмет ететін, шөл түкпірінде қаны қоюлап әбден қатайғаны ма, әлде қай-қайдағы қасіретті ойлап көңілі лайланды ма деп, күйеуінің жүзінен осынау қымқуыт тіршілікке деген титтей қызығушылықты іздейтін. Іздеп-іздеп селт еткен сезім серпінін таппай қор болатын. Есік алдына шығып, шуаққа маңдай төсеп отырғанда суыртпақтап сұрасам, ішкі сарайы ашылып айтып берер деп дәмеленетін.


Кісінің ойын көзінен танитын Ахметжан қасынан шырқ айналып шықпай жаутандаған келіншегін кеше қатты аяды. Жанын тырнап мазаламайтын, құдайына қараған иманжүзді қайта. Басқа біреу болса «Бетпақтың беті қызыл бикесі басыңды айналдырды ма» деп, «дуалап қойды ма» деп, «ай бойына саудың асын ішіп, аурудың тірлігіне көшкен неғылған немесің» деп әукектетіп әурелеп, жанын қинар ма еді. Тұман арасында шелденіп жатқан сол оқиғасы құрғыр бірте-бірте есіне қайта орала бастағаны. Кешелі бері санасы шайдай ашылып, арғы-бергіге ой жіберді, өткен өмірін көз алдына келтірді.


Қиян шөлге шығып кетіп, ел шетіне әні жетемін, міне жетемін деп ұмтылумен әбден діңкелеген жолаушыны аз ғана көзге елестетіңізші, сол жолаушы жанарына ажал құйыны елестеп, үстіндегі бар лыпасын сыпырып өлуге қалғанда алыстан мөлдіреген көл көрінер. Ол Балқаш көлі, сол көлге етпеттей жығылып бас қойған әлгі бейбақтың күн күйдірген жон арқасы — Бетпақ даласына ұқсар еді. Арнасы кеуіп жалаңаштанған Шу мен Сарысу өзені әлгі етпеттей жығылған — тірі өлік бейбақтың қолы мен аяғына келеді; құр сұлбасы қарталарға «ақпайтын өзен» болып сызылғалы әлдеқашан. Өзге жердің күні көтеріле келе ыситын болса, Бетпақтың күні көкжиектен шеке қылтитты дегенше сіріңке шаққандай лап етіп, жанып жүре береді. Содан қашан құмға сіңгенше қызуы еш басылмайды. Аптап ыстықтан жердің беті қақ-қақ тілініп, тулақша кеуіп қалған. Қазақстан жерінің 40 процентін құм алып жатса, соның тең жарымдайы осы Бетпақ пен Мойынқұмның үлесіне тиеді екен. Қашан көрсең мұнар басып, жүрек басын тоңазытып, құбылып жататын ішкі өлкені «жаннан безген» Қожабай ғана жайлаушы еді. Оқиға сол Қожабайдың халін білемін, малын санаймын, жалақысын жеткіземін деп ойда жоқта аттанып кетуден басталды. Әуелі «шақырып жатыр» деген соң ұжым директорының кеңсесіне келген. Аядай кабинетте столға шегеленіп рация құлағымен алысып ауданға ақпар беріп отырған бастықтың жағынан боздағы шығып, аппаратқа айғайлай-айғайлай үні бітіп, қақылдай жөтеліп жан тері шықты. «Өһе-өһе-өһе!.. Веттехнигім баласын жетелеп оқу іздеп кетті, зоотехнигім Қаратау етегінен шөп шапқызып жатыр, жібі түзу адам таппай амалым таусылды, малмен мал болып кеткен Қожабайға барып келіңіз, қырқым басталғалы тұр, күйек салуға саулықты, бойдақ малды іріктейміз, әлгі милау қойшы Сарыарқаға ауып кетті ме — екі айдан бері көрдім деген кісі жоқ, құм ішін тінтіп табыңыз, малын санаңыз, сәлемімді жеткізіңіз»,- деп жаман түтікті. Томырылып теткіген екеуі әуелде өткелсіз екі жағада тұрғандай еді. Ахметжан ұнжырғасы түскен ауыл басшысын аяп кетті: мақұл, барайын деді, қай жағында жүрсек те, қай жыртығына жамау болсақ та айналдырғанымыз осы шүйкедей шаруашылықтың пұшпағы емес пе, барып қайтайын, құм ішін сенделіп сүзіп қайтайын деп уәдесін берді. Қайыс белбеуін қатайта тартып, шолақ мылтығын асынып шығып бара жатқанда ұжым директоры дауыстап кідіртті: — «Аха, еһе-еһе-еһе!.. бұл елге жақында келген адамсыз, сол Қожабайды алғаш көргенде, айдалада жүріп жын иектеген делқұлы екен деп шошып қалмаңыз, ол өзі жасында жыршы болған дей ме, жазуға ағып тұр дей ме, әйтеуір, осы өлкеге бұрындары келіп орнығып қалған ісіне ұқыпты мүсәпір мүскін жан, іш қоймасын аша түссе — құпиясы көп адам, әйтеуір, жүз шайысып, түсініспей қалып жаманшылыққа килігіп жүрмеңіз... Еһе-еһе-еһе!.. Сау болыңыз!» — деп екіұштылау етіп шығарып салды, алғашында, я жастықпен, я түскі ас кезіндегі әшейін салғырттықтан «құпия қоймасы көп», «малмен маңырасып тілдеседі» деген сөзді пәруайіне ілмепті; қос аяқты жүйрігін от алдырып дарылдаған күйі тарта беріпті. «Осы тұрған жер ғой, кешке дейін жетіп жығылармын» дегеніне қарамай келіншегі бөктергіге жанторсық байлады, қалтасына «таңдайыңа басарсың» деп сықпа құрт салды; ойынан ойы, демінен демі үзіліп айрылмай, нақа қиямет қайым сапарына шығарып салып тұрғандай сықсыңдап, қимай жылап қалып еді.


Бетпақтың шөлі алашұбар, борпық құмы мен айтақыр тазы алмасып, өлімдей жым-жырт тыныштыққа сіңіріп сағаттар бойы заулағанда еш өзгеріссіз безірейді де жатты. Сона бір күшіген көтерілген көкжиектен ассам, сонау бір құс саңғырған сексеуілді тұспалдасам сортаңға, шаңға оранған Қожабайдың қорасын, күйкі қонысын көріп қалармын деп дәмеленгелі қашан. Нешеме сексеуілді беткейден өтті, қаншама көкжиекті кектеді, құдайым-ау, мына тулақ дала мойнына құрық түсірмес қашағандай ала қашып жеткізе ме, жеткізбей ме... Жеткізе ме, жеткізбей ме?.. Әрі-беріден мотоциклдің майы сарқылып, шоңқайманың астынан канистр суырып, май құйып алуға еріксіз кідірді.


Ахметжан Сарыарқада туып-өсті, астанадағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтты бітірді, шалғайдағы шет ауданға келгелі бір жарым жыл, ауданның байшыкеш бастық адамдары: «Бетпақтың сен қонжиятын басшы орыны жоқ, басың жас, өмірді көр», — деп сөзбен піспектеп осылай қарай ығыстырған. Мұнда ферманың зоотехнигі болып, аядай мекемені меңгеріп құр сөзге ауыз толтырып жүріп жатты: аузының салымы мол қайта, ысылдаған еспе құм арасынан аршыған пияздай әдемі қызбен танысты, ә дегеннен-ақ сөзі жарасып, бойы үйреніп, артынша үйленіп үлгерді.


Жастайынан шөл шимайын, карта сызығын тәуір-ақ ажырататын секілді еді, алыстан шалынып дәмелендірген төбешік тақап келгенде, өлексе аңдыған күшігенге айналып ұша жөнеледі, шөккен түйеше маңқиып жатқан мұнарт баурай құм шағылға ауысып қаша береді. Тағы бірде ентік басып тоқтағанда байқады, батыс бетке қан қызыл күн домаланып барып қапты, ту сыртындағы салбыраңқы күңгірт пішін жансыз өлкеге үрейлене көз салды. «Қожабай қойшыны жер жұтты ма бұл!» - деп дауыстап жіберді.


Есіне еміс-еміс ұмыт болуға айналған оқиға оралды осы мезет. Елеусіздеу жағдай әншейін. Студент кезінде газет бетінде мақаласы жиі-жиі көрінетін, қаламы қуатты, жазары бар журналисті көп естуші еді. Сол кісінің түстік өңірінен төгілдіріп жазған тілді, нәрлі очерктерін іздеп жүріп оқитын. Біреу аңғарды, біреу аңғармады — күндердің күнінде газетке «жергілікті тілшіміз машина авариясынан опат болды» деген шағын некролог басылды. Неге екені белгісіз, нешеме жыл бұрын оқыған сол қайғылы хал әлсін-әлі есіне түсті. Құм ішінде қоймай іздеген адамы баяғы журналистпен аттас па, ағайын ба, сайын сахарада сағымға айналып ұшып жүрген жақсының аруақ рухы ма – опат болған азаматтың есімі де – «Қожабай» секілді.


Қарап тұрса алдағы бедірейген өлкенің ұсқыны жаман. Бетпақтың терең тұңғиығында тілсіз айқай тұнып тұрғандай ма. Ұнжырғасы түсіп мылжаланып мотоциклге от берді. Күдігін көңілінен қуып, еті қызынып, жылдамдықты барынша күшейтті. Кешті қуып құйрықты жұлдызша ағып өтті, әлден уақытта тоқ ішегі үзілгендей болып солқ етіп кідіргені. Жанар майы таусылып тақырға оңбай отырыпты. Саудыраған өлі темірді сүйретіп мықшыңдап жүріп, қураған сексеуілдің түбіне тіктеді, жылып кеткен шалаптан жұтты, қаусырмалап келе жатқан түн құшағына сіңді. Иен дүздің әлгіде ғана жерді жалап өртеп тұрған жалыны саппа басылған. Таңға дейін қойшы қосын таба алмаса қаталаған шөлге ұрынады, күннен қорғалайтын көлеңкесі, таңдай жібітетін сусыны жоқ өлкеде кісі қатты әлсіреп, елу екі градустық ыстыққа төрт-ақ сағат шыдайды, бесінші сағатта көз алдында жалын тұтанып жан тапсырады. Осы ойдан туған ішкі үрей алды-артына қаратпай дедектетіп жалтаң көз ғып өлтіріп барады. Табаны тесілгендей, тұз сепкендей ашыды. Ілбіп келе жатып қалғыды. Таң алдында болар-ау алыстан жылт етіп от шалынды, жанарын уқалап қайта үңілген, енді қайтып ештеме көрінбеді. Шекесі қылтиып шығып келе жатқан күнге беттеп жығылып-сүрініп, сүрініп-жығылып, әл дәрмені сарқылғанша сүйретілгенін біледі. Кіресілі-шығасылы қимылында келіншегінің тәмпіш танау суретін тауып алып, сол суретке ұмтылып ілгерілей дамылсыз еңбектеді, ақырында маңдай алдындағы күн де, сурет те сағымға жұтылды. Әлдекім ыстық қазанға салып қуырып жатыр екен дейді, бетіне тұз себездеп жауып тұрғандай ма, алақаншықтанған боранға тап болғаны ма: қиналып барып көзін ашқан.


Басында көнтулаққа айналған, самай шашын ақ шалған, бітеу бас, бітімді біреу отыр: қолтығынан демеген, бетіне су бүріккен секілді. Таскерең мылқаудай, ештеме деместен мұны арқасына ырғытып салып ала кеп жөнеліпті. Қысылып қала беріпті. Әлден уақытта жеті қанат жолым үйдің ішінде көзін ашты, маңайына назар жықты. Жанарында жансыз бір жаттық бар кейуана кісі кіріп-шығып дастарқан жайып, шай жасап, түйе жантақша домаланып жүр. Манағы таскерең, үндемес төр алдында ұзыннан сұлап ұйықтап жатыр. «Шарқ ұрып іздеп жүрген маубасым осы болды», — деп іштей сәулеленді, — әлі де татар ырзығым таусылмапты, жасымда көп ауырғасын ба — саушылығым мықты емес еді, о дүниенің есігін ашып қайтыппын: кешегі көзіме шалынған осы мондыбастың қисық қосыны болды. Иен өлкеде көңілсіз тіршілік, күңгірт өмір сүрген қойшымен тілдесетін шығармын?» деп дәмеленді. Аздап бойына дәт қуат дарыды, кемпірдің қолынан шай алып сораптады. Мына домаланып ас-су әзірлеп жүрген кемпір тіршілігі, ана тірі өліктей қорылдап ұйықтап жатқан үй иесінің келеңсіз порымы бұған мүлде ұғымсыз. Аз-аздап жан шақырып, тілге келеді ғой баяғы. «Шеше, отағасыны оятпайсыз ба?» — дейді. «Ойбай, өзіне ғана белгілі уақытысы бар, өз уақытысымен тұрады, уақытысымен мал бағады, сырттан киліккенді суқаны сүймейді», — деп кейуана ат-тонын ала қашты.


Есік алдындағы қотанда қоралы қой үйездеп жатқан, әлден уақытта ұйыған тыныштық қалпын бұзғандай болып тұсақ маңырады, үй иесі жастықтан басын жұлып алды. Әлсіздеу ғып дауыстағанға, иә, маңырағанға ұқсас әлдебір дыбыс шығарды, сырттағы мал жауап қата жамырады, мұны естіген отағасы етігін кие салып сыртқа емпеңдей ұмтылды. Ахметжан қарап отырып тегі қайран. Сан сауалды мұның қабағынан оқыған кейуана: «Таңқалатын дәнеме жоқ, балам, ана шал қойлардың «шөлдедік» деген даусын танып, сөйлесіп, соған жүгіріп барады», — деді, — кешегі күнімде байқамайды екем, сөйлесетін кісіден қысы-жазы жырақ жүргесін бе, әлде жиырма-отыз жыл үзбесіз мал баққасын ба — қойдың тілін адамша түсінетін қасиет тапты, тіпті баз бірде үйде отырып-ақ қорадағы қара қошқармен маңырасып, мән-жай білісіп, ұғысып отырады, көресіңді көрмей, көрге түспессің деген осы екен ғой...» Кемпір сөзін тыңдап отырған Ахметжанның жүрегі атша тулап, ішкі сарайын үрей кеулеп, о, тоба, сенейін бе, сенбейін бе деп, қайдағы тұман арасында қалғандай томырылып отырып қалды.


Кеш батып қас қарайды. Кейуана ондық шамды жақты. Кешкі астың қамында, біресе ошақ жанында жүрелеп отырып от бықсытады, біресе қамыр жаяды, маңыраған бірер малға су беріп қайтады. Қимылында, ажарында үлкен сабыр, сынбаған қайрат бар. Үй иесі әлгіде малды өргізіп кеткен. Шайдан соң Ахметжанның денесі мылжаланып, езіліп, тағы да төсегіне қисайған еді, мызғып кетіпті, кемпір ас түсіріп әкеліпті. Сырттағы маңыраған дыбысты естіп елеңдеп қалып еді, кейуана кісі: «Отар қыр астында қалған екен, сол отарды иті мен қошқарға табыстап жалғыз жаяулап келе жатқан отағасы ғой бұл», — дегені: апырмау, не керемет, не қасиет бұл?.. — деп ойлаған Ахметжан, — сонда Қожабай малымен маңырасып тілдесетін болғаны ма, ол сырды, сол сөзді мына шүйкедей кемпір қалай ұғып отыр?» Қол шайып, асқа отырысты. Үй иесін сөзге тартып Ахметжан қалтасына қол салған: — отағасы, кейінгі кезде орталыққа соғып айлығыңызды алмайтын болыпсыз, мынау тиесілі жалақыңыз, мынау ұжым директорының сәлем хаты», — деп екі конвертті алдына тастады. Қожабай үнсіз-түнсіз табақтағы жілікті алып, пышағымен шұқылап мүжи бастады, мына түрі дүниедегі жаңалық, қызық, ақша, алыс-беріс дегенге мүлде жат болып кеткен өгей өмірді елестетті. Кісі жүрегін пішінінен танып оқитын сезімі өткір ме, әлде бұл білмейтін өзгеше қасиеті бар ма, тілінің ұшына келген сөзді айтқызбады. «Жақсының жүзі өзінің кім екенін айтып тұрады, жүзің жылы бала екенсің», — деп тұңғыш рет тіл қатты Қожабай. Үні алыс, өгей өлкеден шыққандай көмекейден, күңгірлеп естілді. Жақыннан басталып, алыс қиырға сіңіп жоғалатын күн күркірі ме, жер астынан уілдеп көтерілген құм дауылының сарыны секілді ме, әйтеуір, бұрын-соңды естіп-білмеген оғаштау дыбыс.


— Мен туралы алыпқашты сөзді көп естіген шығарсың, жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды, артықтау айтылса да «малмен мал болған», «кешегі бір жылдары келіп қалып қойған» деген қауесеттің жаны бар. («Мен ешқашан ондай әңгімені естіген емеспін», — деп бұл шырпыры шығады.) Естімесең — естисің, бұл күнде жұрт ауызымен орақ орып, тілімен жау қайырып үйренген. Әкемнің аздаған сауаты бар екен, соның арқасында Бетпақ ішін жайлаған бір байдың есеп-қисабын жүргізетін приказчигі болып істепті. Совет өкіметі орнаған соң бай жарық көрген егеуқұйрық секілді тырақайлап қашып, бұл байдың «құйыршығы» аталып ел ішінде қалып қойыпты. Бетпақ түкпірінде ортақтың ісін ұйыстырамын деп құйымшағы тесілген жалаңаш белсенді болыпты. Содан алақұйын шапқылап жүріп дәулет жия алмапты, өкпесіне суық өтіп сүлелеп жатып, о дүниеге өтетіннен аз күн бұрын алдына келтіріп: «Балам», — деп басымнан сипады, — саған мирасқа қалдыратын жалғыз медаль мен кершолақ бесті ғана, әке дәулеті балаға жұқпайды, өз бетіңше күніңді көр, кісі ақысын жеме, өтірік айтпа, ғайбат сөйлеме», — деп ықылық атып ақтық батасын берді. Әке аманатын мойныма қарыз қылмай, қара бұқарадан бойымды тартпай мидай араласып терімді төктім, белімді бүктім, еңбек еттім, сол бейнетімнің арқасы болар — ауыл үлкендері қаржы жинап астанаға оқуға аттандырды, журналистиканы бітірдім. Ұлы Отан соғысының алды ғой, қағазға көп үңіліп очерк, әңгіме жазамын, оларым журнал, газетке әлме-әл жарияланып жатады. Тиражы мол шағын газетте редактордың орынбасары болып істеймін. Осы қызметіме көз алартқан зәбіршіл, өсекшіл жолдастарым сол екі арада «несін айтасың, ол баяғы түгенше деген байдың қалып қойған көлеңкесі», деп үстімнен арыз жазыпты. Жілігіме енді май жүгіріп, қаз-қаз тұрып келе жатқанымда жауаптап, қазбалап әр мекемеге сүйреледі кеп, әрі-беріден тынысым тарылып арыз беріп қызметтен кеттім. Жылап-еңіреп елге жеттім, баяғы ауыл шалдарына бардым, көрген қорлығымды айттым, олар ара түсіп, шындықты айтып: «Мұның әкесі іргелі байдың құйыршығы емес, жай ғана есебін жүргізетін малайы болған, әкесі үшін баласы жазықты емес», — деп куәлап қағаз жазып берді. Азаматтық сын асудан өткендей болып иығым қоқырайып қалды, мойным босады, әйтсе де қаулап, жетіліп келе жатқан атақ-абыройыма көктей шалғы түскендей болды, есіміме әлдебір күдік қоңырау ілініп, бетіме шіркеу түсті. Газеттегі бұрынғы белді орынға қоймады, шалғай түкпірдегі облысқа тілші етіп жіберді. Мейлі де, ел іші кең ғой, шіркін: жолдастармен басымыз қосыла кетсе — боза ішеміз, қарта ойнаймыз, қызды ауылды төңіректейміз, сөйтіп жүріп қазақтың бір қылықты қара қызына көңілімді қиылып айтып жүріп, қолыма қоңдырдым. (Бұл кезде шүйкедей кемпір дастарқан жаңалап шай жағалатты.) Соғыс аяқталып қалған кез, ерте көктемгі көкке қадалған арықтай қадалып жазып жөнелткен мақалам газетке басылуды қойды, тақырыбы көне ме, әлде сөзі көмескі ме деп қауіп ойлап, тағы да ширата жазып бірінен соң бірін және үш мақала жолдайын: газет беті мені ұмытқан секілді. Қой, болмас деп, қасыма келіншегімді алып, баяғы бозбала дәурен өткен астанаға барамын ғой. Жас бастық тасып келген көңілімді су сепкендей басқаны: «Соғысқа барудан қашып, тілші атын жамылып шет түкпірде жүріпсіз», — дейді-әй, баяғы боза ішкен, ауыл қыдырысқан жораларым үстімнен жіңішкелеп қағаз түсірген бе қалай: арғы көмекейін ашып айтпайды. Ойбай-ау, сол кездерде военком босатып қоя берген соң елге шықпап па едім: жас күнімде қос саусағым диірмен бақалағына түсіп майып болып молақтанып біткен, мінекей, әскери кісілер «мылтық атуға жарамайдымен» босатқан... Осылайша далбасалап араша іздеп, ойға-қырға жүгіремін, табанымнан тозамын. «Труд армияға неге алынбағансың?» — дейді әлгі жас жігіт түсін суыта түсіп. «Ит біле ме оны», — деймін. «Ендеше біз білеміз», — дейді күмілжіңкі көлеңкелі күйге түсіп бастығым, — тілші атын жамылып трудармиядан қашқансыз, жан баспаған Бетпақтың ішіне барып, жан бағып жатып алғансыз».


Қойшы, әйтеуір, баяғы көзтаныс военкомға барып, керекті қағазын алып ақталғаным есімде, әйтсе де қыр соңымнан сыпсаң сөз көлеңкеше ілесіп қалмай қойды; кісіге жаманшылық жасаған емеспін, ешкімнің ала жібін аттамаппын, ендеше көлеңке кесірдің қыр соңымнан қалмай қойғаны несі деп кей-кейде маңдайымды тоқпақтаймын. Кей-кейде ойланамын: кісі тек қана біржақты адалдықпен, ақкөңіл мінезбен күн көре алмайды білем. Менің жолдас-жораның алдында ағынан жарылып, ақтарылып айтқан ішкі дүлей сырым айналып келіп, ала күшік болып өзімді қауып, балағыма жармасып жататыны қалай? Жақсы мінезімді жұрт жайдақтыққа жоритыны неліктен?


Осы оймен сүлеленіп жүргенімде келіншегім қатты ауырды, күз салқыны ерте ұрған қауын пәлегіндей көре көзге сарғайып солып бара жатты. Дәрігерден дәрігерге сүйрелеп шаршадым. Ақырында білгіш профессор ұзақ қарап ойын сарықты:


«Келіншегіңе қаланың ауасы, тұрмыс-салты жақпайды, я қызметті ойлайсың, я әйеліңнің саушылығын ойлайсың, екінің бірі», — деді. Қаладан біржолата ірге көтеруге кеңес берді.


Осы мезет алыстан ит ұлыды, үй іргесінен жылқы оқыранды. — Ұлыған ит емес, Бетпақтың бөлтірігі ғой, енесін іздеп сұрау салғаны, — деді Ахметжанның елеңдегенін сезіп, — соңда қалай, қасқырдың тілін де айырып түсіне аласыз ба? — деппін шайыма шашалып. — Түсінемін, — дейді үй иесі.


— Қораңызға қасқыр шаппай ма сонда?


— Неге шапсын, керісінше, бауыр басып қорығыштап жүреді, қасқыр өзінің жатағына жақын қораға түспейтінін білмеуші ме ең, мен аңғарсам, осыдан жарты күншілік жердегі Разақ қойшының қорасына бүгін түнде мына жылаңқай бөлтіріктің енесі шауыпты ғой, қанша малын қандағанын бүгін кешкілік қасқырлардың ұлып табысқанынан білемін...


Әлгі сөзден қатты әсерленген Ахметжанның көңілі бір жерге орнықпай көпке дейін көз ілмеді, үй ортасындағы майы таусылып сөніп бара жатқан шам ана жатқан Қожабайдың басы таудай болып басталып, ылдиға; онан әрі шөлге құлаған өзендей үзіліп таусылуға айналған арман қиялына ұқсайды. Шынымен алдын ойлаудан гөрі артын көбірек ойлау, жұрттан оңашалану, оқшау тіршілік кешу — өмірдің жұтаң тартуы ма екен.


Ішінен қилы-қилы ойы арылмай жатып шамалы мызғып, шаршап ояныпты. Үй иесі тұрып әлдеқашан малын өргізіп кетіпті. Есік алдында шүйке кемпір шаппа шотпен сексеуіл бұтап отыр. Басының ішіне қорғасын құйып қойғандай, мойнына тас байлағандай тәлтіректей жүріп есікке беттеді, табалдырықтан сыртқа аттады. Көкжиек сағым көтеріп дірілдей бастапты. «Күн өтіп қаның қоюлап қалған ғой, әлі-ақ тәуір болып кетесің», — деп кейуана әжім торлаған жанарының құйрығын жаулығымен сүртті... — Жалғыз баланың миын шайпау келін атала ғып құртты, әлгі келін көп оқуға түсіп, көше көріп беті ашылып қалған неме екен. Ауылдың мектебін мондыбас боп жүріп әзер бітірген баланы мәстекше ерттеп мініп алды, «күнге шықсам қан қысымым көтеріледі» дей ме, малмен мал болған ата-анаңнан қорқамын, жаным түршігеді» дей ме, әйтеуір, аудан орталығында тұрады, жұдырықтай немеремізді де көрсетуді қойды, баламыз мойын ұсынып, көніп, мақұлға жүгініп әзер жан сақтап жүр дейді, аузына ащы су алса, ағат сөйлесе — дереу сым ұшымен хабар қылып төркінін шақыртатын көрінеді... Ой-ой-бо-о-ой, келін жұмсап қолымды жылы суға маламын деп жүргенде жеткен жерім осы ма» — деп, «аһ» ұрып қамығып жылай бастады. Кемпірдің ыстық көз жасы жүрегін өртеді, бұл дереу қолынан шаппа шотты алып сексеуіл томарын төмпештеді. Ту сыртынан бұзау мөңірегендей болып еді, айналып қарап көзіне ештеме түсіре алмады. Кемпір қолына қауға шелегін алып құдық басына бүкшеңдей жөнелді. «Астауға су толтырып қоймасам аңқасы кеуіп, ыңып келген бөкендер түтіп жейді», — дейді — әй, — бұзау деп жорығаны құм шағылдан мойын қылтитып топырласқан бір үйір бөкен екен, солардың дыбысын шалып кейуана тыпыршып түрегеліпті. Көмектесіп, арқан тартысып жіберуді ойлаған, жығылып-тұрып келе жатқан мұны «қайт!.. қайт!.. — деп қолымен жасқады: — бөкендер бөтен адамнан шошынып, тосылып тұрғаны содан», — деді де мықшыңдап терең шыңыраудан су тарта бастады.


Ахметжан кері бұрылып үйге еніп, керегенің көзінен баспалады. Кемпір үш-төрт шелекті астауға төңкерді де, таңдайын қағып, бұл естімеген өзгеше өгей дыбыс шығарды, оқшырайысып тұрған бөкен құлжасы аяғын санап басып құдыққа беттеді, үйірі соңынан ілесті. Бөкен құлжасы сырбаз екен, басқалары астауға бас қойғанда сырт көзді, жат иісті ту сыртымен сезгендей-ақ құлағын қайшылап тыпыршып қарауылда қалды. Өзгелері шөл басып болған соң соңынан барып басын иді. Ахметжан сауыры төңкерілген тушаны атып алғысы келді, шолақ мылтығын кешелері қай түкпірде қалдырғанын есіне түсіре алмады. Осы мезет белін басып аһылап-үпілеп кейуана үйге кірген, кісінің ойын көзінен оқитын бәлесі бар ма; — бөкенге мылтық кезесең, ожар шалдың шатағына қаласың, «шетке шыққанын, жүгіре алмайтынын ырзығымызға үйір иесі — құлжаның өзі-ақ қияды», — дейтін шал, әйтеуір, шал аңды қолмен ұстаса да қызылсыз қалдырмайды», —  деді. Қас пен көздің арасында көнін жібіткен тағылар сағымға сіңіп жоғалыпты. «Табиғат шебер!» — деп бұл отырып таңдайын қаққан, жан жануарды жақын ететін де, жат ететін де өзіміздің ішкі пиғылымыз екен ғой; бірте-бірте табиғаттан аулақтатып, ажыратып бара жатқан өзіміздің теріс ой, қомағай, тойымсыз, аңқұмар-қанқұмар, жегі құрт мінезіміз бәлкім. Әуел баста адам мен аң жерден кіндігі үзілмеген, емшектес, егіз жаратылған төл емес пе. Ана мондыбас Қожабай қойшының табиғат аясынан тыныштық ырзық іздеуі, бедірейген безбүйрек өлкенің өгейі емес, өз баласына айналуы, ақ, адал несібесін теріп жеуі — сол табиғат қолтығына кеп тығылудан».


Әуелгіде Қожабай қонысы көңілсіз, салқын тіршіліктің куәсіндей көрініп еді, күңгірт өмірдей сезіліп еді; сөйлескелі, біліскелі, тілдескелі көңіліне тоқтық бітіп, жаны байып, жарылқанып қалды. Жылдам оңалды. Қиян асуда майы таусылып, қаңсып қалған мотоциклін, жалтаң көз боп жәудіреген келіншегін ойлады, кешқұрым ішкі байлауын айтты: «Қожеке, көрдім, білдім, енді аз ғана малыңыздың есебін алсам, директордың аманатын айтсам — қайтамын, көлік беріңіз», — деді. Сыртқы шаруадан шаршап оралған Қожабайдың пішінінде бұл білмейтін үлкен сабыр, ішінде тұтанбаған от жатқандай төмен қарап отырды-отырды да, тыныштық қалпын бұзып: «Мейлің, бала, — деді, — әйтсе де жаңа әлгінде мал жайғап жүріп, қасқырлардың бөлтірікпен ұлып табысқанын естідім, Разақ қойшы мылтық атып, мал алдырмапты, арлан ашулы секілді, жалғыз жібере алмаймын, қасқырлар қашан аң қағудан сәтті оралғанша осында боласың», — деді.


«Ойбай, Қожеке, несіне қорқамын, айдаладағы аш қасқырлар қашан тойынады деп жол тосып шәниіп жата бергенім жындының тірлігіндей емес пе?..» «Сен үшін Бетпақтың сыры ұғымсыз бірдеме», — деді Қожабай қанын ішіне тартып, — ашынған қаншық қарсақты көмекке шақырса да жалғыз жолаушыны түсіруді біледі». Осыны айтып көрер көзге маңырағандай көмейінен тарғыл-тарғыл көмескі үн шығарды, есіктен көріп отыр, қотандағы үріккен мал сабасына түсіп қайыра жусады, қошқардың жауабы естілді.


«Болмас-болмас, — деп Қожабай керзі етігін сұғына бастады, — қора ішіне Бетпақтың ешкіемері еніп кетіпті ғой, осындайда жұмсай қоятын бала да жоқ». Ешкіемер — үлкендігі қояндай құм кесірткесі, ашықса, иә, шөлдесе, араны ашылып қораға кіріп кетеді, желіндеп жүрген қой, ешкіні аңдып жатып, ұзын құйрығымен артқы аяғына сарт оралып тұсайды да, емшекке тістей қатады; содан қақтап сауып, сүтін еміп тауысқанша малды тырп еткізбейді. Қойшы қораның ішіне мысықтабан сақтана басып барды да, аяқ астынан жын қуғандай апыр-топыр болды да қалды, жалмауыз кесірткені қора сыртына таяқтап қуып салды.


Ұстарамен қырғызған басын көстеңдетіп сипалап үйге келген соң да тыншымады, ішіне күн қонақтағандай сәулеленіп, нұрланып отырды да: «Қасқырдың үнінен білдім, бөкен ішкері құмға ауыпты ғой, ендеше көп ұзамай лақ мизам түседі», — деп өз-өзінен ағытыла жөнелді, — бала, сенің көмегің қажет боп тұр, бүрсігүні түйемен, атпен елге қарай қоныс аударамыз. Көкейіңдегі сауалды көзіңнен оқып отырмын. Әлгіде Бетпақ бөрісі бір-бірімен ұлып табысып жатты, бұл қуаныштың белгісі, құмға құлаған бөкеннің жаясы төңкеріліп, тұяғы омбылап, нәшәйі немелері қасқырға жем. Құм іші енді жайылған малға жұқ болмайды, мініс атының іші кетеді... (Осы мезет кемпірі шоққа қақталған майы тамған төстік әкелді, отағасы сүріленіп қалған төстікті кемірді.) Әнеугүнгі үзіліп қалған әңгімесін әрі жалғады.


— Сонымен үлкен қаладан әуелде кеткім келмей қызметтен қызмет ауыстырып жүйкелеп жүріп, Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтына орналасқанмын. Келіншегімнің денсаулығы кем. «Бір күн ауру, бір күн сау» дегендей бірдеме. Қазақ ұлыстарының Россияға өз еркімен қосылуына арнап там-тұмдап мақала жазып көрініп жүргем, кесірінен сақтаса ғылыми атақ қорғап алу жайын да ойластыра бастағам. Төбемнен тас түскендей оқиға болды. Орталық беделді газетте үлкен бір сын мақала басылыпты: әлгі мақала жел күнгі өрттей сумаңдап жазықтыны да, жазықсызды да шарпыды, ақыр аяғында «сыңаржақтармен күрес» дегенді ұран қылып, жөн-жосықсыз мені мінеп, сынап желпілдеуші көбейді. Баяғы бір өткен-кеткенді қазып зерттеп, жазып жүрген ғалым кісі тектен-тек жазаға ұшырады, кеше ғана мына ағаңмен ауыз жаласып, ойы жарасып жүрген жігіттер көрер көзге үстімнен жалалы хат түсірді, мінберде суырылып сынап сөйледі. Қызметтен босадым. Қала тұрмысына үйренісе алмай ауырып, жүдеп жүрген келіншегімнің көзі атыздай: «Шынымен айыпты ғып, қараңғы үйге қамайды ма», — дейді. «Қосақ арасында күйіп құрығаның ба бұл», — дейді. Әйтеуір қосүрей сөзбен жүрегімді жаралап жеп қойды.


Мына бір суретті көз алдыңа елестетші: иә, баланың былдырынан, иә, келім-кетім қонақтың дабырынан ада-күде, алаңсыз жым-жырт, салбыраңқы сары уайым, тыныштық жайлаған үй іші. Қашан келсең де қуанышсыз, күлкісіз салқын сыз еңсеңді езіп, жігеріңді құм қылады. Ауыз үй, асхана мұздай, аядай бөлменің жартысын алған үлкен төсектің үстінде киімшең күйде, шекесін сығып орамалмен таңып алған, тана көз келіншегім жатады. Бұл дүниенің қызығынан жеріп, о дүниенің күңгірт құшағына жұтылып бара жатқандай көрінеді.


Ақ-қарасы айқын алақандай жанарынан шарасыз, дәрменсіз мүшкіл мұң оқимын; «Кетейікші бұл жерден» деген үнсіз сөздерді естимін. Тұла бойым түршігіп қалш-қалш тітіреймін: әрі-беріден өз-өзінен суалып, жоқтыққа жұтылып бара жатқан келіншегімнің жас толы жанары қыр соңымнан қалмай, ту сыртымнан қадала қарап тұрғандай сезіледі. Сол сыз үй, суық төсек, дімкәсті әйелден бас сауғалап қашқандай ышқынып кетемін.


Сол келіншегім бір күні: «Бет ажары бейтаныс кісі сені іздеп келіп кетті», — дейді. Қой деймін, мені анық сор айналдырған шығар, қосақ арасында көзтүрткі боп жүдегенше қарамды батырайын, келіншегімнің саушылығын ойлайын, жер түбіне кетіп жым-жырт болайын деп бекіндім.


Бір емес, екі емес, «лақтырған таяқ сорлыға тиеді» деп шырқ айналдыра берген соң қаныма қарайдым, жолдастың да, сіз-біз сәлемнің, сөйлесудің де қайыры жоқ болып көрінді. Бүйтіп жоғарғы білімді оқыған жігіт аталып көзтүрткі боп өлгенше, қосағымды жоғалтқанша – көз көрмейтін қиянға барып қой бағайын деп бекіндім. Сол түні үйді де, мүлікті де талақ қып тастап, бір түнде көшіп жөнелдім.


Ойлап отырған шығарсың: ең құрығанда облыс орталығына, ауданға табан тіреген боларсың-ау деп. Түк те олай емес, ұжым басшыларының да көзіне түскенім жоқ, қазағымның «білік, білім, орта» деген сөзі қатып қалған көңілді еш жібіте алмады, қиян түкпірде, шет шалғайда, құм ішінде «Бетпақ» деген мазасыздау мал ұжымы ұйысып отыр екен, соның адам аяғы әзер жететін, ит байласа тұрғысыз оншақты үйлі бөлімшесінен бір-ақ шықтым, бөлімшеге де көп қарайлағым келмеді, бір қора бойдақ малды санап алдым да, күзге дейін өлмесем көрінермін, деп кісі аяғы баспаған Бетпақтың кіндігіне ауа көштім. Тағдырдың салмағы түскен кісі бөлекше дертке ұрынған адамдай тіл-ауыздан қалып, дүниеден түңіліп кете ме, жыл өткен сайын бет ажарым тозып, күле сөйлеуді ұмытып, жүзімді көлеңкелей әжім торлап, аз уақытта өзгердім де шыға келдім. «Малмен малша сөйлесетін», «мәңгі бас Қожабай», «көзінде көлеңке бар» деп жүргенінің жаны бар.


«Көңілсіз, күңгірт тіршілікке етім үйренгені сонша маңайдағы табиғатты, жан-жануарды ғана қара тұттым, солармен сөйлесетін ғадет таптым. Ішмерез, ішпысты мінезімнен жалғыз ұл да безіп кетті, аудан орталығында тұрады, болмашы кәсіппен күнелтіп жүр деп еміс-еміс естимін, әйтеуір. Келген күні: «Орталыққа бармапсыз, жалақыны алмапсыз», — деп кінә қойасың... иен дүзде, меңіреу шөлде маңырап күліп, ұлып сөйлесіп жүрген бейбаққа ақшаның қажеті қанша?.. Ана ұл керек болса алар бір күні жинап-теріп, көзім жұмылса — топырақпен жүзімді жасырар, әйтеуір».


Қожабайдың аласы көбейіп сүзілген суық көзі өңменінен өтті, бейне тағдырына зар айтып отырғандай сезілді. Ахметжан аузына салған бауырсақты әрі шайнап, бері шайнап жұта алсыншы енді, жұтқыншағы бітеліп, жанарынан жас ыршыды, есі ауыңқырап түрегелді, сыртқа беттеді.


«Баланың жүрегін ұшырдың ғой, бейбақ» деген кемпірдің үні естілді. Соңынан дабырлап Қожабай ілесе шығып келеді: «Мына малға бүгін бәле көрінген шығар, бауырға қарай ығысып кеткенін қара», — деп, екі өкпесін қолына алып, жүгіре жөнелді.


Ахметжан шекесінен шып-шып шыққан терді жеңімен сүртіп тұрып кейуанаға тіл қатты; «Шеше-ау, мына маңқиған төрткөз төбет неғып өлексе болып жатыр, қайырмай ма кеткен малды?» — деп қынжылыс білдірген. «Бұл байғұста кінә жоқ, — деп кемпір итаяққа ас құйды, күні бойы мал қайырып, бейнет кешіп келген осы бейбақ, ожар ағаң атын ақ сорпа ғып осы өңірдің шие бөрісі мен қарсағын санап жүрген жоқ па?» «Түк түсінсем бұйырмасын» деген кісіше Ахметжан аң-таң. «Қайдан білейін, ауып кетпей тұрғанда көсемін табамын, қасиетін ұғамын, қайшыласқан күйегін бағамын, ұлып, үргенін үйреніп қаламын деп, үш күннен бері сүркілге түсіп жүр емес пе. Ана малдың бар ауыртпалығы төрткөз төбет пен қара қошқарға түскелі қашан».


«Саған өтірік, маған шын, былтырлары түгі сыртына тепкен, азу тісі сақылдаған әлдебір мақұлықты сүйретіп әкелді, іргеге тас қып байлап қойды, әлгі неме түнімен бажылдап жылап, дүниені көшіргені, сөйтсек малға, жанға тісін қайрап, төңіректеп тыншытпай жүрген қарсақтың көсемі екен, ертесіне қамшымен өлімші қып сабап қоя берген еді — үйірін көз көрмес жаққа аударып әкетті ме, құлағымыз тыншыды содан». Кейуана үнінде қосағын кінәлаудан гөрі қостау, іштарту басым секілді ме; кейісі, кірбіңі, міні көп өмірдің ұзақ жолында екеуін де адастырмай алып келе жатқан адалдық, адамшылық парқы болар, сірә.


Маңайды салбыраңқы бойкүйез тыныштық басты. Күңгірлеп, дабырлап бір қора малмен түнделетіп жүз шайысып жүр ме, үй иесі кешкі шайға жуығарақта келіп болмады. Кейуана екеуі екі жерде шошайып шай сораптады. Құм кіндігінен сексеуіл шоғына қақтаған тестіктей болып қызарып ай туды, түн салқыны мен тыныштығын бұзғысы келмей Қожабай айға қарап, кеудесін кере күрсінгендей болды. Еңкіш жауырыны, келідей сопақша басы, шоқша сақалы, сырт порымы — мынау өгей өлкеге айдан түскен адамдай ғып көрсетті. Құдық басынан шабдар ат кісінеді, айдан түскен адам үстіне біреу суық су шашып жібергендей тітіркенді, жата қалып тың тыңдады. Сөйтті де, шұғылынан: «Апырмай, Разақ қойшының қоңыр мәстегі ұзап жайылушы еді, көкбөріге қолды болды-ау, сірә, мына шабдардың құлағын қайшылауы бөтен, — деді, — беріден сарын сезсе тап осылай қайшылайтын...» Үйге еніп, суып қалған шайдан бірер сораптады, «ерте тұрып көшуге қам қыламын», — деп шешініп жатып қалды. Ахметжанның көңілі ұйқы-тұйқы, көпке дейін кірпігі айқаспады. Әлден уақытта алыс қыр астынан әйел бала сыңсып жылағандай естілді, басын жастықтан жұлып алды, «О, несі!» деп жанындағы отағасыны жұлқылады. Қожабай қонағына қырбай қабақ танытты: «Е, баламысың деген, бұл мәліннің күйекке түскендегі сыңсуы, — деп қайта қисайды: — елеңдемей жата бер, төрткөз төбет-ақ қатер сезсе қарап жатпайды, хабар береді...» Ахметжан көрер таңды көзімен атырды, түнемесіне салқын жел тиді ме, әлде астан ұшынды ма — денесі сырқырап ауырып тұрды; көзінің асты көлкілдеп іскенін сынық айнадан көрді.


Қожабай кемпіріне: «Балаға жас бөкеннің мүйізін қайнатып бер, төрткөз төбет малға ие, Разақ қойшыға көш деп айтамын, жылауық мәліннің жатағын шашамын», — деп шабдарға мініп, желе жортып, қыр асып жоғалды. Ахметжан қан күрең сорпаны сораптай отырып «Осы Қожабайдың есі дұрыс па?» деп іштей күмандана түседі, — кеше ғана мизам түсті, от ауып кетті деп өзінше маңырап отырған, енді келіп буынып-түйініп құтсыз қоныстан ертерек қоныс аударудың орнына «мәліннің жатағы», «Разақтың мәстегі» деп басы ауған жағына безіп жоғалды: бар бол, бар болғыр, есім барда елімді табуды ойлайын, ел шетіне жететін көлік сұрап алайын...» дегенше болған жоқ, түс ауа шабдарын тебіне түсіп, ығыстырып қайтып оралды. Манағы «есі дұрыс па» деген ойының ұшқары екенін Ахметжан ұзамай ұғынды... расында, түндегі қасқырлар қоңсылас қойшының семіз есегін алып соғып, мүшелеп, жеп кетіпті: бұлар алды-артына қарамай көше жөнелсе ғой табиғат сырына таскерең, олақ қойшы Разақ шөл ішінде шын қатерде қалмақшы екен: әуелі көршілік қақымен Разақты көшіріп кеп оралғаны осы болыпты. Мәлін былғаған жерге мал жайылып береке таппайтыны мәлім, ол мұндарларды қиынға, шөлге үркітіп салыпты... Жұртта соңғы рет қазан көтеріп, ас ішуге жүгінгені сол, есіне ұмытқаны оралғандай Ахметжан оқыстан сауал қойды.


— Қожеке, астанада студент болып жүргенімде сол «газеттің тілшісі кенеттен қайтыс болды, марқұмның семьясына қайғырып көңіл айтамыз» деген некролог басылған еді, ұмытпасам сол тілшінің есімі де...


Үй иесі суық жымиып мырс етті, сырттағы өлі тыныштыққа құлақ салып, біраз мүлгіді. Сосын еңсесін көтеріп алды.


— Кешелері айтып ем ғой: қатар жүрген жоралардан көл залал шектім деп. Бүгін адал асыңды ішіп отырып, ертең жүрген жеріне тұмандай қауесет таратады: қиянатшыл, қызғаншақ, бақталас жоралардан көрдім көресіні. Тәуір газеттің белді қызметінен босап, ең болмаса тілшілігі де бұйырмай, ақыр соңында ғылыми институттан қуғызған пыш-пыш сөзінен, берекесіз ісінен шошындым, келіншегімнің денсаулығын ойладым. Солар-ақ жазсын, атақ шығарсын, қаламақы тапсын, солар-ақ сая бақта алшаң басып жырғасын, несібемді қуарған қу даладан тауып жейін деп күрт өзгердім, қиялымды, ұшқыр ойымды ішімде тұншықтырдым. Елге келіп алдыма бір қора қой салып, орнығып алған соң баяғы редакцияға келіншегім менен жасырып тілдей телеграмма жолдапты.


Адам жанының ішкі дүлейін ұғуға неткен олақпыз деп ойлады Ахметжан мына әңгімені есітіп отырып.


Екі иығы салбырап, нар шөккендей аласарып ойға малтып отырған кісінің әр тамырын, әр лүпілін енді ғана айқын көріп, көзбен санап алатындай сезілді. Адам мен табиғат, табиғат пен адам егіз жаратылған кереметтің өзі екеніне енді ғана көзі жетті. Осынша қиын тағдырдың сөзін бір пәс әңгімеде оңай ғып сыртына шығарып, ендігі болашаққа, болар іске мойынсұнып көніп, адалдықпен адасып табысқан, сан мәрте адасып табысқан, тақыстанған дегдар жанды ағасындай езіле жақсы көріп кетті, бауыр тұта қарады. Жан жарасын жазар ем таппады. Кеудесі қуыс қалғандай сезініп, титықтай құлады, шекесі сығып ауырды, сандырақтады... ағалады... Қожабайлады...


Ертесінде Қожабай киіз үйді жығып, түйеге артып, үстіне киізден қоршау жасап, ішіне Ахметжанды жатқызыпты: малды, қалған жүкті кемпіріне табыстапты. «Бүйтіп қиян қуыста әлжуаз науқасты сақтай берсем өлтіріп алармын» деген болуы керек, бір жарым тәуліктей төте жолмен қара нарын желдіртіп жүріп, орталыққа жеткізіп салыпты. Қожабайға қол ұшын беремін, көмектесемін деп барып бұл байғұс мойнына байлаған тастай артық бейнет болыпты. Апта өте әзер деп есін жиыпты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу