14.08.2021
  171


Автор: Дүкенбай Досжан

Қырықбол мен ақбата

Қарықбол тақауда онға шыққан. Сабақ біткен соң иен тауда, шалғынды жайлауда отырған үйіне келген. Айнала құлаққа ұрған танадай тым-тырыс. Көкесі құлын байлайды, апасы бие сауады. Бір ай өтті ме, өтпеді ме, шулы мектепті, құрбыларын қатты сағынды. Әсіресе бір партада қатар отырған тұлымы желпілдеген, ақүрпек Ақбатаны көп ойлайды. Кейінгі кезде қит етсе шырт ете қалатын шікәмшіл мінез тапты.


Кеше кешкісін апасына өкпелеп тамағын ішпей ерте жатып қалған. Түс көріпті. Дәп өңіндегідей тегі.


Тағы да апасы буын бұрқыратып жас ет асыпты. Ағаш табаққа салып, гүлді дастарқан жайып, алдына тартады келіп. «Ал, қанекей, дәмді болсын деп қыстан қалған сүрі мен жас етті қосып ақтамақ етіп астым», — дейді. Бұл көкең еттен шығып жүрген. Мойнын ішіне тығып тырс етіп үндемейді. «Дәу боламын десең ет жеуің керек, ал, қанекей», — дейді епелектеп. Бұл көкең басбағып қолын әрең-әрең созады, бірер шөкім шұқудан аспайды. «Ошаққа төніп, ыстық күнге қақталып бейнеттеніп асқанымда кіржиіп, теткіп отырғаның мынау», — деп ренжіді апасы. «Ай, бұл түріңмен палуан болмассың, ай, адам болмассың!» — деп кейиді сосын.


Кешкілікте осыған ұқсас дай-дай оқиға болған еді. Анасы шәукиіп азып кеттің, ұшынған кісідей ет жемейсің, қымыз ішпейсің деп ұрысқан. Бұл көкең басы бір жағына қисайып, үйеме табақ астан татып алмаған. Аш жатқан.


Ертеңгісін шырт ұйқыдан оянып жатып ойлаған.


Қымыз ішпей, ет жемей-ақ палуан болуға болмас пе екен деп. Қатқан нан кеміріп, тау жуа теріп жүріп-ақ адам болсам қанекей деп. Өйтетін де жөні бар.


Тау арасында жайлауда отырған жалғыз үйлі жылқышының қорегі екі-ақ нәрсе. Бірі — күнара асылатын үйеме табақ ет те, екіншісі — күрең қауақта көбігі шытырлаған сары қымыз. Майы түріліп, жүрегіңді көтеріп кілкіп тұрған семіз етті қалай асай бермексің? Бырқырап ашып, көзден пырт-пырт жас шығарған сері қымызды қалай сімірерсің? Обалына не керек, әуелгіде кішкентай Қарықбол да ересектерден қалыспай етті нарын етіп те, үрімдей де соққан, шытынап тұрған шадыр қымызды қылғына жұтқан. Кейінгі кезде қарағысы келмейді.


Содан дастарқан басында дай-дай жанжал туады.


Кішкентай Қарықбол қорғасындай таңғы ауаны терең-терең жұтып жатып қиялдаған. Әттең сөлі сорғалап, иісі танау жарған Сыр қауыны болса деп. Былтыр апасы екеуі диқан атаға қыдырып барғанда бақшадан еркін үзіп жеген. Ертеңгісін де, түсте де, кешке де шіреге қарын шермиткен. Іші алау атқан сулы қарбызы керемет еді. Атыз бойы сабағынан иілген қып-қызыл помидор болатын. Пәлек арасына бұғынған қол басындай көгілдір қиярды үзіп алып күртілдете шайнайтын.


Ертеңгісін ұйқыдан атасының кетпен шыңылы оятатын. Бұл керіліп-созылып, жалаңаяқ, жалаңбас сыртқа шығатын. Башпайын шыққа шылайтын.


— Балам, бақшадан әңгелек үзіп же, — дейтін атасы. Өзі бұрқылдатып жер шауып жатады ылғи. — Ең қызығы піскен қауынды өз қолыңмен таңдап үзген ғой. Қазір шырыны толып, сөлін жиған кез. Таңертеңгі үзген дақыл салқын болады. Ішіңнің ыстығын шығарады.


Шындығында ата үйінде апта жүргенде Қарықбол торлама әңгелектей домаланып әжептеуір диланып қалған. Әсіресе, жап-жасыл пәлек арасынан иісі бұрқыраған сары ала қауынды қолмен үзгені естен кетпес. Былқылдап піскен сөлді әңгелекке сыр еткізіп кездік салғаны өмір бойы ұмытылмас. Атасының кетпен шыңылы ше? Таңғы шық ше?


Ой түбінен ой теріп жатып аңғармапты. Түнде бұл ұйықтап жатқан кезде қыр асып, тау кезіп жоқ қарап кеткен көкесі келген секілді. Есік жақта апасымен күңгір-күңгір сөйлеседі.


— Жоғалған саяқты қарап жүріп қысаңдағы Құрбанның бауына соғып едім, — дейді көкесі. — Сары өрігі биыл салған-ақ екен. Малынып тұр. Алдында ғана қатты жел тұрып, біраз өрікті ағаш басынан төгіп кетіпті. Обалдағы-ай, жерде пырдай болып шашылып жатыр. Ерінбей аттан түсіп Қарықболға бір дорбасын жинап алдым.


— Ауырып жүр ме, ет жемейді, қымыз ішпейді, — дейді апасы.


— Әттең Құрбанның бауы тым алыста, әйтпесе мінгестіріп апарып өрік тергізер едім, — дейді көкесі.


— Бесті қымыздың ашуы қайтсын деп бұлаққа қойдым, — дейді апасы.


— Өрік жеп, тісінің қышуын бассын ендеше.


— Үйде жас ет таусылды, тоқтыны соймасақ.


Қарықбол басын жастықтан жұлып алды. Көкесі мен апасы тоңазыған етпен сәрілік шайын ішіп отыр екен. Мұның көзі босағада бүйірі томпайған дорбада. Табаққа телмеңдеген жоқ. Орнынан лып етіп көтеріліп, тоқыма алаша дорбаға жетіп барғанын өзі де сезбей қалды. Жанары жыпылықтап кетті. Бұлдырықтың жұмыртқасындай сарыала өрік дорбаның кемерінен келіп шүпірлеп тұр-ау, шүпірлеп тұр. Иісі танау қытықтап, тынысты ашады. Тау өрігінің қышқылтым жұпар әтірі болатынын бұрын сезбепті, тегі. Уыстап алып аузына апарғанын біледі.


— Сыртындағы шаңын жуып же, — депті апасы.


— Сүйегін жұтып қойма, қалтаңа жинай бер, өрік таусылған соң шағып жейсің, — деп дауыстапты көкесі.


Уылжып піскен тау өрігі тіл үйірген тәтті болады екен. Түске дейін үйге кіріп-шығып дорбаны орталағанын біледі. Кешке дейін үйге кіріп-шығып дорбаның түбі көрінгенін біледі. Бықырып ашыған бесті қымызды ауызға алған жоқ. Буы бұрқыраған жас етке қайрылғысы келмеді. Бұлақ басына бірнеше мәрте барып, тастай суынан қос уыстап шөл қандырып қайтты. Әйтеуір ұйқыға бас қояр алдында соңғы қалған екі өрікті жастығының астына тықты. Үй іргесінде өрік сүйегі үймек болып үйіліп қалды. Көкесіне алғыс айтуды ұмытыпты.


Ертесіне салдыр-гүлдір, дабыр-дұбыр дыбыстан оянып көзін ашса — ылдидан қымыз алып кетуге Бейсенбі арбакеш келіпті. Ылдида шөпшілер күнге қақталып қаталап шөлге ұрынды дейді. Қарықболмен ойнасын деп қызымды ертіп келдім дейді. Ақбата екеуі биыл үшіншіден төртіншіге көшкен.


Бейсенбі арбакештің аузында тыным болмайды. Ылдида жер жарғақша тырысып, жусан күйіп бітті дейді. Құдықтың суы жылдағыдан көп ортайған. Диқан шалдардың қауын-қарбызын аңызақ жел ұрып көтеріп кетті: ауылдың шаңы аспанға шығады.


Жарты қауақ сары қымызды жалғыз қатқан құртпен бір өзі тауыссын. Бой-бой болып терлесін. Әне-міне дегенше басы домалаңдап ұйықтап кетсін.


— Көкем шаршап жүр, — дейді Ақбата жылымшы үнмен. — Шөпшілердің шөлін қандырамын деумен әбден титықтады. Сөйлеп отырып ұйықтап кететін болып жүр. Арба айдап бара жатып ұйықтап қалмаса жарар деп апам уайымдайды.


Ақбатаның кісі қара болып үйіне қыдырып келгеніне Қарықбол қатты қуанды. Жастығының астына тығып қойған екі өріктің бірін берді. Даладан ағаш бұтайтын жаңғырық дөңбекті әкелді. Көкесінің қазық ұштайтын шаппа шотын алды.


— Өрік сүйегін шағамыз, — дейді Қарықбол. Жаңғырық пен шаппа шоттың шүйдесін оңтайлап. — Сен шағылған дәнді жинай бер, мен ұрып жара берейін.


Әуелгіде шоттың шүйдесін саусақ басындай шағын өрік сүйегіне дәл тигізе алмай біраз әуреленген. Бара-бара қолы үйренді. Сарт ұрып, шырт шағып аршылған дәнді Ақбатаның етегіне тастай берді. Әп-сәтте аппақ дән үйіліп қалды. Ең соңынан бөліп жейміз дескен. Осы мезет қорылдап ұйықтап жатқан арбакеш басын оқыс көтеріп алды. Жанары кіртиіп қалыпты.


— Ой, тоба-а-а-й, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тоқшылық заманда, қымыз бен ет тұрғанда жабайы өріктің дәнін шағып жеді деген не сұмдық! — деді.


Тағы да қауақтан қымыз құйып ішті. Терін сүртінді. Сосын: «Күн қайтқан соң жүремін», — деді де қылжия құлап заматында қор ете түсті. Оянуы қандай оқыс болса, ұйықтауы да сондай тез. Қарықбол кідіріп қалған шаппа шотын шошаңдатып жоғарылы-төмен сілтеді-ай. Әрі-беріден маңайын өрік сүйегі түгелдей жауып кетті. Шекесі шып-шып терлеп, көзінде ұсақ ұшқын ойнады. Арбакеш екінші мәрте оянған кезде барып бұлар барша өрік сүйегін шағып бітірген. Ақбата өрік дәнін сырлы зеренге салды, сүйекті сыртқа сыпырды. Қарықбол жаңғырық пен шаппа шотты бұрынғы орнына апарып қойды. Арбакеш тұрып арбаңдап барып қауақтан қымыз құйып ішті.


— Тықыр қымызды іше-іше тісім сақырлап кетті, әкеліңдерші, аузымның дәмін алайын, батамды берейін, — деп өрік дәніне қол созды. Көзі бұрыштанып, шаңыраққа аңтарылды.


— Тәтті екен, — дейді тамсанып.


Осы мезет бақырашты қарына іліп Қарықболдың апасы кірген. Ортайып қалған қауақты көріп басын шайқады, қатты таңырқады. Ыдыстарды салдыратып, шөпшілерге сусын қотара бастады.


— Келін, батамды берейін, құнан қымыздан жанторсығыма бөлектеп құйшы, флягтегі ашып кетеді, — дейді арбакеш.


Ши есіктен тазы тұмсығын қылтитты.


— Келін, Ақбатаны келер келгеніме дейін қалдырып кетемін, бас-көз бол, батамды беремін, — дейді.


Қарықбол мен Ақбата тізіліп сыртқа шыққан. Табан астындағы көк майса былқ-былқ етеді. Бастауы бар дөңгелек саз жарысып ойнауға әдейі жасалғандай еді. Сынықшы алақанындай майда самал есті. Екі бала құрақ ұшып құлдыраңдап жүгіре жөнелген. Алда Қарықбол, артта Ақбата желкілдейді. Шындап жүгірсе тазыға ілесе алатын Қарықбол бұл жолы оншалық шығандап қара үзіп кетпеді. Соңындағы жүзі ду-ду қызарып ентіккен Ақбатаға қайрыла берді. Жалтақтап келе жатып бұлақ ернеуінен домалап кете жаздапты. Көкесі кәусарға ат суарып тұр екен. Құлапәре шапқылаған бұларға көзінің итімен қарады.


— Малды үркітіп құр босқа шапқылағанша қысаңға барып шие теріп қайтсаңдаршы. Кеше көрдім, тау шие пісіпті.


Қаратаудың күнгей бетінде жабайы шие бұралып шығатын. Сәуірдің басында гүлін төгіп, шілдеге жетпей алқызыл шие тұнып пісетін. Үп еткен желден сау-сау төгіледі содан. Арқар, киік қозығасы жайылады, құс шоқып жейді. Әйтеуір табиғат несібесін еркін емізіктеп тауысып тынады. Шындығында-ау себепті-себепсіз далақтап жүгіре бергенше шиеге шығып қайтпас па.


Ертесіне таң алакеуімнен Қарықбол мен Ақбата буынып-түйініп жолға шықты. Қолдарында тамақ ораған түйіншек, шие теретін қауашақ құтысы бар. Күн қызғанша қолат-қолат қара адырға аяқ іліктірсе, түске дейін шие термекші. Аптап басылғанша тас көлеңкесінде отырып дамылдайды. Кешкі салқынмен ауылған қайтып келеді. Көкесінің құлаққа құйған жол сілтеуі осылай. «Қорықсаңдар итті ертіп алыңдар», — деген соң ақтөс тазыны кә-кә-кәлеп соңдарына ілестіре шықты. Көтерілген күн астында титімдей-титімдей болып екі бала қыр асып кете барды.


Иісшіл тазы әуелгіде аңға шықтым деп ойлады ма, арсалаңдап жүгіріп қыр асып құлдыраңдады-ай. Бірер мәрте алдарын кесіп құйғытып өтті. Ақырында ілесе шыққаны саятшыл кәнігі аңшы емес, тобанаяқ, қысқа адым балалар екенін білген соң мүттем тұмсығы салбырап түсіп кетті.


Енді салпаң құлағы қылжиып өнбес мимырт аяңға басты. Ит тұмсығымен емес, аузымен демалады деген рас екен; тілін салақтатып, бүйірін соғып болдырып қалды. Күн шекені шыжғыра түскен. Адырдың қыр арқасымен ирек сағым бұлыңдады.


Қарықбол ыстыққа шыдай алмай жейдесін шешіп қолына алған. Қалайы қауашақтың өзі қорғасын құйғандай зіл тартты. Бәтеңкесін шешіп жүруге шөңге мен қиыршық тастан қорқады. Біраздасын жалғызаяқ сүрлеу сұйылып қара шатқал ішіне сіңді. Екеуі де елсізде жалтақтап елегзи бастаған. Ақтөс тазы тұмсығын жерге салып түкті сезер емес. Ертіп шыққаны медет болды әйтеуір.


Қысаңның екі беті жалтыраған қара сұр қақпақыл тас. Өзекшеде шағын өзен ағып жатыр. Жарқабақта, тас арасында бұғынған аюдай дөңкиіп шие бұтасы қарауытады. Қасына тақалғаны сол, жанары боталап жүре бергені.


Мөлдіреген алқызыл шие бұтаққа сыймайды-ау, сыймайды. Біразын құс шоқыпты, біразы төгіліпті, сабақта самсап қалғанның өзі жетерлік.


Қарықбол қолын салып берген. Алақаны әп-сәтте толып шыға келді. Аузына талқанша құйды кеп, сөлді шырынын жұтты кеп.


— Ана шиені қарашы! — деді Ақбата қатты таңырқап саусағын шошайтып.


Әріде, дөңбек тастың күншуағына шыққан қалың шиені жаңа шалған. Оның қасында мына таңырқап тұрғандары әншейін-ақ ойыншық екен. Сүріне-қабына солай беттеген. Әлгінің шиесі мөлдіреген уақ болса, мұның жемісі қара қошқыл баданадай ірі, сүйекті. Қарықбол алғашқы уысын ауызға тоғытқаны сол — қапелімде шашалып қалды. Пырт-пырт жарылған сөлді шие таңдайға тепті. Тіл үйірер тәтті, әтір иісі танау қытықтайды. Саусақ басына қан қызыл бояу жұқты.


Бір мезетте Қарықбол шие арасынан басын көтеріп қарайды: алау күн арқаға ойысыпты. Жер дүниеге қою сөлі тамып тұрғандай.


Тағы бұрылып қарайды: Ақбатаның ерні шиеден еш аумайды.


Жаңа байқады: қыз қалайы қауашаққа уылжып піскен жемісті лықа толтырыпты.


Ақбата шие теріп жүрсе, бұл көкеңнің екі қолы дамылсыз аузына жүгіріпті. Ұялғанынан бұта арасынан бұғына берді.


— Бетіңе шиенің бояуы жұғып қалыпты, — дейді Ақбата. — Өңірің, иығың солайымен қып-қызыл. Өзенге барып жуынайық.


Бәсе-ау десіп домалаңдай жүгіріп ылдидағы өзенге түскен. Ақтөс тазы ағынға көсіліп жатып алыпты. Мөлдір ағыс қақ жарылып қаймақши ағады. Әредік су бетінен жалап-жалап алады. Қиыршық жағаға жете бере Қарықбол да етбеттей бас қойған.


Ақбата кідіртті.


— Тазының алдынан өтейік, ит жалаған су арам болады, — дейді.


Ақбатаның көкесі тым тақуа, соның үйреткені. Ақбатаның қашанғы әдеті — тәлім мен тәртіпке баулып бітеді. Ақбатаның қасына тақап кетсең-ақ, табалдырықты басып тұрма, үйді айналып жүгірме, үлкен кісінің алдын кеспе, басыңды табаққа салма, аузыңды ашып есінеме — бәрі арбакештің айтқандары. Әйтпесе екеуі түйдей құрдас, бұл неге сондай тәлім-тәртіпті есінде тұтып тұра алмайды? Ылғи көлеңкесін қуып үйді айналып жүгіргісі келеді, ылғи дастарқанның төріне қол созып бітеді.


Амал жоқ, ағыстың бас жағынан барып сусынын қандырған.


Түйіншекті шешіп ортаға шүберек жайып, нан турап, ірімшік төкті. Әшейінде қатып қалыпты деп қайрылып қарамайтын таба нан тіл үйіріп барады. Ірімшіктен де түк артылатын емес. Екі мәрте еңбектеп барып су ішіп оралды. Күн екіндіге ойысқан секілді. Қырат-кезең шұбалғыдай ширатылған сағымнан арылыпты. Әлдебір шықылықтаған ақ қанат құс дәп желкесіне қонып алып кетер емес.


— Көкем әнеукүні таудың арғы жағынан бір дорба өрік әкелген. Әттең атым жоқ, жол білмеймін, әйтпесе өрік теріп қайтар едік.


— Көкемнің арбасына мініп жол жүрген сондай қызық, — дейді Ақбата. — Шалқаңнан жатып қарасаң бұлттар қаптай жүзіп ілесіп келе жатқандай. Құстың нетүрлісі зеңгір көкте қанатын далпылдатып ұшып өтеді. Жол жиегі шырылдаған шекшек, шілделік, шегіртке. Түнде самсаған жұлдыз дәл бетіңе келіп төніп тұрғандай. Әттең көкем қалғып-мүлгіп соның бірін де байқамайды.


— Жаз бойы жайлауда қалсаңшы, Ақбата. Қосылып шие тереміз, құлын суарамыз, суға түсеміз.


— Апам үй шаруасына қолқабыс етесің деп рұқсат етпейді. Екі күнге әзер жіберген.


— Жалғыз үйге жайлау мүттем көңілсіз. Бес-алты кітаптың бәрін оқып шықтым, тоқты көп тартады деп көкем радионы сирек сөйлетеді. Ойнайтын бала жоқ. Кей-кейде ылдиға қашып кеткің келеді.


— Ылдида құжынаған машина, кілкіген шаң, — дейді Ақбата.


Қарықбол және еңбектеп барып қиыршық ернекке жата кетіп шөл басып қайтты. Соңғы барғанында байқады — өзен суы жылып кетіпті. Қарын шермиткені болмаса жарытып шөл қайтпады. Қайта терге малшынып, таңдайы кеуіп абыржи түсті. Таңқалғаны — Ақбата маңдайы жіпсіп бусанғаны болмаса еш әлектенетін емес. Бұлардың отырған жері ұйысқан долана ағашының көлеңкесі еді: сона ма, шіркей ме, қаптай ұшып мазаны алып барады. Ақыр соңында үсті-бастарын сабалап тұрып кетті.


Қарықбол ойлаған: бір құты шиеміз бар, жолазықты жеп бітірдік, енді үйге қайтатын шығармыз деп.


Ақбата тамақтан босаған орамалға шие түйіп алайық дегенді айтты.


Тағы да алқызыл маржанға алақан тосып, ауыз толтырды. Әп-сәтте орамалға қанқызыл бояу сіңді. Және де Ақбатаның ақ сүйрік саусақтары лып-лып етіп, бұта-бұтаны қуалай жылжыды. Бейне шиені айнала қалықтап ойнаған ақ көбелек секілді. Жасыл жапырақ арасынан ақ көбелек ұшып шықты. Ақтөс тазы тұмсық тастың арғы жағынан барқылдай үрді. Бұл екеуі бұта арасынан үдеріп шықты.


— Қайтайық, — деді Ақбата. Көзінде үрей. Қауашақ құтыны Қарықболға берді, шие түйген орамалды өзі алды. Жылымшы өзеннен шалпылдатып кешіп өтті.


Шындығында күн тау бөктеріне еңкейіп қалыпты. Қарсы қабаққа шыққан мезетте үйіріліп тұрып кәкәкәлеп тазыны шақырды. Әуелгіде еш дыбыс болмаған. Қаракөлеңке тартып қушиып бара жатқан тау ішінен әлдебір айдаһар жұтып қойғандай ма. Заңғар құздан ызым-ғайып құлағандай ма.


Сәлден соң жақпар тазы құлаперен атқып шықты. Үсті-басы малмандай, әлдене жығып салып балшыққа аунатқандай, өлесі ғып талағандай. Сол құлағының ұшы тілініпті. Әлсін-әлі қыңсылап басын екшей береді.


— Күшім-күшім, — деп Ақбата тазының шекесінен сипады.


— Тіміксіп жүріп мәліннің ініне бас сұққан ғой, өзіне де обал жоқ, — дейді Қарықбол.


Қаратаудың мәліні қарсақ секілді азулы жыртқыш келеді. Інін тайыз қазады. Күндіз мекенінде ұйықтап жатады да, жортуылға түнде шығады. Кісіге залалсыз, әйтсе де үй қояны, тауық секілді мақұлықтарды ұрлауға машық.


Сол мұндармен айқасып келген аңшы иттың сиқы мынау. Күн қайтқан соң жүріс те жеңілдеді. Сұйық сүрлеудің шаңын бұрқ-бұрқ көтеріп жазықтан өтіп, қайқаңға көтерілгенде алыстан дөңгелек саз көгерді. Саз ортасында жылқышының жалғыз үйі. Қарықболдың көкесі бұлардың кешігуінен секем алды ма, бергі беттегі шошаққа шығып батысқа күн сала қарап тұр екен. Іркіс-тіркіс қырға тырмысқан үш қараны шалды да үйге қарай адымдады. Ақтөс тазы тұмсығын көкке іліп, жын қуғандай алқын-жұлқын құйғыта жөнелді.


Тазыдан әшейінде Қарықбол да қалыспас еді. Табаны қолдырап, саны сырқырап аттап басудың өзі мұң болып келе жатқан. Ілдалдалап тотияйындай көкшіл саздың жиегіне іліккен.


Алдарынан аттылы көкесі шықты.


Беті бал-бұл жанып әлсіреген Ақбатаны еңкейіп жерден іліп алдына мінгізді, Қарықболдың қолынан қалайы қауашақты алды. Шымдақты дүңкілдетіп ілгері озған. Табанына қатқыл жусан батып кібіртіктеп келе жатқан Қарықбол мақта басқандай болды. Былқылдаған шымдақпен жүру рақаттың рақаты енді.


Қарықбол жаудың бетін қайтарып келген батырдай үйге талтаңдай басып енгені сол, апасы бәйек болып айналып-толғанды-ай, «Тау асып, тас басып келген дәуім», — дейді. «Күнсіп шәукиіп жүдеп кетіпсің», — дейді. «Шымға батырып қойған қауақтан салқын қымыз іше ғой», — дейді. Бұрын бұл көкең мақтаған сайын ісініп қомпия беретін, мәпелеген сайын шіреніп шалқая түсетін. Неге екені белгісіз, бұл жолы қыз алдында төменшік тартып ұяла берді.


Апасы мен көкесі кешкі шайды Қаратаудың уылжып піскен сөлді шиесімен ішті.


Қарықбол бүгін де әдеттегідей ию-қию түс көремін деп ойлаған: таңқалғаны — тастай қатып ұйықтапты.


Арба үстінде тау шиесіндей мөлдіреген Ақбатаны ертесіне қыр асқанша қол бұлғап шығарып салған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу