14.08.2021
  499


Автор: Дүкенбай Досжан

Құм жұтқан қалалар

ЕЖЕЛГІ ОТЫРАР


(ОТЫРАР МЕМЛЕКЕТІ)


(зерттеу)


Ежелгі Отырар — сан қилы қалалардың басын қосқан: бір жағы Яксарты (Сырдария), екінші жағы Харчук (Қаратау) деп аталатын үлкен аймақты алып жататын, қазіргі қазақ халқының ертедегі ата-бабаларының әйгілі мемлекеті.


Бұл мемлекет біздің дәуірімізге дейін V—IV ғасырлар шамасында пайда болды. Ол дәуір өткен сайын іргелі елге айналып, қалыптаса берді. Әрине, тарихшылар қазақ халқының ертедегі ата-бабалары жөнінде әртүрлі болжаммен жазды, оларды әр түрде атады. Мысалы, ертедегі скиф, одан бергі оғуз, одан бергі куман ,сақ, қыпшақ деген атаулардың баршасы — осы орта үстіртті жайлаған біздің бабаларымыз. Қазіргі кезде бұл— бәрімізге аян. Ендігі сөз сол мемлекеттің пайда болу, дәуірлеу төңірегінде болмақ.


Жері бай, топырағы құнарлы, суы мол, ауа райы жұмсақ Яксарты, Харчук өлкелері ежелгі қыпшақтардың қонысына айналған. Міне, осы әйгілі қонысты бұдан былай, жалпы атпен «Отырар мемлекеті» немесе «Ежелгі Отырар» деп аламыз. Отырар мемлекеті өз дәуірінде ең іргелі, ең мықты ел болды. Батыстан оңтүстікке, оңтүстіктен шығысқа қарай созылып жатқан «Жібек жолы» осы Отырардың үстінен өтетін. Сауда-саттық, жері құнарлы мекен қыпшақтардың мәдениетін тез өсірді. Қыпшақтар егін егумен шұғылданды, қалалар салды.


Біз Отырар мемлекеті жайында сонау араб тарихшыларының деректерінен ғана тереңірек білеміз. Арабтардың келуіне дейін бұл мемлекет жайлы жазылған мәліметтер мүлде жоқтың қасы еді.


Өзі бай, өзі әйгілі елге жау көзі қашан да болса түскіш келеді. Сондықтан да араб халифалары бұл елге көптеген жорықтар жасайды. Талай тарихшы, талай жансыздарын жіберіп зерттетеді. Әйтсе де олар қыпшақтарды қылыш күшімен ғасырлар бойы бағындыра алмады. Бұл жөнінде қазақ фольклорында не қилы шежіре, қиссалар айтылған. Жоғарыдағыларға қосымша айта кететін бір жай, Отырар мемлекеті ертедегі тарихи мәліметтерде көп уақыт бойы «Осрушна» деп аталып келді. Мемлекеттің осылайша аталуы кезінде біраз зерттеушілерді де әуре-сарсаңға салып, шатастырды. Әйгілі шығыс зерттеушісі, академик В. В. Бартольд, зерттеуші И. Кастанье сынды ғалымдар бұл туралы әр түрлі жорамалдар жасады. Олар «Осрушнаны» қазіргі Самарқан маңындағы Шахристан, не Ұратөбедегі қалалардың қалдықтары дегенге саяды. Сонымен қатар олар «Осрушнаны» мемлекет деп қарамай, жалғыз-жарым қаланың аты деп түсіндіріп келді.


Қатты күдік тудыратын жәйт, екі зерттеуші де әркімдердің айтуы бойынша жорамал жасаған. Аңызға көп сүйенген. Мысалы, Кастанье былай дейді: «Бабыр сұлтан «Усрушна» дегенді Ұратөбенің алғашқы аты деді». Мұнда «Осрушна» «Усрушна» болып бұрмаланып айтылған. Академик Бартольд: «Пянджикент қаласының төменгі жағындағы қалдықтарды қарастыра келіп, Осрушнаны Шахристанға мейлінше ұқсаттым» дейді. Бұл болжамға кезінде И. Кастанье қарсы шығып, өзінше бірнеше дәлелдер ұсынған болатын.


Байқасаңыз, екі зерттеуші де бір-біріне мүлде кереғар, екі түрлі жорамал жасайды. Бірі Ұратөбеге, бірі Шахристанға сілтейді... Жер бедеріне қарап және жұрттың айтқанынан ғана қорытынды жасап, анықтама беру, әрине, ғылыми жағынан дәлдікке жеткізбеуі мүмкін. Сонан соң аталған екі ғалымның да ешқандай қазба жұмысын жүргізе алмағандығын ескерген жөн. Сонымен қатар қазіргі кездегі ғалымдар арасында да әр түрлі түсінік, пайымдаулар бар екенін еске алсақ, ғылым жолында пікірлер алшақтығы болуы заңды нәрсе. Осы тұрғыдан алып, оқушы назарына бірсыпыра ғалым зерттеушілердің пікірлерін ұсынуды жөн көрдік.


Біз енді көне тарихшыларға жүгініп көрелік. Шежірелер қандай сыр шертеді екен... Міне, алдымызда араб географтарының еңбектерінен үзінді — аудармалар жатыр. Онда неше түрлі жорамал пікірлер бар. Бұл географтардың бірі Ибн-Хаукаль былай деп жазады: «Осрушна деген де Соғда сынды елдің аты. Бұл, ең бастысы таулы өлке. Оның шығысы Ферғана, батысы Самарқан аймағымен, солтүстігі Шаш және басқа қалалармен, оңтүстігі Кеш және Сағаниана (Соғда, Д. Д.) елдерімен шектесіп жатады. Бұл өлкеде бізге аты белгісіз қалалар көп».


Ал Ахмад аль-Катиб былай дейді: «Осрушна Самарқанның шығысында, одан бес күншілік жерде. Бұл, етек-жеңі кең, іргелі ел. Онда ұзын саны 400-ге жуық қорғандар және түрлі үлкен қалалар бар. Шиблійах (Шахристан) осы қалалардың бірі».


Атвал өлшемі бойынша Осрушна 90° ендік пен 40° бойлықтың арасында жатады; Расма өлшемі бойынша 91°—10' ендік пен 36°40 бойлықтың арасында; Ханун өлшемі бойынша 89° —30' ендік пен 39°30' бойлықтың арасында, бесінші маусымда (белдікте) жатады. Осрушна — Самарқанның арғы жағында Яксарты бойына орналасқан Трансоксианияның бір астанасы».


Ансаб Саманидің жазуы бойынша: «Осрушна Самарқанның арғы жағында, Яксарты жағасына орнаған үлкен қала». «Осрушна қияндағы ең үлкен қаланың аты» деп түйеді, Азизи деген географ.


Ертедегі карталарға қарап отырсақ, жоғарыда Ибн-Хаукаль айтқандай, Осрушнаның таулы, далалы өлкеде жатқанын оңай аңғаруға болады. Қаратау мен Сайрам тауы міне, солар. Бұл арада Ахмад аль-Катибтің айтқанындай, Яксартыны (Сырдарияны) бойлай қалалар салғаны да айдан айқын. Араб географы атын атай алмаған ежелгі қалалардың санатына Испиджаб (Сайрам), Ақтөбе, Отырар, Бабаата, Сауран, Шабғар (Түркістанның ескі аты) қалаларын да жатқызуға болады.


Бір шеті Қаратауға, екінші шеті Сырдарияға жетіп, созылып жатқан үлкен үстірт, топырағы құнарлы бай өлкені шынында да Соғда елімен қатар қоюға тұрады. Ол жөнінде ежелгі араб тарихшылары да ауыздарынан суы құрып әңгімелеп, айтып кеткен.


Отырар өлкесінің әлемге аты әйгілі үлкен ел, білім өнерлі орта, мәдениет ошағы, ғылым ордасы болғанын дәлелдей түсу үшін Н. П. Остроумовтың, Н. С. Лыкошиннің, В. А. Каллаурдың, А. К. Кларенің, В. В. Бартольдтің еңбектеріне жүгінеміз.


Бұл еңбектер өздерінің ғылыми дәлелділігі жағынан көп жағдайда күмәнді болса да, Отырардың арғы-бергі тарихынан біршама мағлұматтар бере алады. Бұдан соң біз осы өлкенің табиғатын, қазбаларын, этнографиясын талдау арқылы да көп нәрсені аңғарамыз. Ал қазіргі Шымкент пен Қызылорда облыстарының көнекөз қариялары еткен заманнан елес беретін не қилы қиссаларды жатқа біледі. Осы орайда Арыстанбаб, Ерқоян, Түкті Әзиз, Жылаған ата жайлы айтылып жүрген жырлар, әңгімелер бізге сарқылмас бай материалдар беріп, талас мәселелер жөнінде нақтылы ғылыми тұжырымға келуге септігін тигізуі ықтимал. Демек, ондай аңыз-әңгімелерді жинастырып, талдау жасау да кезегін күтіп тұрған мәселелердің бірі.


Отырар жайлы ел арасында күні бүгінге дейін қызық та маңызды әңгімелер айтылып жүр. Мысалға, Шабғар мен Испиджаб (Сайрам) қаласының арасын қосып жатқан жерасты жолы болған. Бұл жолдар жаугершілігі көп V—IX ғасырлар арасында салынған болар деп жорамалдаймыз. Осы жерасты жолдарымен кезінде қолбасшы, әмірші датқа, жаушы сынды адамдар жасырынып өтіп жүрген. Жерасты жолы жайлы сайрамдық ежелгі ақын Ахмет Яссауи де жазып қалдырған.


Тағы бір батыл жорамалды академик Марғұлан жасап жүр. «Көне заманда Ясы (Түркістан) мен Сайрамның, Сайрам мен Шаштың (Ташкент) аралығын басып жатқан жерасты жолы болған деседі жұрт. Жерасты жолына түсетін үңгірдің аузы ескі Сайрамда қазірге дейін сақталған. Ондағы ескі мешіттің іргесінде жер астына апаратын тас басқыштар әлі бар».


Міне, осындай жерасты жолының өзі үлкен жетістіктің озық мәдениеттің бір куәсі. Демек, оны жүзеге асырушылар — құрылыс ісін, есептеу ғылымын жетік білетін жандар болғанын аңғартады. Отырар қаласында болған әйгілі Күмбез Сарай, Түркістандағы Ахмет Яссауидің мавзолейі, Айша бибінің мавзолейі, Сығанақтағы теңге соғатын сарайлар — өз дәуірінде көргенді таң қалдырып, әйгілі болған халың мәдениеті дәрежесінің көріністері. Аталған құрылыстардың көбі 1219 жылғы монғол шапқыншылығы кезінде қирап, бүлінген. Қалғандары уақыт сынына төтеп бере алмай, тозып біткен.


Жақын арада қазба жұмыстарының нәтижесінде ғалымдар әлемін елең еткізген оқиға болды. Қазу жұмысы кезінде Соғда қаласының қалдығы, қала қабырғаларындағы әшекей суреттер табылды. Егер экспедиция шығарып, археологиялық қазба жұмысын жүргізеді. дәл осындай таңғажайып әшекей суреттер, не қилы сырлар Отырар қаласының орнынан да табылған болар еді. Әйтсе де әлі күнге дейін ол жайлы айтылған бір-екі топшылауларға, жоғарыда аты аталған авторлардың тиіп-қашты пікірлеріне ғана қанағат тұтып көреміз.


Уақыт озған сайын Отырар мемлекетінің де аты көмескілене берді. Онда мекендеген озық мәдениетті халықтың атын зерттеушілер сан-саққа жүгіртіп атады, көп жағдайда оқушыларға күңгірт көрсетті. «Көшпелілер» деген жамау жапсырылды. Тіпті тарихшылардың өздері де осы Отырар өлкесін мекендеген біртұтас қыпшақ сақ жұртын сан құбылтып атады. Мысалы, ежелгі сақ, скиф, оғуз, қараханид, түзем, одан бергі жік-жік жүзге, ру-руға бөлініп кеткендер баршасы біздің ата-бабаларымыз, қазақтар еді. Тарихи деректердің жете зерттелмеуі салдарынан және кейбір тарихшылардың Отырар мемлекетін мекендеген халықтың атын әр түрлі атауынан едәуір дәрежеде мәдениетті болған бұл дәуір өз бет-бейнесін әлі айқын таныта алмай келеді.


Алайда, соңғы кездері ежелгі Отырар мемлекетін жалпы алып, зерттеу нышаны байқалып жүр. Әрине, бұл қуанарлық, құптарлық бастама. Тап осылай зерттеу бізді — Отырар десе, «ә, әлгі бір монғолдар қиратқан қала болар» деп қоя салмай, оны салиқалы ел, іргелі мемлекет деп қарап, түсінуге мегзейді.


Қазақ ССР Ғылым академиясының тарих, археология және этнография институты Отырарды жүйелей зерттеуді мақсат етіп, 1948 жылы арнайы экспедиция шығарды. Экспедицияны белгілі тарихшы Бернштам басқарды.


Бернштам осы сапарында 1350 километр жол жүріп, бес ірі қаланы, 11 қорғанды, мекен-жайды, 47 кентті (шағын қалаларды) көріп, оларды картаға түсіріп қайтты. Олардың қазіргі орнын, қираған қалдықтарын анықтады. Суреттеп жазды. Сырттай мөлшерлеп, кептеген қалалардың планын жасады. Бұлардың ішінде Сауран, Сайрам, Сүткент сияқты Отырардың қостығында жатқан үлкен қалалар бар. Бірақ зерттеуші, бұл қалаларды жоғарыда айтқандай, сырт екі ғана суреттеп жазды. Оның архитектурасы, этнографиясы жөніндегі мәселеге батыл араласып, сырын ашып пікір айта алмады. Сондықтан да бұл қалалар жайындағы егжей-тегжейлі мағлұмат оқушыларымызға жеткен жоқ.


Сауран қаласы Отырардың солтүстігіндегі темір жол бойында, қазіргі Сауран станциясының маңында. Қала дүниеге IX ғасырда келген. Алғашқыда Отырар датқасы бұл қаланы шекараға, қыпшақ қалалары мен көшпелі қыпшақ хандарының шекарасына әдейі салғызған. Қалада үнемі қол (әскер) тұрған. Онда келісімдер де жүргізілетін болған. Оның үстіне Сауран арқылы «Жібек жолы» ететін. Бұл жағдай оның сауда-саттыққа, алыс-беріске араласып, өркендеп, өсуіне жан-жақты ықпал жасады.


Қаланы алты мұнаралы үлкен қорған қоршап тұрған екен. Қорған саз балшықтан, кей жері күйдірген қыштан өріліпті. Әр мұнарада қарауыл қарайтын күмбез жауға оқ ататын тесіктер бар. Бұған қарай отырып Сауран қаласының негізгі міндеті — ел күзету, басқыншы жауға бірінші тосқауыл болу екенін байқаймыз.


Қорған төрт бұрышты етіп салынған екен. Қалаға кірер қақпа мен шығар қақпа бір-біріне тұспа-тұс орнатылған. Оңтүстік шығыстан солтүстік батысқа көлбеу жатыр. Тосын көзге бірден шалынатын нәрсе — қала халқының өте тығыз отырғанға ұқсайтындығы. Өйткені белдеу-белдеу, қатпар-қатпар болып жатқан ширақ үйінділері бұрынғы үйлерді, дуалдарды көз алдыңа елестетеді. Сонымен қатар ескі қару-жарақ, қыш құмыра, т. б. үй ыдыстарынан аяқ алып жүргісіз, сәл қазып көрсеңіз — бірі болмаса, бірі шыға келеді. Қаланы 1219 жылы Жошыхан қиратқанымен, Сауран XV ғасырдың аяғына дейін өмір сүрген.


Мұндай қалалардың пайда болуының, әрі нығаюының мәнін айта келіп, Ф. Энгельс былай деп жазды: «Бекініс орнатылған жаңа қалаларды айбарлы қорғандардың айнала қоршап тұрғаны тегін нәрсе емес: олардың төңірегіндегі ор апандардан ру басшыларының моласы көрінеді, ал олардың мұнаралары қазірдің өзінде-ақ цивилизацияға тиіп тұр».


Сүткент қаласын тарихшылар монғол шапқыншылығына байланысты атай бастады. Қала бір кезде қыпшақ қолбасшылары мен ру басшыларының мекені болған. Қолтығынан Сырдария өзені ағып жатады. Айналасы ну тоғай. Сүткенттің архитектурасы да таңғажайып, кілең ақ тастан салынған, қай шетіне үңілсең де сәндіктің, байлықтың, салтанаттың белгісі көзге түсіп тұрады. Ол жөнінде ақын Ахмет Яссауи былай деп жазған:


Сайрам, Сүткент салтанаты


Кезбелерді қайран еткен,


Жанға рахат жер жаннаты


Бекзадалар жайлап өткен.


Осы бір өлең жолдарынан Сайрам мен Сүткенттің бұл қалаларды басып өткен жолаушыларды таңдандырған, қыпшақ қолбасшыларының сүйікті орны болғанын аңғарамыз. Қаланың солтүстік-шығысында оның қосымша рабадасы (қаланың қосымша бөлшектері) орналасқан. Қақпа осы жағынан ашылған тәрізді. Өйткені, қазіргі үйіндінің су көп мүжіп, жар болып кеткен жағы осы.


Сүткенттен табылған ыдыс-аяқтар байлар, сарай маңындағылар ұстайтын ыдыстар тәрізді, нәзік, өрнегі әсем болып келеді. Осы қала орнынан құмырсқа бел етіп әшекейлі өрнек салған саз құмыраларды жергілікті тұрғындар көп тапқан. Сүткенттің орнында қалған қазіргі үйіндінің үстіне шыққан кісінің көзіне — ортасы жайпақ айналасы бұдыр-бұдыр қыш қорған қоршаған тап-тұйнақтай ақ қала бірден түседі. Қала орнынан табылған керамикалық заттардың өте ертеректе, тіпті арабтар келмей тұрғанда жасалғаны байқалады. Сондай-ақ Сүткенттің қашаннан бері, қай кезден өлі қалаға айналғаны да белгісіз.


Отырар өлкесінен шыққан атақты ғалымдардың бізге белгілісі — Ғаббас әл-Жауһари мен Исмаил әл-Жауһари, Әбунасыр Фараби (Отырари).


Ғаббас әл-Жауһари математик, әрі астроном болған. Алғашқы білімді Отырардан алған. IX ғасырда өмір сүрген. Оның ең негізгі еңбектерінің бірі «Евклидтің «Негіздерін» кемелдендіру» деп аталатын кітабы. Бұл кітапша талай ғалым шешімін таппай, дәлелдей алмай дал болған 5-ші постулатты талдайды. Ғаббас әл-Жауһаридің бұл еңбегін кезінде Николай Лобачевский де пайдаланған.


Ғаббастың жұлдыздар қозғалысы, олардың ара қашықтығы жайлы жазған дәлелдемелері бар деседі. Бірақ бұл еңбеккер жөніндегі басқа деректер бізге онша мәлім емес.


Исмаил әл-ЖауҺари де Ғаббаспен тұстас өмір сүрген адам. Ол арабтың көптеген қалаларын аралап, көптеген елдерде оқиды, білім алады. Араб тілін өз ана тіліндей білетін болады. Оның есімін жұртқа танытқан да сол тіл жайлы еңбегі еді. Исмаилдың араб тілінде жазған «Тілді түзету кітабы» кезінде классикалық араб тілінің дамуына елеулі үлес болып қосылады. Ол күні кешеге дейін араб лингвистерінің қолынан түспейтін құрал болып келді. Исмаилдың да өмірі жайлы деректер мүлде жоқтың қасы. Оның тек, 1002 жылы туған жері Отырарға келіп дүние салғанын ғана білеміз.


Көне шежірелерге үңіліп, араб тарихшыларын оқыған сайын ежелгі Отырар өлкесінің әйгілі жандарымен таныса түсеміз. Олардың ұмытылып, ескерусіз қалып бара жатқан ізін басамыз. Сонда бір қызығы, жоғарыда есімі аталған ғалымдардың еңбегі тілден-тілге аударылып, қолдан-қолға көшіп жүретінін байқаймыз. Бірақ, сол еңбектің авторлары жайлы ләм-мим деп ауыздарын ашпайды. Айта қалса да бұрмалап, жорамалдап жеткізеді. Міне, осының салдарынан қазақ оқушылары өз жерінде туып-өскен, елінің мерейін өсірген аяулы бабаларын біле бермейді.


Отырар өлкесі өзінше тіршілік-қаракеті, өзінше тарихы бар шежіре кітаппен тең. Оның жер қатпарын қазып қараған сайын сан ғасырлық сыры ашыла береді. Ата-бабаларымыздың сан ғасырлық өмірі бұл өңірге талай тамаша іздер қалдырғанына көзіміз жетеді. Оған дәлел, мәселен, тек Отырар ойпатының өзінде ғана қырыққа жуық құрылыс орындары кездеседі, бірақ олардың көбі кейін қазылған каналдар мен жер жыртылғанда жойылып кеткен. Соның өзінде Жер ананың төсінен атқан вулкандар тәрізді көп қалашықтар көз алдымызға ерте дүние тарихын әкеледі. Ондағы «Көкмардан», «Алпауыт», «Оксус», «Тоқырау» сынды жер аттары бізді әлде қайда алысқа тартады. Бұл атаулар ерте дүние авторлары Птолемей, Плиний жазбаларында кездеседі.


Ежелгі қыпшақ цивилизациясының қалдықтарын зерттеген А. Н. Бернштам былай дейді: «Отырар шығыстағы ортағасырлық керуен жолын біріктіріп қана қойған жоқ, көшпелі халықтың отырықшылыққа айналуының айқын куәсі болды. Бұл жерді қазақ халқының ежелгі тегі мекен еткен. Отырар оазисінің қазіргі таңда тарихшыларды толғантып жүргені де осыдан».


ОТЫРАР


Біздің дәуірімізге дейінгі 328 жылдың жазында қыпшақтар жайлаған кең өлкеге Александр Македонский жеткен еді. Жиһангер қолбасшы оң қолын жоғары көтерді. Тау суындай тынымсыз сарқырап, жер-жиһанды жайпап келе жатқан мың сан қол қалт тұра қалды. Жиырма сегіз жасар жиһанкез қолбасшының өткір көзі алысқа қадалып, сонадайда бұлдырап сағым ойнап жатқан Яксарты (Сырдария) бойын шолды. Одан әрі қарауытып Қаратау көрінеді. Меңіреу, үн-түнсіз жатқан құла дүз. Қияннан кішігірім қалашықтар көрінеді. Бірақ олардың күмбездері көкті шаншып, қорғандары жауды тайқытып тұрған жоқ. Оның ар жағында жапан дала, жадау өлке, құба жон.


Осынау кең даланың төсін жайлаған көшпелі сақтар (қыпшақтардың арғы атасын осылай атаған) туа біткен жауынгер, атқа мықты, жебедей ұшқыр жандар екен. Яксартының жағасында Александр қолы қонған бірінші күні-ақ әлгілер тұс-тұстан андыздап ат қойды. Кәнігі сарбаздар орындарынан атқып тұрып аттарына жетем дегенше зырқырап тиген жебелер талайын алып түсіп жатты. Көшпелі сақтардың оларды қатты шошытқаны: қашан да тұтқиылдан тиіседі, шеп құрып тіресіп ұрыспайды, қолдың етек-жеңін жұлмалап, жұлып соғысады екен. Бүйте берсе, найзасы мұқалмай, жұтамай келе жатқан Александрдың қаһарлы қолы тозып кететін түрі бар. Бүйте берсе, осы даланың төсінде қаптай өрген сақтардың жемі болып құритын сыңайы бар.


Александр Македонский әрі қарай барғысы келмеді. Ат басын кейін бұрды. Тұтасқан шаң, жер-көкті сілкілеген дүбір көпке дейін басылмай, кең даланы, оның төсіндегі Фараб (Отырар) қаласын да дірілдетіп тұрды.


Отырар қаласының орнында ең алғашқы қоныс біздің заманымызға дейінгі IV ғасырда пайда болған еді. Алғашында Отырар қаласын Фараб деп атады.


Фараб дегеннің өзі— «парық», «парасат» деген қазақтың көне сөздерінен, сол сөздердің бірігуінен шығуы ықтимал. «Парық», «парасат» қазақтардың төл сөзі екенін, оның ежелден қолданылып келе жатқанын тіл мамандары да теріске шығармайды. Ал ерте кезде оқыған, ғұлама кісілерді де осылай атағанын, тіпті бертін келе олардың тұрған қонысын да «парық» не «парасат» деп атап кеткенін ескеретін болсақ, қаланың фараб аталуы әбден ықтимал еді. Сөйтіп, Арыс өзенінің Сырдария өзеніне құя беріс жиегіне орнаған осы қаланы оқыған, ғұлама ғалымдар, өнерлілер мекен еткендіктен Фараб деп атап кеткен.


Фараб қаласы тарихта тұңғыш рет IX ғасырдың басында атала бастады. Араб тарихшылары, саяхатшылары өздерінің жазған жылнамаларында «Фараб қаласы қазір араб халифінің ең күшті жауларының бірі. Ол күн санап өсіп, нығайып келеді», деп қауіпте не жазған еді. Қаланың күн санап өсіп, өркендеп, мәдениетті сауда орталығына айналып келе жатқанын олар қызғана, қызыға жазды. Уақыт зымырап өте берді. Фараб қаласы араб халифаларының қорыққанын қай дәрежеге жетті. Сәнді сәулет, үлкен байлық қосыла берді.


Фараб қаласы бертін келе Отырар аталды. Отырардың тез өсіп, гүлденуіне ең алдымен жағдай туғызған батыстан шығысқа созылып жатқан «Жібек жолы» атты ұлы керуен жолы еді. Бұл керуен жолы Шығыс Европа, Орта Азия, Монғолия, Қытай саудагерлерінің сан ғасырлар бойы өтіп жататын қатынас жолына айналды. Мың сан керуен осы жол арқылы шеру тартып Шығыс пен Батыстың арасын жалғастырып жататын қала орналасқан жер де аса құнарлы болатын.


Бұл жердің табиғат жағдайы жақсы — жылы-жұмсақ көктемі мен жазында көкорай шалғын, шөбі шүйгін болады. Оң қанатында Сырдың ұшан-теңіз қопасы түстігінде Қаратау тұрды. Кең сахараның төсінде, тамылжып нұрын төккен күн астында Отырар өз дәуірін бастады.


Отырарда үлкен медіресе, базар, ұстахана, гүртха (шығыс қалаларында шарап ішетін орын), монша мешіт, мавзолей, сауда дүкендері, тағы басқа мекен жайлар болды. Отырарда халық саны да күн санап өсе берді. Ол — қыпшақтардың сауда-саттық жасайтын, оқып білім алатын қара шаңырағына айналды.


Шығыстың екінші Аристотелі атанған әйгілі философ, математик, музыкант Мұхаммед бен Тархан Әбу насыр әл-Фараби осы қалада 870 жылы дүниеге келді.


Бір айта кететін нәрсе, Отырар қаласының маңында Орта жүзден шыққан Тарақты руы мекен еткені мәлім. Қазірдің өзінде осы ру Түркістан қаласының маңында тұрады. Әйгілі ғалым Фарабидің Тархан деген қосымша есімі осы ру атына байланысты шығуы әбден ықтимал.


Әбунасыр өзінің балалық шағын Отырардың шаңдақ көшесінде өткізді. Алғашқы білімді де осы қалада алды. Ер жетті. Әлемге әйгілі «Уақыт», «Кеңістік», Субстанция» атты философиялық трактаттарын отырып жазды. Ол жоғары білімді Бағдат қаласында алды. Аристотель еңбектерінің аудармасымен жете танысу үшін Дамаск, Харран қалаларын аралады. Оның ұзақ жылдық өмірі ел кезіп, білім өнер қуумен өтті.


Әбунасыр Фараби еңбектерінің ең шоқтығы биік, елеулісі «Аристотель еңбектеріне түсіндірме» деп аталады. Бұл «Түсіндірмеде» автор Аристотельдің «Метафизика», «Логика», тағы басқа да көптеген еңбектеріне ғылыми талдау жасайды. Философиялық ойлардың негізгі мәнін түсіндіреді. Сол кездегі ғылымдар негізгі философиядан тұратын болса, сол ой ғылымын енді нақтылы жеке ғылымдарға бөліп қарау ең алғаш Аристотельден басталғаны мәлім. Бірақ осы бастама пікірді ол кезде ешкім түсініп, өмірге байланыстырып әкете алған жоқ.


Аристотельдің еңбектері өте терең мағыналы екенін былай қойғанда, жаңағы айтқандай, ой ғылымымен нақты ғылымдарға кешу процесін Әбунасыр «Түсіндірмесінен» білеміз. Отырарлық ғалымның еңбегінің маңызды болғандығы сонша, сол кездегі ғалымдар — ақыл-ой иелері «Түсіндірмеден» көп нәр алып, үйреніп отырған.


Орта Азиядан шыққан әйгілі дәрігер Ибн Сина өзінің өмірбаянында былай деп жазады: «Бағдатта оқып жүрген кезім еді. Аристотель еңбектеріне түсінбей-ақ қойдым. Бір күні көше аралап келе жатсам, ескі кітаптар сатып тұрған дәруішке ұшыраса кеттім. Әлгінің кітаптарының ішінде «Аристотель еңбектеріне түсіндірме» деген Әбунасыр Фарабидің кітабы бар екен. Қалтамдағы қалған ең соңғы тиындарымды қағып беріп, сол кітапты сатып алдым. Бас көтермей оқып шықтым. Сонда ғана Аристотель еңбектерін егжей-тегжейлі түсіндім, оның терең мәнін ұқтым».


Әбунасыр Фарабидің тағы бір елеулі еңбегі «Музыка негіздері» деп аталатын кітабы болып табылады. Терең ойлы ғалым бұл шығармасында тұңғыш рет «музыка сауаты» жайлы сыр шертеді. Содан барып нотаны ойлап тапты. Ән-әуендерді қағаз бетіне (нотаға) түсіру Әбунасыр еңбегінде алғаш рет жүзеге асты. Ол бұл еңбекте әуен сырларын, музыкалық құбылыстарды талдайды. Түрлі аспаптарда (қобыз, дутар, домбыра, саз) ойнау тәсілін жазады.


Әбунасыр Фарабидің кітабы XX ғасырға дейін дүние жүзілік музыка мектептерінде оқулық болып келді. Бұл еңбек қазіргі кезде де өзінің терең мәнімен, бай қиялымен ойнақы тілімен сан зерттеушіні қызықтыруда.


Аталған еңбектер ұлы ғалым Әбунасырдың қаламынан шыққан негізгі шығармалар ғана. Ал ол, өз өмірінде жалпы саны жүзден артың еңбектер жазды. Бұл еңбектердің бірсыпырасы жоғалып кеткен. Қалғандары әр түрлі кездерде шыққан жинақтарда жарияланып жүр. Ал олардың ішінде автор есімінің әрқилы жазылғандары да бар.


Отырардан шыққан ғажайып ғалым, ғұлама Әбунасыр Фараби 950 жылы 80 жасында жат жерде дүние салды. Бұл шақта Отырар өзінің дәуірлеу кезеңіне келген еді. Шығыс Европа мен Шығыс Азияны жалғастыратын «Жібек жолы» қала үстін басып, үздіксіз ағылып өтіп жатты. Қала үлкен қыш дуалмен қоршаулы болатын. Оның бес жағынан қақпа ашылады. Ішінде бой түзеп, жарыса жатқан көшелері болды. Орталыққа жақындаған сайын көшелер де түрленіп, сән-салтанаты молая беретін. Қала датқасы, байлар, саудагерлер орталықта еді. Олардың сәнді сарайлары алыстан көз тартып тұратын. Қаланың сырт жағында «рабада» деп аталатын бос жерде шаруалар егін салып, мал өсірумен шұғылданды.


Қала негізінен екі қорғанмен қоршалған. Бірінші қорған қаланың жалпы аумағын қамтитын үлкен балшықтан соққан дуал болатын. Ал екінші қорған тек бай кварталдарды ғана қоршаған биік мұнаралы, сәнді күмбезді, берік қыш қорған еді. Қала сыртында Отырар датқасының билігіне қарайтын күшті бекіністер салынған. Оларды Жауһар, Пышақшытөбе, Қара-қоңсы, Алтынтөбе, Көкмардан, Жалпақтөбе, Уасиж деп атады.


Ясы, Шаш, Сайрам, Сауран, Отырар қалалары XIII ғасырдың басында Хорезм хандығына бағынып тұрды. Бүкіл Орта Азияны біріктірген бұл үлкен патшалықтың басында Мухаммед шах тұрды.


Мухаммед өз патшалығын 1200—1220 жылдары жүргізді. Ол ел билігіне жастай араласқан еді. Өзінің жиырма жылдай патшалық дәуірінде Хорезм мемлекетін нығайтуға, сыртқы жаулардан қорғауға күш-жігерін аямай жұмсап бақты. Мемлекетінің оңтүстік шекарасы Қорасанға дейін, ал солтүстік шекарасы қыпшақ далалары, оның ішінде Қаратауға дейін созылып жататын. Осы кезде Хорезм мемлекеті гүлденіп, дәуірлеп тұрды. Осыншама үлкен жерді алып жатқан елде салтанатты қалалар көбейе түсті. Сауда-саттық дамыды. Шетелдермен байланыс күшейді. Жұрт егіншілік кәсібімен айналысты. Орталықтағы Сырдария, Амудария өзендерінен каналдар қазылып, суландыру жүйелері салынды.


Сол кездегі Отырар жағдайын көз алдымызға елестету үшін Шыңғысхан мен Мухаммед арасындағы саяси жағдайға кеңірек тоқтала кетейік. Біз осы саяси жағдайды түсіну арқылы тарихқа мәлім «Отырар күйреуі» деп аталған қырғынды, оның себеп-салдарын тереңірек білетін боламыз.


1200 жылдың бас кезінде Монғол мемлекеті өзінің солтүстігіндегі елдермен жауласып жатты. Мемлекет басында Шыңғысхан болды. Бұл шақта ол аса жауапты, әрі аса қиын саясат жүргізген еді. Өз мемлекетінің батыс шекараларын алып жатқан мұсылман елі — хорезмдіктермен тату-тәтті көрші болып тұрғысы келді. Осы мақсатпен сауда-саттықты, екі ел арасындағы байланысты өрістетті. «Жібек жолына» үлкен маңыз берді.


Бұл кезде шығыс әміршісі мұсылмандарды қатты құрметтеген. Мұның себебін екі дәлелмен түсіндіруге болады. Біріншіден, бұл кезде Шыңғысхан өзінің солтүстік шекараларын әлі толық жаулап алып болмаған еді. Солтүстігінде өз үстемдігін берік орнатып, нығайту үшін аса үлкен Монғол мемлекетінің батыс шекарасын алып жатқан мұсылмандармен ынтымақта, бейбіт қатынаста болуы басты шарт еді. Екіншіден, Шыңғысхан батыстағы Хорезм мемлекетінен қатты қаймығатын. Өз күшінен олардың күші әлде қайда басым деп ойлайтын. Бұл рас та еді.


Шыңғысхан бұл жылдары Хорезм мемлекетінің әлсіздігін білмеді, оның осы ұрысқа ұзақ уақыт даярланғанына қарап, Хорезм мемлекетінің әскери күші орасан зор деп ойлағанын көреміз» — дейді В. В. Бартольд. «Бұл кезде Шыңғысхан ордасының жанында батыстан мұсылман елдерінен келетін жаушылар мен саудагерлерге арналып аң теріден істелген шатыр тұратын,—дейді, тарихшы Джувейни.


1209 жылы Шыңғысханға қыпшақ далаларын басып өтіп, батыстағы мұсылман елінен үлкен керуен келеді. Бұл керуенді Мухаммед әдейі жіберді ме, әлде саудагерлер өз кәсіптері бойынша сауда-саттық жасау мақсатымен келді ме, бұл жағы әзірге белгісіз. Бірақ, керуенді шығыс әміршісі асқан кішіпейілділікпен қарсы алған. Қатты құрметтеген. Саудагерлерге жол бойында зәбір көрсеткен торғауыттарды қатаң жазалаған. Ал керуен басшылары Шыңғысханға арабтың жібек маталарын сыйға тартады. «Өзіңізге арнап әкеліп едік» дегенді айтады. Керуенді бастап келген Ахмед Ходженди өзін «Әмір Хусейннің баласымын» деп таныстырады.


Бұл арада біз екі ел арасында елшілікте жүрген кісі аттарына оқушыларымыздың ерекше көңіл аударуын өтінер едік. Өйткені, Хорезм шахы Мухаммед Шыңғысханның арасында елшілікте жүрген, жаушы болған, екі әміршіге де бірдей сенімді болған бір адам бар. Бұл адамның құпия сырын Шыңғысхан білмей өлген...


Тарихшылар Джувейни, Джузджани, Бартольд, Ян, Рашид-ад-Дин де бұл мәселеге көңіл аудармаған.


Әңгімемізді әрі жалғайық... Шыңғысхан көп ұзамай-ақ Хорезм еліне өз елшісін жібереді. Елшінің қасына аса бай жиһаз артқан керуен қосады. Осы жөнін де тарихшы Шихаб-ад-Дин Мухаммед бен Ахмед ан-Несеви былай дейді: «Бұл елшіліктің басында хорезмдік Махмуд, бұқарлық Әлиқожа, отырарлық Юсуф Канка деген үш кісі болды. Әміршіге жіберген сыйдың ішінде үлкендігі түйе өркешіндей құйма алтын болған. Ол алтынды жеке арбаға салып алып жүрді».


Осы керуенде асыл тас пен түрлі қымбат мeтaлл құймалары болғанын тарихшы Мин-хадж ад-дин Абу Омар Осман бен Сирадж ад-дин Мухаммед аль-Джузд жани да қостайды .


Мухаммедке мұндай мол қазынаны сыйға тарту сол кездегі Шыңғысхан саясатының тағы бір қырын көрсетеді. Шыңғысхан ешуақытта да сыйға сараң болмаған. Тіпті өзі шабатын елге де әуелі қазынаны мол беріп, алдаусыратып тастайтын. «Қазына ешқайда қашпайды. Ел билігі қолыма түссін, сосын күліне дейін суырып тонаймын», деген Шыңғысхан сөзі «Алтын дәптер» деп аталатын құпия жылнамада бар көрінеді «Алтын дәптер» жайына кейінірек арнайы тоқталамыз.


Ал, Шығыстан жіберілген әлгі керуенге келетін болсақ, оны хорезмшах Мухаммед Самарқандағы өз. сарайында 1218 жылы қабылдайды. Елшілер Мухаммедке шығыс әміршісінің сәлемін жеткізеді. Сәлемде:! «Шығыс әміршісінің мұсылмандармен бейбіт өмір сүргісі келетіні және хорезмшахты өзінің бір ұлындай көретіні» айтылған. Бұл сәлемнің толың тексті тарихшы Рашид-ад-Диннің «Жылнамалар жинағының» 188-бетінде келтірілген.


В. Янның жазғанына көңіл аударсақ, әлгі сөзді естіген Мухаммед тас-талқан болып ашуланған. Шыңғыс әміршісі «өзін ұлындай көремін» деп кемсітіп жатыр деп түсінген. Шындығында, Мухаммед Шыңғыстың ұлындай болатын болса, оның қол астындағы ел де сол шығыс әміршісінің билігінде деген сөз емес пе?.. Ал, В. В. Бартольдта мұндай ашу белгісі айтылмайды. Бірақ Мухаммед түн ішінде әлгі елшілердің ішінен Махмудты бөліп алып сөйлесті дейді.


Бұл әңгіменің қысқаша мазмұны мынадай.


Мухаммед: Шығыс әміршісінің қанша қолы бар, күші қандай?


Махмуд: орасан көп, тақсыр!


Мухаммед: (ашуланады) Күллі Азияны қолына қаратқан менің сарбаздарымнан кім күшті болмақ? Жалған айтасың!.. Сен, Шыңғысхан ордасындағы менің жансызым бол. Әйтпесе, осы сарайдан тірі шықпайсың!


Махмуд: мақұл, тақсыр! Өз дінім, өз туған жерім үшін не қиындық болса да басым дайын!


Сол жерде Мухаммед Махмудтың сертін алады. Көптеген қазына сыйлауға уәде береді. «Әзірге ала тұр» деп бір асыл тас сыйлайды.


Шыңғысханның осы елшілерден жіберген «бір-біріне тиіспей, бейбіт өмір сүру» жөніндегі ұсынысына Мухаммед келісімін береді. Кепілдеме қағазға таңбасын басады. Елшілер, осылайша өз еліне аттанып кетеді.


Сол кездегі тарихшылардың айтуына қарағанда, осы келісім Шыңғысханды толың қанағаттандырған тәрізді.


Бірақ Шыңғысхан көп ұзамай-ақ хорезм еліне екінші рет керуен аттандырады. Бізді таңдандыратыны, әлгіндей келісім алған шығыс әміршісінің бір жыл өтпей жатып, қандай мақсатпен екінші рет елші жіберуі. Керуен тағы да асыл жиһаздармен: алтын, күміс бұйымдарымен жабдықталады. Кейбір тарихшылар: «бұл кезде Шыңғысхан Хорезм мемлекетіне соғыс ашқысы келген жоқ» — дейді. Оның дәлелі осы керуендегі мол жиһаздың сыйға жіберілуі деп түсіндіреді. Керуен алғашқыда Мухаммедшахпен сауда-саттық жөнінде келіссөз жүргізеді-міс деген дақпыртпен шығады.


Алайда керуен Самарқанға тіке тартпай, Хорезм мемлекетінің ең ірі, ең айбынды қаласы Отырарға беттейді. Бұл кезде Отырар қаласында қыпшақ жігіттерінен құралған өте күшті әскери қол тұратын. Тіпті Мухаммедтің қол астына қарайтын әскердің жартысына жуығы да осы Отырарда еді. Отырар қаласын қыпшақ сұлтаны Қадыр деген кісі басқарып тұрды. Қадыр жастығына қарамай, әскер ісін жетік білген. Жергілікті халың оны төбесіне көтеріп құрметтеген. Батыл, ер көңілді Қадыр қашан да болса көрші датқалармен (қала басқарушысын осылай атаған) бәсекеде жүрген. Ол Отырар қаласының гүлденуіне қыруар еңбек сіңіреді. Керуен сарайларын салғызады. Сөйтіп, қаланы күшті бекініс орнына айналдырған. Қыпшақтардың әскер ісін дамытады.


Бір айта кететін нәрсе, тап осы Отырар датқасын әр тарихшы әр түрлі атайды. Мысалы, Несеви оны «Иналхан» деп атаса, Рашид-ад-Дин «Қайырхан», Джузджани оны «Қадырхан», Джувейни оны «Иналчик», Бартольд «Иналхан», ал П. Пельо «Қадырхан» деп атайды. Осылардың барлығынан да П. Пельоның дәлелі орынды секілді: Ол: «ең дұрысы Қадыр болуы ықтимал, ал, әр тарихшы оны өз руының кісі аттарына ұйқастырып, ұқсатып атады» дейді. Негізінде бұл есімдердің күллісі бір адамның есімі екені анық. Біз ең соңғы тарихшыны қостап, оны «Қадыр» деп алдық.


Шығыстан екінші рет келген елшілердің арасында отырарлық Омар Қожа, Хаммаль Мераги, бұқарлық Фахар ад-дин Дизеки және Амин ад-дин Хереви деген төрт кісі болған. Бұлардың ішінде алғашқы елшілікпен келген үш кісі де жоқ. Мұнысы қалай? Әдетте, елшілікке бұрыннан таныс, сыралғы жандар жүрмеуші ме еді?


«Бұл керуенде барлығы 450 кісі, 500 түйе болды. Түйеге артқандары алтын, күміс, шығыс жібегі, бұлғын, құндыз терілері еді»,— дейді, Джувейни.


Міне, осы керуен көп күн жүріп отырып, Отырарға да жетті. Келіп, сауда сарайына орналасады. Сауда-саттық жасай бастайды. Осылай жүргенде қала датқасы Қадыр өзінің сарбаздары арқылы бұл саудагерлердің жансыз екенін анықтайды. Саудагерлердің барлығын тұтқындауға жарлық етеді. Болған жай туралы Мухаммедке хабарлап, жаушы шаптырады.


Қадыр елші-керуенді тұтқындап болған соң бір саудагерді жеке өзі қабылдайды. Бұл туралы Рашид ад-Дин былай дейді: «елші-саудагерлердің ішінде бір индус болды, бұл индуспен Қайырхан (Қадыр) бұрыннан таныс болатын. Қонақжайлылық салты бойынша оны өз сарайына қабылдады. Ал, қонақ өзінің шығыстағы әміршісін мақтап Қадырханды ашуландырып алды»,— дейді.


Қадыр жіберген жаушы Мухаммедке болған жайды түгел баяндайды. Арадағы «жансыздықты» естіген хоремзшах қатты ашуланады. Отырарға қайта кісі шаптырады. «Барлық адамдарын қырып салып, керуендегі қазынаны маған жіберіңдер»,— деп жарлық береді.


Жарлық сол мезетте орындалған... Күллі керуенші, кірекеш, саудагерлерді Қадыр сарбаздары қырып салады. Осы қырғыннан жалғыз ғана түйе айдаушы аман қалған. Бұл түйе айдаушының кейіннен Махмуд Ялавач деген атпен тарихта аты қалады. Тірі қалған, керуен бастаған, әлгі түйе айдаушының «дәл сол Махмуд» екенін Джувейни де сөз етеді.


Керуенмен келген қазына-мүліктерді түйелерге қайта теңдеп Бұқарға, Мухаммедтің сарайына жөнелтеді. Бұл керуеннің аса қайғылы тағдыры жайлы біз кейінгі «Құм жұтқан қазына» деген әңгімемізде толығырақ тоқталамыз.


Шыңғысхан бұл жерде де сабырлылық сақтайды.


Ол енді Мухаммедке соңғы рет елші жіберуді жөн көреді. Бұл жолы елшілікке Ибн Кефредеж Богра деген татар келеді. Қасында екі көмекшісі бар. Елші «жазықсыз» өлтірілген төрт саудагердің басына құн даулап, өтеуіне Қадырдың басын сұрай келген. Бұл сөзді естігенде Мухаммед қатты ашуланады. Сол жерде Бограны өлтіріп, қасындағы серіктерінің сақалын күзеп, сабап-сабап қоя береді.


Бұл хабар Шыңғысханның ойлаған жерінен шықты. Енді соғыс бастауға әбден болады. Себеп бар. Шыңғыс әміршісі жер қайысқан қалың қолмен атқа қонды.


Осы сапарда Шыңғысханға Жетісу бойынан Арсыланхан деген көмекке келеді. Ал Алмалыдан Сукьнактегі қосылады. Сонымен бірге ұйғыр сұлтаны Бауыршық та өзінің көп қолымен бұларға көмекке жетті.


Орта Азияда қанды қырғын осылай басталды. Шыңғысхан қара нөсерлі дауылдай жолындағылардың барлығын жайпап келе жатты. Адам ойының биік шыңы болған талай ғасырлық зәулім құрылыстарды, шебер қолдармен тұрғызған сәнді үйлерді күлге айналдырып, халықты қанға бөктіре бастады. Көне жер күңіреніп, жер ұйыққа айналған қазақ даласы ертеңінің не қыларын білмей қала берді. Аттың ауыздықпен су ішер, батырдың ер жастанар ауыр күні туды.


Шыңғысхан 1219 жылғы жазын Ертіс бойының белуардан келетін шалғынды жағасында еткізді.


Жау келетінін білсе де, Мухаммед жарытымды даярлық жасай алмады. Өз араларындағы берекесіздік, дау-жанжал уақытын алды. Көптеген қолбасшыларының рухы түсіп, келе жатқан жаудан үрейлене қыстады. Жұрттан жиналған қаржыны да дұрыстап пайдалана алмады. Қорғаныс ісін ойлағанымен Мухаммедтің жұмысы өрге баспады. Оның үстіне шешесі Тұрхан арадағы кикілжіңді көбейтіп жіберді.


Қақтығыстың немен тынарын күні бұрын болжаған көреген Қадыр бұл кезде Отырар бекінісін қайта қолға алған еді. Ол алдағы болатын ұрысқа даярлықты күн санап күшейте берді. Қорғанды түгелдей дерлік жаңадан тұрғызып, қаланы қайтадан қоршады. Су құбырларын жөндетті. Қорған сыртынан өте терең етіп ор қаздырды. Қала халқын астықпен, азықпен қамтамасыз етті. Сонымен Отырар ұзақ қорғанысқа даярланды.


Осы кезде Отырарды 150 мың адам мекен етті.


Қадырдың қолында жақсы қаруланған 20 мың атты әскері бар еді. Оның үстіне Мухаммед көмекке тағы да 10 мың атты сарбаз жіберді. Жіберілген осы сарбаздардың басшысы Хорезмнен келген Қараша деген еді. Ендігі жерде Отырар қаласы түйілген жұдырықтай үлкен бекініске айналды. Халықтың сенімді қорғанар жері болды. Қала маңындағы көптеген халың дүрліге келіп, Отырарға қоныс аударды. Бұл кезде қара бұлттай төнген қаралы күн де жақындаған болатын. Жер дүниені құмырысқадай жау қаптады.


1219 жылы сентябрь айының басында Шыңғысхан қолы Отырар қаласына жетті. Оның қол астында жақсы қаруланған 200 мың әскері болды. Келе сала үлкен сары шатырын қаланың сыртына тігіп тастады. Қаланы дереу қоршауға бұйрық берді. Үлкен ұлы Жошыны бірнеше мың қолмен Сырдарияның төменгі жағындағы Жент және Сығанақ қалаларын шабуға аттандырды. Екі ұлы Шағатай мен Үкітай Отырарды алуға қалды. Өзі көп кідірмей Қызылқұм арқылы Бұқарға аттанып кетті. Ол қыс түскенше бүкіл Орта Азияны тізе бүктіремін деп толық сенді.


Отырарда қанды ұрыс басталды. Жау қаладан тыс жердегі халықты тұтқындап әкеліп, өздеріне қарсы жұмсалған от пен оққа қалқан етті, қорғандарды, бекіністерді бұзуға салды. Олар қамшы мен сойылдың астында қорғанға өрмеледі. Күннің қызыл арай шапағы


көрінбейтін болды. Ертеден қара кешке дейін кілкіген шаң, қоңырсыған иісті түтін қаланы басып тұрды. Ақырында тұтқындар да таусыла бастады. Қала әлі берілер емес... Қорған сыртындағы үлкен ор адам өліктеріне аткөпір болып қалды. Күн сайын шуылдап қорғанға өрмелеген монғолдардың басына биіктен жебе, құм толған қап, тас қарша борады. Жоғарыдан ыстық құйылды: өліспей беріспеуге бекінген қала тұрғындары әйтеуір не болса соны қару етіп, табан тіресіп қорғанып бақты.


Шағатай мен Үкітайдың амалы таусыла бастады. Шабуыл сайын олардың сарбаздарының да қатары сиреп, кеми берді. Ал Орта Азияның көптеген қалалары әлдеқашан-ақ ұрыспай берілген болатын. Бұлар осы бір қыпшақ қазақтар мекенін, сыртын қоңыр қыш қоршаған қаланы ала алмай титықтап-ақ бітті. Қолдың да берекесі қашуға жақын. Батылдығы кеміп, жасып, пұшайман болып тоза бастады.


Алайда Отырар қаласының жайы да мүшкіл еді. Азық қоры таусылған-ды. Су жүретін жерасты шұқырларын жау сырттан әлдеқашан бітеп тастаған. Сырттан келіп қосылар көмек жоқ. Оның үстіне хорезмшахтан келген қолбасшы Қараша «жығылғанға жұдырық» дегендей: «берілейік» дегенді шығарды... Бәрібір Отырарды жау алмай қоймайды. Әне, Бұқарды да, Самарқанды да алды. Бізге қарап қалған не бар? Бас сауғалап әміршінің аяғына жығылайық, кешірім етер. Бостандық берер»,— деп азғырды. Бұл сөзге Қадыр жан-тәнімен қарсы тұрды. «Ақтық дәміміз біткенше ұрыса береміз. Тұтқын болып қор өліммен "игенше, күресіп өлеміз!» — деді...


Бұл кезде Хорезм мемлекетінің, Мухаммедтің жалпы жағдайы қандай еді?..


Шыңғысхан Мухаммедтің қолына қарсы өзінің ұлы Жебе мен Сүбідай бастаған ең таңдаулы қолын (әскерін) қарсы қойған-ды. Оған қосымша шах маңындағылардың ауыз бірлігінің болмауы, мұсылмандар арасындағы алауыздың, Самарқан, Бұқар, Отырар қалаларының бір-бірінен бөлініп кетуі Мухаммедтің күшін мүлде әлсіретіп жіберді. Ес жиып, қарсы тұрарлықтай мұрша бермеді. Кейбір болмашы ғана қарсылықтарды есептемегенде, Мухаммед қолы білек сыбанып, нағыз ұрысқа кіре алмады. Жалтара соғысып, қаша берді. Ақыры күз айларының бірінде екі жақ арасында алғаш рет ең күшті соғыс болды.


Бұл соғыс Хамадан қаласының маңындағы әйгілі Дәулетабад алқабында өтті. Мухаммед қолы ерлікпен шайқасты. Бірақ көп ұзамай-ақ хорезмдіктер күшті де, басым қолдың қоршауында қалып қойды. Сөйтіп, күйрей жеңілді. Мухаммедтің өзі әрең қашып құтылды.


Ел үрейленді. Көп қала қарсылықсыз беріліп кетті. Басшысынан айрылған қол тоз-тоз болып жойылуға айналды. Мухаммед сол қашқаннан мол қаша отырып, Каспий теңізінің оңтүстік шығыс қолтығынан келіп бір-ақ шығады. Қасындағы аз ғана серіктерімен теңізге түсіп, бір аралға келіп тығылады. Бұл арал жағадағы Абескун деп аталатын қаланың тұсында еді. Көп зерттеуден кейін академик В. В. Бартольд бұл аралдың Гурген өзенінің құйылысына тақау жатқан Ашур-Адэ екенін дәлелдеді.


Ашур-Адэ аралында Мухаммедтің қанша тұрғаны белгісіз. Тарихшы Несеви тек қана оның қасында қалған серігімен кейіннен кездесіп, сөйлескен. Ол: хорезмшах аралға келгенде-ақ өкпесіне суың тиіп, қатты ауырған. Көп ұзамай оның халі тіпті нашарлап кеткен еді дегенді айтады. Мухаммед сол аралда 1220 жылы декабрь айында дүние салады.


Одан әрі В. В. Бартольд былай дейді: «Сұлтан өлген соң оны орап көметін көбін сатып аларлық та ештеңесі болмай, серігінің бірі өз көйлегіне орап көмді дегенді айтады, Несеви». Бұдан байқалатын бір нәрсе, тарихшы Несеви хорезмшахтың соңғы сағатына дейін қасында болған жалғыз серігінің атын атамайды.


Енді Несевидің өз сөзіне жүгінейік. «Ол (Мухаммед) өз өмірінің соңғы күндері өзінің басында болып, қызмет көрсеткен адамға сырттай шен-шекпен, жер иеліктерін мырзалықпен үлестірді. Әрине, бұл шен-шекпендер дәл сол шақта ешқандай іске асқан жоқ. Бірақ олардың күллісі кейіннен сұлтанның баласы Джелаль-ад-Диннің өз жарлығымен орындалды»,— дейді.


Осы жерде біз жоғарыда елшілер жайлы түйіп келген өз ойымызды ортаға салмақпыз.


Бірінші түйгеніміз: а) алғаш рет Мухаммедтен монғол еліне, Шыңғысханға баратын керуен басы, әрі елші — Хусейннің баласы Ахмед Шихаб-ад-Дин болған;


б) Шыңғысханнан Хорезм еліне, Мухаммедке елші болып келетін хорезмдік Махмуд (бұл Махмудты Мухаммед «жансызым бол» деп азғырғанын және Махмудтың бұл ұсынысқа келісім бергенін білеміз);


в) Отырарға келетін 500 түйелік елші керуеннің ішіндегі индус секілді саудагер де Отырар датқасы Қадырға бұрыннан таныс болған, әрі ол осы сапарда оны сарайында қабылдаған. Міне осылайша түрленіп, әр түрлі есіммен жүрген үш адамның барлығы да жалғыз кісі. Ол әрі Мухаммедтің Шыңғысхан ордасындағы өте құпия жансызы болған. Бұл адамның шын есімі Шихаб-ад-Дин Мухаммед бен Ахмед (кейде Ходженді болып та жазылады).


Енді екінші түйгеніміз: а) осынау аумалы-төкпелі аласапыран заманда екі әміршіге де кезек елшілік қызмет атқарып жүрген жансыз саудагер: Қорасанда туып-өскен, кейін Ходжент қаласында тұрған, тарихта мәлім «Джелаль-ад-Дин сұлтанның өмір баяны» деген кітаптың авторы — әйгілі тарихшы Шихаб-ад-Дин Мухаммед бен Ахмед ан-Несеви екеніне күмәніміз болмайды.


Енді осы айтылған екі бірдей пікірді дәлелдеп көрейік.


Шыңғысхан ордасында аса құнды, әрі құпия бір қолжазба сақталған. Бұл қолжазба шежірені «Алтын дәптер» деп атаған. «Алтын дәптерде» әміршінің жарлықтары, сөздері, жаушы қабылдауы, іс-әрекеті түп-түгел жазылып отырған. Шыңғысханның өзі хат танымаса да, бұл шежірені қатты құрметтеп, оны жазып, толықтырып отыратын бірнеше сауатты ғұлама ұстаған. Бұл ғұламалар кейіннен «Алтын дәптерге» Шыңғысханнан тараған ұрпақты тізіп жазған. Бір қызығы, бұл шежіреде шығыс әміршісінің мінез-құлқына дейін анық жазылған көрінеді.


Жыл артынан жылдар өтіп, Шыңғысхан тұрған аса үлкен мемлекет ыдырай бастады. Ұрпақтары арасында алауыздың туды. Олар «қасиетті» деп аталған «Алтын дәптерді» де ұмыта бастады. Сөйтіп жүргенде хан ордасындағы дәптер жоғалып кетті. Тарихта аса құнды қолжазбаның құру қаупі туды. Шыңғыс саясатының сан сыры сол дәптермен ұмытылар дәрежеге жетті...


Ең ақырында, аса құнды бұл қолжазба парсы патшасы Газанхан сарайынан шықты. Газанхан өз билігін 1295—1304 жылдары жүргізген болатын. Оқу білімге құмар жан «Алтын дәптерді» халың игілігіне жаратуды ойлайды. Сол оймен қол астында дәрігер болып қызмет істейтін аса зерек тәжік жігітін шақырып алады. Бұл тәжік жігітінің аты Фазлаллах Рашид-ад-дин бен Имад ад-дауля Абу-л-Хайр еді. Газанхан осы Рашид-ад-динді өзіне шақырып алып, оның қолына «Алтын дәптерді» тапсырды. «Осы «Алтын дәптерден» жұртқа түсінікті етіп тарих жаз»,— деп жарлық береді Рашид-ад-дин іске кіріседі. Тарихшы Рашид-ад-диннің қазіргі кезде әлемге әйгілі «Жылнамалар жинағын» міне, осылайша дүниеге келген еді.


Тарихшы Рашид-ад-Дин өзінің «Жылнамалар жинағын» осы «Алтын дәптерге» қарап отырып жазған. Сондықтан да жылнама шежіре өзінің тарихи шыншылдығы жағынан, оқиғалардың дәлдігі жағынан көптеген еңбектерден асып түседі. Тілі жеңіл. Басқа тарихшылар айтпаған сан сырды нақты сипаттап жазады.


Осы Рашид-ад-диннің «Жылнамалар жинағын» қарап отырсаң, онда: «Шыңғысханның мұсылман еліндегі тұстастары, халифтар, сұлтандар» деген бірнеше қызың тараулар бар. Осы тараудың 79-бетінде «Сұлтандар жылнамасы» деген бөлімше берілген. Дәл осы «Сұлтандар жылнамасында»: «Хусейннің баласы Шихаб-ад-Дин жайлы бірталай деректер жазылған. Осы аталған Шихаб-ад-Дин тарихшы Несевидің әкесі екеніне күмәніміз болмайды. Өйткені, жылнамада: «Хусейн Шихаб-ад-Дин Газна қаласының сұлтаны» делінген.


Газна — Қорасанның солтүстік-шығысындағы ежелгі қала. Бұл қаланы Шыңғысхан қолы 1221 жылы қиратқан болатын. Ал, бұрын Несевидің әкесі Шихаб-ад-Дин осы Газнада датқа болып тұрған. Ел билеген. Білікті жан болған. Ол көрші отырған Үнді еліне бірнеше дүркін жорықтар жасаған. Олардың жерін шауып, өз қол астына қосып алған.


Бірақ Несевидің дәл қай жерде туғаны белгісіз. Оның Несеви деген атына қарап, сол кездегі Қорасан мемлекетіне қарайтын көне Несу атты қалада туған деп жорамалдауға болатын тәрізді. Қазір, осы Несу қаласының қираған орны Ашхабадтың оңтүстігінде жатыр.


Несевидің әкесі көп ұзамай-ақ дүниеден қайтады. Әкесі өлгеннен кейін ол ағайындарымен билікке таласқысы келмейді де, қоныс аударып Ходжент (қазіргі Ленинабад) қаласына кетіп қалады. Бұл жайында тарихшы: «Шихаб-ад-Дин Мухаммед қайтыс болған соң гурлықтар (түрік тұқымдас халықтардың бірі. Автор). Газнаның басшысы оның екінші ұлы Сам болғанын қалады»,— деп жазады.


Мұның бірнеше себептері бар. Несеви жастайынан рулас өз адамдарының қол бастап, ел шабатын кәсібіне жанымен қарсы болады. Көп оқиды. Түрлі елдерді араласам деп арман етеді. Сосын, Несевидің түрі жергілікті түріктерге ұқсамайтын. Ол әкесінің үндіден алып келген заңсыз әйелінен туған еді. Несевидің түрі жергілікті мұсылмандардан гөрі, индусқа ұқсауы содан болатын.


1218 жылдың көктемінде Отырарға келген 500 түйелік керуен, сол керуендегі «индусқа ұқсас саудагердің» міне, осындай сырлары бар еді.


Ал, тарихшы Несеви туралы деректер мүлде аз. Біз ел жөнінде тек оның өз шығармаларынан ғана білеміз. Осыдан кейінгі бір ескеретін нәрсе, басқа авторлар да Несеви туралы тіпті сараң жазады.


В. В. Бартольд былай дейді: «Несеви монғол шапқыншылығы кезінде өзінің Қорасандағы ата қонысында тұрды, ал хорезмшах Джелаль-ад-дин 1223 жылы Үндістаннан қайтып келгенде, соған барып оның қол жайында қызметке тұрды. Оның бұдан бұрын да хорезмдік ақсүйектермен байланысы бар еді. Сондықтан да оның жазғандарынан Хорезм мемлекетінің сол кездегі ішкі және сыртқы саясаты жөнінде өте қызық деректер табамыз. Соның шығармасында ғана осы дәуірдегі мұсылман елінің хал-жайы терең қамтылған. Бірақ ол басқа тарихшылармен салыстырғанда шапқындық соғысты қысқа жазған».


Несевидің замандасы тарихшы Джузджани былай дейді: «Несеви өмірі қызық оқиғаларға толы. Оның бір кездерде хорезмшах Мухаммедтің ең сенімді елшісі болғаны бар».


Бұл келтірілген үзінділер Несевидің қызық та қиын тағдырын бізге толығырақ елестетеді. Шыңғыс шапқыншылығы тұсында және одан бұрынғы мұсылман елінің ішкі-сыртқы саясатын терең түсінуге көмектеседі.


Тағы да тарихшыға жүгінейік: «XIV ғасырдың басына дейін әр түрлі саяси өзгерістерге қарамастан Орта Азияның мәдениетті өлкесінің билігі хорезмдік мұсылман тұқымдарының қолында қала берді. Әрине, бұлардың көпшілігі саудагерлер болатын. Соның бірі мұсылман Махмуд Ялавачтың монғолдар хорезмді жаулап алған соң, 1221 жылы Шыңғысханның қол астына қызметке кіргені жайлы дерек бар (Хорезм бағынған соң, Орта Азияны Шыңғысхан емес, оны үлкен ұлы Жошы билеп тұрды. Авт.). Дәл осы Махмуд Ялавачтың — 1218 жылы Шыңғысханның елшісі болып хорезмшах Мухаммедке келген хорезмдік Махмуд екені шындыққа жақын. Ал Ялавач деген түрікше «елші» деген ұғым береді. Тіпті Махмуд Ялавач пен Махмудтай бір адам болуы да мүмкін»,— дегенді айтады, В. В. Бартольд.


Міне, тарихшы Несеви, елші Несеви, «индус секілді саудагер» Несеви жайлы біздің қорытар пікіріміз осы. Ол елінің — ардагері. Осыдан алты жүз жыл бұрын қара шыбындай қаптаған Шыңғысхан қолының күйреп, ыдырауына тікелей себепші болған, жау майданында да, тылында да басын өлімге тігіп жүріп жеке күрескен батыр Несеви тұлғасы көз алдымызға осылайша елестейді.


Елі езгіге түсіп, ері еңіреген қиян-кескі жылдарда жарқ-жарқ етіп шығып, аса білгірлігімен, саясатшылдығымен өз жұртының бостандығы жолында күресіп, құрбан болған аяулы азамат, зерек тарихшы Несевидің өмір жолы осындай болған еді.


Ендігі жерде Шыңғысхан шапқыншылығы жайына қайта оралайық.


...Отырар жағдайы онсыз да ауырлай түскен еді. Оның үстіне қолбасшы Қараша да жұртқа іріткі салуға тырысты. Бір кеңесте Қадыр қатты қапаланып отырып, Қарашаны бастан салып жібереді. Қараша қылышына жармасады. Бір-біріне ұмтылысқан қолбасшыларды сарбаздар жібермей, екі жаққа ажыратып іс насырға шапты. Түн ортасында Қараша өз қолын қаладан шығарып, жауға беріліп кетеді.


Монғолдар Қарашаны дедектетіп, қаһанға әкеледі. Берілген қолды қарусыздандырып, түп-түгел қырып салады. Жазықсыз сарбаздардың қаны төгіледі. Ашулы қаһан: «сен өз піріңе адал бола алмадың, ол сенің талай алғысыңа татитын жақсылықтар жасап еді. Сондықтан біз опасызбен бір болғымыз келмейді» — деп Қарашаның басын да шаптырып тастайды.


Отырар жанқиярлықпен бес ай бойы қорғанды. Қаланың көп жерін өрт алды. Ең соңында жау сыртқы қорғанды қатты шабуылдап келіп басып алды. Қадыр енді 20 мың адаммен (мұның барлығы сарбаз емес) ішкі қорғанға көтеріліп кетті. Жау қала халқын сыртқа дүркіретіп қуып шықты. Сарайларға өрт қойды. Дүние-мүлікті тонады. Ғасырлар бойы халыққа білім беріп келген медіреселерді күл-талқан етті. Әйелдер мен қыздарды онбасы, жүзбасылар бөлісіп әкетті. Бұл аздық қылғандай ендігі жерде сыртқа шыққан адамдардың басын жаппай шабуға кірісті.


Бұл жаппай шабу тәсілі былай жүргізілген: тұтқындарды әр сарбазға топтап бөліп береді. Сарбаздар болса, үлесіне тиген адамдарды қарсы алдына тізерлеп отырғызып қойып қайқы қылыштарымен олардың бастарын шауып тастай береді...


Ішкі қорғанда бекінген әскер тағы да бір ай беріспей ұрысты.


Көше бойы жау қолынан құрбан болған сарбаздардың денесіне толып кетті. Қолбасшылар Шағатай да, Үкітай да өздерін-өздері танымастай болып өзгерген. Олар күн өткен сайын ашына түсті. Қан кешіп, шаң жұтты. Міне, күз өтіп, қыс жетті. Қыс та сар табандап аяқталуға жақындап келеді. Оңтүстіктің ерте шығатын жылы көктемі таянып та қалды... Бірақ қазақтың ежелгі қаласы әлі берілер емес. Шыңғысхан тәжірибесі мол, сенімді деп саналған ұлдарының соғыста мұншалықты сүлесоқ болғанына қайран қалды. Ол көмекке қосымша тағы да қол жіберді. «Не болса да Отырарды алсын! Бүкіл қолды жолына құрбан етсе де қала алынатын болсын! Аянбасын!» — деді.


Отырардың қаралы күні де жақындай берді. Жау қолы жаңа күшпен сұрапыл жойқын шабуыл бастады. Ашыққан, арыған қыпшақтар жан аямай қорғанды. Қару-жарақ та сарқылуға айналды. Күн санап жүздеген сарбаз бостандық жолында, туған жерін қорғау жолында мәңгілік көз жұмып жатты. Қадыр әр күні қорғаннан сыртқа 50 жігіттен бөліп шығарып, қоршаған жаумен кескілеске түсірді. Талай қыршын азаматтар осылайша ерлік өліммен жандарын қиды. Ақыр соңында Қадырдың қасында екі досы ғана қалды. Енді бұлар қорғанның ең биік күмбезіне көтеріліп кетті. Жау ішке лап қойды. Қолма-қол ұрыста қасындағы екі сарбаз да мерт болды. Қаша ұрыс салып жүрген Қадырдың оқ жебесі таусылды. Жау кеудесіне сұққан найзасы шарт сынып түсті. Енді ол құлаған қышты ала салып, қарсы жүгірген жауды сонымен атты. Оның басына соққы тиіп, ауыр жараланды. Қарақұрымдай қаптаған жау қоршап алып, Қадырды төмен қарай түсіріп әкетті. Соның артынша-ақ бұларға бекініс болған зәулім қорған құлап, топыраққа айналды. Жер-дүние күңіреніп кеткендей болды. Жантүршігерлік қырғынның басталғанына алты ай толғанда ғылым өнер ордасы болған Отырарды жау басып алды. Алайда қала тізе бүкпей кетті. Туған жердің көне топырағы қанға бөккенімен халықтың ардагер ұлдары қас-жауына берілмей, қасық қандары қалғанша арпалысты. Бүкіл Мавенахрда (Орта Азияда) алты ай бойы беріспей ұрысқан, тек осы Отырар ғана болды. Басқа қалалардың көпшілігі жауға әуелгі сәтте-ақ берілген-ді. Ал, берілмей қорғанып, ұрысқаны да көп уақыт төтеп бере алмады.


Жау Қадырды Самарқан сыртындағы Көксарайға әкеліп, Шыңғысханның көзінше тағылықпен ұзақ азаптап, асып өлтірді.


Монғолдардың қиратқанына қарамай Отырар қаласы тағы да өмір сүре берді. Көп ұзамай қираған ғаріп қала қайтадан бел көтеріп, жандана бастады. Керуен қонып саудагерлер тағы да жиһаздар жеткізді. Халық көбейді. Оның орталық көшелерінде араб, монғол, ұйғырлар пайда болды. Қала қайтадан теңге соғатын бірден-бір үлкен өндіріс орнына айналды. Жаңадан медресе, діни мешіттер салынды. Қала жаңғырып, жасарып, жаңа өмір сүре бастады.


Отырарды ең әуелі Шыңғысханның баласы Жошы биледі. Жошыдан соң оның баласы Берке, онан соң Ақорда (Жағатай ұлысы) иеленді. Ақорданы Ақсақ Темір қиратты. Ендігі жерде Отырар қайтадан қазақтар қолына кешті. Өзінің туған қаласын ата-бабалары қайта биледі.


1255 жылы монғол әскерінің қызметінен қайтып келе жатқан Кіші Арменияның патшасы Гайтон Отырарға түсті. Міне, сол Гайтон өз жазбаларында бұл қаланың өте тамаша сәулетті, бай екенін таңдай қаға суреттеп жазды.


1264 жылы Берке хан мен Шағатайдың немересі Алғу екеуінің арасында қатты ұрыстар жүреді. Осы ұрыста тағы да жау әскері қалаға басып кіріп, оны ашуға салады. Көне қаланың көрмегені қалмайды.


1340 жылы Азов теңізі жағалауы арқылы келетін Жібек жолымен Флоренция сәудегері Пегалотти Отырарға келеді. Ол осы сапардағы жол жазбаларында былай дейді: «Отырар өте сәулетті қала, іші толы ығы жығы халық. Неше түрлі ұлтты кездестіресің». Отырар қаласы осылайша өзінің дәуірлеу шегі болған XIV ғасырдың екінші жартысына да жетті.


Осы кезде қалаға қайтадан қорған салынды. Дәл ортасынан күмбезді сарай көтерілді. Қала бірте-бірте бел алып, жасарғандай болды. Әйтсе де оған дейінгі дәуренін қайтып көре алмады. Халың та үздіксіз ұрыстардан мезі болып, көп тұрақтамайтын күйге жетті. Ғалымдар да туған қаласы Отырардың қабырғасында өздерінің тәжірибе жұмыстарын жүргізе алмайтын дәрежеге жетті. Осыдан барып, қала бірте-бірте өз даңқын Ақорданың астанасы Сығанаққа бере бастады.


Ақсақ Темір Ақорданың ханы Уруспен 1376 жылы қатты шайқастар жүргізді. Бұл ұрыстардың бәрі де Отырар даласында болды. Урус хан күйрей жеңіліп, алды-артына қарамай қашты. Жеңіспен оралған Ақсақ Темір Отырарға екі рет: 1391 және 1395 жылдары келді. Өзі де осы Отырарда — 1405 жылы дүние салды.


XV — XVI ғасырдың арасында қаланы Махмұт сұлтан биледі. Сұлтан көп ұзамай-ақ Отырар, Сауран қалаларын Шейбаниханға сыйға тартты. Екеуі де Отырарда ұзақ келіссөздер жүргізді. Әйтсе де Шейбани көрсетілген бұл құрметті пайдаланып, масайрап, қарқ бола алмады. Қашаннан арман еткен қаласының рақатын көрген жоқ. Өйткені осыдан көп ұзамай-ақ қазақ ханы Бұрындық қаланы құтқарып алуға әрекеттеніп, әлденеше рет күшті шабуылдар жасады. Ұрыс талай күнге созылды. Оның үстіне қала халқы билеушілерге қарсы көтеріліске шықты. Ақыр соңында Шейбани қаланы тастады да жан сауғалап, ен далаға безіп кетті. Осы кезден бастап Отырар Түркістанға қарады. Көп уақыт бойы әйгілі қаланы қазақ датқалары басқарып тұрды...


20 ғасыр бойы (біздің заманымызға дейінгі 4 ғасырдан біздің заманымыздың 16 ғасырына дейін) өмір сүріп, даңқы жер-жиһанға жеткен Отырар бірте-бірте тозып, өлі қалаға айнала берді. Бірақ, оның аты Шыңғысхан шабуылына аса күшті тойтарыс берген қала ретінде тарихта, әлем әдебиетінде қалып қойды.


Иә, Александр Македонский, Шыңғысхан, Ақсақ Темір жорықтары Отырар қаласынсыз тарих бетіне түп-түгел түспеген болар еді. Атақты «Отырар күйреуі» де белгісіз қалар еді. Сондықтан да бүгінгі ұрпақ Отырарды қорғап, жанын пида еткен бабаларын, олардың қасиетті рухын — тарихи ерліктерін мақтаныш пен еске алады.


Енді бірер ауыз сөз Отырардың зерттелуі жайлы, К. А. Кларе мен А. Черкасов Отырарға тұңғыш рет 1903 жылы келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Олар қаланың бес жерінен қаза бастады. Бірінші қазба жұмыс қаланың дәл ортасынан, үлкен алақан төбенің басына шығатын жолдардың тоғысқан жерінен жүргізілді. Мұнан ескі құрылыстың қалдығы, күйген қыш, қару соғатын пеш, көптеген тұрмыстық ыдыс-аяқтар табылды. Екінші қазба жұмысы қорғанның шығыс жағынан жүргізілді. Мұнан да әлгідей заттар шықты. Үшінші қазба жұмыс қорғанның дәл төбесінен жүргізілді. Мұнан қару-жарақ, балшықтан жасалған ыдыстар, қыруар мал сүйектері табылды. Төртінші және бесінші қазбалар қорғанның қабырғасын анықтау мақсатымен жүргізілген еді. Мұнан да көп мөлшерде шырақтар, құмыралар, зергер соққан сәнді қару-жарақтар табылды. Егер Отырар қорғанының бұрынғы биіктігі 16—20 метр болса, қазылған тереңдік 4,5 метрге ғана жетті. Бұдан мынадай қорытынды шығады: К. А. Кларе мен А. Черкасовтың қазбалары қаланың тек жоғарғы қабатын ғана қамтыды. Ал ол қабат соңғы монғол темір дәуіріне ғана жататын еді. Сонымен, тамаша сырды ашып беретін терең, құпиясы мол қабаттар жұмбақ күйінде қалып қойды.


Осыдан соң А. Н. Бернштамның басқаруымен шыққан археологиялық экспедиция 1948 жылы ғана барып, көне қаланың сыртқы планын қағазға түсірді. Оның маңындағы кіші қалашықтарды сипаттап жазды. Бірақ олар ешқандай қазба жұмысын жүргізе алған жоқ.


Қазіргі кезде қолда бар, археологиялық картаға түскен заттар тек Кларенің тапқандары ғана. Осы күндері қалада Фараби дәуірінен қалған аса үлкен кітапхана қалдығы, кезінде күміс теңгелер соққан ұстаханалар бар деп, батыл жорамалдар жасалып жүр. Сонымен көптеген ғалымдар Отырарды сырттай сипаттап, ол жайлы жазылған әдебиеттерді ғана қанағат тұтып келеді. Аты әлемге әйгілі көне қала, тарих шежіресі — әлі күнге өз ұрпағына сыр шерте алмай жатыр.


Демек, жер астындағы сан салалы сырды — жер бетіне шығару, бір кезде ғалымдар әлемі зер салған, мәдениет ордасы болған қала жайындағы, оны мекендеген ата-бабаларымыз жайындағы бай мағлұматтардың ұрпақтардың кәдесіне жарап, халық қазынасынан өз орнын алуы үшін ғалымдар қауымының көз қырын салып, еңбек етуі — бүгінгі таңда кезек күтіп отырған мәселелердің бірі болып қалып отыр.


СЫҒАНАҚ


Сығанақ қаласы — ежелгі қазақ жерінің мәдениет орталығы, теңге соғып әлемге аты жайылған, талай жаугершілік заманның діңгегі болған аты шулы орын. Оның даңқы тарихшыларды ғасырлар бойы қызықтырумен келді. Сығанақтың атынсыз қазақ хандары Ерзеннің, Мүбәрәк қожаның, Урустың, Тоқтамыстың, Барақтың, Темірдің ел билеу саясаттары мен соғыстары, елдер арасындағы саудалары мен жүргізген дипломатиялық іс-әрекеттері тарих бетіне түгел түспеген болар еді. Осындай даңқы бар, әлі күнге дейін елеусіз қалып келе жатқан бұл қаланың да тағдыры аса қызықты. Басынан даңқ пен қатердің бұлтын талай ғасырлар бойы өткізген Сығанақ қазір қираған, елеусіз, белгісіз қалпында жатыр. Бүгінгі ұрпақ біздер де ата-бабамыздың әйгілі мекені, мәдениет ошағы жайлы мүлде мардымсыз білеміз.


Сондықтан қолда бар аздаған зерттеулерге, Шымкент және Алматы өлкетану музейлерінің этнографиялық материалдарына сүйене отырып, Сығанақ қаласы туралы әңгіме қозғамақпыз. Бұл әңгімеге Қазақ ССР Ғылым академиясының сирек кездесетін қолжазба, кітап қоры, анықтама-зерттеулер арқау болмақ. Сонымен қатар, кітапшамызды жазуда Ташкент мемлекеттік кітапханасының қорында сақталған А. Ю. Якубовский, В. А. Каллаур қолжазбаларының кейбір анықтамаларын пайдаландық. Бұларға қосымша Сығанақ қаласының қазіргі орнын, оның қираған қалдығын өз көзіммен көріп, жергілікті тұрғындардың көмегімен біршама түбегейлі қарастырып зерттеуіме тура келді. Қаланың қазіргі бедерін, орталық қақпаны, үлкен мавзолейді өз қолыммен өлшеп, қағазға түсірдім. Бұл өлшемдер бұрынғы зерттеушілер Якубовский мен Каллурдың анықтамасымен салыстырылды. Сонымен бұл мақаланы бар қадарынша ғылыми дәлдікке негіздеуге тырыстық.


Әуелгі әңгімемізді Сығанақ қаласының қазіргі жай-күйінен басталық.


Сығанақ — қазір Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Төменарық темір жол станциясынан сегіз километр жерде. Қаратау қыратының оңтүстік батыс етегі мен Сырдария өзенінің жағалауынан он бес километр қашықтықтағы аралықта, Белқыр үстіртінде, қалың жыңғыл, жантақ, сексеуіл тоғайының арасында жатыр. Үлкен қырат, жал-жал болып үйіліп жатқан ежелгі қаланың қорғандарының орындары. Тосын көзге бірден түседі. Үйіндінің солтүстік жағы ұзыннан-ұзақ созылып жатқан биік белдеулермен ұштасады. Ізетімізді шығысқа бере жүріп, қаланың бұрынғы қақпасына таянғанымызда үйінділердің сол қол жағы жайпау болады да, оң қол жағы бара-бара биіктеп, түйе тайқыланып кетеді. Бұл үйінділер қорғанның солтүстік бетінде жатыр.


Қорғанның оңтүстік жағын шолғанда, көзімізге үлкен қырат шалынады. Қорғанның оңтүстік бұл бөлегі әрі биік, әрі қос қолтығы кең, өзін орап жатқан, қыраттан тұрады. Жай көзге үйреншікті бел тәрізді. Бірақ қырат үсті тақыр, қыш сынықтарынан, ескі құрылыс бұйымдарынан және т. б. сынықтардан аяң алып жүргісіз.


Қорғанның солтүстік батыс беті жермен жексен болып, мүлде шөгіп кеткен. Сонда да қашалған ірі-ірі тастар, қыш сынықтары өте көп. Әр жерде алақат-алақат болып жыңғыл тоғайы көрінеді. Осы бір кісі жақынын тебірентерліктей құрылыстардың күллісі жыңғыл тоғайынан айқын көрінбей жатыр.


Байқап отырғандарыңыздай, біз әуелі қорғанды сырттай шолып қарастырып шықтық. Енді қаланың ішкі «дүниесіне» зер салайық.


Қалаға кірер қақпа жалғыз. Бұл қақпа қорғанның оңтүстік бетінде биік төбешік болып қарауытып тұр. Басқа үйінділерден мұның бір айырмашылығы — биіктігінде, үйілген тасының кептігінде. Сығанақ қаласындағы қорған қалдығының жалпы аумағы 670— 700 шаршы метрдей келеді. Ал кейбір жеріндегі құлаған қорғанның биіктігі үш метрдей болады. Дәл осы өлшемді А. Ю. Якубовский де анықтаған болатын.


Қақпа үйіндісіне (төбешікке) келетін болсақ, қазір басылып, аласарып кеткен. Ішке енгенде (қаланың іші сыртқы далаңқайдан әлдеқайда биік) жал-жал, ойдым-ойдым болып жатқан көше қалдықтарына, мешіт, сарай, әр түрлі құлпы тастардың үйіндісіне кезігеміз. Бір қызығы, аяң астында жатқан барша қыштардың өлшемі бірдей — 25X25X5 см-ге тең. Осы қалдықтарды, талқандалған жай-мекендерді зерттеген ғалымдар — мұның барлығы да монғол шапқыншылығынан кейінгі салынған құрылыстар еді дегенді айтып жүр. «Төрт бұрышты қорған қалдығы 1219 жылғы Жошы шапқыншылығынан жүз жыл өткен соң салынған» дегенді Якубовский де айтады. Біз де қолда бар құралдарды пайдаланып, қазір білініп жатқан қорған сыртын қазып көрдік. Сонда біздің қазған жеріміз негізгі қорғаннан он метрдей сырт болса да, әлгі қазылған жерден өте ескі ұштары, қылыш сынықтары, тағы басқа да құрал-жабдықтар табылды. Оған қосымша мұнда да қыртыс-қыртыс болып жатқан қалың қыш қабатына кезіктік. Бұл қыш қабаттары қаланың ежелгі орны қазір әлдеқайда ауқымды болғанын дәлелдейді.


Оңтүстік беттегі қақпаның ішкі жағында, кіре берісте үлкен құрылыстың қалдығы әлі қалқиып тұр. Бұл құрылыс не мешіт, не сарай болуы мүмкін. Құрылыс төрт бұрышты екі үйден тұрады, үйдің кішірегі , үйге қанаттастырыла салынған. Оның архитектуралық құрылысы әсем, бірден көз тартып, көңіл үйіріп әкетеді. Қырланып, шығыс стилімен күмбезденіп өрілген қыш арқаның биіктігі 6,24 метрге жетеді. Кіре беріс қақпаның ұзындығы 2,01 метр, есіктің қалыңдығы 1,38 метр. Ең басты орталық күмбез бен шатырға дейінгі биіктік 7,1 метрдей.


Ішкі құрылысы тозып, біткен. Оған бір себеп — жергілікті халықтың сарайға жабыстырып, өздерінше мекен салуы болған. Соның салдарынан көптеген әсем, өрнекті қыштар құрып кеткен. Бұл жөнінде зерттеуші Я, А Каллаур былай деп жазады: «Күмбездің ішкі көгілдір қышпен безендірілген өрнектер қамтылған». Қазір бұл өрнектер жауын-шашынның, жалпы табиғат құбылыстарының қысымынан және күтімсіздіктен құрып біткен.


Жергілікті шырақшы қарт (ескі орынның күзетшісі) осы үйді «Сунақата деп аталып кеткен Алла-Уме Хисамутдин Сахиб-Нихай деген кісінің мазары, соның үстіне орнатылған мешіт» деп түсіндіреді. Бірақ бұл айтылған сөз ғылыми жағынан онша дәл емес. Себебі, бұл сарайдың ішкі құрылысында шеихтер мен дәруіштер жиналып намаз оқитын орын жоқ. Оған қосымша, әлгі айтылған дәлелді теріске шығаратын жағдай — шығыс әміршілерінің сарайында кездесетін архитектуралық бөлмелердің байқалатындығы. Ал шырақшы қарт айтқан мазар 1310 жылы дүниеден қайтқан атақты ақын Абул Хасан Сығанақидікі болуы әбден ықтимал. Бұл жайлы А. Ю. Якубовский де, В. А. Каллаур де дұрыс жорамал жасайды.


«Абдуллах ханның қойын жылнамасында Абул-Хасан Зиа-ад-дин Сығанақидің мазары аталған еді» дейді, В. В. Бартольд. Егер бұл құрылыстың қашан caлынғанына келетін болсақ, әр дәуірдің, әр патшалықтың өзіне тән құрылыс істері техникасына, олардың салу мәнеріне жүгінуге тура келеді. Кіші үйдің күмбезіне, әрі қыш өлшеміне қарап, құрылысты XIV ғасырдың екінші жартысына жатқызуға болады. Бұл кезі Урус ханның патшалық дәуірі еді. Екінші үлкен үйдің керегесіне (барабаны) қарап, бертініректегі қыш өру тәсілдерін білеміз. Түркістандағы Ахмет Яссауидің мавзолейі де осы тектес жүйемен салынғаны айқын.


Үлкен сарайдың батыс жағында, 150 метрдей жерде мавзолейдің қалдығы тұр. Бұл алғашқыға қарағанда әлдеқайда шағын құрылыс. Қатты қираған. Оның күмбездері де, керегесі де жоқ. Әр жерде шаншылып тұрған тіреулері қалған. Біз тек осы тіреулерден ғана оның архитектуралық стилін аңғарамыз. Мавзолейдің оңтүстік және солтүстік қабырғаларының ұзындығы 8,6 метр, ал шығыс пен батыс қабырғаларының ұзындығы 10,3 метр. Тіреулердің күмбезге тиісер жердегі қыштары жұлдызша өрнекпен қаланған. Бұл жұлдызшылардың қазір екеуі ғана сақталған. Жұлдызшалардың күлгін, көгілдір түсті бояулары күні бүгінге дейін анық байқалып тұрады.


Қорғанның оңтүстік бетінде 500 метрдей жерді алып жатқан үлкен қорым бар. Мұндағы мазар-зираттардың күллісі күйген қыштан жасалған. Қыштардың көпшілігінің формасы төрт бұрышты. Мазар-зираттардың арасында кіші-гірім мавзолейлер де кездесіп қалып отырады. Мазар-зираттарда қаланған қыштарда да, оларға қойылған тастарда да ешқандай жазу байқалмайды.


Сығанақ қаласы мен оның маңындағы суландыру жүйелері жойылып кеткен. Тек Сырдария өзенінен тартылған ежелгі каналдар ғана қаланың етегін алыстан барып, орап өтеді. Бұл каналдардың көптеген салаларын қазіргі кезде тоғай басып, жоқ етіп жіберген. Ал бір кезде қалаға қажетті су Қаратау бөктерінен де келіп тұрған деп жорамалдауға болады. Өйткені Мыңбұлақ, Шолақ, Арыстанды, Қызылтал, Келтешалғай деген өзендер тұп-тура Сығанақ алқабына құятын болған. Қазір, бұл өзендердің суы мүлде азайып, тарығып, алқапқа жетпей жоғалып кетеді...


Біз оқушымызды ежелгі қаланың орнына апарып, қазіргі бейнесін аз да болса көз алдына елестетуге тырыстық. Ендігі жерде Сығанақтың тарихына жүгініп көрелік. Ғасырлар тереңіне бойлап, тірі қаланың — тірі Сығанақтың өміріне араласайық. Шежірешілердің сарғайған кітаптарын ақтаралық.


Сығанақ қандай болған?


Сығанақ — ежелгі қала. Ол «Туман жазбалары» дейтін ескі шежіреде X ғасырда Сунах деп аталғаны айтылады. Бертін келе, XI ғасырда бұл қала жайлы мағлұмат молая түседі. Махмуд Қашғаридің «Түркі тілдерінің сөздігі» деген еңбегінде: «Сугнак гуздар еліндегі қала» деген жолдарды ұшыратамыз. Кейіннен араб тарихшылары Сығанақ қаласы мен Отырарды салыстыра отырып жаза бастады. Сол кездегі Мавераннахрдың саяси және экономикалық жағдайына байланысты бұл қала саудагерлердің, елшілердің аузынан түспейтін болды.


Қыпшақтар елінің пайда болуына байланысты «Дешт-и-Кипчак» деген атау Хорезмшахтың зәресін алатын еді. Өздерінің батыс және солтүстік шекараларын нығайту мақсатымен Хорезм хандары Сығанақ қаласынан үнемі қауіптенді. Қыпшақтардың астанасы болып тұрған Сығанаққа Хорезм патшасы 1152 жылы қыруар қол жібереді. Бірақ, бұл қол қатты күйреп, кейін қайтады. Бұдан кейін Атсыз хан өз өмірінің ақырына дейін қыпшақтар қаласын бағындырып алуға тырысып бақты. Сөйтіп, талай жылдар бойы қыпшақтар мен хорезмдіктер арасында төгілген қан тиылған жоқ. «Сонымен, Хорезм жарты ғасырдан артық уақыт (XII ғасырдың екінші жартысынан) қыпшақтардың даласын, олардың қаласын, сол еркін халықтың астанасы Сығанақты өзінің қол астына қаратып алу жолында өте ауыр, әрі азапты күрес жүргізіп жатты»50 . Бұл пікірді академик В. В. Бартольд та мақұлдайды.


Қорыта айтқанда, XIII ғасырдың басына, яғни 1219 жылдың күзіне дейін Сығанақ қаласы ешкімге бағынбай келген. Қыпшақ елінің астанасы аталып, Жібек жолының бел ортасында тұрып дәуірлей берді, өсіп гүлдене берді.


Шығыстан келген қара дүлей — монғол шапқыншылығы 1219 жылдың күзінен бастап қала тағдырын өз қолына алған. Шыңғысхан қыпшақ даласына жеткен соң-ақ Сығанақты басып алуға қатты құнықты. Сондықтан да ол бұл міндетті үлкен ұлы Жошыға жүктеді. Бұл жайында араб тарихшысы Джувейни толық мәліметтер береді.


Әңгіме былай... Сығанақ қаласына жақындап келді, Жошы, әуелі қалаға жаушысын жібереді. Жаушы болып мұсылман саудагері Хасан қажы келеді. Хасан қажы серіктерімен бірге қалаға кіреді. Шығыс ханының қаһарын айтып, кәрін төгеді. Қаланы берілуге шақырады. Егер өз еркімен берілетін болса, қан төгілмейді деп уәде етеді. Осы кезде екі қыпшақ жігіті шығып Хасан қажыны табанда шауып тастайды. Қақпа тарс жабылады. Енді Жошы қаланы қоршауға бұйырады. Қатты ұрыс жеті күнге созылады. Ақыры, монғолдар басып кіріп, қыпшақ қаласын тонайды. Халқын қырады, аяулы ұлдарын құлдыққа салады, медресе, мешіттерді, минареттерді — сәулетті сарайларды қиратады. Сөйтіп, дәуірлеп тұрған Сығанақ қаласы жаугершіліктің құрбаны болады.


Қаланы қиратып көңілі тынған Жошы қайтадан атқа қонады. Сығанақтан соң Сырдарияның төменгі жағындағы Өзгент, Баржалығкент, Ашнас, Жент және Янгикент қалаларын басып алады. Сығанақ қаласы 1219 жылғы осы бір күйреуден кейін XIV ғасырға дейін, яғни жүз жыл бойы қайта қалпына келе алмады.


Сонымен Сығанақ тарихының бірінші бөлімі аяқталды.


Қыпшақтардың астанасы болған әйгілі қала көшпелілер мен қыпшақ цивилизациясының дәнекеріндей еді. Ол қыпшақ хандарының бас қосып мәслихат жасайтын орнына айналған. Қала бір жағынан керуен жолында жатса, екінші жағынан экономикасы дәуірлеген, бай көшпелі қыпшақтардың тізгін ұстары ретінде де роль атқарды. Мынадай мысалдар келтірейік Көне шежірешілердің айтуынша, әр күнде Сығанақ базарына 500 бас түйе түсіп, кешке дейін бәрі де сатылып кететін болған. Күн құрғатпай батыстан да, шығыстан да керуеншілер тасқыны келіп, қақпадан бірі кіріп бірі шығып жатқан.


Енді біз Сығанақ тарихының екінші бөліміне кірісейік...


XIII ғасырдың екінші жартысында армян тарихшысы Киракос былай деп жазды: «Армян патшасы Хетум монгол ханы Мангумен тілдесіп, қайтар жолда көп шаһарларды басып өтті. Соның ішінде Сынгах (Сығанақ) қаласын, Харчук (Қаратау) тауын кезіктіреді». Бір ескертетін жағдай, сол кездегі көп тарихшылар Сығанақтың атын өз тілдерінің ерекшелігіне бағындыра бұрмалап, бұзып жазған. Жоғарыда айтылып отырған Сынгах, сөз жоқ Сығанақ еді. Бұл пікірді А. Ю. Якубовский де өз еңбектерінде дәлелдейді .


Осы шақта қыпшақ жерінде де көптеген өзгерістер болып жатады. Арал теңізінен Алакөлге дейінгі аралықтағы ұлан-ғайыр жер Ақордаға бірігіп, үлкен патшалыққа бағынатын болды. Ақорданы біріктіруші Жошының үлкен ұлы Бати еді. Монғолдар қол астындағы мемлекетті нығайту мақсатымен өздеріне ең қауіпті деген ең дамыған қазақ қалаларын уысынан шығарған жоқ. Батидан кейін Ақорданы билеген Сасы Бұқа XIV ғасырдың басында Сауран қаласында жерленді. Оның баласы Ерзен Сығанаққа орнығып алып көптеген құрылыс жұмыстарын жүргізеді. Қала тіршілікке еніп, қайтадан жандана бастайды. Қаладамедресе, хан сарайы, мешіттер бой көтерді. Осы тәрізді құрылыстарды салуға едәуір еңбек сіңірген Ерзеннің өзі Сығанақта жерленіп, басына құлпы тас орнатылады.


Ерзеннен кейінгі билікті жасауға оның баласы Мүбәрәк қожа келеді. Мүбәрәк қожаның тұсында Сығанақ теңге соғатын ұстаханалар жұмыс істейді. Қазір Ленинград эрмитажында Мүбәрәк қожаның тұсында соғылған (1374—1375 жылдар) бес теңге сақтаулы. Бірақ, тарихшылардың айтуынша, Мүбәрәк қожаның обыр, оспадарсыз болғандығымен де хабардар боламыз.


Көп ұзамай-ақ Ақорданың басына Урус хан келеді. Урус хан тұсында соғылған он бір теңге де қазір Ленинград эрмитажында сақтаулы тұр. Урус хан патшалығы тұсында Сығанақ қаласы тамаша дәуірлеп гүлденді. Ақорданың күллі басшылық жүйесі, сауда-саттық, теңге соғу өндірісі осы Сығанақ қаласының қабырғасында жүрді. Әлгі айтылған теңгелердің алғашқысы хижраның 772 жылы соғылған. Хижраның 773 жылы соғылған бір теңгеде: «Жаңа Сығанақтың соққаны» деп жазылған. Мұндағы «жаңа» деген сөзді қаланың теңге соғатын көшесінің аты, не қайта құрылған ұстахананың аты болар деп те жорамалдауға болады!. Тарихшы Ибн-Халдунның жазғаны бойынша осы кезде Еділ бойындағы Алтынордада бүлік шықты. Хижраның 776 жылында (1374—1375 ж.) қашқын Мамай Алтынордадағы сарайды басып алып, хан қылуға әрекет жасайды. Сөйтіп, ол біршама уақыт ел билігін өз қолына алды. Бірақ Астрахан биі Хожачекес көп ұзамай-ақ Мамайды сарайдан қуып шығады. Мамай барып Қырымға бекінеді. Осы кезде Шығыста келген Урус хан Хожачеркесті күйрете жеңіп, бүкіл Алтынорда билігін өз қолына алады.


Сөйтіп, Сыр бойынан шыққан Урус хан Ақорда мен Алтынорданы біріктіреді. Едәуір уақыт осы бір кең патшалықты жалғыз өзі билеп тұрады. Бұл дәуір дің айқын бір дәлелі ретінде Алтынордадағы сарайда Урус хан соқтырған теңгелерді айтуға болады. Қазір эрмитажда сақтаулы тұрған жалғыз теңгені хижраның 776 жылында Урус хан соқтырған екен. Сонда, біздің жорамалымыз бойынша, Урус хан билігінің ең дәуірлеген кезі осы жылдардың шамасы болған.


Алайда, қыпшақ даласының тыныштығы ұзаққа созылған жоқ. Тағы да қара дауылдай қол кең даланы дүбірге толтыра бастады. Бұл кезде Хорезм хандығын билеуге Темір келді. Ол өзінің қол астына қарайтын мемлекеттердің ішінде қыпшақ даласы, қыпшақ елінің болғанын қатты қалады. Солай болғанымен, ол бірден шапқыншылық жорыққа шыға алмады. Ғасырлар бойғы жаугершіліктің «мектебінен» өткен тәжірибелі, мәдениеті қалыптасқан қыпшақ елі хандарының саясатынан қаймықты. Әуелгіде батылы бармаса да, кейіннен айла-амалға кешті. Ол қазақ даласынан өзінің қол астына қашып келген Тоқтамысты пайдаланып, оны туған ел-жұртына қарсы қойды. Қол астындағы билерді жинап алып: «Тоқтамыс Сырдарияның бойындағы Отырар, Сауран, Сығанақ қалаларының тұтқыны болады» деп жариялады. Осы сөзге желігіп, ол билікке қол созған Тоқтамыс Урус ханға қарсы ұрысқа шығады.


Тоқтамыс Темір берген қалың қолмен екі рет атқа, екі рет Урус хан қолына, қыпшақтарға қарсы шығып, ұрыс жүргізеді. Осы екеуінде де күйреп жеңіледі. Қашып барып, Темірге қайта тығылады.


Тоқтамыстың жауынгерлігінен ештеңе шықпаған соң, үшінші жорықты Темірдің өзі жасайды. Отырар қаласына қалың қолымен келіп, шеп құрады. Бұл кезде Урус хан да өз қолымен жауға қарсы жылжыған еді. Көп ұзамай-ақ, осыдан бір жарым ғасыр бұрын ғана монғол шапқыншылығынан ойран болған кең далаға тағы да қаптаған сарбаздар жиналады. Отырар даласы тағы да ат тұяғының дүбіріне толады.


Сонымен ұрыс басталып та кетті. Бірақ Сығанақ жақтан атын қан сорпа етіп жаушы жетті. Урус хан дүние салыпты... Мұның артынша, тағы да хабар жетті. Урус ханның үлкен ұлы қайтыс болған... Осының бәрі қыпшақ қолының жеңілуіне себеп болды. Сарбаздардың рухын түсірді. Халықты қырып-жойған Темір қолы жеңіске жетті. Бұл мезгіл хижраның 778 жылы (1376—1377) еді.


Қаратаудың басынан көш келеді,


Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді...


Талай ғасыр халық аузында келе жатқан бұл өлең жолдары тап осы мезгілде туған еді.


Көп ұзамай Тоқтамыс қыруар қолмен Сығанаққа келіп таққа отырады.


Тарихшылардың айтуы бойынша Сығанақ қаласының қайта өрлеу дәуірі Барақ хан (Урус ханның аты) мен Урус хан тұсында болған. Жоғарыда айтылған үлкен мавзолейлер мен қала қорғандары да осы мезгілде сорылған. Сығанақ қаласы Тоқтамыс тұсында да өркендей түсті. Теңге соңғы, сауда-саттық тізгінін бұрынғысынша басқара берді. Бірақ көп ұзамай... Тоқтамыс Темірдің сенімін аяққа басты. Ол өзінің қол астындағы күллі қыпшақ жұртын бөліп алып, бір әзі басқармақшы болды. Хорезм билігінен шығып кетуге талпынды. Мұны сезіп қалған Темір Тоқтамысқа қарсы аттанады. Қыпшақ қолы тағы да келе жатқан жауға қарсы жол тартты. Бірақ Темір мен Тоқтамыстың қолы кездесіп, соғысты ма, соғыспады ма, бұл жағы әзірге белгісіз. Әйтеуір, осы ұрыстың болғаны туралы ешқандай мәлімет жоқ. Мүмкін бұл ұрыстың болмауына төтеннен келген Темір қазасы (1405 жылы) себепші де болған шығар...


Ескере кететін бір жай, қазақтың даласы мен қаласын билегендерді қашан да «Дәшті-қыпшақ» хандары деп атаған. Ал бұл өлкені «Дәшті-қыпшақ» елі деген. Осы атау ертедегі қазақтардың бір шаңырақтың астына біріккен ұлысты мемлекет екенін аңғартады. Осынау шексіз кең өлке қазақтар мекені болды. Бірақ аласапыран жауынгершілік, тақ, талас, бақ таластық даланың төсінен дүбір кетірген жоқ. Осы кезде тарихшылар арасында Сығанақ қаласын «қыпшақ даласының қақпасы» деп атау дағдылы нәрсе еді.


... Қаланың қорғандары биіктеп, ішкі құрылыстары өркендей берді. Мавзолей, мазар, мешіт, медресе, ұстахана, құртхана тәрізді маңызы зор құрылыстар еңсе көтеріп, қатарға қосылды. Қала сыртында каналдар қазылып , суландыру жүйелері тартылды, егін салып, сол суландыру жүйелерінің ізін қала төңірегінен де байқауға болады. Бір қызығы әлгі көне


каналдар сайлардан, терең жырадан өткенде көтерме құбыр пайдаланылған. Бұл көтерме құбырлардың қалдықтары қазір де кездесіп қалады. Ол ол ма. Шыжыған қызуынан су буға айналып ұшып кетпес үшін арықтарды, каналдарды жер астымен қазып шығарған. Міне, осындай егіншілік тәсілін жергілікті диқандар қазір де мақтанышпен әңгіме етіп отырады.


Елдің әлеуметтік жағдайын айқындайтын бір жәйт - мәдениет. Мәдениетіміз қалай дамыды, қай жағынан кенже қалды, осының күллісін түбегейлі түсіну үшін біз халқымыздың өткендегі жай-жапсарын терең зерттеуіміз қажет. Тарихи деректерге қарай отырып, ежелгі қазақ халқының өзіндік мәдениеті болғанын көреміз. Фактілерге жүгінейік. Мавераннахрадан X V ғасырдағы қазақ жерін бөліп алып зерттеген орыс тарихшылары: «Қазақ хандары мәдениетті Түркістан шекарасына дейінгі жерлерді билеп тұрды» десе, енді бірде: «Қазақтар біріккен мемлекет құруға шебер болғаны мәлім, оның басына уақыт өткен сайын өте күшті хандар келген. Өкінішке қарай мәдениетті елдің XVI—XVII ғасырдағы жайы мүлде зерттеусіз. Бізге белгілісі, Сығанақ қаласының билігі осы уақытта дерліктей қазақ хандарының қолында болған» .


Бұл арада екі ғалым да «мәдениетті Түркістан», «мәдениетті дала» деген пікірлерді тектен-тек айтып отырған жоқ. Өйткені жауынгер халқы, мәдениетті қалалары бар талай ғасырлар өмір сүрген іргелі ел, мәдениетке ерте қолы жеткен. Бірақ, соның өзінде де шапқыншылық соғыс көп тежеген. Хандар арасында дүркін-дүркін болған жаугершілік ес жиғызбай, халықты көп күйзелткен. Салынған мәдени құрылысты жиі-жиі талқандалып отырған. Соның салдарынан халық бір жерден екінші жерге кешуге, босқындап келуге мәжбүр болды.


Қазір қазақтардың бір заманғы мәдениет ошағы мақтанышы болған Сығанақ қаласының қираған қайғы ғана жатыр. Қаланың ең соңғы тұрғыны қашып кеткені белгісіз. Зерттеуші Лерх Сығанақ Қаласын соңғы тұрғын XIX ғасырдың 20—40 жылдарында таман тап кетуі ықтимал деген жорамал жасайды. Әйтсе де өте дәл емес сияқты. Сондықтан бұл мәселе де өзінің арнаулы зерттеушісін күтетіндігі сөзсіз.


Сығанақ қаласы шығыс үлгісіндегі ең көне, ең маңызды мәдениет орталығы болған. Кейіннен бұл қаладағы мавзолей хандардың, бекзадалардың жерлеу орнына айналғаны мәлім.


«Мал бағушы тайпалар бөлініп шыққаннан кейін,—деп жазды Ф. Энгельс,— түрлі тайпа мүшелерінің арасында айырбас ісін жүргізу үшін, оны дамыту үшін және тұрақты мекеме ретінде баянды ету үшін керекті жағдайлардың бәрін де біз бұл арадан даяр күйінде кездестіреміз». Иә, мал бағушы тайпалар арасындағы айырбас, сауда-саттық тап осы Сығанақ сияқты қалалар арқылы ғана дамыды.


Сығанақ үлкен білім орталығы болған. Оның топырағынан көптеген ғалымдар, ақындар, қолбасшылар шыққан. Соның бірі әйгілі ақын әл-Сығанақи. Әл-Сығанақи аса дарынды адам болған. Өз замандастарынан көрініп, туған жұртына тамаша естеліктер, таңғажайып жырлар қалдырып кеткен. Ақын жырлары ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, елінің шекара тарихын шертті. Бірақ, әзірше Сығанақидің көп жырлары белгісіз. Бұл халық аузында айтылып келе жатқан табиғат жайындағы «Тәңір шебер» атты қияли-фантастикалық жырын ғана білеміз. Бұл жырды Сыр бойының көнекөз қариялары қазір де айтады.


Сығанақидің бұдан кейінгі тағы бір салмақты да салиқалы еңбегі «Нихая» («Хикаялар») болып саналады. Бұл шығарманың кейбір нұсқалары неміс тіліне шығарылған. Неміс ғалымы Карл Брокельманның «Араб әдебиетінің тарихы» атты бес томдық еңбегінің біраз беті осы әйгілі жерлесімізге арналған көрінеді. Әл-Сығанақиға байланысты, әрі сол кездегі қазақ-қыпшақ елі, оның астанасы Сығанақ туралы Стамбул кітапханасынан табылған мына бір өлең жолдары әсерлі еді, қызықты мағлұмат бере алады.


«Ен далада мекендеген еркін, ерке ел едік,


Жұртымызды жеті қаттың ілімімен жебедік.


Мұнда «Нихаяны» жазған ақын туған,


Мұнда «Хикаяны» талдаған ғалым тұрған.


Болса тәңірім екінші әмір қиғандай:


Сығанақта көз жұмар ек қиналмай'.


Ол-Сығанақи жерлестері математик әл-Түркстани, тарихшы әл-Қыпшақи сияқты ғалымдармен тұстас өмір сүрген. Қазір Ленинград кітапханасында әл-Түркістан «Бес таңбалы арифметика» деген трактатының қолжазбалары сақтаулы.


Сығанақ қаласындағы жоғарыда айтылған үлкен мазар осы әл-Сығанақидікі болар деген жорамал бар. Бұған бірнеше дәлелдер келтірейік.


Бірінші дәлел А. Ю. Якубовскийдің мынадай пікірі: «Егер кіші сарайды әйгілі Хусам ад-дин-Сығанақидің қабірі дейтін болсақ, үлкен сарайды (батысындағы «ханака» (қонақ үй) деп қарауымыз керек». Екінші дәлел: Обейдуллаханның (1544—1634) документтерін де ол қалада Сығанақидің мазары болғандығы айтылатындығы. Соңғы, үшінші дәлел — қазіргі Сығанақ қаласының орнында отырған шырақшы шалдың айтқаны. Оның айтуынша: «Осы сарайлардың бірінші Сунақата жерленген, жұрт сол кісінің қабіріне әлі күнге дейін мінәжат қылады, садақа береді».


Осындай пікірлерді ескеріп, қорыта келе әйгілі ақын әл-Сығанақи XIV ғасырда өмір сүрген. Оның қабірі өлі қаланың астында жатуы әбден ықтимал деген тұжырымды жасауымызға болатын сияқты.


САЙРАМ


Сырдария мен Қаратау бойын жайлаған қазақтардың ең ірі қалалары Отырар, Сығанақ, Сайрам болғаны барша тарихшыға мәлім. Оны совет дәуірінің ірі оқымыстылары Массон, Григорян, Марғұландар да көптен бері жазып келеді. Осы арада оқушыларымыздың бір ескеретіні, жоғарыда аталған қалалардың үшеуі де бір мезгілде салынған емес. Олар бірінен соң бірі, әуелі Отырар, сонан соң Сайрам, сонан соң Сығанақ дүниеге келген. Бұл қалалар тарихи жағдайларға сай әрқилы дамыды, әрқилы дәуірледі, түрліше даңқы шықты.


Солардың бірі Сайрам қаласына тән бір ерекшелік — оның үлкен мәдениет орталығы болғандығында. Алғаш рет қазақ даласы топырағына араб мәдениеті осы Сайрам қаласы арқылы ауысқан. Мұсылман дінінің қазақтарға таралуы да осы қалаға тікелей байланысты.


Сайрамның ежелгі аты — Испиджаб. Испиджабты араб қолбасшысы Нух ибн-Асад 840 жылы басып алып, оның халқын мұсылман дініне кіргізеді. Ал Тараз қаласын Исмаил ибн-Ахмед 893 жылы жаулап алады. Қалада осы кезден бастап оның бұрынғы сауда-саттық ісімен қатар дінді уағыздау, мешіттер, медреселер салу жұмыстары қызу жүреді.


Тіпті жоғарыда аталған қалалардың ішінде кезінде базары мен мешіті көп болған да осы Испиджаб-Сайрам қаласы. Қазір ескі қаланың орнында қираған құрылыстардың қыруар қалдықтары жатыр. Бұл қала жөнінде араб тарихшылары арасында: «Испиджабқа жұма қонған кірекеш басына сәлде орап шығады» деген мақал да болған. Соған қарағанда қаланың тағы бір ерекшелігі дінді уағыздау орталығы болғанға ұқсайды. Мұндай пікірге өзек боларлық бір нәрсе Әбунасыр Фарабиге байланысты әңгіме. Бұған қарағанда, Бағдаттан қайтып оралған Әбунасыр Испиджабқа келеді. Медресе ашпақ болып, шәкірттер жия бастайды. Мұны сезіп қалған қала датқасы жас ғалымды дереу тұтқындауға жарлық береді. Әбунасыр қаладан кетуге мәжбүр болады. Ол дереу жерасты жолымен Ясыға өтті. Осы аз әңгімеден аңғаратынымыз, қаланың VIII— IX ғасырда қатал дін орталығы болып тұрғандығы еді. Қалада бертін келе IX ғасырдың аяғынан бастап, медреселер салына бастағанын байқаймыз.


Испиджаб қаласының ертедегі өміріне тән тағы бір ерекшелік — алтын, күміс өндіру, металл балқыту орталығы болғандығында. Кен балқыту өндірісі қала тарихының ең бір маңызды тарауына жатады. Қала маңындағы кен байлықтары оның даңқын талай жерге жайды.


«Шельджи деген кішкене қалашығы және бірнеше қыстақтары бар Талас Алатауында күміс өндіретін кен орындары болды. Бұл кендер өз кезінде Ангрена аңғарындағы кендермен бәсекелесе алатын дәрежеде еді. Тіпті X ғасырдың соңында өмір сүрген тарихшы әр елдің байлығын есептегенде, Шельджиден күміс керуені жөнелтіліп тұратынын айтады да, Ангрена кені жөнінде ауыз ашпайды» — дейді, В. В. Бартольд. Ал бір ғажабы осы Шельджи қалашығы Испиджабтың қосымша бір бөлшегі тәрізді. Тіпті қазір де «Шелді-ІПел-жи» деген адырлар Испиджабтың оңтүстік бетін алып жатыр.


Шелді адырларын аралаған кісінің көзіне ескі арықтар, қазан-шұңқырлар түседі. Бірақ қазір бұл шұңқырлар жылғаларға, құламаларға ұқсаңқырап кеткен. Оны қазып, сырлы қазынасын, топырағын зерттеу ғылымның алдағы ісі. Кен қорытқан мұндай шұқанақтар Қазықұрт тауында да көп кездеседі. Сол дәуірдің мәдени, экономикалық дәрежесін көзге анығырақ елестету үшін академик Ә. Марғұланның «Орталық Қазақстандағы қола дәуірінің көне ескерткіштері» атты әйгілі еңбегіне жүгінейік.


Ғалым ертедегі қазақ елінің мәдени даму жүйесін былай белгілейді:


1. Қоныстану және отырықшылану;


2. Ежелгі рудниктер;


3. Қола дәуіріндегі суландыру жүйелері құрылыстарының қалдығы;


4. Ескерткіштер және зираттық құрылыстар;


5. Көлемді жерлеу орындары.


Міне, осы жүйеге қарай отырып Испиджабтың өмір сүру дәуірін дұрыс түсіне аламыз. Қала дүниеге біздің эрамызға дейінгі үшінші ғасырда келді. Бұл қола дәуірі еді.


Ал қыпшақтардың (қазақтардың) ескерткіштер және зираттық құрылыстар салу өнеріне келетін болсақ өнердің бұл саласы да күшті дамығандығы байқалады. Бұған қаладағы ескі мешіттер, зират құрылыстары дәлел бола алады.


Испиджаб кендерінде қалай жұмыс істеген, металды қалай қорытқан, соған келейік. Кен — қазан шұңқырлардың күллісі тау бастарына салынған. Мұның өзіндік себебі бар. Орталық Қазақстанның ежелгі кендері көбінесе тау басынан, не соған жақын аңғарлардан шыққан. Міне, сол сияқты Испиджаб кені де тау басына тақау келеді. Бұл кенді сол өндірілген жерде өңдеу жұмыс күшін онша көп керек етпейді. Тасымалдап жүруге кен қорытқыш зергерлердің шамасы жетпеген. Әрі тау басының ауасы жеңіл болады. Ойпаңға қарағанда металл балқытпалары тез қызады, тез қорытылатын сияқты.


Мыс, қорғасын, қола, темір өндіру өте күрделі жұмыс. Техникасы дамымаған сол кезде ешқандай домна пешінсіз, жоғары қызулы көмірсіз кен тасын балқыту әрине аса қиын еді. Қазан-шұңқыр жасап, оның ішіне кен салып, қызуды мың градусқа дейін көтеру үлкен тәжірибелілікті, білімділікті талап ететіні даусыз. Бірақ осы кен өндіру, қорытуды қалай жүзеге асырды? Әзірше ата-бабаларымыздың бұл тәжірибесі бізге құпия болып келеді.


Ата-бабаларымыздың кен балқыту әдісін зерттеу — көп нәрсенің кілтін тауып, сырын ашатынында сөз жоқ. Тек сол арқылы ғана олардың қызу жайлы, металдың қасиеті жайлы білім-өнерінен хабардар болар едік. Темір кендерін қалай балқытты, оларды балқытуға қандай отын пайдаланды,— мұның баршасы бізге өте сырлы жұмбақ. Біз әзірше, Жезқазған өңіріндегі Майлықұдық, Сорқұдық, Қазықұрттағы Атырау, Испиджабтағы Шелді кендерінің орнын ғана білеміз. Күлге айналған қазан шұңқырларды ғана көре аламыз. Ал, осы кен орындарының қайсысы болса да жеке-жеке тәптіштеп зерттеуді қажет етеді.


Испиджаб қаласы түріктер мен славяндарға көп уақыт бойы құл саудасын жасап келген. Бұл, әсіресе қанау атаулының ең озбыр, ең тағы түрі монғол шапқыншылығы кезінде күшейе түседі.


Шыңғысхан қолы Сайрамды 1219 жылы бағындырып алғанымен, ол Отырар, Сығанақ сияқты көп қираған жоқ. Бірақ мұндағы медресе атаулы түгелдей жабылды, кітаптар өртелді. Жоғарыда сөз болған кен орындары қаңырап қалды. Шетелдермен байланыс үзілді.


Осы кездегі Орта Азияның мүшкіл халін айта келіп, Карл Маркс: монғол езгісі «халықты жаншып қана қойған жоқ, ол қолына түскен халықты қорлап. оның жанына жара салды» деген болатын.


Испиджаб қаласы көп уақыт бойы бай-феодалдар мен саудагерлердің мекені болып саналды. Қаладағы барша байлық, оқу-білім орындары соларға ғана тиісті болды. Оның үстіне «... Адамдардың жаратылыспен күрестегі әлсіздігі құдайға, жын-шайтандарға, кереметке, т. с. нануды...» тудырып отырды. Мұның ауыр зардаптары халық басына түсті. Діни орындар — мешіттер көптеп салынды. Әулие атын жамылған қыруар зираттар, обалар жұрт санасына қараңғылық орнатты. Олардың творчестволық қабілетін, ой-арманын тежеді.


Бұл тұста медресе, мешіт салған зергер жандардың таңғажайып өнерін қадірлеп-қастерлеумен қатар, сол орындардың таптық астарын, оны иеленушілердің қайшылығын да ескермеуге болмайды. Алайда мәдениет, өнер — халықтікі. Оны ешқашан да бір ғана адамға телуге болмайды. Бұл тұрғыдан алғанда сәулетті сарайларға, өрнекті медреселерге, мешіттерге қанаушылардың емес, оның қышын қалап, тұрғызған халықтың тері тамып, еңбегі сіңген. Оларда өлмес өнерлі қолдың таңбасы бар. Мәселеге тап осылай қарасақ қана белгілі бір тарихи дәуірді түбегейлі түсініп, бейнелей аламыз.


Испиджаб қаласының дәуірлеп, гүлденген шағы X—XII ғасырлар болды. Бұл кезде қала өз маңындағы көптеген қыстақтар мен елді мекендерді біріктірді. Отырықшы ел жер жыртып, егіншілікпен айналысты. Арыс, Бадам өзендерінен қалаға құбыр жүргізілді, науалар салынды. Мұндай құрылыстарды қаланың қазіргі жатқан орнынан да айқын аңғарамыз.


Испиджаб (Сайрам) қаласының тағы бір артықшылығы — ол Отырар, Сығанақ секілді мүлдем өлі қалаға айналып кеткен жоқ. Қазір онда халық мекендейді. Сайрамның солтүстік-батыс бетіне жаңа қала, аудан орталығы орнаған. Ал қазіргі сайрамдық диқандардың көпшілігі ескі арық жүйелерін пайдаланады. Бұл кездегі тоғандар, тоспалар сонау бабаларымыздың кетпенінің ізімен жүргізілген.


Сайрам қаласын сөз еткенде оның мәдени өміріне елеулі ықпал жасаған Ахмет Яссауиді айтпай өту мүмкін емес. Ахмет Яссауи 1103 жылы сол Сайрамда туған. Оның жастық шағы жөніндегі деректер мүлдем аз. Ахмет өсе келе өлең жазып, ақын аталады. Мерв қаласында оқып, сонда діни білім алады. Бірақ көп ұзамай-ақ туған қаласына қайтып оралады. Қаланың өркендеуіне, медреселердің ашылуына ықпал етеді. Көлемді-көлемді жырлар жазады. Міне, сол жырлардың көпшілігі дінді уағыздау сарынында, халықтың «тәңірге жазбай», қожасының айтқанынан шықпауы жайы айтылады.


Алайда, ол ақындық дарыны кемелдене келе көптеген дастандар жазды. Соның ең бастысы «Диван әм Хикмет» («Даналық жайындағы кітап») деген дастандар жинағы болып табылады. Бұл дастандар философиялық ойлардан, нақыл сөздерден, тәлімі мол термелерден тұрады. Кітап бірнеше рет Бағдатта, Мекеде, Шамда араб тілінде басылып шыққан.


Біздің қолымызға жеткен Яссауидің өлеңдері жақында өзбекстандық ғалымдардың «Ежелгі Орта Азия ақындары» деген сериямен шығарған жинақтарына енгізілген. Оның бұл өлеңдерінде адамгершілік философиясы тебірене толғанған. Яссауи өз өмірінде медресе салу, ел басқару ісімен де көп шұғылданады.


Яссауидің ел басқару жөніндегі осындай істеріне байланысты Темірдің тарихшысы Шереф ад-дин-ал Язди де егжей-тегжейлі әңгіме етеді.


Темір оның қабірінің басына үлкен мавзолей орнатуға жарлық береді. Түркістан қаласындағы Ахмет Яссауидің мавзолейі деп аталатын бұл мекен-жайға қазақ хандары жерленетін дәстүр пайда болады. Қазір бұл мавзолейде Абылайдың, Саурық батырдың және басқа да көптеген білікті адамдардың, хан тұқымдарының сүйегі жатыр.


Сайрам қаласын зерттеу мақсатымен қазба жұмысы әлі жүргізіле қойған жоқ. Қазір Ленинград эрмитажында, Қазақ ССР Ғылым академиясы тарих, археология және этнография институтының музейінде құмыра, күпшек, балшықтан жасалған ыдыстар, жер бетінен табылған т. б. заттар сақтаулы тұр. Бұл мүліктердің бедеріне, әшекейлеріне қарай отырып, ежелгі сайрамдық шеберлердің аса талғампаз, қиялы аса бай болғанын көреміз. Мысалы, сусын құятын қос құлақтағы жалпақ құмыраның бетіндегі бедерге назар салсаңыз, оның өте әдемілігіне таңданасыз. Бірі мен бірі нәзік айқышпен жалғасқан ою-өрнектер асқан шеберліктің дәлеліндей. Бұл өрнектер құмыраның тұтқасына жақындаған сайын нәзіктене, кішірейіп кетеді. Әр жерінде тана бақырдың суреті бар. Екінші бір құмырадағы гүлдің суреті ерекше бір нақышпен салынған. Мұнда әлгі гүлдің түсі құмырадағы басқа бейнелердің түсіне қарама-қарсы боялған. Құмыраның түп жағы күңгірт-қара, ал осыған жақын салынған гүл қауызы ақшыл түстес. Құмыраның мойын жағы сарғыш бояумен өрнектелген — бұл бояуға қарама-қарсы салынған әлгі гүлдің сабағы аспан тәрізді көгілдір түстес. Осыдан барып бояудың өзі сыршыл симметрия жасап тұр. Қараған адамға күшті әсер етеді. Құмыра әшекейін быжырлатпай, керісінше, оның түсін аша түседі.


Ал тастан қашап жасаған, келі тәрізді ыдыстарға келетін болсақ, тас қашаған зергерлер талғамының жоғарылығына таң қаласыз. Бұл ыдыстардың қандай мақсатқа қолданылғаны бізге мәлім емес. Ал олардың сыртындағы қашап салынған құстың суреті, әшекейлі оюлар және т. б. түрлі сюжетті бейнелер аса қызық. Олар нәзік бедерлерге өзінше бір үндестік берген. Шебер қолы нені өрнектесе де, оның терең мағыналы болғанын көздеген тәрізді. Осыдан біз ежелгі Сайрам керамикасының үлкен дамуды басынан өткергенін білеміз.


Сайрам тарихы да түбегейлі зерттеуді күтеді. Біздіңше зерттеу жұмысының ең маңыздысы — мешіттер мен медреселерді қазу жұмысын жүргізу. Өйткені бұл құрылыстардың жер бетінде шашылып жатқан қазіргі қалдықтары бізді сонау өткен ғасырдың құм шөгінділеріне еріксіз үңілуге жетелейді.


Сайрам қаласы туралы біз көне кітаптарда жазылған деректерден білеміз. Мысалы, Кир мен Дарийдің жорықтарына байланысты осы көне қаланың аты аталады. Дарийдің қолы қазақ даласына келгенде қатты қарсылыққа ұшырайды. Оның қисапсыз қолы ыдырап, тоз-тоз болып, беті қайта бастайды. Енді әрі қарай жүре алмай, кейін шегінеді.


Екінші бір үлкен шығарма үнді халқының батырлар эпосы «Магабгаратта» үнді әміршісіне сый алып солтүстіктен келген сақтар жайлы айтылатын жер бар. Бұл жырда «әлгі сақтар Сырдарияның оң жағасы мен Талас Алатауының батыс қойнауын алып жатқан өлкеден келген» дейді.


Ерте дүние авторларын қатты қызықтырған Сайрам қаласының қазіргі тұрқы қандай? Көне Сайрамның қираған қалдығы қайда? Оның орнындағы ескерткіштердің сипаты қалай?.. Міне, енді осы сұрақтарға жауап берейік.


Қазіргі кезде ежелгі Сайрамның орнындағы өзінің архитектуралық, әрі көнелігі жағынан көңіл аударуға тұрарлық бірінші ескерткіш Әбділ әзиз бабтың мавзолейі. Бұл мавзолейдің құрылысын бірінші рет көруге келген кісі оның әдемі қақпасына, тепе-тең, қоржындана жасалған күмбезді арқалықтарына қызыға қарайды. Қақпаның биіктігі . Кенересі саусақты-бедерлермен өрнектеліп, жұмырлана өрілген. Бейне бір жуан есілген арқан секілді. Осы қақпаның төбесі тағы да бір жарым метрдей биіктетіледі де, одан арғы арқалық жайпақтанып кетеді. Ескерткіштің екінші бір маңызды құрылысы оның күмбезі. Күмбез өзінің әсемдігі жағынан Түркістан ескерткішінің күмбезінен қалыспайды. Бірақ мұнда әсем қаптағыштар қолданылмаған. Қыштың өзін қырлап өріп, киіз үйдің төбесіндей күмбез жасаған. Бас күмбезден төменіректе және тағы екі күмбез бар. Бұлардың биіктігі мен көлемі дәл алғашқыдай. Бірақ төменгі арқалықтардан көтерілгендіктен көзге кішірейіп көрінеді.


Ескерткіштің салыну уақыты және құрылысшы-зергерлер туралы еш жерде жазылмаған. Тек құрылыстың ішінде, қақпасы мен керегесінің қиылысқан жерінде оймыштап жасалған жылқылардың бейнесі салынған. Бұл бейнелер әйгілі француз суретшісі Делакруаның салған тұлпарларымен ұқсас секілді. Аспанға шапшып тұрған тұлпардың қара бұлттай жалы, күмбездің иір иінімен симметрия жасап тұрған бөкселері — суретшінің аса бай қиялының куәсіндей. Дәл осы көне ескерткіштің ішінде құпия жатқан әлгідей әсем бейнелерді жас суретшілер зерттеп, қазіргі құрылыстарға қолданса, нұр үстіне нұр болмас па еді?!


Қазіргі құрылыстарда салынып жүрген аң қуған, не бәйге шапқан ат бейнелерінен Әбділ ескерткішіндегі мүсіндердің бір айырмашылығы, мұнда үлкен күштің, жігердің, батылдықтың рухы білінеді. Құйындатқан асқақ күш, арқасына мінген жанды алып ұшқалы тұрған арын анық байқалады. Бірінші аттың арандай ашылған аузы өзінің жалына жармасқан қайдағы бір хайуанаттан шошынғанын аңғартады.


Көне Сайрамдағы екінші бір үлкен ескерткіш — Қарашаш ананың мавзолейі. Архитектуралық бұл құрылыс қазір жергілікті өлкетану музейі болған.


Қарашаш ана мавзолейі құрылысының салыну мерзімі белгісіз. Бірақ оған қолданылған қыштың құрамына, жасалу әдісіне қарай отырып, монғол шапқыншылығынан кейін, яғни XV ғасырда салынған деп жорамалдауға болады. Өйткені, дәл осындай қыштан XV ғасырда салынған Тараз қаласының құрылыстарын да көргенбіз.


Ескерткіштің архитектуралық құрылысы әсем. Төрт жағы да тепе-тең, жарылған гүл қауызындай өрнектеліп келеді. Төрт қабырғасына да оймалы қақпа тәрізді, ішке қарай ойық етіп бір метрдей қыш өрілген. Қыштар жалпағынан қаланған. Бұл құрылысшылардың мавзолейдің кеңдігін емес, ең әуелі беріктігін ойлағандығы деп білеміз. Ескерткіштің төрт жағы да әсем, симметриялы көріністі сақтаған.


Құрылыстың тағы бір ерекшелігі, мұнда бірде-бір тіреу, не тұғыр қойылмаған. Ескерткіштің төбесі қабырғаның ішкі жағынан екінші рет өріп биіктетілген күмбездің жалпы қалпағымен жабылған. Сонда құрылыс қабырғасы екі қабат болып шыққан. Дәл мұндай әдіс Орта Азия ескерткіштерінің бірде-бірінде кездеспейді.


Ескерткішті салған архитектордың құрылыс есебіне жетік жан болғандығы байқалады. Құрылыстың тең бұрышты төрт қабырғасы бар. Әр қабырғада төрт қырдан, ал мавзолейде барлығы 16 қыр нақышталып өрілген. Осы қырлардың күллісі өзіне қарама-қарсы беттегі бұрыш қырымен тең түседі. Дәл осылайша, бұрыштардың өзін қырлап, әсемдеп өру құрылысқа тамаша көрік-сән беріп тұр.


Қарашаш ана ескерткішінің тағы бір аңғартатын ерекшелігі — құрылысқа ешқандай металл, не ағаш жабдықтары пайдаланылмаған. Оның іргесіне жалпақ тастар қаланған да, төбесіне жеткенше күйген қышпен өріп шыққан. Төбедегі күмбез таспен, қышпен араластыра қаланып тұрғызылған.


Сайрамдағы тағы бір көне ескерткіш — жергілікті адамдар «Мыралы» мавзолейі деп атайтын құрылыс Бұл құрылыстың салыну мерзімі бізді XVI ғасыр шамасына алып барады. Өйткені, осы кезде, ежелгі Отырардағы «Арыстанбапқа арналған ескерткіш» дейтін құрылыс салынады. «Мыралы» құрылысы мен «Арыстанбап» құрылысының қыш құрамы да, архитектуралық стилі жағынан болса да бір-біріне жақын. Әсіресе, қыш қалау тәсілі, әрбір бесінші қатардан кейін қайталанып отыратын өрнек, екі құрылыста да бірдей айшықтар жасаған. Екеуінің де қыш өру тәсілі бірдей.


XVI — XVII ғасырлардағы қазақ (қыпшақ) жеріндегі құрылыстардың салыну мәнер әдісі бір-біріне соншалықты жақын. Олардың қақпаларының биіктігі, ені көбінесе бірдей болып келеді. Құрылысшы сәулетші бұл ескерткіштердің баршасында да ең әуелі қақпаға ерекше мән берген. Қалпақ, күмбез, кереге секілді қалған бөлшектер түгелдей дерлік қақпаның құрылысына байланысты жасалатын болған. Міне, осындай тәртіппен, әдіспен салынған құрылыстар қатарына біз «Мыралы», «Арыстанбап» мавзолейлерінің құрылыстарын жатқыза аламыз.


Көне Сайрамның орнында бұлардан басқа да ірілі-ұсақ ескі құрылыстар көп-ақ. Олардың көпшілігі — қабыр басына орнатылған ескерткіш, медресе, мешіт, сарайлардың қираған қалдықтары. Бұлар ғасырлар сынынан, табиғат құбылыстары әсерінен, күтімсіздіктен қатты бүлінген. Күмбездері қақырап, төбелерін шөп басып кеткен. Әдетте, ескерткіштердің іші бос келетін болса, мұнда қойылған қабырлар әлде қашан жермен жексен болып, едендеріне төселген қыштар ығы-жығы боп үйіліп, араларынан топырақ шығып жатады.


Мысалы, біз қазіргі Сайрам селосындағы ең жас құрылыс деп есептелінетін бір ескерткіштің ішіне кірдік (7-сурет). Ескерткіштің іші қара көлеңке. Жарық жағып, іргелерді қарағанда, ертедегі тұрғындардың ыдыстарының қалдықтары, сынған қылыш сабы табылды. Құрылыс ішінде ешқандай өрнек жоқ. Бірақ жергілікті тұрғындар оның ортасында жатқан ұзын тастың астында қайдағы бір үңгірге апаратын есік бар дегенді айтты. Тас өте ауыр болып шықты. Тастың астына темір салып көтермек болғанымызда ол жарылып кететіндіктен, біз тасты бұрынғы күйінде қалдырдық.


Жергілікті халық аталған құрылыстарды, олардың салынуын, батырлардың басына орнатылған ескерткіштерді сан құбылтып әңгімелеп отырады. Өзге қалаларға қарағанда Сайрамдағы құрылыстардың көптігі, оның табиғи-қолайлы жағдайда орналасқандығынан деп шамалауға болатын сияқты. Өйткені Сайрам жартылай таулы, жартылай далалы жерге орналасқан. Егінге де, малға да қолайлы. Оның үстіне Сайрамда құрылысқа аса керекті өте берік материал боларлық саз балшық шығатын жерлер бар. Тастар да мол кездеседі. Мұны өз кезінде В. В. Бартольд, М. Е. Массон секілді ғалымдар да байқап, әңгіме еткен болатын.


«Қытай саяхатшысы Чан-Чунь 1221 жылы Хорезм мемлекетіне келген сапарында Сайрам қаласын басып өтеді. Саяхатшы осы жылдың 20 ноябрінде Сайрамға қайта соғады. Ол қалада үлкен мереке өтіп жатқанын, жергілікті халықтың бірі-бірінің үйіне кіріп құшақтасып, қуанысып жатқанын жазады», — дейді, В. В. Бартольд. Шындығында, бұл кезде Сайрам қаласы монғол шапқыншылығынан кейін қайта бел жазып, өзінің қалыпты өміріне араласқан болатын. Қаланы XIII ғасырдан бастап жергілікті халықтан шыққан адамдар басқарып тұрды. Бұл жағдай қаланың өркендеуіне игілікті ықпал жасады.


ТҮРКІСТАН


Түркістан — алғаш рет Шабғар деген атпен араб тарихшыларының жазбаларында аталады. Бұл жазбалардағы жорамал бойынша қазіргі Түркістан қаласының солтүстік-шығыс бетінде Шабғар деген үлкен қала болса керек. «Қала көшпелі қассақтардың (қазақтардың арғы ата-бабасын осылай атаған) мәдени орталығына айналды», — дейді А. Н. Бернштам.


Біздің дәуіріміздің X ғасырында араб саяхатшылары: «Шабғар қаласы «Жібек жолының» бойындағы аса бай мекен» деп жазады. Бірақ әзірге қолда бар археологиялық материалдар бұл қаланың XII ғасырдан бастап дүниеге келгенін растайды, — дейді, М. Е. Массон.


Ал жергілікті халық көне қаланың тарихын өте әріге сілтейді. Оңтүстіктің жылы ауа райы, мол суы, қалың нулы шөбі, тоғайы малшы көшпелілерді қатты қызықтырған. Қыс айларында олар түстікке қыстауға келіп, Сырдария бойында отырған. Бертін келе олардың сол қонып өткен жерлері мал базарларына, сауда саттық орнына айналған. Бұл жерлерге халық қоныстанып, отырықшылана бастайды. Осы қоныстанудан бара-бара қалалар пайда болады.


«XII ғасырдың өзінде Шашқа дейінгі созылып жатқан керуен жолында, Сырдарияның бойында қоныстанған көптеген елдер, қалалар болды»,— дейді, М. Е. Массон.


Бертін келе қала Ясы деген атқа ие болады, А. Н. Бернштам өзінің 1947 жылы жүргізген археологиялық зерттеулерінде Ясы қаласының дәл қазіргі кездегі Түркістан екенін дәлелдеді. Ол: «жергілікті аңыз Ясы қаласының қираған қалдығы Түркістанның оңтүстік шығыс бетінде, Отырарға жақын жерде жатыр деседі»,— дегенді айтады.


Біз осы деректерді егжей-тегжейлі салыстыра отырып, Шабғар-Ясы-Түркістан деген атаулардың жалғыз-ақ қаланың аты екеніне көзіміз жеткендей болады. Оған бір дәлел, сол кездегі қалалардың аты дәуір талабына сай және қоғамдық әр түрлі жағдайларға байланысты өзгеріп отырған (мысалы, Шаш-Шәшкент-Ташкент). Сонымен қатар ол кездегі тарихшыларда қалалардың атын қалай естісе, солай жаза салатын болған. Мұның үстіне әр халықтың сөйлеу, жазу ерекшеліктері де адамның, жердің аттарын атауда түпкі негізінен өзгертіп жіберетіні мәлім.


Тарихи деректер Ясының X ғасырда дәуірлеп тұрғанын растайды. Олай болса, біз қала өмірі одан бірнеше ғасыр бұрын басталған деп батыл айта аламыз.


Ал, Ясы деген сөздің мағынасына келетін болсақ, ол: «ас», «сақ» деген сөздердің бірігуінен шыққан. Бұл «Сақтар мекені» деген ұғым береді. Ясыны Сақтар қаласы деп атағаны жайында Темірдің тарихшысы Шереф ад-диннің еңбектерінде де мағлұмат бар.


Ясы қаласын әңгімелегенде, ондағы әлемге әйгілі Ахмет Яссауидің мавзолейі жайлы айтпай өтуге болмайды. Мавзолей тарихы — Ясы қаласының тарихы деуге тұрарлық: Біз өткен ғасырлардың аса тамаша архитектуралық ескерткіші жайын сөз ету арқылы қазақ халқының көне қаласының өткендегісімен толығырақ танысамыз.


Мавзолей — діндар оқымысты, ақын Ахмет Яссауидің басына орнатылған дедік. Бірақ Темір мавзолейді орнату жөніндегі өзінің жарлығын Яссауидің ақындық дарынына немесе оның діни беделіне қарап емес, тіпті басқаша саясат ұстап берген еді.


Темір өз билігі тұсында қол астындағы мемлекетінің солтүстік шекарасын түгелдей алып жатқан көшпелі қыпшақтармен (қазақ) талай соғысқан болатын. Қыпшақтар оның күшпен біріктірген үлкен мемлекетіне дамылсыз қатер тудырып отырды. Тіпті жасаған талай-талай жорықтарын орта жолда болдырмай, нәтижесіз қалдырды. Осындай ержүрек, жауынгер халықпен бірлікте, бейбітшілікте тұру Темір үшін өте-мөте қажет болды. Сондықтан да ол қыпшақ жұртына беделді, діни өкілдің атын бетке ұстап, сол арқылы өз дегенін істетпек еді.


Темір 1397 жылы Моғолистан (Жетісу мен Құлжа бойындағы ұйғырларды сол кезде осылай атаған) елінің әміршісі Хызр қожаның қызы Түкел ханымға үйленбекші болады. Көп ұзамай-ақ екі арада құдалық сөз де жүреді. Содан соң ол өзіне қарсы мол жасаумен келе жатқан қалыңдығының алдынан шығады. Темір осы сапарында, яғни сентябрь айында жолындағы Ясы қаласына түседі. Ахмет Яссауидің моласына ғибадат етеді. Сол жердегі тұрғындарға көп садақа береді.


Ол дәл осы жолы Ясы қаласында үлкен мавзолей орнатуға жарлық еткен көрінеді. Темір содан қайтып Ясыға келген емес. Тек 1405 жылы үлкен жорық жасар алдында ғана Отырарға тоқтайды. Темір осы Отырарда кенеттен қайтыс болады.


Ахмет Яссауидің алғашқы қабыры әлі табылған жоқ. Ал тарихшылардың көпшілігі оның қабыры Сайрам қаласында еді дегенді айтады. Бірақ Темір Яссауидің қабырына Ясыға келгенде ғана ғибадат еткені мәлім.


Түркістандағы Яссауи мавзолейін 1928 жылы жөндегенде оның төбесінен өртелмеген бес қыш табылған. Бұл қыштар сөз жоқ, Яссауидің ескі қабырынан алынған. Қыштардың жасалу кезеңі XII ғасырға жатады. Бірақ әкелінген жері мүлде көрсетілмеген.


Мавзолейді салуға арналған қыштар мен әшекей қаптағыштар Сауранда даярланған. Даяр қышты Сауран мен Ясының екі ортасында қаз-қатар тұрған адамдар қолдасып (біріне-бірі беріп) жеткізген деседі. Қыш әзірлеп, оны құрылыс орнына жеткізу жөніндегі бұл жорамалды М. Е. Массон да мақұлдайды. Жергілікті халықта жұмыстың жүру кезеңін аңыз етіп айтып отырады.


Бұл зәулім ескерткіштің әр жеріне, әшекей қаптағыштардың астына жазып кеткен жазуларды оқысаң, зергерлердің атын білеміз. Бұл жайлы М. Е. Массон былай дейді: «Қабырғаларға әшекей жүргізген Шираздан келген Хасан қажы деген кісі. Оның аты көгілдір қышпен солтүстік күмбездің ішкі жағына жазылған. Ортадағы, қабыр үстіндегі сай-сай етіп өрілген бас күмбезге жапсырылған алты бұрышты әшекей қыштың астында осы мавзолейдің бас зергері Шемс Абд-ал-Вахабаның аты жазулы. Ал Иэз-ед-Дин есіктер мен шырақ қоятын қола тұғырларды құйған. Енді орталық бөлмедегі үлкен қола қазанды Тавризден шыққан Абдал-Азиз құйып жасаған».


Ал жалпы құрылыс бас зергер Мавлян Убайдулла Садрдың басшылығымен жүрген.


Бас зергер Мавлян Убайдулла Садрға тапсырылған құрылыстың алғашқы жобасы мынадай болатын: бас күмбездің диаметрі қырық бір кезге тең болуы керек еді (бір кез 80 сантиметрге тең). Осыған сәйкес күллі құрылыстың ішкі бөлімдері бас күмбезге тепе-тең түсетіндей (пропорциялы) етіп өрілуге тиіс. Құрылыс беті қос қалпақты, биік жақтаулы қақпадан тұрады. Осы қақпаның арғы жағынан қоржынданып 30 кездей етіп тағы қос күмбез көтерілуге тиіс. Ал, ортасы төрт бұрышты кең мекен-жай, металл темірден қоршалған су тұратын хауз (бассейн). Одан әрі он екі кездік бір бөлме. Дәл осы бөлмеде, яғни кіші күмбездің астында Ахмет Яссауидің қабыры жатады. Қабырдың үстіне Тавризден әкелінген мрамор плита қойылмақ. Қабырдың оң және сол жақ бүйірінен келген кісілер бас қосып, мәслихат жасауға арналған әрқайсысы 16,5X13,5 кез келетін екі бөлме бар. Бұдан басқа да бірнеше шағын бөлмелер белгіленген. Қабырғалар мен күмбездер сол кездің сәулет өнеріне сай әшекей қыштармен қапталуы керек. Міне, бас зергерге тапсырылған құрылыс жоспары осындай болған.


Осыншама өте күрделі құрылысты аса шебер зергерлердің, құрылысшылардың өзі екі жылда бітіре алмас еді. Ал Темірдің тарихшысы Шереф-ед-Дин мавзолей екі жылда салынып бітті дейді. Анықтап қарасақ, құрылыстың артқы жағындағы бас арқалық күмбез әлі түгелдей аяқталып болмаған. М. Е. Массон да соңғы пікірді қостайды. Ішкі есіктердің бірі жіппен шандулы тұр. Осы есікте «хижраның 797 (1395) жылы» деген таңба бар. Бұл мезгіл құрылыс жұмысының 1397 жылы емес, одан бірнеше жыл бұрын басталуы әбден ықтимал екенін дәлелдейді. Бұлай болса, Темір құрылыс жұмысы қызып жүріп жатқанда Ясыға келген болады. Ал шырақ астында тұратын қоладан құйылған алты тұғыр да Темірдің әмірімен жасалған. Ол тұғырларда — рамазанның 20-сы, хижраның 799-жылы, яғни 1397 жылдың 17 июні деген жазу бар.


Шереф-ед-Диннің бұл қатесін М. Е. Массон былай деп түсіндіреді: «Шереф-ед-Дин өзінің еңбегін хижраның 822 жылынан бастап жазды». Содан оның кітабы мавзолей салынып біткеннен кейін көп жыл өткен соң дүниеге келген. Олай болса, тарихи жазбада не тарихшының естігенінде қателіктер болуы мүмкін.


Аса қызық тағы бір дәлелге жүгінейік.


Жергілікті халықтың айтуы бойынша жазылып алынған әңгімеде Орта Азияның аса бір қатерлі жауы Тоқтамыс Ясы қаласына басып кіргені айтылады. Ол мавзолейге кіріп, онда Яссауи тұқымдарының асыл жиһаздарын және халықтың сыйға тартқан бағалы бұйымдарын тонап алып кеткен. Тоналған мүліктерді Алтын орданың сол кездегі астанасы Сарайға алып қашады. Бірақ Темір оның әскерін жолда күйрете жеңеді. Тоналған мүлік қайтарылады. Бұл мүліктерді Темір «түсінде аян берген Яссауидің айтуымен» жаңа мавзолей құрылысына жұмсауға және медресе ашуға бөледі. Бірақ әміршінің өлімі мавзолейді салу жұмысын үзіп кетеді. Ал медресені салу жұмысы қолға алынбай да қалады.


Әңгіме осылай аяқталады.


Ал тарихқа жүгінетін болсақ, Тоқтамыс Орта Азияға 1387 жылдан бастап бірнеше дүркін шабуыл жасаған. Темір қолымен талай рет ұрыс даласында да кездесті. Бірақ Темір Тоқтамысты 1395 жылы ғана ойсырата жеңді. Оның сарайын өртеді. Барлық қазына Орта Азияға жөнелтілді.


Біз осыдан Тоқтамыстың Ясыға тек 1395 жылы ғана келгенін білеміз. Олай болса, бұл жылдары мавзолей құрылысы жүріп жатқан, тіпті жарым-жартылай болса да, бұл кезде бітуге айналған дей аламыз.


Мавзолейді салған құрылысшылар оның ұзақ уақыт тұруын да ескерген сияқты. Ал ескерткішті жөндеу жұмысына керекті қаржыны Ясы қаласының маңындағы тұрғындардан өндіру қажет болды. Бұл үшін «Иелік қағаз» деген арнайы ширатпа шежіре жасалған. «Иелік қағазда» қала маңындағы қара топырақты жер Яссауи тұқымының қарамағына жатады делінген. Бұл жерді пайдаланған шаруалар жер иесіне жыл сайын екі жарым батпан бидай, екі батпан ет төлеп тұруы керек (бір батпан — он алты пұтқа тең). Мавзолейге келген кісілер орталық қазанға «хатиба» деп аталатын садақа салады.


Жиналған заттар мен ақшалар тек мавзолейді жөндеуге ғана жұмсалуға тиіс болған... Мавзолейді көп уақыт бойы дүмше молдалар, білімсіз жандар төңіректеп, халықтан мөлшерден артық салық жинайды. Халықты қанап, мавзолейдің ширатпа шежіресінде жазылған «заңды» бұзады. Олар жергілікті халықты дін шырмауында ұстап, «әулиелер» аруағымен қорқытады, қараңғылықта ұстайды. Халық мүддесіне кереғар қайшы мұндай жағдайлар көп уақыт бойы мавзолейді зерттеуге, оның архитектуралық жетістіктерін насихаттауға мүмкіндік бермеді. Маңдай терін төгіп, осындай мәңгілік ескерткішті жасаған қарапайым жандардың санасын улады. Халық өз еңбегінің, өнерінің салтанатын көре алмады. Ал ұзақ уақыт бойы ескерткіш басында отырып, халық үстінен күн көрген жандар 500 жылдан астам уақыт ішінде мавзолейді жөндеп, оны сақтау туралы мүлде ойлаған да жоқ.


Ал Октябрь революциясы жеңіп, В. И. Лениннің «Халық ескерткіштеріне қамқорлықпен қарау жөніндегі» тікелей ұсынысы бойынша Түркістандағы тарихи ескерткішке өзінің әлденеше ғасыр өмірі ішінде тұңғыш рет 1928 жылы ғана жөндеу жұмысы жүргізілді.


Мавзолейдің арғы тарихы Ясы қаласының өмірімен тығыз байланысты дедік. XV ғасырдан бастап Ясы — Түркістан деп атала бастайды. «Түркістан» деген сөз «түріктер мекені, елі» деген ұғымнан шыққан. Ол кезде қаланы мекендеген халықты «түркі тұқымдас, түркі тектес» халық деп жүрген. Сөйтіп, кейінгі тарихи шығармаларда қала Түркістан болып аталып кетті. Бұдан былай біз де солай атаймыз.


Түркістан қаласын 1723 жылы қалмақтар басып алады. Қалмақтардың қолбасшысы Цэван-Рабтан жиырма жылдан астам уақыт Түркістанды, Түркістан маңайындағы елді билеп-төстеді. Бірақ ескерткішіне тиген жоқ.


Негізінде Түркістан қаласы 1600 жылдан бастап (1583-1598 жылдары билік құрған Абдулла) қазақ хандарының билігінде болған. Мұны М. Е. Массон және В. В. Бартольд қазақ халқының эпосында айтылатын Ишимнің өмірімен байланыстырады. Халық батыры Ишим XVI ғасырдың аяғында XVII ғасырдың басында өмір сүрген. Ол өзінің елін қалмақ басқыншылығына қарсы көтереді. Сондықтан жергілікті зергерлердің күшімен Ишимге арналып кішігірім мавзолей салынады. Ол мавзолей Яссауи мавзолейінің түстігінде болған. Қазір біржола қирап, жермен-жексен болып кеткен.


...1819 жылдың бір түнінде Қоқан ханы Омар қалаға басып кірді. Халықты тонай бастады. Ал оның артынша қалаға келген Қоқандағы орыс әскерінің гарнизоны мавзолейді бекініс орнына айналдырады. Бұл жайында М. Е. Массон былай деп жазады:


«Бұл кездегі басшылардың ешқайсысы қала ескерткішіне көңіл бөлмеген. Мавзолей қала қорғанының ішінде қалды. Сондағы Қоқан гарнизоны офицерлерінің пәтерлері ескерткішті айнала салынғандықтан оны ластап, бүлдіріп тұратын. Ескерткіштің ішіндегі бірнеше бөлмелер әскери құрал-жабдықтар мен азық-түліктің қоймасына айналдырылды. Ал күмбездің арқалығынан ешқашан қарауыл кеткен емес. Ол қиырдағы жазықтан жауды көрсе болды, күмбез арқалығынан ту көтеруші еді. Мұны көрген халық қорғанға қашып тығылатын. Ал қыс айларында ескерткіштің алдында тұрған қарауыл сарбаздар дамылсыз от жағатын. Қазір де бас қақпаның жақтауларында, қабырғада ыс табы қалған».


Бұл кезде қаланы айнала қоршап тұрған қорғанның ұзындығы үш километрге жуық келетін. Қорғанда төрт қақпа болды. Оларды Мусалла қақпа, Есек қақпа, Дарбаза қақпа, Ниат ата қақпа деп атады. Ал Яссауи мавзолейі қорғанның солтүстік-шығыс бөлігінде болатын.


1846 жылы Түркістан датқасы Қанат қоқандық қолға бірнеше ай бойы күшті қарсылық көрсетіп соғысты. Қаланы ұзақ уақыт бермей тұрды. Сонда Қоқан әскерінің басшысы Әзиз Парваначи деген қала маңындағы тоғандарды бұзып, қорғанға қарай бұруға әмір етті. Қорғанды су басты. Осылайша, әлемге әйгілі тамаша ескерткіш бірнеше ай бойы белуардан су астында тұрды.


Осы арада мавзолейдің ірге тасының салынуына байланысты халық аузындағы бір естелікті айта кетуге тура келеді. Ол бойынша, құрылыс орны қазылып, топырағы тасып әкетілген. Халық оның орнына саз, қиыршық құм әкеліп төккен. Әлгі саздың үстімен мыңдаған жылқы айдап, ат тұяғымен таптатқан. Ал оның үстіне қыш жүргізген. Бірақ мавзолейдің іргесі тастан қаланбағаны кейінгі зерттеулерден мәлім болды.


Ескерткіш 1864 жылы тағы да майдан алаңы ретінде аяқ астында қалады. Орыс патшасының әскері Түркістан қаласын қоршап алады. Ерлікпен ұрысқан жергілікті халық мавзолейге барып бекінеді. Ескерткіштің төбесіне, күмбез қалқаларына паналаған адамдарға енді зеңбірек оғы бағытталады. Алайда әскер басшысы Веревкин ортағасырлық асыл мұраны атуға қимайды. Дәл осы кезде жергілікті тұрғындардың арасында: «Яссауидің мавзолейіне тығылған жанға оқ тимейді-міс» деген лақап тарайды. Мұны естіген орыстар 11 июнь күні зеңбіректен он екі дүркін оқ шығарады... Сөйтіп қала беріледі.


Осыдан кейін де ескерткішке күтім бола қойған жоқ.


Бұл жылдары Ахмет Яссауидің мавзолейіне қоқан әскері секілді орыстар да қару-жарақ сақтады. Кей бөлмелерді сауда-саттық дүкеніне айналдырды. Ал мавзолейдің алдына салынған Рабиа Сұлтан бегумның (ханымның) қабырын артиллериялық оқ-дәрінің қоймасы етті. Сол жетпісінші жылдары қала басшылары Ахмет Яссауидің мавзолейі ескіріп, құлауға айналды деген сылтаумен бұзбақшы да болды. Оған себеп: тозып, қабырғалары жарыла бастаған ескерткіш құлай қалса, түбінде тұрған әскери казарманы қиратып кетеді деп қауіптенгендік еді. Сөйтіп, жергілікті үкімет мавзолейді бұзуға қаулы шығарды. Алайда, мұның артынша Ташкенттен келген бұйрық қана әлгі қаулының күшін жойды. Ескерткіш басына төнген қара бұлт сейілгендей болды.


1872 жылы Ташкенттегі өлкелік үкімет мавзолейді жөндеу жөнінде қарар қабылдады. Бірақ бұл жолы ескерткіштің іші-сыртын тазартумен ғана тынды. Тек 12 жыл өткен соң, 1884 жылы ғана сол кездегі патша ақшасымен 15 мың сом қаржы бөлінді. Бұл ақшаға ескерткіш төбесі аздап жөнделіп, су жүретін қаңылтыр құбыр орнатылды. Ал қабырғадағы әшекей қаптағыштарды жөндеуге келгенде, оны іскер-зергерлер мүлде бүлдіріп жібереді.


Ташкенттік зергер Закир дегеннің басшылығымен бұрынғы әшекей, бедерлі қаптағыштар ескірді деген сылтаумен, сыпырылып алынды. Оның орнына европалық құрылыстарға қолданылатын шикі балшықтан жасалған сұрғылт қаптағыштар жапсырылды. Ішкі әшекей-жазуларды әктеп, көрсетпей жіберді. Олар енді орталық бөлмедегі әшекейлерге суық қолын сұға бастады. Жергілікті халық наразылық білдіріп: «Закирді өлтіреміз»,— десті. Оның бақытына орай бұл кезде қаражат та таусылған еді. Сөйтіп, орталық бөлмедегі көне әшекей аман қалды.


Мәселен, қазір, ескерткіштің кіре беріс қабырғаларындағы әшекей көне әшекейге мүлде ұқсамайды. Бұлардың түсі пәс, сұрықсыз. Міне, сол әшекей-сән Закир ұстаның «әйгілі» қолтаңбасы болатын.


Осы кезде мавзолейдің батыс жақ бұрышы отыра бастайды. Жергілікті халық тағы да көмекке келеді. 1886—1887 жылдары бұл бұрыштың сырт жағынан күйген қыштан төрт тіреу орнатылды. 1895 жылы құлауға айналған Рабиа Сұлтан бегумнің кіші мавзолейі бұзылып, қыштары таратылып әкетілді. Қазір бұл мавзолейдің төрт бұрыш орны ғана жатыр. Кіші мавзолей жайлы білгісі келгендер қазір Ташкенттің мемлекеттік музейінде сақтаулы тұрған «Түркістан альбомына» жүгінеді. Альбомда бұл мавзолейдің 70-жылдары түсірілген фотосуреті бар. Ал, Рабиа Сұлтан бегумнің қабыры Ахмет Яссауидің мавзолейіне көшірілген. Сөз реті келгенде көрнекті архитекторларымыз бен суретшілерімізге айта кетер бір тілек: Қазақстан жерінде бұрын-соңды болған, кейбіреуі соңғы кездері жойылып бара жатқан архитектуралық ескерткіштердің әлгідей альбом-шежіресін жасауды қолға алса дер едік.


Ортағасырлық ұлы ескерткішті егжей-тегжейлі зерттеу 1905 жылы жүзеге асты. Бұл зерттеу — Орта және Шығыс Азияның зерттеу жөніндегі орыс комитеті, оның ішінде профессор Веселовскийдің басшылығымен жүргізілді. Олар ескерткіштің планын жасады. Шатыр мен күмбездер өлшенді. Орталық бөлмедегі тарихи мәні зор ескерткіштердің құнын анықтады. Әшекей қаптағыштардың бояуын зерттеді. Осы кезде, дәлірек айтқанда 1906 жылдың 11 февралінде, төтенше жағдай болды. Орталық бөлмедегі, Яссауи қабырының жанындағы, Темір уақтысынан бері келе жатқан шырақ астына қоятын алты тұғырдың біреуі жоғалып кетті. Зерттеушілер, жергілікті халық жер-жерден іздеу салды. Газеттер шу көтерді.


Бұл оқиға жайлы М. Е. Массон былай дейді: «1910 жылы шетелде әлгі жоғалған тұғырдың жоғарғы бөлегінің ізі табылды. Осы кезде барып мавзолейдегі археологиялық комиссияға тұғырлардың бәрін төменгі еденге бекіту жайлы жарлық берілді. Бұл әлгі тұғырларды ұрлап алып кетуден сақтау үшін жасалған әдіс қана. Ал жоғалған тұғырды іздеу нәтижесі әзірге белгісіз болып келеді».


Содан бері жоғалған тұғыр табылған жоқ.


Тарих дөңгелегі айнала берді. Бірінші дүние жүзілік соғыс бітті. Артынша жер дүниені дүр сілкіндірген Октябрь революциясы, азамат соғысы кезінде ескерткіш жайын ойлауға мүмкіндік болмады.


1917 жылдан бастап бармағынан өнер тамған халықтың талантынан туған бұл ескерткішке де жарқын таң, таң шапағы жетті. Мавзолей халық қазынасына, мақтанышына айналды. Октябрь революциясы жеңгеннен кейін ескерткіш атаулының жанашыр қамқоршысы болған «Көне өнер игіліктерін сақтау жөніндегі Орта Азиялық Комитет» құрылды. Бұл Комитеттің сол кездегі істеген жұмыстары қыруар болды. Ол — ескерткішті жөндеуге қажетті қаражат мөлшерін анықтады, мавзолейді суретке түсірді. Әрбір қабырға, тіреулерді техникалық сынаудан өткізді. Ішкі-тысқы іргесін қазып көріп зерттеді. Осы егжей-тегжейлі зерттеудің нәтижесінде, мавзолейдің өз өмірінде, тұңғыш рет 1928 жылы ең үлкен жөндеу жұмысы жүргізілді.


Осы кезде халыққа жұмбақ болып келген ескерткіштегі екі жазу оқылды. Бұл жазуды алғаш орысшаға аударған академик М. Е. Массон болды.


Оқушымызды сол жазумен таныстыра кетейік.


Бірінші қола қазанның жоғарғы жақтауындағы жазу:


«Дүниедегі ең құдіретті, ең әділ алла тағалам былай айтқан: «пенделерге мінәжат қылған мешітте су беретін боларсыздар». «Кім құдіреті күшті құдай суы үшін ыдыс қойса, құдіреті күшті құдай сол жанға жұмақта хауыз орнатар...». «Мұсылман шейхының қабыры үшін, дүниедегі шейхтардың басшысы (жеткізе гөр оның жанын жұмаққа) Ясыда туған Ахмед шейхтың суы үшін: ұлы әмірші, халықтардың жарылқаушысы, құдіреттің қалауымен патша болып тағайындалған (патшалығын ұзарта гөр жаратқан ие) әмірші Темір Гураган бұл ыдысты жасауға жарлық еткен. Шілденің 20-сы, хижраның 801-жылы».


Қола қазанның екінші жақтауында былай деп жазылған: «Бұл ыдысты құдайға құлшылық етіп, Тавризден шыққан Сарвар-ад-Дин шебердің баласы Абд-ал-Азиз шебер жасаған».


Екінші бір назар аударарлық нәрсе — Ұлықбек Гураганның қызы Рабиа Сұлтан бегумнің қабырындағы жазу.


«Бұл орын: әлемге әйгілі ұлы әмірші Темір Гураганның баласы, құдіреті күшті Шахрух мырзадан тараған: оның баласы (азапты өліммен кеткен) қаһары күшті, ұлы сұлтан Ұлықбек Гураганның қызы — (құдай) күнәсін кешірген, шарапатын тигізген, жаны жаһаннамға кеткен Рабиа Сұлтан бегумнің мәңгілік тыншыған топырағы. Құдіреті күшті құдай олардың қабырларын ақыр заман күніне дейін сақтап тұрсын.


890 жылдың жаңа туған бір айында, қайғылы халге душар болдық: тәңірдің сүйген (жаратқан ие жар бола гөр) жаны мәңгілік жұмаққа жеткенше өзінің уақытша тұратын тұрағын тастап кетті».


Сан ғасырлар бойы жергілікті халықтың санасын қараңғылап келген құпия жазулардың сыры осы. Бұл жазулардан кейбір тарихи деректер болмаса, ешқандай ғажайып сырды, «киелі сөзді» таппаймыз.


Енді мавзолейдің архитектуралық сипатын сөз етейік.


Жоғарыда аталған Темір сарайының архитекторлары, құрылысшы-зергерлер жасаған жобаны іс жүзінде абыроймен орындап шыққан. Әміршінің қаталдығы, қарапайым халықтың тегін жұмыс күші мавзолейдегі ұлан-ғайыр жұмыстың тез бітуіне тікелей әсер еткен. Жобаның аса күрделілігі мен архитектуралық стилі жағынан Яссауи мавзолейіне тең келетін Орта Азияда ешқандай құрылыс жоқ деген пікірді кезінде профессор Веселовский мен академик Массон секілді үлкен зерттеушілер айтқан болатын.


Ескерткіш көрушіні бірден қайран қалдырады. Оның күмбезі, қыштан иіп жасаған арқалары ортағасырлық шығыс сәулет өнерінің тамаша үлгісін көз алдыңа елестетеді. Сол кездегі замана ойын, зергерлердің мәдениетін айқын танытады. Халық қиялының ұшқырлығын дәлелдейді.


Ескерткіш парсы жерінде өмір сүрген құрылысшылар стиліне соншама жақын. Сасанидтер дәуірінің аса бай құрылыс өнері дәл осындай «П» әрпі секілді бірнеше мавзолейлер туғызғанын білеміз.


Мысалы, Саса-нид патшалары Ктесифон мен Фирузабад сарайлары өздерінің орындалу өнері жағынан Яссауи мавзолейіне ұқсас. Қазіргі кейбір кітапханаларда «Шығыс сәулет өнерінің шежіре-альбомдары» бар. Осыларды қарап отырсақ, құрылысшы-зергерлердің аса бай қиялына таң-тамаша боламыз. Алайда, Яссауи мавзолейі өзіндік ерекшелігімен шоқтығы биік ескерткіштердің қатарына жататындығы даусыз. Ол жалпы шығыс сәулет өнерінің көшірмесі емес, дамыған, өскен байытылған түрі. Сондықтан да бұл ескерткіш сан зерттеушіні әлі күнге дейін қызықтырумен келеді.


«Түркістан ескерткішінің мешіт болуы мүмкін емес, оның мавзолей екендігінде сөз жоқ. Ал кейбір зерттеушілер оның Мыхрабы Мекедегі Қағбаға (құбылаға) қаратып салынбағанын аңғармағандықтан, ескерткішті мешіт деп, қателесіп жүр. Оның дәлелі ретінде, мавзолейдің ірге тасын қалаған кезден бастап, ескерткіш жобасына енгізілген еркін, бай стильді айта аламыз. Егер, бұл мешіт болатын болса оның ішіндегі Мыхраб-құбылаға тұп-тура қарап тұрар еді. Ал бұл ескерткіштің маңдайы оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай әуелгі жобасынан 60° бұрылып тұр. Тіпті бас күмбездің салмақ түсетін ортасы оң қабырғаға қарай, шамамен 30 градусқа бұрыс»80— дейді, академик М. Е. Массон.


Шығыс архитектурасында «көкте жалғыз — тәңір, жерде жалғыз — әмірші» деген идея дәуірлеп тұрған кезде туған үлгілер еді бұл. Дәл осы мазмұн 537 жылы Константинопольде (Стамбулда) тұрғызылған әйгілі «Әулие Софияның» храмында іске асқан болатын. Бұл храм шығыс сәулет өнерінің анасы болып саналады. Өзінің құрылыс көлемі жағынан дүние жүзіндегі ең үлкен тұңғыш ескерткіш. Осы айшық, осы мазмұн Түркістандағы Яссауи мавзолейінде байытыла түскен.


«Сондықтан да, бұл құрылысты «Софияның сіңлісі деп атауға әбден болады» — дейді, М. Е. Массон.


Ескерткіштің көлемі 24X24X6см, 25 X 25X5см, 26X26X6см, 27X26X6см төрт бұрышты күйген қыштардан өрілген. Қыштар жасалған саз балшық өте сапалы, құрылыстың ұзақ уақыт тұруына кепіл боларлық. Шағын бөлмелерді бөліп тұратын қабырғалар, жұмырлап өрілген тіреу — жақтаулар өздеріне орасан зор салмақ түсіреді. Орталық күмбездің салмағы әлгілердің барлығына теңдей бөлінген. Өйткені қысым күші де, салмақ заңы да қатал ескерілген. Әрбір материалдың қарама-қарсы әсер ету қасиетін арттыру арқылы тіреулерді кішірейткенмен, олардың беріктігін кемітпеген. Барша шатырлар өзінің тепе-теңдік қасиетін сақтаған.


Осыншама күрделі, қиын жұмыстарды мүлтіксіз атқарған құрылысшылардың мавзолейдің ірге тасына көңіл бөлмеуі таңқаларлық нәрсе. Өйткені Темір заманында құрылыстарға әк пен күлдің қоспасына ірі тастарды араластырып илеу арқылы ірге тас құйған. Бұл әдіс Самарқандағы, Бұқардағы құрылыстарда қолданылған. Ал, Яссауи мавзолейінің іргесін қазып көргенде, әлгі айтылғандай, оған ірге тас қаланбағаны мәлім болды. Оның қабырғаларының асты бұрынғы жер деңгейімен есептегенде 25—30см қазылған да, оған қыш қаланған. Ал минарет пен бас қақпаның астына қиыршық тастар төккен. Жоғарыда айтылғандай ел аузындағы аңызға сенер болсақ, осы төгілген қиыршық тастар мен сазды ат тұяғымен таптатқан. Мұның бәрі де тамаша ескерткіштің ерте бүлініп, бірте-бірте жерге шөге беруіне себепші болып келеді. Түркістан ескерткішінің ірге тасының жоқтығы қазіргі тарихшыларды қатты қобалжытып жүр. Өйткені, ескерткіш жылдан-жылға шөгіп, оның жер бетіндегі алғашқы деңгейі қазір жарым метрдей тереңдікте қалған. Бұлай шөге беретін болса, алып құрылыстың бірте-бірте бүлініп, тозуы кәдік.


Ендігі әңгімеміз мавзолейдің қазіргі бейнесі мен оның жалпы сипатына арналады.


Түркістан мавзолейі Орта Азиядағы басқа архитектуралық құрылыстарға қарағанда ең дұрыс сақталғаны болып есептеледі. Ескерткіш тамаша топографиялық жағдайға орналасқан. Тұрған жері биік үстірт. Күллі қаланың бейнесі, сұлулығы осы ескерткішпен үндесіп көрінеді. Алайда көне қорғанның жатаған дуалдары осы бір алып ескерткіштің тепе-тең ансамблін тұтас көрсете қоймайды. Мавзолей қабырғаларының қалыңдығы кей жерде , кей жерде болып келеді. V ғасырдан астам өмір сүрген бұл алып құрылысты 1928 жылы жарып қараған кезде бірталай қызық жәйттер ашылды.


Мысалы, мавзолейдің үш жағынан иіп тұрғызылған үлкен тұғыр барлығы анықталды. Бұл тұғыр темір мен қыштан тұрады. Ал қабырғалардың төменгі жағы сары қиыршық пен тас боп қатқан тік бұрышты плиткалармен қапталған. Керегелерге, күмбездерге, арқалықтарға сегіз сәулелі жұлдызша әшекей қаптағыштар кигізілген. Бұл қаптағыштар қоңыр, көгілдір, жасыл, ақ түсті болып келеді. Әшекейлер жоғарылаған сайын айшықтар да үлкейе береді. Олардың түсі сан құбылып, бір-біріне сән беріп тұрады.


Күмбездің ішкі беті геометриялық сызықтарға ұқсас араб жазуына толы. Ол жазулар: «Мухаммед», «патшалық құдай қолында», «әмірші де, төреші де құдай» және басқа да осы секілді ұғымдар береді. Құрылыстың арт жағында бұрын бес есік болған. Бұл есіктерден — қабырға ақсүйектер кіріп мінәжат ететін. Қазір бұл есіктер жабық. Орнын күйген қышпен өріп, қабырғамен теңестіріп жіберген.


Қазіргі кезде ескерткіштің ерекше назар аударарлық және бағалы жері — артқы күмбездің орындалуы мен әшекейі. Сонымен қатар кіре беріс қақпаның бірден көзге түсетін үлкендігі мен қоржындана келген тепе-теңдігі көрушіге қатты әсер етеді. Дәл осындай кіре беріс қақпа 1380 жылдан басталып салынған Шахрисиябздегі Темірдің Ақ сарайында да бар. Бұл құрылыстың цилиндр тәрізді қалпақтары мен имек қылыштай қырлары Түркістан мавзолейіне өте ұқсас. Ақ сарайдың тамаша «декорациясының» қалдықтары мен Ахмет Яссауи мавзолейінің күмбезді қалпақтары бірін-бірі ойша толықтырып, архитекторлардың қиялын ұштай түскендей.


Түркістан ескерткішінің алғашқы тұрқы қандай болғанын көзге елестету үшін, қазіргі арқаларда өрілген қыш тістердің орнында бұрын түзу арқалықтар болғанын ескеруіміз керек. Бұл қыш тістер Абдулла ханның тұсында орнатылған. Ежелгі құрылыс пен XVI ғасырдағы жаңа құрылыстың шекарасы әлі анықталған жоқ. Соңғы құрылыста пайдаланылған сатыларды ұстатқан шегелер әлі күнге дейін қағулы күйінде тұр. Ал үлкен арқалықтың (күмбездің керегесі) дәл астында кішкентай мыс шар бекітілген. Халық аңызында, бұл шардың ішінде Абдулла ханның алтыны сақталған деседі. Ол алтын күндердің-күнінде арқалықты қайта жөндеуге арналған көрінеді. Кезінде ол шарды алуға талпынғандар да болған. Бірақ олардың бәрі арқалыққа жете алмай құлап түскен деседі. Ал бұл шар жайлы М. Е. Массон да, Н. И. Веселовский де ешқандай жаңа пікір айтқан жоқ.


Келушілер тек орталық бас қақпадан ғана жіберіледі. Бас қақпаның өзі екі бөлініп ашылатын қос есіктен тұрады. Есікке сүйектен өрнек салынған. Тұтқалары күмістен жасалған. Жақтаулы есіктің бір-бірімен тістесер жерінде қоладан құйылған үш арыстанның басы қарап тұрады. Ортаңғы жақтауда есікті жасаған шебер Иэз-ед-Диннің аты жазылған. Осы есіктерді жапқан кезде сұғып қоятын ілгек темірге кішкентай етіп екі арыстанның, бір топ отырған құстардың, екі шыбынның және басқа да жәндіктердің мүсіндері орнатылған. Бұл ілгек темір ертедегі зергерлердің өнерін танытатын нағыз құнды дүние болмақ.


Мавзолей табалдырығынан аттаған жан бірден ең үлкен, жалпы ауданы 18,5 шаршы метр келетін орталық бөлмеге тап болады. Бөлменің төрінен бір үлкен есік, екі кішкене есік жасалған. Бұл есіктер «қазандық» деп аталатын келесі бөлмеге апарады. Бөлме ортасында үлкен қола қазан болған. Қазанның биіктігі кісі бойындай. Ал маңында бастарына шүберек, жылқының қылын байлаған он найза сүйеулі тұр.


Бұл қазанды Түркістан қаласының солтүстігінде, жердегі Қарнақ селосында құйған деседі. Қазіргі Қарнақта темір балқытқан өндірістің қираған қалдығы бар. «Қазандық» бөлмесінің сол жағында, келгендерге ас беретін «халим» атты мекен-жай салынған. Кейінгі кезде ас беру жойылған. Бірақ бөлменің аты әлі сол күйінде «халим» деп аталады. Дәл осыған қарама-қарсы бетте екінші бөлме бар. Тап осы бөлмеде өте терең қазылған құдық сақталған көрінеді. «Бұл құдықты көшпелілер шапқынынан қорғанып, құрылысқа тығылған қала халқы қазған. Біздің шамалауымызша, құдық XVIII ғасырдың аяғында XIX ғасырдың басында қазылған секілді» — дейді М. Е. Массон.


Дәл осы бөлмелерге қатар, жапсарласа салынған қосымша тағы да екі бөлме бар. Сол жақтағысы «кітапхана», ал оң жақтағысы «Кіші Ақ сарай» деп аталады. Расында жергілікті халық сол жақтағы бөлмеде бір заманда аса үлкен кітапхана болғанын аңыз ғып айтып отырады. Қазір бұл бөлме қаңырап бос қалған. Ал, «Кіші Ақ сарайға» бірнеше кісінің қабыры қойылған. Қабырдың біріне Әбілқайырдың немересі Құлмұхаммед сұлтан жерленген. Екінші бір қабырдың үстіндегі таста тарақ, айна, қайшы секілді әйел мүліктерінің суреттері салынған.


Мавзолей түкпірінде бұдан басқа да «Үлкен Ақ сарай» деп аталатын екі бөлме бар. Бұлардың атқаратын міндеті әлі анықталған жоқ. Әйтсе де, архитектуралық әсемдігі мен кеңдігіне қарап бұларды медресе үшін немесе басқа бір қадірлі дәстүрлерге пайдалану үшін ыңғайлап салған шығар деп жорамалдауға болады. Қыш қаптағыштар басқа бөлмедегілерге қарағанда осында әрірек, әдемірек болып көрінеді. Өйткені, бұл бөлмелерде терезе жоқ. Жарық қой майымен жанатын үлкен шырақ шамдардан түсіп тұрады. Мұндағы шырақ қоятын тұғырлардың өзі де өте ыстанып, май сіңіп кеткен.


Біздің бұл әңгімелегеніміз мавзолейдің бірінші қабаты, соның архитектуралық сыр-сипаты. Ал екінші қабат күмбезге жалғас. Бірақ бірінші қабаттан өзгешелігі шамалы ғана. Екінші қабатта бөлмелер аз. Мұнда ешқандай тарихи құнды ескерткіштер сақталмаған. Мавзолейді аралағысы келген кісі көбіне екінші қабатқа көтеріле алмайды. Өйткені тас басқыштар тозып, едендері қақырап кеткен. Соған байланысты жоғарыдағы түрлі жазулар да көп уақытқа дейін оқылмай келеді.


Бір кереметі орталық бөлме, «қазандық» тағы басқалар күннің қай мезгілінде болса да жарық болып тұрады. Күмбездің, қақпақтың астын қуалай салынған шағын терезелерден сәуле түседі. Бұл сәулелер күмбездің көгілдір қабырғаларына шағылысып бір түрлі құбылып, құлпырып кетеді. Сондықтан да алғаш келіп кірген кісінің көзіне мавзолей іші ғажап көрініп, әлгі құбылып тұратын сәулелер көңілге өшпестей әсер қалдырады.


Орталық бөлмеде, Ахмет Яссауидің қабырының бас жағында ағаш қобдишалар орнатылған. Бұл қобдишаларда құранның қолмен жазылған көшірмесі, бірнеше діни кітаптар, шежірелер сақтаулы жатыр. Осының күллісі ортағасырлық кітап көшіру өнерінің Орта Азияда қаншалықты дамығанын көрсетеді. Ал Яссауи қабыры көгілдір мрамор таспен қапталған. Оның үсті өрнегі бар шашақты шәлімен бүркеулі жатыр. Бұл шәлілердің біразының жатқанына екі ғасырдан астам уақыт болған, қол тисе үгіліп түсерліктей. Қабыр үстіндегі мрамор таста ешқандай жазу байқалмайды. Орталық бөлменің еденіне мата төсеп тастаған. Төргі бұрышқа екі ұзын, үш қысқа қола тұғырлар қойылған. Тұғырлардың жасалуы және олардың нәзік өрнектері қазіргі музейлердегі ортағасырлық зергер өнерінің қай түрінен болса да асып түседі. Сондықтан да ол зерттеушілерді қатты қызықтырады.


Қазір мавзолей ішіндегі тарихи ескерткіштердің барлығы мемлекет меншігіне айналды. Үкімет тарапынан оны сақтап және қорғау үшін арнайы шаралар белгіленген. Бір заманда діннің, ескіліктің шырмауында қалып, тар-қапаста жатқан халық мұрасы, өнер салтанаты қазір өзінің лайықты бағасын алды. Сөйтіп, ол зерттеушілерге сарқылмас бай материалдар берді. Халықтың оны тамашалап көріп, эстетикалық ләззат алатын, сүйсінетін тарихи орнына айналды.


Осындай орасан зор архитектуралық ескерткіш ғасырлар бойы қазақ халқының өнерге, құрылысқа деген талғамына нәр берді. Қиялын қозғады. Талай аңыз-ертегілердің өзегі болды. Біз Түркістан қаласын аралағанда қала халқының көне ескерткіштерді сүйе, қастерлей білетіндігін айқын аңғарамыз. Олар мавзолейдің әр қышын көздің қарашығындай сақтап, бағалайды. Зергерлердің тамаша еңбегі, халықтың бірлігі атадан балаға жыр болып айтылып отырады.


Мысалы, біз мавзолей тарихымен таныса отырып, бір кездегі көшпелі қазақтардың жартылай отырықшылық тұрмысқа қалай бейімделе бастағанын білеміз. Олардың қала салу тарихына қызығамыз. Себебі Түркістан мавзолейінің тарихы — Түркістан, Сауран, Отырар, Сайрам қалаларының тууы, дәуірлеу кезеңіне тығыз байланысты. Егер оның салынуы туралы ойласақ, сол кездегі қыш өртейтін құрылыстары дамыған Сайрам қаласын айтпай кете алмаймыз. Оның үстіне Түркістан қаласы мен Отырар қаласының XIII-XVI ғасырлардағы өмірі тығыз байланыста өткен. Сауда-саттық екеуінде де бірдей дамыған. Сайрам қаласын Ахмет Яссауидің туып-өскен жері екенін айтпағанның өзінде, мәдени, әрі сауда-саттық орталығы болуының өзі де Түркістанға тікелей байланысты. Сонымен қатар олардың бір-бірімен қоян-қолтық өмір сүрген тарихи орындар екенін білеміз.


Жоғарыдағы аты аталған қалалардың ішіндегі ең жасы, ең жедел дамығаны осы Түркістан қаласы. Түркістан (бұрынғы аттары Шабғар, Ясы дедік) өзінің қалалық сипатына Темір дәуірінде ғана келіп қалыптасты. Ал, бұл кезде Сауран мүлдем өлі қалаға айналған болатын. Отырар, Сайрам қалалары өзінің басынан дәуірлеу кезеңін өткізіп, сансыз шапқыншылықтан күйреп, күйзелген еді. Әлденеше ғасырға созылған соғыс, тұтқиыл тиген соққы, қала тұрғындарын әбден мазалап, Отырарды қатты тоздырған болатын. Ол өзінің он ғасырға жуық ғұмырын, барша бақ-дәулетін бірте-бірте Түркістан қаласына бере бастағандай болады.


Түркістан қаласы көп ұзамай-ақ көшпелі қыпшақтардың (қазақтардың) мәдени және әкімшілік орнына айналады. Осы кезде Түркістан жерінде егіншілік кәсібі де жақсы дамиды. Мысалға, «1906 жылы топограф Кирхгоф Қаратауда, яғни Түркістан қаласының солтүстігінде жатқан Бесарық өзенінен шығып жатқан ескі арықтарды зерттеді. Сол арықтардың арнасынан жер жыртуға арналған және найза ұшына байлайтын тас құралдар тапты. Одан әрі, Ақүйік өзенінің жоғарғы арнасынан бірнеше тас құралдар және тасқа салынған хайуанаттар суреті табылды» — дейді, зерттеуші Е. И. Агеева.


Бұл жөнінде В. В. Бартольд өзінің «Түркістан жерінің егіншілік мәдениеті» деген еңбегінде осы өлкені мекендеген халықтың егіншілік кәсібін терең талдап жазған болатын. Ғасырлар бойы мәдениеті қалыптасқан қыпшақтардың егіншілік ісі де дұрыс


дамыған еді. Сондықтан да қырдағы көшпелілер мал бағуды қаншалықты көне кәсіп деп қараса, Сыр бойын жайлаған егіншілер де диқаншылық кәсібін соншалықты көне кәсіп деп түсінген.


Жаңадан қаулап өсіп келе жатқан Тараз, Манкент, Янкигент, Сүткент, Аққала (қазір өлі қала) секілді жас қалалар Түркістан әкімшілігіне қарады. Шығыстан да, батыстан да үздіксіз келіп жататын сауда керуенінің түсіп, аттанатын діңгегі болды. Орта ғасырдағы қазақ хандарының құрылтай жиыны, даугерлер сөзі, ру мәслихаты ететін жері де осы Түркістан қаласы болды. Осы тұрғыдан алғанда Түркістан — Отырардан кейінгі қазақ мәдениетінің бірден бір орталығы, тізгін ұстары, сан ғасырлық халық өмірінің айнасы — шежіресі іспетті.


ҚҰМ ЖҰТҚАН ҚАЗЫНА


1218 жылдың сәуір айы еді.


Отырар шаһарының датқасы Қадыр жоғарыдан, Мухаммед Хорезмшахтан келген жарлықты орындауға кірісті. Ол жарлықта Шыңғысхан жіберген жансыз саудагерлердің басын алып, бес жүз түйемен келген құйма алтын, күміс жамбы, жібек жиһаздарды дереу Бұқарға жөнелтуін бұйырған болатын. Сонымен Қадыр жарлықты орындады. Саудагерлердің басын алып, қыруар мүліктің мұртын бұзбай, әміршіге жөнелтіп жіберген. Бұл тарихи шындық. Әлемге әйгілі Отырар қырғынының басталуына себепкер болған осы оқиғаны жазбаған тарихшы жоқ. Енді, сол бес жүз түйелік алтын, күміс, жиһаз Мухаммедтің қолына жетті ме... Міне, бұл жайында тарих мүлде бейхабар. Біз ендігі жерде ғасырлар бойы шешілмей келген осы құпияға байланысты әңгіме шертпекпіз.


1. ШИРАТПА ШЕЖІРЕДЕН


(әдеби жағынан өңделіп, көркемделді)


Керуен Отырардан шыққанда ауа райы ашық болатын. Күн тас төбеге шақырайып шығып алып, жердің бетін аптап тұр. Жусан біткен бусанып, балқып жерге жабысып алған. Түйе табанымен былқ-былқ етіп тапталып, қайтадан бой жазып тұрып жатыр. Әр қырқадан келіп бір-біріне қосылған құстардың тәтті үні келеді.


Биыл көктем ерте шыққан. Онсыз да қары аз қыс, сәуір айы қылт етіп бір көрінгеннен-ақ етек-жеңін жинай алмай, тайып тұрған-ды. Содан, бұл өлкеге қарбалас қимыл келген. Диқандар ертемен тұрды. Сыр бойын жағалап, ескі арықтарды қайта жөндей бастады. Отырар шаһарына да батыс пен шығыстан «Жібек жолының» керуендері жыл құсындай ұбақ-шұбақ созылып келіп, кіріп жатыр.


Мал айдаған, асау ұстаған жігіттер қыр-қырдан қылт ете қалады. Төбе құйқаны шымырлатып, тыраулап, тізбектеліп тырналар қайтты. Осынау құм шағыл қырқаларға қонып, маңайына қарап талтаңдай басып жүргені. Қарап тұрсаң, бір ләззатқа шомасың.


Бас түйеде келе жатқан керуенбасы Махмуд... күн қызуынан маужырап, қалғып-мүлгіп келеді. Әр мезгіл селт етіп, көзін ашып алады. Маңайында бейбіт, әдемі көрініс. Ол тағы да қалғыды. Қоңыраулары сылдырап, маң-маң басқан нар түйелер танауларын шу-шу еткізіп, бастарын шайқап қояды. Бірнеше күн жол жүріп, сіңірлері созылған жануарлар Отырарға жетті де, тағы да жолға шықты. Бұл жолы тасты жер, қырат-қырқаны емес, құм жоталарды басып Бұқарға беттеп келеді. Табанға құм жұмсақ тисе де, жүріс самарқау.


Керуенбасы Махмуд мінген қара нар мазасыз. Ғұмырында керуен бастап үйренген жануар жер жайын, жол жайын кісіден кем білмейді. Күн райын алдын ала сезетін қасиеті бар-ды. Содан ба, әлде шаршады ма, жүрісі мардымсыз, екі жағына жалтақ-жалтақ қарай береді. Әр кезде ауыр басын шұлғып-шұлғып маңқ етеді. Жануардың мына мінезі керуенбасы Махмудқа беймәлім қалды. Өйткені өзі талай рет керуен бастап, түйе тартып жүрсе де, тап мынадай жол жүруге кәнігі нарды көріп, мінбеген болатын-ды.


Кешегі оқиға есіне түсті.


... Кеше, күн ауарда оған жаушы келіп: Отырардың датқасы Қадырға жет деген-ді. Ол Күмбез-Сарайға келіп кіргенде Қадыр датқа күтіп отыр еді. Түсі сұп-сұр. Аса бір жайсыз хабарға қанық болғандай. Ұйқы көрмеген көзі қызарып, домбығып кеткен. Сәлемін үнсіз, түтігіп тұрып қабыл алды.


— Саған жарлығым бар, Махмуд, еңсеңді көтер... Жақсылап ұғып алғайсың!


— Әміріңізге құлдық, тақсыр, — деді, Махмуд иіле түсіп.


— Бес жүз түйелік керуенді Бұқарға жеткізесің. Керуендегі алтын, күміс, жібек жиһаздарды арыңа сеніп тапсырамын. Ала жібіне тимей, ешкімге қол сұқтырмай Хорезмшах Мухаммедке табыс етесің. Ал мынау кепілдік қағазды қойныңа тігіп алғайсың — деді, Қадыр.


— Қол қосып бересің бе, тақсыр? Қиын, қатерлі жол. Қызылқұм осы күні ұры-қарыға толып кетіпті... Заман да қағынып тұр емес пе?


— Бере алмаймын. Көп көзге сенім аз. Тәуекел деп кірекештермен-ақ кете бар. Өзіңнің де он кісілік күшің, сан адамдық айлаң бар емес пе?..


— Қашан жүруге бұйырасыз?


— Ертең, таң бозынан... Бұйда тартыңдар.


— Ауа райын күтпейміз бе, тақсыр-ау?!


— Мұрсат жоқ, қайткен күнде тез жеткізу керек. Ауа райы сыр бере қоймас. Көктемнің күні ғой, құмның тыншу кезі. Қаупайламай аттанып кетіңдер, алла жолыңды оңғарсын! — деп, Қадыр датқа Махмудқа батасын берді.


Керуенбасы қайтып сөзге келмей, бойына біткен тоң мінезділікпен тез бұрылып кеткен-ді...


Махмуд қайтсе де бұл қожасының, қыпшақ жұртына қара шаңырақ болған елдің қолбасшысының жарлығын екі етпек емес. Өзін құрбан етуге барса да, Қадыр датқаның жарлығын орындау жолында көз жұмады. Бұл оның бойына сіңген қасиет, қашаннан өз құлағына құйып алған тәлімі. Оған қоса ер қайраты, жігіт жігері бар.


Ертемен, таң бозы білінгенде керуенбасы Махмуд төсегінен тұрып киінді де, үйдің төбесіне шықты... Сарай ауласындағы бес жүз нарға жүк тиеліп жатыр. Кілең, балуан білекті құлдар аяқтарының ұшымен басып қолдары-қолдарына жұқпай қимылдап жүр. Лып-лып еткізіп жүк көтереді. Нар бүйірін ыңқ-ыңқ еткізіп, тең артады. Маңқ еткізіп бұйдалап тартып, тұрғызып, былай шығарып қойып жатыр.


Енді көгілдір аспанға қарады. Ап-ашық, мөп-мөлдір заңғар аспанда көзге ілінер бұлт жоқ. Бетке шығыстан соққан жел тиді. Денесі түршігіп, тоңғандай болды. Әлденеге сезіктеніп, ішінен тынғандай. Сыр білдірмей, шығысқа, сол бір салқын жел соққан жаққа ұзақ қарады. Кідіруге болмайды... Жарлық солай... Бұлар тізбектеле шаһардан шыққанда, қырқа-қырқалар бұлдырап көріне бастады. Сәлден соң күн шығып, шапағын төгеді. Керуенді бастаған Махмуд түстікке, Қызылқұмды бетке ала жылдамдата жүрді... Күн шығып, жер көкті қыздыра бастағанда, ол манағы таң бозындағы кірбің ойды ұмытып та кетті.


Ұбап-шұбаған керуен Яксартыға келіп те жетті. Бұлқынып ағып жатқан жойқын өзен жол бермегендіктен, бұлар Алпауыт өткелінен, жайпуат — суы тайыз жерден өтті. Ені ат шаптырым болып созылып жатқан өзеннен өту жеңіл де емес. Әйтсе де жол бастап, әккі болған Махмуд түйенің аяғы тайып, иірім, оппаға түсіп кетуден сақтап қалды. Ол түрлі айлаға салып, керуенді соңынан шұбатып отырып, судан алып шықты.


Қарсы беті Қызылқұм.


Бұйрат-бұйрат, жал-жал болып жатқан құм мұхиты. Заңғар аспан, суылдаған ыстық құм, онан өзге ештеңе жоқ. Маң-маң басқан аруаналар тізбегі. Түйелердің арасынан анда-санда қылт етіп, кірекештердің бастары көрінеді. Меңіреу өлке бар құпиясын «қойнына» тығып алып момақансып жатыр. Алыстан шаңытып бірдеңелер көрінгендей болады, бәрі бұлдыр, сағым тәрізді.


Керуен тырнадай сап түзеп тарта берді.


Күн де көк жиекке төніп қалды. Манағы аптап басылып, құмның салқын лебі бетке соға бастады. Түйелер кідіріс бермей, салып келеді. Тайлақ кезінен бастығып, керуенге үйренген жануарлар жер танабын қуырып келеді. Еңсені басқан ауыр жүкке мыңқ етпей, аршын аяңға басқан. Алдағы қара нар жалға көтеріле бергенде, әріректен әлдене жоса жөнелді. Керуенбасы Махмуд аз ғана кірігіп тұрды да, қонатын жерді көзбен мөлшерлеп, бағдарлап алды.


Керуен Белқұмға кіргенде, күн де еңкейіп кетті. Қанқызылға боялған қалпы тұрып-тұрып, ақырында құмға сіңіп жоқ болды.


Махмуд қара нардың бұйдасын тартты. Үлкен құм қойнауды ала керуенді иіріп жіберіп, аялдауға бұйырды. Бақыртып келіп, нарларды шөгерді. Барлық түйе шөгіп болған сәтте, құм қойнауына жаңа бір шаһар орнағандай көрінді. Қарауытып, үйме-жүйме болып, алқапты тұтас алып жатты. Кірекештер кезек-кезек қолдасып, қосақталған теңдерді түсіре бастады.


Теңдер түгел түсіріліп болғанда, қас қарайып іңір үйірілген еді. Қырқадан қылтиып ай да туды. Кірекештер сексеуілді лаулата кеп жағып, ала шыққан еттерін отқа қақтауға кірісті. От басында бел жазған кірекештер гуілдесіп, әңгімеге басып отыр.


— Белқұм аш бөрінің жымы десетін. Көз ұйқыға кеткенде шауып жүрсе қайттік?!— дейді, керуенге жақында ғана ілескен кірекеш бала.


— Қойшы, жарқыным. Күн батқалы аузыңнан бәpi кетпеді ғой, оның не?— дейді, мосқал кірекеш.


— Сақтансақ дегенім ғой.


— Атаң батыр болған еді, өзің қояндай қалтырайсың, бәтшағар, мә, мынаны асап жібер...


— Белқұм бөрінің жымы деп, аталарым айтып отыратын еді...


Керуенбасы Махмуд үндеген жоқ. Мына әңгімені естімеген болып шапанын бүркеніп жата берді. Шынында да кірекеш баланың айтқаны рас еді. Жұт жылдары осы құмның әр сексеуілі бір-бір бөріге айналып кететінін бұл білетін. Талай-талай керуен бастап жүріп шайқасқаны да бар. Әйтсе де, қонуға тура келеді. Қараңғыда жол жүріп, түйелердің табанын алдыртқысы келмеді. Таң бозынан аттанып кетсе, төрт күнде Бұқарға жетіп бармай ма?


... Алда әлі ауыр жол, сусыз шөл жатыр. Соған күш сақтап, сайланып жеткені жөн. Басын көтеріп кірекештерге жарлық берді:


— Жігіттер, отты сөндірмеңдер. Сексеуілді көп қылып үйіп алыңдар!


Махмудтың көзі ілініп кетті.


... Әлден уақытта ұйқыдағы Махмудтың құлағына әлде бір ызың келгендей болды. Ол білеу-білеу құм өлкесін бара-бара күңіренте түсті. Жүрегі бұлқи соғып, орнынан ұйқылы-ояу қарғып тұрды. Тамағы құрғап, денесі мұздап қалыпты. Алғашында көзіне ештеңе көрінбей тұрды да, бірте-бірте құм-шағылдарына жан бітіп, көтерілгендей болды. Маздата жаққан от сөнуге айналған. Тек керуен басы қара нар орнынан тұрып, үздік-үздік боздай бастады. Махмудтың даусы енді шықты.


— Жігіттер, тұрыңдар! Құм дауылы келеді!


Жер дүние күңірене жөнелді. Ай да жылт етті де, сөніп қалып, маңайды қаратүнек басты. Өре тура келген кірекештер алғашқыда естері шығып, апыр-топыр болып қалды. Манағы бала кірекеш шошып оянып: «бөрі, бөрі!»—деп маңайды көшіре, шыңғырып жіберді.


Керуенбасы Махмуд осы жаманшылықтың болатынын сезген тәрізді еді. Бұл оның өз өмірі ішінде көріп-білмеген сойқан, сұмдық, құм дауылы еді. Мұндай дауыл жөнінде естігені болмаса, ес білгелі көрмеген-ді. Кәдімгі атан түйені алып жығатын дүлей дауыл. Ысқырып, бұрқанып жер-көкті сабалап, түтіп жеп барады.


— Жігіттер, түйелерді тұрғызыңдар! Қырға тартыңдар!— деп айқай салды.


Жан сауғалап жүгірген жігіттер түк істей алар емес. Құм қауып, жер тырмалап домалап қалып жатыр. Ішін тартып соққан ышқынды жел әп-сәтте маңайды көміп салды. Алқапты алып жатқан түйелерді жалмап барады. Махмудтың көзі түкті көрмесе де, бақырып боздап құм селінің астында қалып жатқан түйелердің жайын анық сезді. Кісілер ше... Оларды да байқай алар емес. Дауыл ма, әлде соның ақтық үні ме, әлде қатты шыңғырған адам үні ме, қайдағы бір жайсыз дыбыс Махмудтың құлағынан кетпей тұрды.


«Дауыл тұрып түйе жығылса, ешкіні көктен ізде» дегендей, дүлей күш Махмудтың өзін де лақтырып жіберген-ді. Ол жерге етбеттей жатып, қанша жабысса да, тоқтай алмады. Домалап бара жатып бүйірі қатты бір затқа соғылғандай болды. Жан дәрмен деп соған жабысты, онысы қара нардың тізесі екен. Жануар жан далбасамен шапшып, аласұрып, жөңки жөнелді. Керуенбасы енді ақтық күшін жинап, нардың иір мойнына жабысты. Қайратты түлік құм дауылынан әрең шығып, біраз жерге барғандай болды. Махмуд есінен танып, одан арғысын сезбеді.


Құм дауылы бір тәулік бойы соқты.


Белқұм бұл дүниеден жоғалды. Өлке тып-типыл болып, басқа бір құм теңізіне айналды. Көрген адам танымастай боп өзгеріп кетті.


Екінші тәулікте демін ішіне тартып, тынши қалған құм теңізі арасынан құр сүлдесі қалған қара нар тұра келді. Есті жануар жал-жал құмды табанымен тарпыды, жан-жаққа елегзи қарап, ес іздеді, құм шашты. Соның артынша құм астынан былқ-былқ еткен кісі денесі шықты.


Бұл керуенбасы Махмуд еді.


Ол көзін ашып, есін жиғанда күн тас төбеде шақырайып тұрды. Маңайында бұйрат-бұйрат болған құм-шағылдан басқа дәнеңе жоқ. Меңіреу жатқан құмды дала. Ол сүйретіліп барып қана нарға мініп, қырға шықты. Ыңырсып жүріп әлденені іздеді. Көп іздеді, көзге түспеді... Ақыры, өз жөніне кете барды. Осы бір сұмдық оқиғаны керуенбасы Махмуд Хорезмшах Мухаммедке айтып келді.


Хан көп қиналды. Ол құм жұтқан кірекештерді де, бес жүз түйені де ойлаған жоқ. Тең-тең алтын, күміс дүние-мүліктерді іздеуге бел байлады. Көреген керуенбасы, кәнігі аңшы, көне көз кәрияларды жиды. Өстіп жүргенде, шығыстан Шыңғысхан шабуыл бастады.


Сан-сапалақ, қаралы күндер туды. Құм теңізінің астында қалған бес жүз түйедегі алтын, күміс, мүлік жиһаздары жұрт есінен шыға бастады. Оны ойлауға да ешкімнің мұршасы болмады. Ұмытылды, жоғалды.


2. ӘКЕМНІҢ ӘҢГІМЕСІ


— Балам, осы бір әңгімені тыңдап алшы. Керегі болмаса да, көкейіңде жүрер. Қағаз шимайлап, кітапқа шұқшия бергенше, бір мезгіл кәрияларды да тыңдасаңшы. Есің кіріп, ақыл қосасың.


Әке жүзінде кейіс пе, реніш пен салқын сыз тұрды. Ауыр ой еңсесін басып отыр. Қабағы қатыңқы. Өріп отырған қамшысын қатты бір толғап жерді ұрып қалды да, әңгімесін қайта жалғады.


— Әне бір қиын-қыстау күндер ше. Герман соғысының басталған шағы. 1941 жылдың август айы болатын. Аудан басшылары мені төтеннен шақырта қалғаны. Соғысқа аттанатын болармын деп үйден қамданып шықтым. Онда сен жұдырықтай баласың. Жылқышы едім, малдың бәрін түп-түгел санап тұрып басқа кісіге өткіздім. Анау жатқан қайыстың жұрқасын әперші, қамшының өзегіне салып жіберейін.


Қайыстың жұрқасын қамшының өзегіне салып, «суф» деп түкіріп қойып, қайтадан өре бастады.


— Сонымен бардым... Аудандық партия комитетінің бірінші секретарына кірсін депті... Жап-жас бала екен. Қауқалақтап қарсы алды. Сондағы айтқаны: «Бұл істі аудан бойынша өзіңізге ғана сеніп тапсырып отырмыз. Пәлен жыл жылқы бақтыңыз. Аттың жайын сізден білгір қазақ жоқ. Жоғарыдан әскер атын даярлауға жоспар түсіпті. Аудандағы бар таңдаулы аттарды жинатып, екі жүз басқа жеткізіп отырмыз. Енді осы жиылған кіл сәйгүлікті айдағаннан айдап отырып, Ташкентке жеткізесіз. Қасыңызға мықты үш жігіт қосып беремін. Шашау шығармай, Ташкенттің военкомына тапсырып, қолма-қол тілхат алып қайтыңыз».


— Құба-құп. Тәуекел деп атқа қондық. Жол ауыр. Мұны әуел бастан-ақ сезгем. Біреуге-біреу көмектесіп жұғыса жүретін кешегі күн емес, аласапыран басталған. Ел іші уілдеп тарыла түскен. Сыр бойында, Қызылқұм жақта ұры-қары бар деп еститінбіз. Оның үстіне кілең саяқ жылқы айдау бере ме. Қойшы, әйтеуір темір жолды бойлап тартып бердік...


Мен, тіземдегі Рашид-ад-Диннің «Жылнамалар жинағын» жаптым да, еміне келіп, жақындап отырдым.


— Күн жүрдік, түн жүрдік. Таң біліне жылқыны үйіріп қойып, аздап көз шырымын алдық-ау. Түркістанның тұсына жеткен екенбіз, сонадайдан өкіріп-бақырып жүрген отарба тіпті ұйқы бермеді. «Болмас» деп, атқа қонып, жылқыны тағы айдап жөнелдік. Күн шақырайып көзді жеп барады. Ақ жем тер болып, алқынып, үздігіп кете бардық. Иә, сонда қаншама қиындықтар көрген едік, санамда қалмапты. Сол бір көп бейнетті есімнен шығарып жібергендей оқиға болды.


— Түс кезінде болар-ау деймін, Отырабат разъезін ұстадық білем. Сары даланы құйын қаптады да кетті. Көзіміз кіртиіп, шаршап-шалдығып тартып келеміз. Алғашында көзіме құйын көрінді. Құйынмен араласа қалбалақтап құзғын ұшқандай болды. Ішім қып ете қалды. Мал бағып үйренген жан құзғын сырын жақсы біледі. Сай ішінен ұшса, бірдеменің болғаны, жемтік тапқаны. Тебініп қалдым да, желе жорытып сай басына келдім. Жүрегім тас төбеме шықты, шошынып, тұрып қалдым. Жыра ішінде кісі жатыр.


— Ентелемеші-ей, кісіні сөзден жаңылдырасың. Сабырмен тыңдасаңшы енді... Иә, кеудесінде жаны бар екен. Торсықтан су жұтқызып тірілтіп алдық. Арыстай, алпамыс жігіт. Үстінде сау жері жоқ, қасқыр талаған ба, қарға шоқыған ба, әйтеуір өлуге қалған. Өзім артыма мінгізіп, қайыс белбеумен қоса беліме таңып алдым. Әр кез су жұтқызып қоям, пенде ғой, аядым.


— Күн бата қалың тоғайға кірдік. Тораңғы, жиде тоғайы екен. Шет көзден таса ғой деп, сол жерге жылқыны үйірдік те тыныстауға отырдық. Ортаға лаулата от жақтық. Ет асып, аздап сорпасынан әлгі жігітке жұтқыздық... Әл кірді, тілге келді.


Жігіттің сондағы айтқаны:


— Қызылқұмда қой бағушы едім. Қатын-балам Ташкентте, қыдырып кеткен. Күндердің күнінде құм дауылы соқсын кеп. Үш тәулік бойы боратып-боратып басылғанда жер кепеден шықсам, дүние өзгеріп кеткен. Қорадағы қой да, қора-қопсы да жоқ. Құм басып тып-типыл етіп жіберген. Бұрын-соңды мұндай алапатты естіп білмеген басым, есім шығып, еңіреп, «ел қайдасың» деп тартып кеттім. Өз бағдарым күншығыс. Баяғы білетін қырат жотаның біреуі де жоқ, тып-типыл, меңіреу дүниеге айналған. Адасып бара жатсам күнге қарап бетімді түзеп алам...


Бір сәтте көзімді жылт еткен сәуле қарып өткендей болды. Абайлап, жерге, аяғымның астына қарасам, жылтырап сап-сары бірдеме жатыр. Еңкейіп кеп үңілдім. Құмнан аршып жіберіп алақаныма салдым. Кәдімгі сап-сары, салмақты алтын... құйма алтын...


Жігіт сөзін тыңдап отырған жылқышы біткен ду ете түсті.


— Пәлі деген! Сандырағың да бұл!


— Құм ішінен алтын табылушы ма еді?!


— Шын болса, көрсетші кәні!


Ер көңілді жігіт екен.. көрсетті! Ышқырының бір жерінен жылт еткізіп алып, көз алдымызға әкеліп алақанын жайып қалды. Өмірімде нағыз алтынды көргенім сол, тәуба айтып, жағамды ұстаппын. Жігіттер жапырыла үңіліп, естері шығып кетті. Алтынды қолдарына ұстап көрді.


— Мен де ұстап көрдім. Әжептәуір салмақты сияқты. Қолымды жерге тартып әкетіп бара жатқандай.


— Ләм дегенім жоқ. Өзіне қайтадан бердік, құдайдан қорықтың. Жалғыз қалып, жапа шеккен пендесіне көрсеткен қыдыры болар дестік.


Өріп отырған қамшысын бітірді білем, қатты бір шіреп тартып, басын түйіндей бастады. Сіңірі созылып, құрысып қалған тізесін жазып жіберді де, «уһ» деп көзін жұмды.


— Емінбеші-ей, қашып кетер деймісің... Сонымен, ол жігіт Ташкенге жеткенше бізге жолдас болды. Аты Әлі еді. Жаны жайсаң, өмірді белінен басатын, кәдімгі нар жігіттің өзі. Қиянда қой бағып жабайы жүрген жандай емес. Сөйлеген сөзі мірдің оғындай. Қайын жұрты Ташкенде көрінеді. Әдіресін айтып шақырған еді. Тіршіліктің тауқыметі таусылған ба? Далақтап жүріп оған да бара алмадық. Қалаға кіре беріс көшеде, қайырылып тұрып қош айтысқаны әлі есімде.


«Досеке, сау болғайсыз, жақсылығыңыз бұл дүниеде есімнен шықпас. Қайтарармын есесін. Тек қайта бір көрісуге жазсын. Ер мойнында қыл арқан шірімес деген».— Сабаздың сөзі-ай! Жүрекке қадалады-ау тіке. Біз өзіміз өстіп айта алмаймыз.


— Сонан соң көріскеніміз жоқ. Кейін мына белімнің шойырылмасы ұстап, жаңадан ашылған ыстық суға түскелі бардым. Баяғы Әлі жатсам-тұрсам есімнен шықпай, Ташкент шаһарынан шарқ ұрып іздедім-ай кеп. Жүргенге жөргем ілінер деген. Бұрынғы тұрған үйін тауып алдым. Көшіп кетіпті. Одан да қоймай, сұрау салып жүріп, мына Шәуілдірден таптым. Қамшының басын ұсташы, май жағып жіберейін, таспасы кіріксін.


— Тапқанда не, әйелі ғана қалыпты. Өзі сол бізден ажырасымен соғысқа аттанған. Соңынан не қара қағаз, не хабар келмеген. Сабаз ердің ізі өшкен де кеткен. Соңында тұяғы қалған екен, көктемде Сырдың суына кетіп өліпті... Не дейін енді, ердің артынан бата оқыдым, жылап-еңіреп отырған жесірінің көңілін жұбаттым. Болғаны осы.


— Сенің осы бүйірден қойып қалатын сауалың-ай! Иә, алтын жайын да сұраған едім: «Білмеймін, маған айтқан жоқ еді» деді әйелі.


— Е-е, ұмытып барады екенмін. Әліден жылқышы жігіттер: «алтынды қай жерден таптың. Қызылқұмның қай шамасы еді, Сырдың қай тұсы...»— деп сұраған болатын. Есімде қалғаны ол жартымды жауап айта алмаған-ды. Есінен танып, миы ашып жүріп аңғармаған болар, әлде ұмытып қалды ма, қайдам. Әйтсе де, бір сөзінде Отырар тұсы, Екіндік пен Бесіндік құмдауытының арасы дегені есімде...


«ТОБЫҚТАЙ» ТҮЙІН


Қадірменді оқушы, арғы-бергі заманның шежіресін ақтарып, көне көз кәрияны тыңдадық. Енді өзіміз ой таразысына жүгініп көрелік. Міне, Қызылқұмның ерте заманғы картасы (А. Черкасов жасаған) мен Қазақ ССР Ғылым академиясы топырақтану институты жасаған қазіргі картасы алдымызда жатыр. Екеуін салыстырып қарайық. Бұл қазіргі Шымкент облысының Қызылқұм ауданына қарасты Қызылқұм мал жайылымы.


... Отырар тұсы. Бұрынғы Алпауыт өткелі тұсынан (қазір бұл өткел жойылып кеткен) өтіп барып, құпияны қойнына жасырып «қызара бөртіп» жатқан Қызылқұмға кіреміз. Саусағымыз карта бетімен әрі жылжиды. Ежелгі «Жау жолы» деп аталатын керуен жолы Бұқарға — әуелі батыс, сонан соң оңтүстік-батыс, сонан соң түстікке, соңынан оңтүстік-шығыс бағытымен жүрген. Қазір бұл сүрлеу мүлде білінбейді. Ескі жылнаманың жазуы бойынша осы жол бес күншілік болған көрінеді. Керуеншілер құм дауылына бірінші түні ұшыраған. Олай болса, Бұқар мен Алпауыт арасын беске бөлеміз. Саусағымыз шамамен Бөген бойы, Белқұмға (қазіргі аттары алынды) келіп тіреледі. Бұл бір нүкте.


Ал, қойшы жігіттің айтуынша, алтын табылған жер шамамен алғанда Екіндік пен Бесіндік құмдауытының арасы. Қазір жергілікті кәриялардың көбі Екіндік құмдауытының болғанын (Бесіндік қойшы жігіттің өз атауы болуы мүмкін. Автор), оның Бөген бойының оң қолтығы екенін айтады. Бұл екінші нүкте еді.


Бір қызығы ежелгі оқиға болған жер мен кейінгі оқиға болған жер карта бойынша бір-біріне соншалықты жақын, ұқсас. Олай болса, бірнеше ғасыр бұрын құм «жұтқан» алтын, күміс, қазына-мүлік қайыра соққан дүлей дауылдан қайта ашылып қалуы да мүмкін ғой. Салмақты зат құммен бірге көшпейді, сол әуелгі орнында жатады емес пе?! Міне, осы жайларға байланысты соңғы айтарымыз... 1218 жылы Отырардан алтын, күміс, т. б. дүние артып шыққан бес жүз түйелі керуен шамамен алғанда, қазір Белқұмның оң бүйірінде, құм астында жатуы да ғажап емес!


ЕРТЕ ЗАМАН «МЕТРОЛАРЫ»


«Мен 1945 жылдың күзінде жергілікті қарт кісілердің көмегімен көне Сайрамдағы жер асты жолының аузын таптым. Оның ішіне түсіп екі шақырымдай жол жүрдім. Жер асты жолы Қазығұрт тауына қарай кетеді екен. Іші кең, ауасы таза, тек қана жарық жоқтың қасы. Қабырғалардың кей жеріне тас өрілген».


Еркеболат Бекмухаметов, техника ғылымының кандидаты, дербес пенсионер, Алматы қаласы.


«Ежелгі Отырар маңайында Пышақшы деген төбе бар. Бұл төбе кезінде Отырардың қосымша серіктерінің бірі болғаны анық. Жергілікті қарттар сол Пышақшы төбенің бүйірінде жер асты жолына түсіретін тесік бар деседі».


Сауранбай Баубеков, Қызылқұм ауданы, «Талапты» совхозы.


Жер асты жолы... Бұл жолдарды қай заманда кімдер салған? Оларды нендей мақсатқа пайдаланған? Қазіргі Шымкент облысында тап осы жер асты жолына байланысты айтылып жүрген аңыздар ақиқат па?


Осы әңгімелер жас кезінен есіткен талай жанның көкейінен мықтап орын алғаны ақиқат. Ежелгі Отырар, Сайрам, Түркістан қалаларында тұратын көне көз кәриялар осы жер асты жолдары жайлы не қилы қызық әңгімелер айтып отыратыны әлі есімде. Соның күллісіне таңдай қағып өскен маған жер асты жолының құпиясын ашу парыздай көрінетін. Әрине, бұл даңғаза, қызыққұмарлық емес... жер асты жолдарында да халқымыздың көне тарихы бар дегендіктен туған ой болар. Бұл құрылыстар да ертедегі ата-бабаларымыздың аласапыран тағдырына байланысты салынған болар. Иә, халқымыздың қала салу, отырықшылану кезеңімен көбірек шұғылданар ма еді. Мезгіл өткен сайын жер асты жолының құпиясы да ұмытылып барады, бірақ қызықтыра береді.


Жер асты жолдары туралы тарихшылар өте сараң айтады. Солардың біразына жүгініп көрейік.


Ертедегі грек тарихшысы Геродот парсы патшасы Кирдің сақтар еліне жасаған жорықтары жайлы жазған өзінің еңбегінде былай дейді: «Кир қолы Яксартының арғы жағындағы сақтардың (массагеттер — біздің арғы ата-бабаларымызды осылай атаған) сарбаздарымен қатты ұрыстар жүргізді. Массагеттер көшіп жүретін, әрі тез, әрі тұтқиыл қимылдайтын жандар. Олардың қорғанды қоныстары да болды. Қорғанда тұратын массагеттер парсы қолына ешқашан беріліп көрген емес. Қол қорғанды бұзып, ішке басып кіргенде әлдеқандай құпия жолдармен халықтың қаладан шығып кеткенін көріп, жер сипалап қала беруші еді».


Тарихшы айтқан «әлдеқандай құпия жолдар» тап осы жер асты жолдары екені даусыз.


Осыдан соңғы бір деректі әйгілі ақын Фердаусидің «Шахнама» дастанынан табамыз. «Яксартының оң жағалауында сақтардың Канг Вигишт деген қаласы болды. Парсы әскерінен қашып келе жатқан Афрасиаб («Шахнамадағы» басты кейіпкер) осы қалаға ақырғы рет келіп бас сауғалады. Қаланы парсы қолы қоршап алады. Сонда, Афрасиаб қаладағы құпия жер асты жолымен қашып кетеді» дейді ақын.


Ал Фердаусидің өзінің атақты дастанын тек қана тарихи шындықтан, өмірде болған хандардың өмірінен алып жазғаны баршаға мәлім. Сондықтан да оның кітабы «Патшалар тағдыры» деп аталған-ды.


Жер асты жолдары туралы академик Марғұлан былай дейді: «Ташкент айналасындағы аудандарда аралас тұратын қазақтар мен өзбектердің арасында ежелгі Шаш (Ташкент) қаласының маңында жер асты жолы болғаны туралы аңыз осы күнге дейін айтылып жүр. Сайрам селосының тұрғындары ерте кезде Сайрамнан — бір жағы Түркістанға, екінші жағы Шашқа дейін жалғастырып жататын жер асты жолы болғанын осы күнге дейін растайды. Ал Сайрамның өзінде, көне мешіттің алдында, сол жер асты жолына түсіретін шағын үңгірдің аузы бар».


Аталған тарихшылар жер асты жолы туралы түбегейлі пікір айтпаса да, сол дәуірдегі жағдайға байланысты оның сыр-сипаты мен маңызын аз да болса аңғартып кетеді. Келтірілген үзінділерден біз екі түрлі қорытынды жасаймыз. Бірінші, Оңтүстік Қазақстан жеріндегі жер асты жолдары өте ертеде, шамамен алғанда біздің дәуірімізге дейінгі IV—III ғасырларда салына бастаған. Екінші, бұл жолдар дүние жүзіндегі жер асты жолдарының ішіндегі ең ұзыны.


Жер асты жолдарының өзіне сапар шегелік.


1964 жылдың июль айында елді аралауға жолға шықтым. Сапарымды ежелгі Сайрам қаласынан бастағанды жөн көрдім. Сәті түссе, көптен құмартып жүрген жер асты жолдарын іздегім келді.


Көне Сайрам қазіргі Шымкент қаласының оңтүстік жағында қашықтықта жатыр. Қала Талас Алатауы мен Қазығұрт тауының түйіскен қолтығында, яғни, аңғар тартып ағатын Сайрам өзенінің жағасына орналасқан. Ежелгі қала сүлдесі тым жүдеу. Әр жерде қалқиып-қалқиып тұрған қорған қалдықтары ғана көрінеді. Мұнда құлпытастар, мавзолей, көне медреселер қалдығы қыруар жерді алып жатыр. Әзірге бүтін тұрғандары Қарашаш ана (Ахмед Яссауидің анасы) мавзолейі, Мыралы мавзолейі, аттан айтып, азан шақыратын бірер мұнаралар ғана.


Аталған құрылыстардың архитектуралық салыну жүйесі өте әсем, бірін-бірі қайталамайды. Қабырғалары ақ, қызыл қыштармен өрілген. Күмбез, қалпақтарға ешқандай темір, не ағаш пайдаланылмаған.


Көне қалалардың архитектурасын, көлемін, онда мекендеген халық санын шамалап, дәлелдеудің бір әдісі — сол қаланы қоршаған қорғандағы қақпалардың санына назар аудару болып табылады. Егер қорғанға жасалған қақпа саны көп болса, онда мекендеген халық та көп, соған лайық қаланың көлемі де үлкен болғаны, деп топшылауға негіз бар. Мысалы, ежелгі Отырарда бес қақпа, Сығанақта төрт қақпа, Түркістанда төрт қақпа, Сайрамда бес қақпа болған.


Көне Сайрамда қорған қақпаларының орны әлі де анық білініп жатыр. Қорған негізінен тас пен қыштан қатар, жарыса өріліп, тұрғызылған. Сондықтан да қорғанның орнынан үйіліп қалған қыруар тас қаландыларын көреміз. Ал қыштарды жергілікті тұрғындар тасып әкеткен.


Сайрамдағы жер асты жолдары өте құпия ұсталған. Олар туралы не қилы әңгімелер айтқанымен, жергілікті халықтың оған түсетін ауызды дәлдеп көрсете алмайтындығының да себебі осы. Біледі-ау, деген қарт кісілердің санасына: «киелі жер, ондай орынға баруға шариғат тыйым салады» деген ұғым әбден сіңіп қалған.


Алайда әуелі сондай қарттарға жүгінуге тура келді. Ақырында, бір қари (құранды жатқа білетін адамды осылай атайды) жер асты жолдары туралы таяу жылдарда ешқандай сыр ашып, ешкімге айтпауға сөзімді алды, оларды көрсетуге келісім берді.


Жер асты жолы... Оның аузы көне қорғанның ішінде болып шықты. Көзбен мөлшерлегенде қорғанның оңтүстік бұрышында елеусіз бір қирап қалған мұнараның (минарет) түбінде жатыр. Бетін жарым-жартылай жыңғыл басып кеткен. Академик Ә. Марғұланның айтуынша, жер асты жолының аузы ескі мешіт алаңында болатын. Бірақ, академик халықтың ауызекі айтқанына сүйенген секілді. Ескі мешіт пен әлгі қираған мұнараның ара қашықтығы онша алыс та емес. Демек, зерттеушілердің кейбір жағдайда жаңылуы әбден ықтимал. Олай дейтін себебіміз, көне Сайрамда қираған ескі құрылыстар өте көп. Ал оның үстіне жерасты жолдардың басқа да кіріп-шығар жері болуы да мүмкін нәрсе.


Жер асты жолына түсіретін үңгірдің аузы елеусіз болғанымен, оның іші бір қарағаннан-ақ кең екені байқалады. Үңгірдің ернеуінен төмен қарай тас басқыш жасалған. Жердің бетінен бірте-бірте түсетін бұрыш (көлбеу бұрыш) шамамен 30°-қа тең. Жер асты жолының бағыты оңтүстік-батысқа қарай кетеді. Ал жер асты жолының едені құрғақ топырақ. Түсе беріс жердің едені, қабырғалары тас. Он бес қадамдай жүріп негізгі жер асты жолына жеткенше маңай қара көлеңкеленіп тұрды. Қалта электр шамын пайдалануға тура келді.


Жер асты жолының биіктігі екі жарым метрге, ал ені бір жарым метрге жуық. Қатар жүрген үш кісі сиярлық. Үңгірдің ауасы таза, құрғақ. Ауыздан алыстаған сайын жер асты жолының ішкі тұрқы да анық байқала бастайды. Қабырғалардың кейбір жері таспен өрілген, көп жері жалаңаш, саз топырағы көрініп тұр. Жолдың жалаңашталған бұл жері уақыт өткен сайын тозудан болуы ықтимал.


Жер асты жолының ішінде шашылып жатқан немесе құлап қираған ешнәрсе байқалмайды. 40—50 қадамдай жүргенімде үңгір ішіне әлде қайдан түсіп тұрған әлсіз жарық көрінді. Дәл төбеде құбыр-тесік бар екен. Тесіктің аумағы үлкен кесенің бетіндей. Құбыр-тесікті қышпен өріп шығарыпты. Ауыздың арғы жағынан көгілдір аспан «сынығы» көрінеді. Таза ауа мен әлсіз жарықтың осы құбыр-тесіктен келіп тұрғандығында дау жоқ.


Құбыр-тесіктер шамамен алғанда жер асты жолының әрбір 40—50 қадамдай аралығынан төбеден шығарылып отырған. Бұл тесіктер жер асты жолы —«метролардың» өн бойында болуы мүмкін. Өйткені, ары қарай жүре түскенімде, әлгіндей тесік тағы да ұшырасты. Әрине, құбыр-тесіктер бірдей қашықтықта, тең аралықта бола бермеуі де мүмкін. Жол-жөнекей өзен, тау кездеседі. Сондай кедергілерге байланысты тесіктердің ара қашықтығы да, мөлшері де үнемі өзгеріп отырады.


Құбыр-тесіктердің жер бетіне шығар аузын құрылысшылар аса тапқырлықпен жасаған. Оған дәлел, жолдың үстімен арнайы жүрген кісінің өзі әлгі тесіктерді ешқашан да байқай алмайды. Тесіктер аузы жер бедерімен үйлестіріліп жасалғандықтан, құпия жатады. Олар не бір жақпар тастың арасынан, не бұтаның астынан шығарылған.


Енді жер асты жолының ішкі сипатына келейік.


Жер асты жолының қос қабырғасы тік, еденге 90° бұрыш жасап тұрады. Қабырғалардың биіктігі кісі бойынан асады. Бірақ бұл биіктік барлық жерде бірдей емес. Жердің бет бедеріне қарай өзгеріп отырады. Төбесі күмбездене барып қосылған. Қабырға мен жол үңгір төбесінің арасында не бағана, не ұстын жоқ. Оның себебі, төбе мен қабырғаның арасы киіз үйдің уығындай күмбездене иіліп келіп жалғасады. Бұдан, құрылысшылардың жер асты жолын салуда салмақ заңын қатты ескергені байқалады. Жолдың үстіндегі салмақ оның төбесіне емес, қос қабырғасына түседі. Ал, күмбезденген төбе ең арысы қалыңдығы бір жарым метрдей енсіз жердің салмағын ғана көтереді. Бұл, әрине, қабырғасы аса мықты күмбезге дәнеңе де емес.


Жер асты жолы жобасын жасаушылар салмақ заңын, жердің бедерін және топырақ құрамын ерекше есепке алып, құрылыстың сан ғасырлар бойы бұзылмауына жағдай жасаған. Сондықтан да дәл бұл күйінде, әлі де болса талай жылдар бойы, жер асты жолы келушілерді таңдандырып, қызықтыратыны анық. Жолдың ішінде құлап, бүлінген жер жоқ: іші таза сақталған. Демек, талай зерттеушілердің назарын аударып, оның картасын түгелдей жасап, түсіруге себепші болар деген де үміттен аулақ емеспіз.


Жер асты жолының кейбір жерлерінде бүйірден қазып шығарып жасалған кішкене қосымша бөлмелер де бар. Бөлмелер әрбір он метрдей ара қашықтықта, бір-біріне қарама-қарсы салынған. Осы қалпында жер асты жолы үлкен зал тәрізді болып көрінеді. Бөлмелерді «құжыра» деп атайды. Құжыралардың ұзындығы жатқан кісінің бойындай, ені бір жарым метрдей келеді. Үңгір-бөлменің іші, шынында да адам жатуға лайықталып жасалған. Қабырғаның оң жағында кісі сиярлық кішкене нар текпішек бар. Нар текпішектің бас жағында шырақ қоятын шағын қондырғы тұр. Қондырғының маңайы шырақ түтінінен әбден ысталып кеткен. Осы нарларға ерте заманда кісі жатқаны байқалады. Кейбіреуінде төсеніш еткен, шиден тоқылған шыпталар жатыр. Жергілікті қарттармен сөйлесе келе, әлгі құжыралардың жайымен де танысқандай болдым...


Сайрам қаласы XII—XVI ғасырлар арасында күшті дамып, өркендеген. Онда халық саны да өскен. Сол кезде мұсылман дініндегі бір ағым — суфизм Сайрамда үстемдік құрып тұрған. Бұл кезде мешіттер жергілікті дін басыларының қолында болды. Жер асты жолының бөлмелерін де сол дін басылары салғызған. Олар мінәжат етіп келген адамдардың қайыр-садақасын алып, оларды сол құжыраларға түсіретін болған. Мақсат: келген адамдар өздерінің күнәсінен арылу үшін, оның ауыр-жеңіліне қарай, әлгі бөлмелерде белгілі бір уақыт ішінде жападан-жалғыз жатып шығуы керек. Дін иелері тек осыдан кейін ғана ондай жандардың бойынан күнәсі кетеді-міс деп сендірген. Оның үстіне діндар, тақуа адамдар сол құжыраларға отырып алып зікір (құдайды мадақтайтын көп кісілік хор) салатын болған. Міне, осындай зікір салу үшін Сайрамнан гөрі Түркістандағы жер асты жолдары қолайлы етіп салынған.


Сайрамның жер асты жолындағы құжыралар оншалықты көп емес. Олар жолдың түсе беріс аузынан бір километрдей ұзағанша ғана кездеседі. Әрі қарай жалғыз жер асты жолының өзі ғана созылып кете барады.


Жер асты жолымен шамамен алғанда бір километрдей жол жүрдім. Ақырында, кейін шығуға тура келді. Өйткені, мұнда жүру үшін үлкен дайындық жұмысы керек еді. Оның үстіне, жалғыз-жарым жүру де қауіпті...


Сонымен жер асты жолдары екі бірдей мақсатқа арналып жасалғаны байқалады. Біріншіден, ерте кезде шапқыншылық өте көп болған. Сырттан келген жау қалаға басып кіретіндей жағдайда, қала датқалары, қолбасшылар қалған қолымен осы жер асты жолы арқылы шығып, құтылып кететін болған. Бейбіт күндерде патшалар бұл үңгір-жолдарға қазына-мүлкін сақтаған.


Екінші мақсат, халықты дінге тікелей бағындыру, жолдарды діннің күшті құралына айналдыру болып табылады. Дінге бағынбаған адамдарды осы жолдарға түсіріп, түрлі «кереметтер» көрсетіп, санасын улап отырған. Көп уақыттар бойы әлгі құжыраларға тақуа адамдарды қамап, аруаққа, рухқа сендірген.


Алайда Сайрамдағы жер асты жолы ең әуелі бірінші мақсат үшін, яғни соғыс жағдайына байланысты қазылған. Оған дәлел, бұл жердегі жол қаланың оңтүстігіндегі Қазығұрт тауына дейін апарады. Көне Сайрам мен Қазығұрт тауының арасы 40—45 километрдей. Сырттан келген жау қаланы басып алған кезде аман қалған қол дәл осы жер асты жолымен тауға шығып, құтылып кетіп отырған. Сол қол тау басынан келіп, күтпеген жерден басқыншы жауға сан рет күйрете соққы бергені бізге Рашид-ад-Диннің, Геродоттың, Джувейнидің шығармаларынан белгілі.


Уақыт өткен сайын жер асты жолдары ұмытыла берген. Ең әуелі оның түсе беріс аузы бітелуге айналған. Сөйтіп, тек ауыз-екі әңгімелерде ғана айтылып келді. Олай болса, жолдарды түбегейлі зерттеп, олардың салыну сырларын, пайдаланылу мақсаттарын анықтау мәселелері — тарих ғылымына көптеген міндеттер жүктейді.


Ал көне Түркістандағы жер асты жолының мақсатына келсек: ол тек қана дінді уағыздау үшін салынған. Бұл жолдарды «ғалжа» деп атаған. «Ғалжа» деген араб сөзі. Қазақша — жалғыз отыру, өмірді жалғыз өткізу деген ұғым береді. Ғалжаға бұл дүниелік өмірден безіп, «тәубасына келу» үшін ақтық сағатын жалғыз өткізгісі келген діндар қарттарды отырғызатын болған. Шынында, Түркістандағы жер асты жолы ұзыннан-ұзақ емес, екі бүйірден бөлме-бөлме мекен-жай етіп қазылған. Ғалжалардың бірінде, 63 жасында Ахмет Яссауи мекендеген көрінеді. Кейіннен көптеген бөлмелер зікір салатын орындарға айналдырылған.


Түркістандағы жер асты мекенінде кезінде ондаған адам бір мезгілде қатар тұрып, шайынатын (дәрет алатын) су құбырлары жүргізілген. Кей бөлмелерде «хамам» деп аталатын моншалары болған. Қазір, мұндағы жер асты құрылыстарының көбі қирап бүлінген. Су құбырлары қаңсып қалған. Төменге түсіретін тас басқыштар кісі жүруге қауіпті. Ешкім ішіне түспейді.


Ежелгі Түркістандағы жер асты мекеніне түсіретін басқыштың аузы қазіргі Ахмет Яссауи мавзолейінің қақпасынан оңтүстікке қарай бір километр жерде — қираған ескі мұнараның түбінде жатыр...


Отырар қаласында да ұзаққа созылған жер асты жолы болған. Бұл жол Түркістан мен Отырардың арасын жалғастыруы да әбден ықтимал. Өйткені, жергілікті диқандардың арық қазып жүріп, талай рет осы жер асты жолының үстінен шығып қала беретін кездері де болған. Кей жерлерде кішігірім канал суын жұтып қоятын оқаптар да бар. Осы оқаптардың күллісі бір кездердегі жер асты жолдарының кездейсоқ тесілген төбесі екені даусыз.


Ертедегі Отырар қаласының жер асты жолы оны Пышақшы, Көкмардан, Алтынтөбе, Құйрықтөбе секілді серіктерімен құпия жалғастырып жатқан. Жолдардың әсіресе, соғыс кезінде көп пайдасы тиген. 1219 жылғы монғол шапқыншылығы кезінде жер асты жолдарымен жергілікті халық азық, су, қару-жарақ тасыған. Алты ай қорғаныстан кейін қала қирап, жер асты жолдарының аузы көміліп қалған. Сондықтан қазіргі кезде, қираған Отырардың ішкі қорғанынан жер асты жолының аузын табу мүмкін емес. Себебі, қаланы қыруар қыш, тас, топырақ үйіндісі түгелдей басып жатыр.


Ал осы жолдарға түсер ауызды қаланың жоғарыда аталған серіктерінен, қазіргі кішігірім төбелерден іздеген мақұл. Бұлай дейтін себебіміз, сондай түсе беріс ауыздың бірі — Пышақшы төбесінің оңтүстік бүйіріндегі жыраның етегінен табылды.


Жер асты жолдары біздің ежелгі қалаларымыздың дүниеге келу дәуірін өте әріге сілтейді. Отырар, Түркістан, Сайрам қалаларының архитектурасын, құрылыс ісін анығырақ елестете түседі. Бұл құрылыстар өз кезіндегі озық мәдениеттің куәсі.


Бұл жер асты жолдарын сол ерте заманның «метролары» деуге де болады. Бірақ электр жарығынсыз, байланысы жоқ «метро». Ол мыңдаған құрыш білектердің күшімен салынған. Білімді-өнерлі ата-бабаларымыздың келер ұрпаққа қалдырған ұлы ескерткіші іспетті.


Жер асты жолдары — Оңтүстік Қазақстандағы тарихи ескерткіштердің аса бір маңызды саласы. Оларды дәйекті зерттеу арқылы біз ертедегі халқымыздың қала салу, мемлекетке айналып, өркендеп-өсу дәуірін анығырақ білеміз. Бабаларымыздың талай қиссаға азық болған жауынгерлігін, соғыс ісі жетістіктерін білеміз. Күні бүгінге дейін құпия болып келе жатқан кітапханалар мен қазына-мүліктердің тығылған орнын табамыз. Ел арасында айтылып жүрген қызықты аңыз-әңгімелердің сырын ашамыз. Сондықтан суретшілер Одағы мен Архитекторлар Одағының есіне осы бір маңызы зор мәселені салып, жоғалып, өшіп бара жатқан тарихи мұраларды жаңғыртып — баспасөз бетіне түсіруін, оқырман қауымды қуантуын тілер едік.


Дүкенбай Досжан




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу