14.08.2021
  228


Автор: Дүкенбай Досжан

Құм адамы

Күн желке тұстан шығып келеді, сексеуіл басына ілген тасбақаның қабығындай белдеуленіп, бозарып атқаны. Биік бүкіс шағылдың табанын бойлап батысқа ығып бара жатқанын аңғарды. «Қырсық шал айдалаға маңып шығып су түгілі қаңқамызды таба алмай қалмасақ жарағаны» деп Өмірсерік қорқа бастады. Белі бүкшиіп, әрәдік ақ таяғын аспандата көтеріп, желдің бағытын біліп алады да ілгерілей береді, ләм демейді; күн көтеріле лықылдап бет сипаған таң самалы сіріңке тұтатқаңдай лап етіп жанып жүре берді, буға, сағымға айналып көз алдында дүние дөңгеленді. Таңдайы тобарсып, өкпесі өшіп, шекесі қызарып қатты шөліркеді. Қайтсе де қара нардың ізінен қалмайын деп басын иығының арасына тығып домалаңдап келе жатып қатты нәрсеге соғылды, сонда байқады, түйенің сирағына ұрыныпты. Бас киімі ұшып түсті. Түйе де, жолбасшы да кідіріпті. Көз алды қызылды-жасылды сәулеге толып, ерні тобарсып жығылып-сүрініп ілгері озды, тәлтіректеп жолбасшының қапталына келді.


— Өкпем күйіп шыдай алатын емеспін, сонау бір мөлдіреген көлді көремін, тезірек соған бұрылайықшы, ертерек жетейікші.


— Шырағым, көл деп тұрғаның кілкіген сағым ғана. Торсықтағы тары көжеден таңдайыңды жібітіп ал, — деп түйенің көлеңке жағына байлап қойған жанторсықты шешіп алып, шайқап-шайқап ағаш зеренге құйып Өмірсерікке ұсынды. Үздігіп қаталаған жолаушының жоғарылы-төмен жүгірген жұтқыншағына бұрылып қараған қара нардың жанары жасаурады, әйтсе де көзінен тұзды жас тамбады. Әрі салқын, әрі жұғымды көжеден қылғыта жұтқанда Өмірсеріктің санасы сәулеленді, құлағының шуылы басылғандай болды. Осы сапарға шығар алдында флягке су құйып алып шықпай, тері местің иісін мүңкітіп көже құйғызып жатқан шалдың «білместігіне» қатты налығаны есіне түсті; енді ғой өз білместігіне ұялды. Зеренді қайырып беріп, табанын қарып бара жатқан құмға шойнаң етіп отыра кеткен. Түйенің тізесі дірілдеп ол дағы шөгуге оңтайланып еді, жолбасшының жан даусы шықты.


— Қолаттың табанына түспей кідіруге болмайды, діттеген межеге өлсек те жетіп жығыламыз.


Өмірсерік тізесін басып, буынын қалтыратып қайта түрегелді. Мұсаның діттеген межесі қай тұс, бір-бірінен еш айырғысыз Ұлы шөлдің қай шеті, қай шегі екеніне қиялы жетпей шаршады. Арық малдың қабырғасындай ырсиып, доғаша иіліп жатқан құм жоталар бір-бірінен ешқандай айырғысыз, әуелгіде ұйпа-ұйпа ұлан өлкені табиғат шебер алып тарақпен салалап тарап шыққандай ғой. Я сүрлеуі, я ақ бөкен жортқан шұбырынды ізі жоқ, жадағай жадау жапанда баяғы алған бағытынан жаңылмай қалайша жол тауып келе жатыр деп таңырқады.


Түйешіні Қызылқұмнан кіндігі үзілмеген, табиғатпен біте қайнасып туған «құм адамы» деп ауылдастарының аңыз етіп айтып жүретіні тегін болмады. Шикіл күн шақырайып шекені тесіп тас төбеге тырмысқанда ілбіп, жылжып ұзынша қолаттың табанына түсті. Ойпатқа келе бермейді, бүкіс белдің ылдитөмен теріскей бетіне алағаттанып балапан сексеуіл өсіпті, тырбиып ербиіп тұрысы ертегіде айтылған сайтанды елестетеді. Еңіс табанына қара нарды бақылдатып шөгеріп жатқан түйешіден: «Мыналардың жапырағы, бүрі қайда?» — деп сұрады. «Кешегі дүлей жел шаш сыпырғандай сыпырып кетпеді емес пе, келер көктемге дейін оңала алмайды», — деді Мұса. Көзінің астына тұз тосап тұрған ба, көш құлаш ақ орамалымен сүрткіштей түседі, түйесін шөгеріп болып, «мына біз қайда келдік» дегендей маңайына мойын тамырын үзіп, алақтай сұқтанды. Ақырында шөгіп жатқан қара нардың қапталына дөңгеленіп отыра кеткені.


— Адасып кеткен жоқпыз ба? — бағытымыз дұрыс па?


— Күннің шығысына, сексеуілдің тұрысына қарасақ бағытымыз дұрыс.


Өмірсерік келіп құм адамының аяқ жағына тізе бүкті.


— Діттеген меже дегеніміз қай тұс болды, көке?


Құм адамы қарсы алдына келіп жүгінген Өмірсерікке әу дегеннен жауап қатпады. Жанторсықтан зереңге аздап тары көже тамызып тандайын жібітті. Қоржынның бір бұрышында шүберекке шандып байлаған орауды алып, шұбалтып орауын жазды, қазақы қойдың қос білем шикі құйрығы екен, бәкісімен бір кесіп, қол басындай етіп қара нарға асатты. Көзі кілмиіп өзі бәкінің май жұққан жүзін жалады, сосын қалған құйрықты, бәкіні ақ шүберекке бипаздап орап қоржынның түбіне жытырды; құм мен тұз тұтқан шоқша сақалын кәрі бүркіттің тырнағындай мүйізденіп кеткен ұзын саусағымен тарады.


— Баяғыда әкем айтып отырушы еді, — деп әңгімесін әріден бастады, — мына кең қолаттың етегін қылдап өтетін көне сүрлеуді Жау жолы деп аңыздайды, байқадың ба, жол ылғи шағылдың теріскей бетін қуалап өтеді, аз да болса күн қызуынан қорғануға алағат шыққан сексеуіл, жыңғыл, тораңғы бұтасын ұшыратасың; малға да, жанға да сеп. (Өмірсерік қаншама көзін тігіп қарағанымен Жау жолы дей қоятын сүрлеу сорабын ажырата алмады, жыланша иретілген құм... құм... құм...) Осынау бөкен бүлкекпен бесінге дейін ілбісек сары сағымның құйымшағына таман сексеуіл жігерімен шегендеген, бетін түйе мойнағымен бүркеген отыз құлаштық Мамырай ұстаның шыңырауын табасың деп әңгімелеп беруші еді, жарықтық. Қой, қозғалайық, бесін болмай діттеген жерге жетіп жығылайық, біз су тауып келеді деп қыстаудағы мал мен жан жолға қарап таңдайы тобарсып, жылып кеткен темір бөшкенің лайын жалап үздігіп отыр-дағы.


Осыны айтып Құм адамы орнынан көтерілді, қара нардың сіңірі тартылып, үйелеп қалған ба, бірі бұйдасынан тартып, келесісі құйрығынан көтеріп әупіріммен әзер аяғынан тұрғызды. Өмірсерік әлгідегі Құм адамының сөзіне соншама құлазығаны: құм басып қалмаса сексеуілдің томашадай түбіртегін табармыз-ау, сусыған, жылжыған, ысқырған, қышырлаған жып-жылмағай құм үстін алақанмен сыйпағандай етіп түртінектеп жүріп шыңырау шіркінді іздерміз де... Әй, таппайтын шығармыз!.. Осыдан жүз жыл бұрын аузын мойнақпен тұмшалаған типыл құдықтың үстінен неше мәрте дүлей дауыл соқты, бұл жақта жел екеш желдің де аты тікенек түрпідей; Арыстанды Қара бастың желі дейсіз бе, Бұхардың боз бурасы дейсіз бе, Алтынкүрек-ақсарбас дейсіз бе, енді тақауда дүниеге келген Аралдың азынамасы қосылып құм бетімен қыңсылап жортқан аш бөрідей бүлкектегенде, бүлдіргенде, тыныш жатқан жоталар орнынан жылжып, итініп жөнелгенде бұрынғы ойпаттың орнына шошақ үйіліп, шошағы құрғыр үй көшкендей жылмағайдай жойылып жоғалды емес пе; сондай алмағайып алапаттың ішінен, құбылмалы күресіннің кіндігінен ұрының жатағындай жоғалған құдықты табамын деп шала бүлінген Құм адамның мына мінезі амалсыздың айласындай сезілді; мына мұңлық Өмірсерік жығылып сүйретіліп, сүрініп-тұрып келе жатып жоғын іздеп жоқшыдай құлазығаны; шыңырауы құрғырды қанша іздеп таба алмаспыз-ау деп күбірлегені.


Тас төбеде шаншылып тұрған қуырдақ күн табадағы майдай шыжғырылып бесін белдеуіне ойысты. Біраз жүрген соң құм адамының тірсегі майысып, тәлтірек қағып, дәрмені бітіп сүріне бергені; болмаған соң жер жағдайына кәнігі қара нардың бұйдасын мойнына асып «алдыңнан жарылқасын» деп бос жіберді, өзі қайсар түліктің соңынан ілесті. «Бір жол бар, алыс, алыс та болса жақын» деп қазекемнің жұмбаққа қосқаны тап осындай бағыты бұлдыр, күдігі мол сапар ма; түс ауа қызылдың құмы сақырлап қайнаған қазанға ұқсады; әр жерде, әр жерден жанартау атқылағандай болып құйын көтеріліп аспан мен жердің алабұртқан шекарасы қосылып біртұтас дірілдеген иір сағымға айналды.


Ажал елестеп есеңгіреп, дәрмені таусылған жолаушылар әлден уақытта еңіске құлап табанға түсіп қалт кідірді; есті түлік төрт аяғы төрт жаққа кетіп тайғанақтай тайраңдап келіп басы молақ сексеуіл түбіртегіне сүйкенді.


«Осы!», — деді Құм адамы кемсең қағып, демігіп, ентігіп тұрып. Қара нар иесінен емеурін күтпей-ақ ыңқ етіп шөкті, үстіндегі жүкті ауырсынғандай, кеңірдегінен керней шалғандай дыбыс шығарып, ұзын мойнын көлбете созады. Азынаған жат дыбыстан Өмірсеріктің арқасынан құмырсқа жүгірді. Жалма-жан білегін сыбанып жіберіп теңделген жүктің жібін шешті, жадыағашқа тізілдіріп байлап қойған керке, балға, кетпен, құралын түсірді; қияндағы жат өлкеге көмір оятын кісідей дүниенің сайманын теңдеп келген мазасыз шалдың мардымсыз ісіне іштей ренжіді. Айтып-ақ тастар еді, ажал апанындай болған мына құмның тұтқынынан босанып шығар айла-шарғы Құм адамынан шығарын біліп ішінен тынды.


«Таңдай жібітіп алайықшы», — деді Өмірсерік.


«Күн батпай Мамырай құдығын тауып алмасақ, соңымыздан келген кісі сүйегімізді саудыратып, қапқа салып жинап алады», — деді Құм адамы. Өмірсеріктің денесі түршігіп, жылдам түрегеліп олай-бұлай адымдады, күн көкжиекке еңкеймей тұрып баяғы заманнан қайтсе де бір белгіні тауып алуға жанын салды. Жол жүріп, сіңірі созылып қатты шаршаған нар жағы қарысып жайылудан қалды. Жанарында құйын кеулеген алапаттың аптабы маздады. Әрі-беріден Өмірсеріктің зығырданы қайнап қалтыранып ашуланғаны, ашуланбай қайтсін, жалыны басылған сексеуіл шоғындай алау күннің көкжиекке жылдам-ақ еңкейіп бара жатқаны анау, қара нардың бүйіріне талақша жабысқан Құм адамының малдас құрып жын соққандай тапжылмастан мықшиып отырысы мынау; құдық түгілі кісі аяғының ізі білінбейді. Әлден уақытта төзімі таусылған Өмірсерік түлен түрткен, келеге түскен жараулы бурадай бұрқ-сарқ етіп шошайып отырған шалдың қасына жетіп келді. «Ау, ақсақал!..» — деді тұтығып. Мұның шала бүлінген мінезіне, құм жұғып домбығып ісінген бет-жүзіне назар салған Құм адамы жоқ; көрінбейтін нүктеге қадалған күйі сазарып-бозарып, құбылаға қарап балбал тасқа ұқсап отырды-отырды да, езуі қиғаштанып, жанары жымсиып, басын екі иығына сіңіріп бұғына түскені, құмның қылтанақ түгін іздегені, жата қап жерді иіскегені, жынды адамша әш-пүш жоқ төрт тағандап еңбектей жөнелгені... Мына келеңсіз көрініске куә болып тұрған Өмірсерік: «Мұндай да сыры терең, мінезі бөтен тіршілік иесі болады екен-ау» деп іштей таңырқаған. Әлгі кісі әлі кетіп барады, әлі кетіп барады. Сөйтсе де Құм адамы жердің астын бетіндегі шыққан түгіне қарап айырады екен. Аралдың азынамасы соққалы бері құм бетінде қылтанақ аз, сіңірлі сексеуілдің өзі жантайып құлап жатыр, ебелек, жантақ желмен ұшып жоғалған; келімдәрі күшәләнің көгіс тартқан қос құлақ сабағы сыбызғы шалады. Құм адамы иісшіл иттей тіміскіп түбіртек маңын ұзақ шолды, ақырында дәрмені бітіп құмды құшып етпеттей жығылды.


Өмірсерік жалма-жан жанторсықты шешіп алып, адымдай басып үлкен кісінің басына келді. Иығы селкілдеп жылап жатыр ма деп ойлаған, бала өксісе бір сәрі, әйел затының жолдасы — көз жасы, ал мына тобылғының жігеріндей қатып-семіп қалған кәртамыс кісінің құм құшып қиналған кескіні адамның жүйкетамырын босатты. «Ау, көке, тұрыңыз енді!» — деп иығына қол салып солаң еткізіп аударып қалған; бағжаң еткен жанарында жасын ойнағандай әнтек ұшқынды көріп қуанып қалды, тірі екеніне куанды.


— Ал, шырағым, таптым, бетім тиген жердің құмын аударып қаза бер; көрмеймісің, осы тұстың келімдәрісі қалыңырақ шығыпты, құдай бұйыртса, сәтін салса — Мамырай құдығының үстінен түсерміз, — деп кеңкілдей күліп, еңбектей ұмтылып шетке ығысты. Белгісіз бір сұмдықты сезгендей қара нар иір мойнын иіп, жанарын бағжитып бұларға адамша қарағаны. Жақтырмай қарады. Киелі түліктің кісіге адамша бағжиып қарағаны бір пәленің басы, жаманшылық жоралғысы деп баяғының кісілері бекер айтпаған.


Өмірсерік үстіндегі киімін сыпырып тастап, ішкиімшең, алақанын құмға жанып, қолына кетпенді алды, тосын көзге оншалық біліне бермейтін келімдәрі сабағы саусақ басындай қылтиған еспе құмға кетпенін милықтатты, жылдам қимылдап бұрқылдата қазды. Шаң-тозаң жанарына, танауына тығылып, тынысын тұтып пысынатып жіберді. Шекесі шағып ауырғандай ма, өкпесіне ауа жетпей тұншығатындай ма, қаншама алқын-жұлқын қимылдағаны жадында жоқ, ошақ аумағындай жерді құмнан арылтып белуардан төмен түскенде барып жан-жағына қарады. Құм адамы қарап қалмапты, ін қазған қосаяққа ұқсап кетпендеп лақтырған құмды қайыра сусытпай, күрекпен аулаққа ырғытады. Алау нұр шоқтай қызарып көкжиекке сіңіп бара жатты, күрең шағылдың бетіне сары май жаққандай жылтырады.


«Кідіре тұршы, — деді Құм адамы, — болжауым дұрыс болса құдықтың аузына килігуіміз керек еді, ол шіркіннің жым-жылас боп қайда жоғалғаны».


Апырым-ау, десеңші, бес-алты сүйрік шөп шыққан тұсты осыншалық арам тер етіп құмын аршытты, жаңа байқады, өзге тұста да күшәлә, жантақ шөбінің сабағы қылтияды; мырың, мардымсыз тіршіліктен, қиын бейнеттен миы ашып мәңгүрт бола бастаған мына шалдан ақыл шығады, жер таниды деп дәмеленіп жүрген өзім ақымақ шығармын осы. «Құдық іздейміз» дегенге құлағы көтеріліп, ешқандай сауал қоймай, осының мәнісі қалай демей соңына ілесіп кете бергенім дұрыс болмапты. Жер жағдайын қаншалықты білетінін, құба шөлдегі Мамырай құдығынан кісі қашан су ішкенін анықтап сұрауым керек еді; қиын сапарға көз жеткізіп барып шығуым керек еді. Я болмаса, Түгіскен алқабының бергі шетіндегі шағын бөлімшеге шофер баланы түйеге мінгізіп жіберіп, орталыққа рация арқылы «осылай, ішкері құмдағы құбырдың кеңірдегі бітелді. Мұса түйеші мал-жанымен шөлде қалды, құтқарыңдар», — деп хабар жөнелткені мақұл ма еді. Мынау не енді?.. қара нардың белін талдырып жетіп, айдалада, сусыз жапанда ыңыршағы айналып, ындыны құрып, шарасы таусылып шалдығып отырғаны мынау.


Адастым ба, жаңылдым ба деп көзі кілмиіп титықтаған Мұса келесі мәурітте мұның қолынан кетпенді жұлып алып ошақ орнындай аршылған жердің терістік шетін ала, қос қадам қиыстау бұрылып белгі салды да кетпен сілтеді. Сексеуіл бұтағыңдай тарамыс қолы тегі қайратты, әп-сәтте құмшауыттың түте-түтесін шығарды. Өмірсеріктің аяғының басына жентек-жентек құм түсе бастады. Күн шіркін ұялған қыздай көкжиекке иегін сүйеп пәске кідірді де қаракөк өлкеге шым батып жоғалды, сондай жерде төбешік үстінде малдас құрып отырған түйе жанарында сағыныштың белгісіндей болып алау нұрдың жұқанасы қалды.


Құм үстінде малдас құрып отырған түйені көргеніңіз бар ма. Әбден арыған, саудыраған төрт аяғын мықшиып алдына созған қара нардың кеспірі кісі шошырлық.


— Таптым, — деді, — Құм адамының қатқыл үні. Әлгі дауыстан Өмірсеріктің денесінен ток өткендей сезілді, селк етіп орнынан ырши көтерілді. Аршылған ордың ішіне секіріп түсті. Құм адамы жыңғыл шыбығынан тоқылып кесе көлденең тасталған шыпта шетін тырмалап ашып жатыр, екеулеп ұстап көтере бергені сол, құм астының дымқылынан, ұзақ уақыттан шіріп біткен тоқыма бырт үзілді. Шыптаның қалған жағын күрегімен ысырмалады. Ілгергі құдықшалар құм көшкіні басып қалмасын деп шыңыраудың аузын әуелі сексеуіл жігерін қолдың саласындай етіп қатарластырып жауып, оның үстіне түйенің мойын терісінен илеген көнтулақты төсепті, әлгі жыңғыл шыпта ең үстіңгі қабаты; нешеме жылдар үстінен дүлей дауыл өткенде, бауыр төсеп жатқан құм жоталары жаралы жолбарыстай бірнеше дүркін Сырдарияға қарап жер бауырлап еңбектегенде, сексеуіл тоғайы жұтылып, терең сайлар көміліп, жердің беті осыншалық өзгергенде құдықтың қалыбы баяғыша сақталыпты. Шыңыраудың аузын қоқыстан арылып, ашамыз дегенше іңір қараңғысы қоюлап, көз байланды. Ніл бояулы аспан астынан жұлдыз жамырады, алыстан бұзаубастың қыстыққан шырылы шығады.


Құм адамы сексеуіл жігерін, көнтулақты тез-ақ лақтырып бүк түсіп бүкшеңдеген күйінше құдықтың мұздай леп аңқыған үңірейген аузына түсіп кетер ме еді, есі кетіп өңмеңдеуі жаман тегі; Өмірсерік шалғайынан шап беріп ұстады. Құм адамы бұған ажырайып бұрылып қарады; бет-аузына құм жабысқан, үсті-басы сабалақтанған, жейдесінің өңірі ашылған мына түрі кісі шошырлық. Қазір ғана төрт табандап қыр асып жеткен жабайыға келеді. Тіксінгендей болып кері шегінді.


Уай, пәлі-ай, түйесі құм шошағының үстіне шығып алып малдас құрған, намазға ұйыған тақуадай шоңқиған; ал, иесі еңсесін жерге салып төрт тағандап жылжығанда мысықтабан жолбарысқа ұқсаған үрейлілеу жат өлкеде жүргесін бе: бірауық ішін тартып сескенейін деді, сақтана қимылдамаса болмайтын еді.


Құм адамы әуелі қаңылтыр шелекке орталап құм салып, ұзын арқанның ұшын бауына байлап үңірейген шыңыраудың ішіне түсірді. Келесі ұшын білегіне орап бірте-бірте саумалап тереңге бойлатты. Қап-қараңғы шыңырау ішінен зәк пен сыз иісі мүңкиді. Белін бүгіп, арқанды жіберіп тартып, жіберіп тартып қос тізерлеп жүгінген кісінің қары талды ма, бірауқым тың тыңдаған адамша тапжылмастан сұлық түсіп отырып қалды, бірауқым екі иығы бүлкілдеп қауғаны тереңге сусытты. Әлден уақытта ұзын арқан таусылып, ұшына түйенің бұйдасын жалғады. Ес кетіп, жан шыққандай мезгілде шелек шіркін шыңыраудың түбіне жетті білем, бұйданың ұшы шіреп барып дір еткені.


Құм адамы өз-өзінен арқаланып қуанып кетті.


Саумалап қайта тартуды Өмірсеріктің қолына берді.


Мұнша терең шыңырауды баяғының құдықшысы ерінбей-жалықпай, көрдей қараңғыдан қорықпай қалай қазды екен деп таң қалады ғой. Беліне арқан байлап саумалап түскен сайын жылқының майын ішіп, жотасына шуда таңып әупіріммен әзірленеді екен деп еститін; шыңыраудың топырағын тері меске салып сырттағы жуас түйеге тартқызады-мыс деп әңгімелейтін. Көшпелі шағылды кезіп, шөбіне қарап жер әжімінде жасырынып тереңде жатқан су көзін табу, оны сырттағы белгілерінен аңғару — қияметтің қиыны. Осы заманғы геодезист, марк-шейдер мамандары сан қилы аспаппен адасып жүргенде сол кездегі құдықшының құдай берген құлағымен, көзімен-ақ жер қыртысын танып-білуінің өзі ғылым.


Өстіп, ойдан ой сауып, қауға шелекті бірте-бірте саумалап тартып отырып байқамапты, әлдебір дыбыс зың етті, көптен күткен ыдыстың ернеуі көрінді. Құм адамы қос қолымен шап берді, шелекті құшақтаған күйінше аулаққа әкетті. Әлден уақытта барып жүрек жара күрсініп:


— Әттең-ай, — деді, — су көзін шіріген сексеуіл, қоқырсық көме бастапты.


Шелек ішіндегі дым тарқан құмды жентектеді, аяғының басына түкірді.


— Енді неғылдық?


— Белімізге арқан байлап тереңнің ішіне түсіп көреміз. Ұзын арқан түбіне әзер жеткен шыңыраудың көрдей қараңғы ішіне түсуге кімнің жүрегі дауаламақ. Құдық қабырғасындағы аяқ салар, тізе тірер текпішегін, қазық ілмегін бес саусақтай білетін құдықшы болса бір сәрі, бұлар қайтіп тайғанақтың жолына бас тікпекші. Шіріп тұрған сексеуіл аяқ салғанда-ақ салдыр-гүлдір құрдымға құласа қайтеді?! Жар ернеудің қабырғасын сексеуіл жігерімен шегендеп, бекітіп шыққан ба, жоқ па?.. Әлде аяқ тірейтін текпішектің қай тұста, қандай айламен жасалғаны бір құдайға аян. Басын жауырынына тығып тұқшыңдап тіл-ауыздан қалған қытымыр шал ертеңгісіннен бері елден бұрын ажалына асығып жүрген кісідей еді. Жүрегі құрғыр алқымына тығылып тарсылдай түскені, бас қауашағында алақұйын қиял ұйтқып шаршатты ма, шатақ шалдың жұмсауымен жүгіріп барып төбе басында төңкеріліп малдас құрған қара нарды ылдиға қайыра қуып түсірді. Бұл жануардың кит етсе, көзді ала бере құм шошаққа шығып алатыны, қасына барған кісіге жақтырмай қарайтыны қиын енді. Құм адамы түртінектеп жүріп құдық ернеуіне дастарқан жайды, қоржын басын шешіп ішінен құрт, қойдың құйрығын, қауын қағын алды; бәкісімен піскен сүр ет турады, әлден уакытта:


— Әттең-ай! — деді.


Белінен жадыағашты босатып жатқанда есті жануар танауын шуылдатып, басын шұлғып маңқ етті; иесінің қолынан қос білем құйрық қылғыды. Сол иықтан құмның күміс айы көтерілді. Шөл ауасы сыңғырлаған құрғақ болғасын ба, шілде басының шикіл айы ерекше қасиетті ме, маңай шам қойғандай алакүлік жарыққа бөкті. Терістіктен жылымшы самал желпіді. Құм адамы осындай ақ көз бейнеттің боларын алдын ала болжады ма, «әттеген-ай» деп тағы ауыр күрсінді, ақырында жадыағашты басына жастап, күпәйкесін бетіне жауып жатып қалды. «Мұнысы несі» деп ойлады Өмірсерік: аспандағы шүпірлеген жұлдызға қарасам қиялым таусылады деді ме, әлде мына шөлде түнде шығып шағатын көк кенесі, бұзаубасы, бүйісі денесін түршіктіргені ме; неғылса да Құм адамының мінезін түсіну қиын.


Өмірсерік қоржынның ас-ауқаттан босаған басын жастап қышырлаған, сусылдаған, суыған титімдей телегейдің үстіне шалқая кетіп, күні бойғы сүркіл бейнеттен қирап қалған денесін босатып ұйқыға шомуға дәмеленді, кірпігіне шөп тірегендей тегі. Әлдебір жәндік құмды тесіп, бүйірінен түртіп шаққалы жүргендей ме, аспан астының сан миллион жұлдызы кірпік қақса-ақ моншағынан үзіліп тамып түсердей ме, үп еткен жел құйрығын теріске салса-ақ дүлей дауылға айналып азынап шығатындай ма, әудем жерде күйіс қайтарып маңқиған қара нар құлағын қайшылай бастады, қыр беткейден бауырын жерге төсеп бері жылжыған бөріні сезіп қалғандай ма; әйтеуір елсізде елегізіп, қиялына құрық жалғап көз ілдіре алсыншы. Өстіп жатып Өмірсерік өз-өзіне зығырданы қайнады. Өз заманынан тым кеш туған, я жарық дүниеге уақытысынан ерте келіп қалған сорлымын деді; құдайға шүкір, астанада бір кісідей алшаңдап жүретін табысым бар, қаламы қуатты жазушы деп мақтаған мақалалар жиі шығып тұратыны өз алдына, қос перзенті азамат боп келеді; кісікиік, жалғызілік тіршіліктен әрі шаршап, әрі жүдеп, әрі тозып бозғылданып жүргенде... енді қайтемін дегенде... жүрегі жылы, мейірбанды Аңсаны ұшыратты, шалдығып, үздігіп келе жатып кәусар көзіне кездескен жолаушыдай бас қойып сусынын қандырыпты... Аңса бұған барша тағдырын арнады ғой, өзінің бұрынғы өміріне, теке тірес тіршілігіне, қызметіне, тіпті, табыс көзі — аздаған жазуына қолын бір-ақ сілтеп, соңына ілесті емес пе; қазақшалап айтқанда екі қолын төбесіне қойып шықты дей ме, енді міне, жосыған жұрттың іздеп жүріп таба алмайтын дәмді, мәнді тіршілігіне місе тұтпай, кеудесін кемірген қанағатсыздығын, жазуға, бейнетке деген тойымсыздығын баса алмай, жынын алдырған бақсыдай, дүниеден безген дәруіштей «Экология нәубетін жазамын», «Түркістан форумын ұйымдастырамын, жұрттың көзін жеткіземін» деп жүргені осы. Зығырданы қайнайтыны — құдай сүйер қылығы жоқ, әдемі, сұлу жарын құшып, күміс күлкілі сейілін, еркелігін қызықтап салқын саяда кең тыныстап, қалың ұйықтап жан бағып жүре берудің орнына — реңі қашып, бозғылданып, қалтыранып, жүйкесі тозып «жүреқалмен» түстік түкпірдегі еліне жол алды.


Құм суырып азынаған, шөлге айналған, ауасы ауысқан даласын кезді, сексеуілінен айрылған Қызылқұмды көрді, арнасы ашылып кілдіреп үзілген ұлы өзеннің сорабын танып тақыстанды, жарық дүниеден жоғалып, жердегі теңізден аспан бояуына, шөл сағымына айналып бара жатқан Аралды айналмақшы, Жібек жолының сорабымен мың шақырым жол жүрмекші.


Аңса алғаш танысқан кезінде толысып піспей жатып киіз үйдің орнында қалып күн көрмей бозарып солған шалғын шөптей біртүрлі реңінен айрылып, бет-жүзі бозарып әбден жүдеген екен. Тынымсыз тіршіліктің күйбеңі шаршатты ма, мазасыз, мінезсіз қосақтың кейінгі кезде жүрегін тырнап, қол жұмсап қорлауы жиіледі ме, әйтеуір, желке тұс мишығы әлсін-әлі қатты шағып ауыра беретін, қан қысымын өлшеген сынап бағанының үнемі асты жүз де, үсті жүз қырық болып тұруы әдетіне айналған; бетінің, жауырын жотасының, бұлшық етінің терісі тапқа қойған тобылғыдай шикіл сары болатын. Аңса түгілі өмірде жолы болмаған, жүрісі жаман әйелдің дағы жүрегінің түбінде бұйығып жатқан, жақсылыққа ұмтылған жылы сезімі болады, оны оятарға көрікті мінез, мейірбан жүрек қажет. Университетте оқып жүрген кезінде ғой... желпініп, желігіп, қызықмас көңілмен еліріп жүріп қалалық бұзылған балаларға қосылып, «төменгі, жер едендегі өмірді зерттеймін» деп біраз бұрқырағаны есінде. Подвалға түсіп, шарап ішіп отырғанда орталарына үрпек бас, бет-ауыздарын алақ-жұлақ бояған, өмір сүру дегенді — бейпіл сөйлеп, берекесіз күн кешу деп ұғатын екі-үш қыз қосылып еді. Әпкеме жездем сай демекші, еріккен қыздарға желіккен бозбас бозбалалар қосылып дүрлігісті-ай, құдай басқа салмасын, әлгілер әрі-беріден темекі тартып, арзанқол шарапты сыңғытып ішіп әбден қызған кездерінде еркегі болсын, ұрғашысы болсын ұят сызығынан еркін аттап, ауыздарына не келсе соны былапыттап, дүниені көшіргендей кеңкелес кейіпке түсуші еді; әсіресе қыздардың ішіндегі ең кішісі — жұмыртқадан жаңа шыққан үрпек сарысы шарапқа қатты қызып құрдымға тыржалаңаш шешініп түсетін. Осындай алмағайып аласұрған кезінде мына отырған Өмірсерік өзге өкірештерге ұқсап өңмеңдемей, өзеуремей, жай ғана әлгі қыздың жылт еткен тәуір қасиетін елеусіздеу ғып тілге тиек етіп еді; әлгі қыз төбесінен тас түскендей жанарын ашып-жұмып отырды-отырды да еңіреп қоя берді. Жан жүрегімен, бар болмысымен жылады. Сонда ойлаған: қай-қай елеусіз, ескерусіз, сұрықсыз қатал әйел болмасын, ол пақырдың жүрек түкпірінде оянбай қалған, көлденең көзден жасырынып жатқан жарық сәулесі болады екен-ау; ашылмаған, басылмаған жан пернесін дөп бассаң, ол әйел сенің өмір бойы құлың болып өтуге бейіл. Әйел жүрегінің кілті -мейірбандық бәлкім. Не бір қатал, көріксіз өмірге түскен әйелдің өзі күндердің күнінде айрандай ұйыған семьяны, ұядай жылы шаңырақты, жылы жұмсақ ас пісірер асхананы, асқар таудай арқа сүйер азаматты, бауыр етіндей қылығы тәтті балпанақтай баланы аңсап түн ұйқысын төрт бөлері мәлім; күндіз жан баласын көзіне ілмей, менсінбей жүретін тәкаппар перизаттың түнемесіне көз жасынан жастығы суланып қалатыны кәміл. Әйел — әйелдігімен бақытты. Өмір бойы арқа тұтатын еркекті іздеп тапса — соған сүйеніп, серіктесіп өтуі — оның ту ғып ұстаған қасиет-қадірі екен. Табиғат шебер әйел затын сүйінісер, сүйіп өтер серік іздетіп аласұрып өтуге жазған. Шын айтса: бұл таныған Аңсасы жас кезінен, мектепте оқып жүрген күнінен-ақ мынау деген, халық алдында іркілмей шыға алатын азаматқа жар болып жүруді, оның ошағын түтетіп, артындағы «жау алмайтын, ешқандай өсек дарымайтын» мықтылы, шегініп кетер артқы шебі болуды армандағаны анық еді. Азаматқа жар болудың өзі өнер. Естелік дүниесіне шома түссе көз алдына Аңса екеуінің алғаш неке сарайына барған кезі дүркіреп өткен нөсерден соңғы қызыл-жасыл кемпірқосақ бояуындай көз алдында қалқып тұрып алар еді...


Ақпан айының отызы болатын, қыстың көзі қырау десе де көше ернеуіндегі соқталы қар ылжырап еріп, үй шатыры шайқор кісідей сүмек боп терлеп күншуаққа маңдайын төсеп мүлгір еді; көкшіл жапырағы күзгі желге ұша қоймаған қарағайлар әрәдік сықыр-сықыр теңселіп құрыстаған бойын жазар еді; неке куәлігін аламыз, некелесуге барамыз дегенді есітіп ағайын-туғаннан бір топ кісі, жазушылық ұзақ жолда мұңдас, сырлас бола білген Бақытжан досы әйелімен, қос перзенті — қолдарына гүл ұстап, тойға баратын кісідей қаздия қатып киініп бастары құрала қалыпты. Бұрын-соңды өмірінде мұндай мейманасы тасып көрмеген кезеңді басынан өткеріп көрмеген байғұс басы қатты қысылғаны; Аңсаның аңқылдаған ашық-жарқын мінезі мынау. Әзілкеш досы: «Өмекем-ай, аяғыңа мықтап тұсау түскені осы болар»,- деп бір бүйірлесе; «мұндайда Аңса қуанбағанда кім қуанады», — деп екі түйрейді. Қойшы әйтеуір, неке сарайының іші күңгірлеп, жүрегі құрғыр дүбірлеп кеткендей ме, бөлмеден өткенде байқады; алдарынан қақ жарылып ашылған емен есік бейне ертеңгі күннің нұрлы шапағындай, бақыт босағасындай, ар таразысындай, жауапкершілік жазуындай сезілгені; әйгілі Мендельсонның маршы құйқылжи жөнелді, Өмірсерік келіншектің ұлпадай үгітілген нәзік саусағын алақанына қысып алған, қызыл ала кілем үстінде жүздері бал-бұл жанып ілгері жылжыған, некеге тіркеп саусағына сақина салып, куәлік тапсыратын иықты келіншек — пәленшеке, жақсылы-жаманды жүріп өтер тіршілік сапарында қолтығыңызға кіріп келе жатқан мына келіншекке пана болып, қамқорлық жасай аласыз ба деп; алдағы тағдырыңызды сеніп тапсыра аласыз ба деп; жүйелі сөзге жүгіндіріп, сай-сүйекті сырқыратқаны. Таяғын сүйреткен Бақытжаны, осы оқиғаға куә бола Түркістаннан келген тілекші жекжаты, қызы мен баласы жылқы майын ішкізгендей жүрекке тиер жылы сөз айтып терлеткені, жігіт ағасы болып қалса да өспірімдей алып-ұшып, ыржия күліп тебіренгені... сірә есінен шықпас. Сонда түйгені; ер кісі үйленем деумен келешегі бір үйлі жанға, бір қауым елге ақылшы, қамқоршы, арқа сүйер асқар тауы болуға тәуекел етеді екен; әйел шіркін, жүрек жылуын, нәзік сезім, қамқор сөзін, ықылас-пейілін қосағының жолына арнаумен құдіретті екен. Семья құру — ойлас, мұңдас кісілердің бір-біріне сүйенісіп, серіктесіп жүруі шығар; Мендельсон маршы қыр астынан сиқыршы — шалған сыбызғы үніндей үздігіп, үндеп, қан қыздырып естімеген, көрмеген жырақтағы көгілдір өлкеге алды-артына қаратпай арбап ілестіріп бара жатқандай ғой. Ұйықтап жатқан жерінен Құм адамы шошына ояныпты, тұра сап сұмдай даусын созып мұны бас сап жұлқылапты.


— Мәлін жыласа таң жақындап қалғаны, дереу тұрып ас-ауқатымызды ішейік те, біреуіміз белге арқан байлап шыңырауға түсейік, басқа амал таппаймыз, жапан түзде қанымыз қоюлап қаталап өлгенше, көне құдықтың түбін аршып су көзін табайық. Қоржын түбін ақтармалап жатқан шал-екең қолын шолтаң еткізіп суырып: «Ас-ауқаттан мардымды ештеме қалмапты, бірер білем құйрық май мен қатқан құртпен жүрек жалғаймыз», — деп өз-өзінен түлен түрткендей маңырай күлгені; иен өлкеде егде кісіні құйын соғып, жын иектеп кеткені ме деп іштей тіксінді.


— Үңірейген көрдей апанға қалай түспекшіміз, аяғымыз тайып құрдымға құласақ сүйегіміз шашылып қалар.


— Іштегі елден аптаның аяғында болмаса жәрдем келмейді, ақсақ қойдай ылғи түстен кейін маңырап жүретін мондыбас зоотехник айдың ортасына айналып соғамын деген, қарап отырып шөл төсінде мал-жанды қырып алатын жағдайым жоқ, неде болса қатерден құтқаратын мына құдық.


— Ауасы бүлінген, қабырғасын өрген сексеуілі шіріген сұмдықтай сезілді. Күн шыққанша кідіре түрсақ.


— Ой-бо-о-о-ой, күн қызғанша, аптап басталғанша шыңырау түбінен су көзін тауып үлгермесек, барша бейнетіміз адыра қалады.


Деді де тәуекелге бекініп ұзын арқанның бір ұшын беліне байлап, келесі ұшын сонадай жерде маңқиып жатқан қара нардың жадыағашына қазықбау шалып, мақталы күпәйкесінің белін буып, білегін түрініп тереңге түсуге ыңғайланды. Қайыс белбеуіне қауға шелекті ілді, білегіне қол фонарды қыстырды, аз-кем кідіріп, жұтқыншағын бүлкілдетіп: «Әкел!» — деді. Қапелімде Өмірсерік түсінбей сасыңқырап қалғаны, мегзеп тұрғаны құтыға құйып ала шыққан жылқының күйдірілген күрең майы; ағаш қасықпен үш іліп аузына салды, бозара бастаған көк жүзіне, қаймақтай сары кілегей сәуле жұққан көкжиекке алақ-жұлақ қарады. «Бірден босатып жібермей, саумалап тұрғайсың», — деп арқанның орта шумағын Өмірсерікке ұстатты.


Сексеуілдің сіңіріндей діні қатты, тәуекелі мықты Құм адамының бірте-бірте шыңырауға кеудесі жұтылды, әуелгіде баяғы ұсталардың қалдырып кеткен текпішегіне салған аяғы тайып қосымша көр шеге қағып көп әуреленді; ақырысында тер жуған, ыстауышқа ұқсаған, тақиялы асқабақ бас көзден ғайыптанды. Қиын тіршілікке амалсыз куә болып тұрған Өмірсеріктің жүрегі суылдады. Тік құбырдың ішіне енгенде қоңызша қыбырлаған кісінің қары талса, қапы кетіп текпішекті іздеген аяғының сіңірі тартылса — жарық дүниеге қайыра тартып шығару қиын. Бойындағы ақырғы әл-дәрмен, әупіріммен жүз жылдан бері құм көшкіннің, топырақ лықсуын сіресіп ұстап тұрған сексеуіл томарын тырнақ кебесі сөгіле жаздап, қата тырмысып бірте-бірте төменге жылжыған Құм адамының ойы он тарап, өкпесі күйіп, жүрегі құрғыр бұйда кимеген боташа бұлқынып:


«Баяғы әкеңнен естіген сөзің болмаса, қолыңа кетпен, керке алып жер еңбегін тескен құдықшы емессің; аяғың тайып құрдымға құласаң қайтеді?.. Шыңырау түбінде шылауға оранып тұншығып қалсаң нетпексің?» — деп құлағына сыбырлап дегбірін таусып жанын безектете түскені. Күн сәулесі құдық түбіне түспейді, қара көлеңке белдеуге жете бере сіңірі тартылып, жотасына суық тер құйылды. Кәлимаға тілін келтірді. Жас кезінде жиһангез балықшы туралы қызық хикаяны оқыған еді, байғұс балықшы күңдердің күнінде кемесі қирап, теңізге ағып, далбасалап жүргенде аузы апан нәһан балық тірідей жұтып қоюшы еді; көз алдына өзін-өзі сол балықтың көмекейінен өтіп, асқазанына жылжып ауасы тапшы тым-тым қараңғы мекенге топ ете түскендей сезінгені. Алып балық құм адаммп шелегі, фонарымен асқазанына салып алып бұлқына жүзіп, қиянға маңып бара жатқандай. «Топ ете түсті» дегені бекер білем; кенет оң аяғы тайып, шыңырау ішіне сырғи жөнелді, беліндегі арқан лық еткізіп ұстап қалды.


— Арқанды босатпа, аяғым жерге тиген жоқ, — деп тереңнен айқайлады.


Күлімсі иіс қолқаны қабады. Біраздасын барып аяқ-қолын тырбаңдатып жүріп қабырғаны тапты-ау әйтеуір, тапқаны бар болсын, аяқ тірейтін текпішекті іздеп жан тері шықты, жып-жылмағай сексеуіл томарына саусағы ілікпей өлемін ата тырмысты. Ақырында бұдырсыз қабырғаға тас кенеше жабысты, екі бүктеліп қалтасынан сіріңке алып қол фонарын жағуға оңтайланды, сіріңкенің әлсіз сәулесі жылт жанады да, пыш етіп өше қалады. Тегі болмаған соң тәубесін айтып, аяғын санап басып, қалтырана, қары тала төменге жылыстады. Баяғы бейшара балықшыны қылғыған нәһан балықтың ыстық күлімсі өңеші одан өте тікенектей қадалған, денесін дуылдатқан жылбысқы асқазан іші осындай-ақ болар. Буылтық-буылтық былқылдаған бірдемені басқандай сезілді, тәйір-ай, ашқарақ балық өзге де мақұлықта жұтқан секілді. Тірі мақұлық ішінде пышаққа түсер шортанша бұлқынды, әлі кетіп, дәрмені бітті, ақыры өңеш түбіне жетті білем.


Қара құсынан соққы тигендей бүк түсіп тізерлеген күйі талықсып кетті.


Өмірсерік саумалап шіреп тұрған арқанның шалт босағанынан бір пәленің болғанын сезді де, жалма-жан қара нарды тұрғызып, таяқтап, тайраңдатып айдай жөнелді. Ұзын жіп дыңылдай керілді. Шыңырау түбінде мықшиып отырған Құм адамын дүлей күш жұлқа тартып белінен көтеріп әкеткені: «Әй, әй, қоя қал!» «Құдықтың түбін тексеріп, қарағаным жоқ!» — деген терең ішінен жан даусы құмыға естілді. Өмірсерік асығыс әрекет жасағанын кеш түсінді, түсінді де қызынып алған қара нардың бұйдасынан тартып әзер кідіртті. Тар өңештей шыңыраудың қабырғасына соғылып, мылжасы шығып, кісілік түрі қалмаған, даусы қарлыққан Құм адамы мына жарық дүниеге қайыра төбе көрсетті, табыттан тұрып кеткен тірі өлік секілді, тер сіңген зерлі тақиясы түсіп қалыпты. Қырылдаған үнмен:


— Әкеңнің! — деді. Әлден уақытта барып қос ернекке қолын салып кеудесін асты да аз-кем тыныс алды, құм үстіне қан түкірді.


— Қара нарды тұрғызып нең бар? Жанарын жыпылықтатып ашып-жұмып қанша уақыт құдық ернеуінде отырғаны белгісіз — тас төбеге шығып алған күн дүм-дүниені күйген терідей тырыстырыл барады, ауаның қызуы адам денесінің қызуынан асқан соң-ақ денедегі артық дымқылды қуып шығады, тұла бойдағы ылғал ұшып кеткен кезде қан қоюлай түспекші. Арғы жағы аузын ашқан ажал ғана. «Енді қайтеміз?» — деген тілсіз сауалды Құм адамы ту сыртымен-ақ сезіп-білгендей, арқасы бар адамдай жауырынын қиқаңдатып, қолын созып: « Әкел», — деді.


Өмірсерік жалма-жан құтыдағы жылқының майын ұсынды, үлкен кісі жұтқыншағы жоғарылы-төмен жүгіріп қылқылдатып кеп жұтты, біраздасын барып: «Түсемін», — деді. Өмірсерік сонадай жерде маңқиып тұрған қара нарды қаңқылдатып, бұйдасын тартып жетелеп келді. Ұзын арқанның белдеуінде, орта тұсынан білегіне орап саумалап абажадай азаматты үңірейген о дүниенің төріне тағы жөнелтуге ыңғайланды. Жазған құлға дауа жоқ, құм адамы әупіріммен індегішке жұтыла бастады.


Баяғының ұсталары жер жағдайын, табиғат тілін, құм мінезін неше атасынан тоқып алғандай шыңырау қазып шөл төсінен су көзін табуды — тіршілік тауқыметінен бөліп алып үлкен өнер сатысына көтергені ғанибет. Құм адамы құдыққа екінші мәрте түскенде жан-жағына асықпай байыздап қарап, аблыққан жүрегін басып, баяғы ұстаның саусақ табын, кейінгі ұрпақ үшін шөл ішінен көз жасындай сағынышын, зәмзәм суын қалдырған сақылығын тануға, ілкі бабаның маңдай терін табуға құлшынғаны. Мұндай да керемет болады екен-ау: құдық қабырғасын шегендеп бекітуге ылғи бойжеткеннің білегіндей шыбық сексеуіл таңдапты, кәрі сіңір сексеуіл құм қысымына шыдамай морт сынар еді; қыз білек майысқақ сырттан сыққан салмаққа нешеме жылдар төтеп беріпті, майысса да сынбапты. Құдықшы ұстаның шыңыраудың ішіне түсіп-шығуына, топырағын шығаруға, кейінгі ұрпақтың кәусар көзі бітелсе — ұлтанын тазалауға — қабырғаның өкпе тұсынан шимайлап, табан тірер текпішек қалдырыпты. Қазақы қадым ердің үзеңгісі секілді. Төмендеген сайын күн сәулесі үзіліп, қараңғы қапас түртсе көргісіз болады ғой деп қауіп ойлаған: сөйтсе қатарлап өрген сексеуіл жігерінің әр тұсына қасқыр мен қарсақтың қураған сүйегін қоса сыналапты; сүйектен әрәдік әлсіз сәуле шағылады. Тастай қараңғыда жыртқыш сүйегі фосфор сәулесін шығарарын ерте кезден-ақ білген-ау. Шыңыраудың құбыр-өңеші түбіне тақаған сайын жіңішкере түсті, шағылға шағылысқан екінді шақтың жарығы құбыр-өңешке молынан құйылды. Задында ілгергі ұсталар шыңырау ішіне көбіне күн төбеден ауған кезде түсіп-шығатын шығар, әйтеуір көзі үйренді ме, күн сәулесінің терең түскені септесті ме, үзеңгі тепкішекке аяғын тықпай тіреп, бірте-бірте төменге жылыстады. Табаны тиген тұстан жентектелген саз балшық, морт сынған сексеуіл жарпасы түседі, күлімсі қапырық иіске танауы үйренді.


Әл-дәрмені бітіп, тұла бойын мұздай тер жауып, жон арқасына мұз басқандай сірескені, өлдім-талдым құдықтың түбіне аяғы тигенде қалшылдап жаурағаны. Қоймалжың ба, дөңкиген томар ма, құлаған құмның жотасы ма, тайғанақ қағып аяғын баса алсыншы, бейне дөңкиіп жатқан жұмыр жон итбалықтың үстімен жүргендей сүріншектеді. Қауға шелегінің қайда қалғанын ұмытып қараңғыда қармана іздеді, сөйтсе белбеуіне байлаған күйінше бөксе тұсында салақтап жүр. Беліне қыстырған қол күрегін алып итбалық жонындай былқылдаған құдық ернеуіне басып-басып жіберді, жылымшылап, тамшылап су шыққан секілденді. Қуанған кісі тек тұрмастың керімен жынды адамша кеңкілдей күліп әлгі қоймалжың жылғаға қауғасын тосты. Ернеулеп толған мезетін күтті. Құрыстап қалған денесін әзер қозғап беліндегі арқанды шешті де, қауға шелекті қазықбау шалып байлады, бар дауысымен айқайын салды.


— Тарт! Сырттағы Өмірсерік қауға шелекті қолдап-ақ тартудың орнына жаңылысып, жаза басып тағы да манағыдай қара нарды тұрғызып айдай жөнелген болу керек; шағын ыдыс шәңбірек қағып, сарт атылып әуелей маңып жөнелді. Құм адамы өз-өзінен «әттең-ай»-деді.


Қауға шелек жарға соғылып, салдыр-гүлдірлеп қайыра түскенде Құм адамының көңіл түкпірін айтып болмас жабайы мұң кернеді, жылымшылап шыққан су көзі былайғы қоймалжың лайға араласып жуық арада тазара қоймады, оның үстіне тер қатқан тұла бойының сіреспесі сықитып ұстады. Төртінші шелекті әзер деп жоғары жөнелткен кезде қол-аяғы құрсаулап ұстап, икемге келмей, бейне мешел адамға ұқсап мелшиіп тынғаны.


Саусағы жансызданбай тұрған кезде арқан ұшын жалма-жан беліне байлап үлгермесе жарық дүниеге қайта шығудың өзі мұң. Шыңырау ішінің салқыны сұмдық. Енді пәске кідірсе осылайша мықшиған мешелге айналып құдық түбінде қалып қою қаупі бар.


Қайыра оралған қауға шелектің шиеленіп қалған арқанын әрі-бері әурелеп шеше алсыншы қанекей, тіске де басты, бармақ көбесінен қан ақты, өз-өзінен ызасы келіп кемсеңдеп кеп үнсіз жылады. Әрі-беріден мойнына мінген ащы өмірдің удай өксігі кеудесін қыжылдатты; осыншалық көрге түскендей көр бейнетке қалып, жігері құм болып, бір пұшпағынан тартсаң бір пұшпағы үзіліп зар қақтырған бейопа тіршілігіне түңіліп енді ғой анау жарық дүниеге ұмтылып шықпай-ақ осынау қапас қараңғы түкпірде көсіліп жата кетіп жан тәсілім еткісі келді. Жантайып жатып жан тапсыруға бейілденді. Әлсіз ғана күбірлеп, кемсеңдеп: «Мына тағдырдың маған міндетсінгені шырқыраған шыбын жаны ма?» — деді.


— Міндетсінгенін — алсын. Сөйтті де сұрапыл соғысқа кірген кезін, оқ тиіп қансырап, қыршынынан қиылып өлгендерді көріп шошынған кейпін елестетті, майданнан аман оралғасын да тіршіліктің майлы жілігі тимей, содыр шоқпар көтерсе сорлыға тиеді дегендей, ең қиын бейнеттің басына итермеледі, баз бірде ауылдың бейбақ балалары: «Мына шал соғыста өліп қалатын жөні бар ғой, сүйретіліп кәрі сіңірін созып неге қайтып оралды екен», — деп ренжитінді шығарды, шықпаған жаны садаға, сол күшіктердің немкетті сөзі, кілмиген немқұрайды көзі-ақ тірідей өлтіріп, жігерін құм қылғаны анық-ты; тұқымы тұздай құруға айналған түйе бақты, «егінді таптап құртасыз, құм ішіне қараңызды батырыңыз»,- деді; «көккенеге шаққызып ботаны көп өлтірдіңіз, сол жәндіктер сізді неге шақпайды екен?» — деушілер болды... бітті... бәрін де көтерді... енді көтерем көнтулағын арқалап көзге біткен сүйелдей сүйретіле беруге шамасы жоқ.


Шыңырау түбінде, саз балшық үстінде қиналмастан-ақ, қоштаспастан-ақ жан тапсыруға бейіл. Кірпігі айқасып, оң жамбасына қисая құлап бара жатыр екен дейді; тым әріден, тас төбесінен баяғы көзіне ыстық бозбаланың әдемі сұлбасы елбіреп, желбіреп жақындап келгені... жыға таныды... қанды көйлек майдандасы, құрдасы Абдолланың рухы, тым қатулы: — Тұр! — деді.


Жекіген суық сөзден Құм адамы бойын тез-ақ жинап ширықты, басын көтеріп, шиелеп қалған арқан ұшын әзер шешіп, беліне орап байлады. Сосынғысы есінде жоқ, әлгі Абдолланың төбесіне төніп келген түсі суық сұлба рухы мұны қолтығынан демеп-жебеп отыз құлаштық шыңыраудың ішінен меске ұқсатып алып шығыпты. Құм адамы біраздан соң ықылық атып есін жинап көзін ашқанда төбесіне төнген кісінің ішінен иен өлкеге вертолетпен ұшып жеткен зоотехник Біләлді әзер-мәзер шырамытты, ауылдастары қаумалап, шуласып жүріп аяқ-қолы серейіп сал болып қалған Мұсаны вертолетке салып аудандағы ауруханаға женелтті. Өмірсерік құм қойнауындағы қонысқа, түйелі ауылға оралсымен алдынан дедектеп, қарсы ұрып сыңсып жылап Аңсасы шықты, келе мойнына оратылды, сағынып қалған екен, көпке дейін босатпай тұрып алды. Келіншектің жас толы көз шарасынан батып бара жатқан қызыл күннің қанық бояуын көрді, жүрек басы шым етті; құм кітабының сарғайған беті осымен тәмам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу