14.08.2021
  200


Автор: Дүкенбай Досжан

Құланшыда қалған із

1


Сегіз жасар Дүйсенбі — Құланшыны, бұлақты, жұмсақ мысықты, сосын сағымды сағынатын шығармын деп ойлаған.


Құланшы — қара шатқалды жарып ағатын көгілдір өзен, қысаңнан шығар қойнауында үлкен дөңгелек саз, саздың ортасында жапырағын шулатып Әулие ағаш тұрады. Ағаш тамырының астынан жүлгелеп бұлақ ағатын. Жылқы қамайтын кең дуал қора, қора төрінде төртбақ қоржын там. Жылқышының үйі жалғыздыққа үйренген. Етекте басын тасқа ұрып сарқырап жатқан тау суы, әрәдік төбеден шақпақ шағып өтетін бұлт, бұтағын шайқаған Әулие ағаштан өзгесі тым-тырыс-ау, тым-тырыс. Әсіресе, Дүйсенбіге қиын. Үй іргесіндегі күншуақта отырып қалғып-мүлгитін, жұмсақ мысықпен ойнай-ойнай жалығатын.


Нан, бәтеңке бар. Жетпейтін — адам мен сөз.


Құрығы шошаңдап үй көрмейтін көкесі сөзді қайтсін? Үй тірлігінен артылмайтын апасы қайтсін? Сосын өз-өзінен күбірлеп сенделіп кетеді. Әулие ағаштың түбіне барып құмырсқа санайды, өзеннің сылдырын тыңдайды. Ыңылдап ән айтады. Бөгде біреу естісе өзеннің сарыны, ағаштың шуылы дер еді; Дүйсенбінің әні сол.


Үйге кірсе ғой кеудесінен келетін терезе алдына тұрып алып сыртқа телміретін. «Жарықты бермейсің», — деп апасы жекиді. Терең көкжиек пен биік белдерге үңіле-үңіле жанары талады. Ұшқан құс көкесінің қалпағы боп қалбақтайды. Жыртық бұлт жөңкіген жылқылар болып елестейді. Құйрық-жалы ұйысып көшіп жатыр, кетіп жатыр.


Түн баласына желдің уілі, Әулие ағаштың шуылы күшейген. Жылы көрпенің құшағына енген. Ұйқы ұйығына шым-шымдап батып бара жатыр екен дейді. Ауызғы үйде әлдене салдырады. Көзін ашып алды. Әлдекім қараңғыда жүрген секілді.


— Апа! — Апасы ояу екен.


— Сыртқы есікті іліп пе едің?


— Ілгенмін.


— Ауызғы үйді аралап жүрген кім?!


— Қорықпа, құлыным. Ол ескі қыстаудың иесі — үй иесі.


Апасы түсіндіреді: ескі үйдің иесі болады дейді. «Үй иесі» күндіз көрінбейді, түнде ғана келеді. Қазан-аяқты аралап тамақ іздейді. Адамға тимейді. Қайта отбасының амандығын тілейді. Бәле-жаладан сақтандырып жүреді.


Дүйсенбінің енді есіне түсті, апасы артылған тамақты ылғи таза ыдысқа құйып қоятын. Әлдекімге арнап сақтап жүретін.


— Апа, үй иесіне тамақ қалдырмай қойсақ ашулана ма?


— Ашуланбайды, өкпелейді. Өкпелесе келмей қояды. Сосын жақсы тілек тілейтін ешкім болмайды, құлыным.


Үй иесі Дүйсенбінің көзіне не қилы құбыжық болып елестейтін. Мүсәпір, қайыршы құбыжық ше?!


Ертесіне құрығы шошаңдап көкесі келген. «Қарагердің үйірі ылдиға құлады», — дейді. «Қарагер айғыр саяқтарды үйірден қуып шығарып жіберіпті». «Саяқтарды іздеймін деп бармаған жерім, баспаған тауым қалған жоқ». Дүйсенбіге тоқпан жіліктің майын шағып берді. Қолдан шапқан жиде домбырасын алып шертті. Үй ішіне сөз кірді. Пеш қызуына балқып қалғып кеткен екен дейді.


Ауыз үй және салдырады. Тастай қараңғы. Біліп жатыр. Үй иесіне жіліктің майын қалдырмаппын деп өкінген. Өкпелеп кететін болды деп уайым жеген. Көкесі апыл-ғұпыл тұра сап шам жақты. Көйлек-дамбалшаң арбаңдап ауызғы үйге жүгірді. Сұмдық соғыс басталар деп ойлаған. Шындығында, ожау түсті, зерен құлады. Таза тостаққа құйып қойған нарын төгілді білем. Мияулаған ащы дыбыс шықты. Көкесі әлденені бажылдатып сыртқа атты. Есікті тарс жапты. Тырс етіп дыбыс шығаруға қорқып Дүйсенбі жатыр.


Үй иесі деп жүргені — өзінің жұмсақ мысығы екен, ертесіне білді. Жүні үрпиіп, жанары жыпылықтап қатты жаурап қалыпты.


Көкесі тәртіп бұзғанды аямайтын. Әсіресе, қашаған құлынды қуса, табаққа тиген мысықты көрсе — жыны қозады. Түнгі оқиғаны ұмытпапты. Таң әлетінен тұрып етігін киді, атын ерттеді. Жұмсақ мысықты жылатып ұстап дорбаға салды, дорбаның аузын тас қып байлады. Ерінің басына ілді. «Шу!» деп атына мініп қыр асып жөнелген. Жер басындағы жалғыз үй құлазып қалды содан.


Апасы берген нанды жемеді, қымызды ішпеді. Үй іргесіндегі күншуақта күні бойы мүлгіді.


Ертесіне барып өзен суының сарынын тыңдап қайтқан. Әулие ағаштың бұтағына өрмелеймін деп көйлегін айырып алған. Үй іргесіндегі шуаққа кеп маңдайын төседі. Басы кеудесіне домалаңдай бастаған. Әлдене мияулаған секілді.


Қарайды, қақпа алдында дірдектеп жұмсақ мысығы тұр. Қарны қабырғасына жабысып, жүні жатып қалыпты. Табаны тілім-тілім. Таудың арғы жағынан үйді тауып келгені таңғаларлық. Өзен суынан қалай өткені беймәлім. Ертесіне құрығы шошаңдап көкесі келген. «Мынау мақұлық емес, шайтан алғыр, шайтан шығар», — деген. Апасы: «Бір ашуыңды қи, балаға серік боп жүре берсін», — деді... Енді ғой сол жұмсақ мысықты екі тау арасына қиып тастап жүре беруге қиналып отыр.


2


Көкесі сырттан кепкен ағаш ұстап кірген. Үй төрінде отырған мектеп директоры Тойлыбай орнынан жеңіл көтеріліп, қол беріп сәлемдесті. Кішік көңілмен мал-жанның амандығын сұрады.


— Әулие ағаш қартайыпты, мына бір бұтағы ұшар басынан сынып түсіпті,— дейді. — Енді ат байлайтын қазық жасаймын. Дүйсенбі, шаппа шот пен жаңғырықты әкелші.


Дүйсенбі сұраған затын зәуметте тауып әкелді. Тойлыбай құс көпшікке қылжия құлаған.


— Жаңа оқу жылы басталғалы жатыр. Анадағы уәдемен Дүйсенбіні интернатқа алып кетуге келдім, Досеке.


— Бала жас қой әлі, бір жыл мәулет беріңдер, айналайындар.


— Болмайды, біздің де үстімізден қарайтын өкімет бар.


Көкесі шаппа шотты сілтеп жатып ойлаған: құдды желім деп. Қыстағы соғымның жарты етін алғалы ет бауыры езіліп шыға келді. Ауыз ашса — Дүйсенбіні оқытамын, ауыз ашса — қымыз бен ет. Отыздың жуан ортасында ликбезді бітіріп жұрт қатарлы біз де ат мініп жүрміз; фашистпен атыс деді — атыстық, жылқыны көбейт деді — көбейттік. Үкіметтің айтқанын жерге тастаған жоқпыз әйтеуір. Тап осылар қарғадай баланы оқымысты етпейді, көр де тұр, миын су қып жібереді.


Тойлыбай ойлаған: өмір ағымынан қалыс жүрген дүмшелерден қалдық бәлеге деп. Жаңадан шаңырақ көтерген интернатқа бала толмай жатқаны анау; «жас, жас» деп қисығына қыңырайған әке мынау. Ертеңді күні ОНО-дағылар жасы жеткен баланы оқуға неге тартпағансың десе, бүгінгі ұрпақтың келешегін ұмытқансың десе — не деп ақталмақшы?


Қыртыстанып, кіржиіп отырып қойнына қолын жүгіртті. Саусағымен санап бір топ қызыл ала қағаз суырып алды. Жайымен жылқышының жанына қойды.


— Ойбай, мұның не? — Көкесі қасақана білмегенсіді.


— Қыстағы жеген соғымның теңгесі.


— Қалтаңды бекер қағасың. Тау арасында жүрген адамға ақшаның керегі қанша?! Ағайын арасында ауыс-түйіс болмай тұрмайды.


Көкесі ақшаны көргенде қуанғанын сездіріп қойды.


— Адал ақшамызға жас ет тауып жей алмаймыз. Керегінде қол ұшын бергеніңізге ризамын.


Ақшаны ұялғанның күнінен беріп отырғанын байқатты.


Көкесі ақшаны алып, елемегенсіп, қалтасына сүңгіте салды. Шаппа шотты қадап сілтеп қазық ұштауға кірісті. Бұл мезетте сырттан ағаш тегенеге қымыз құйып апасы кірген. Дастархан жиегінде отырып ожауын созып қымыз сапырды. Сусынның беті шытырлап көбік сындырды. Биенің сүті сапырумен піседі, көбігі сынса жуасығаны дейтін.


Тойлыбай сырлы зеренмен жуас қымызды сімірді кеп, сімірді кеп. Маңдайынан тер тамшысы жылтырап кекірік атты. Жанарының нұры жанды.


— Бұл бала өзгеше болды әйтеуір, — дейді апасы уайым аралас үнмен. — Көзіңнен таса қылма, қайным. Өзге малшы-құсшының тентектері су жағалап, тау-тас кезіп жүргенде мұның мөлиіп отырысы мынау. Алдына қоймасаң өздігінен ас та ішпейді. Тілі де кеш шықты. Мына бақырауық шалға талай айттым: атыңды ертте деп, Дүйсенбіні мінгестір, ауданға тарт, дәу доқтырға көрсет деп. Қатынның сөзін құлағының сыртымен тыңдап үйренген.


Көкесінің көзі аларып есік жаққа шырт түкірді. «Көп сөзді қойып тамағыңды болдыр» дейді. «Үш жасында ұмытып, айдалаға тастап кетсең сенің де тілің кеш шығар» дейді.


Үлкендердің сөзінен есінде. Дүйсенбінің үш жасында құла түзде ұмытылып қалғаны рас. Көкесі ғой көші-қон десе желпілдеп кетеді екен. Ат жалына оратылып өскен соныға жылқы жаюға асыға ма, әлде зеңгір аспан, тұнық суға мас бола ма — кім білген?! Сол жолы да киіз үйдің қаңқасын түйеге теңдеп бере салып атына мініпті. «Ендігі шаруаны өздерің тындырыңдар», — деп тақымы дымданып шоқытып қыр асып жоғалыпты. Көштің қалған бейнетін көретін апасы, сосын қартайған ұмытшақ әжесі. Сондайда белін орамалмен буып, білегін түріп, жіті қимылдап жүк артқан апасы есінде қалыпты.


Жүк тиелер, көш тізілер. Бірі бас түйені жетелеп, бірі биіктегі қом ішінде қалғып-мүлгіп жөнелер. Баланы алды ғой деп бір-біріне сенер. Көп ырғалып қоналқыға жетер. Жүкті шешіп, уықты шаншиды. Қазанды түсіріп, қол шаяды. Сонда барып «Бала қайда?.. Бала қайда?..» болады. Жар жиегінен домалап кетті ме деп үңіледі, бұйра шалғынның арасында ұйықтап қалды ма деп іздейді — табылмайды. Түнімен дүрлігіп шығады. Ертесіне көкесі атын қан сорпа ғып баяғы жұртқа қайыра келер. Сөйтсе Дүйсенбі қаннен-қаперсіз жабайы жуаны үзіп жеп жүр дейді.


Баланың таңдайын басып, үйіне алып келіпті.


3


Кәрісін бұтағы сынып түскен зәулім дарақ бір күндері құласа Құланшыны не қарауылдайды? Құстар қай биікке ұя салар, тынымсыз құмырсқалар қайда өрмелер? Терезеден қарап тұрып Дүйсенбі Әулие ағашқа жаны ашыды.


— Осы сен қазаныңа тас салып қайнатып жатырмысың? — дейді көкесі кейіп. — Әлгінің қарынын бүрін жалап кетті ғой.


Етегіне толып қалған ағаш жаңқасынан сілкіп төгеді. Тойлыбай директордың уайымы бөтен.


— Адал ақшамызға жас ет тауып жей алмаймыз, — дейді.


Апасы сыпыра жиегінде етке нан жаюға кіріскен.


— Қайным, білмейсің ғой, — дейді. — Мына ағаң төрт жыл соғыста шоқайы сартылдап жүріп алақандай алтын сағат олжа әкелген. Осы бала құртты соны сорлатып.


Көкесінің төрт жыл бойы жаумен атысып жүріп алтын сағат әкелгені рас. Шығыршық бауы салақұлаш, жиегі сап-сары, сыртылдап кеп соғатын. Көкесі ауданға барса шынжырын төгілдіріп төс қалтасына салып алатын. Жылқыға шықса керегенің басына іліп кетеді. Көңілдің ынтығы, көздің құрты тегі. Сағат тақсам бойым тез өсер, ақылым көбейер деп ойлаған Дүйсенбі.


Желіде қасқа құлын буынған күні ше?


Көкесі құлынды босатуға жүгірген. Апасы бие сауып жүрген. Тәуекел деп керегенің басына өрмеледі. Жеңін жыртты, қарнын тырнатты. Алтын сағатты алып түсті ақыры. Мойнына асты. Демде өзгеріп кеткен шығармын деп ойлаған.


Үй сыртында асты ұйық, беті тұнық суат болатын. Айнасы сол. Бара қос тізерлеп үңілген. Айдын бетіне ақшыл сәуле жүгірді. Жүзіне нұр шағылды. Кенет алтын сағат мойнынан сыпырылып суға шолп етті. Ұйыққа шым батты. Зәресі ұшты. Балағын түріп суатқа қойып кетті, әрі жүгірді, бері жүгірді. Суат түбінен қара лай көтерілді. Ентігіп көкесі жеткен. Қолын салып іздеп-іздеп таба алмады. Бар айтқаны: «Тұнық жатқан суды бекер лайладың», — деді. Сол күні апасы екеуін құр қымызбен жатқызған.


Әлгі жер әлі күнге Алтын суат аталады.


— Атасының көрі, фашистен олжа табамын деп жүрген мен де ақымақпын, — дейді көкесі қазықты ұштап жатып кеңкілдеп.


— Неге?! Табаны қалың трофей бәтеңке киіп келгендердің талайын көргем, — дейді Тойлыбай жеңістік бермей.


4


Табақтағы жас еттің исі танау қытықтады. Көкесі мүйіз сапты кездігімен қазы турады. Тойлыбай тоқпан жілікті жұдырығымен ұрып сындырамын деп құлаштады-ай кеп. Қолын ауыртып алды. Болмаған соң майлы кемікке азу басты.


— Ылдидағы ыздима қызметкерлер шетінен тауық пен қоян асырап жатыр деп естігем.


Тойлыбай өз-өзінен иығы селкілдеп күлген. Әуелде жылап отыр ма деп қалды.


— Тауық пен қоян, — дейді кеңкілдеп. — Еһе-еһе, еһе-еһе! Бір жаз қоян асыраймын деп үйімді құлатып ала жаздадым. Ол шіркіндер ашықса болды жердің астын кеулеп кетеді екен. Отыз қоянның біреуін ғана тісімізге бастық. Өңгесі бет-бетімен қашып кетті. Тауықты да ұстадық. Есік алдындағы көгеріп тұрған жоңышқаны жеп бітірді, жем де шақ келмеді. Бар рахатын көршінің ұры иті көрді.


Апасы үйеме табақ еттің үстіне көк жуа тураған тұздық құйды. Дүйсенбінің өзен бойынан теріп келген көк жуасы.


— Қайным, бұл бала кішкентай күнінде сағымды қолымен ұстаймын деп қаңғып кеткен.


— Түсінсем бұйырмасын.


— Шілдеде сағым шықпаушы ма еді, соны қолмен ұстап көремін депті бұл ақымақ.


...Апасы мен көкесі бұл ұйықтап жатқанда көрші қонған қойшының ерулігіне кетіп қалыпты.


Киіз үй. Түрулі есіктен үп етіп леп соқпайды. Шілденің күні жанып тұрған. Ыстық қазаннан шоршыған бауырсақ секілді әлсін-әлі аузын ашқан торғайлар есіктен ұшып кіреді. Дүйсенбі басын көтерді, тұрып, табалдырық түбіне келді. Ой-хой-ой!.. дала мұншама кең болады деп ойламаған. Дүние есік пен төрдей деп жүрген.


Алыста судың толқыны, не түйенің өркеші секілді сұлу ирек сылаңдайды. Сырғып өтіп жатыр, өтіп жатыр. Әуелде апасының ақшыл жаулығы ма, көлеңдеген етегі ме деп ойлаған. Қолымен ұстап көргісі келген тұғын.


Табалдырықтан аттап тысқа шықты. Шекесін күн қыздырды. Жалаң аяғына жусан батты, сосын шөңге. Әсем толқын қол созымға келтірмей сырғып қаша түседі. Қол бұлғап шақырады. Бұл томпаңдап ілесе береді. Сұлулыққа қызығады. Аңқасы кеуіп әбден шөлдеген. Талай сүрініп алақанын тіреп қайыра түрегелген. Тізесі дірілдеп дәрмені біткен. Көкжиекке телміріп жылап жіберген.


Көкесі түс ауа жусан арасында танауы тершіп ұйықтап жатқан жерінен тауып алыпты. Дүйсенбі кейінше білді — адам баласына жеткізбейтін арман деген болады екен, сол арман мен сұлу сағым егіз секілді.


— Жолдастарым мазақ қылып күледі. Әйтпесе бір жаз шошқа асырасам ба деп ойлаймын, — дейді Тойлыбай. — Қоян мен тауықтан бүйіріміз шығатын емес. Мегежін ластау хайуан, бірақ ақшаның көзі. Бір туғанда оннан асыра торай береді. Күзде семіртіп, үйітіп сатса ғой, ақша пішен боп үйіледі. Баяғы ата-бабаларымыздың екі жылда бір боталайтын түйе асырап, сіңірі шиқылдап кедей болып өткенін осы күні түсіндім.


Көкесі кездігін алақанына жанып табақтан шегініп кетті. Қабағы қыртыстанып қонағына жаратпай қарайды. Сырттан қатты жел шайқаған Әулие ағаштың гуілі естіледі. Тойлыбай өзінің аңқылдап отырып аңғал сөйлегенін жаңа сезген. Сонысын жуып-шайғысы келді білем. Шекесіне көлденең түскен сұйық шашын білегінің сыртымен жоғары ысырды.


— Дүйсенбі жөнінен қам жемеңіз. Жаңа интернатқа жатады, астында ақ жайма, аузында ақ бөлішке болады. Қысқа қарай күн суып кетсе, біздің үйге жатып оқыр. Келініңіз балажан.


Жылқышы Доскей ойлаған: осы күнгінің зымыстаны сен боларсың деп. Жыланды да жекжат қыларсың бұл түріңмен. Ылдидағы мектепке директор болып келгеніңе екі-ақ жыл: сегізді он жылдық еттің, малшылардың балаларына интернат көтердің, жұрттың аузында «Тойлеке!.. Тойлеке!..» Екі сөзіңнің бірі «Малшының баласы... Малшының қамы». Дүйсенбіге мұғалімді жұмсай салуға құдіретің жетпей қалған жоқ. Түп ойың — әріден тұзақ тастау, жылқышының қамқоршысы болып көріну, көкешім.


Тойлыбай ойлаған: бұрын фашистпен шайқасқан, орден алған абыройлы жылқышы бар, бірақ мінезі мінез емес дегенге сенбеуші едім. Енді көзім жетіп отыр. Ау, бүгінде дүниенің бет-жүзіне қарамайтын, алған мырза емес, берген мырза деп шашып жүретін малшы озған жоқ па?! Жиырмасыншы ғасырдың көзі тірі Шығайбайы ғой бұл. Орденге ұсынарда басшылар оңбай жаңылысқан.


Сырттан Әулие ағаштың ұлардай азынап шулаған дыбысы естілді: Дүйсенбі дастарханнан шегініп кетті. Қолын майлық орамалға сүртті. Сыртқа шыққан. Есік алдында директордың үш аяқты су жаңа тырылдағы тұрған. Айналып қызықпады. Ағашты аяды.


Зәулім дарақ туған топырақты, тіршілікті қимай зор денесімен теңселіп тұр екен. Тарамыс тамыры қара жерді қатып ұстаған. Ағашты ертеде Дүйсенбінің бабасы тігіпті, содан бері Құланшы бойында жаманшылық, жұт болған емес деседі кәриялар.


Бұлақ басына келген. Жиегінің шөбі жатып сарғая бастапты. Көдеге құйрық басты. Бұрқылдап қайнап шығып жатқан кәусарға саусағын малған. Мөп-мөлдір, мұздай. Су бетінде шеңбер сызып сақина жүзді. Жиектегі жалбыз тербелді.


Бұлақсыз күні өтпейтін.


Әлденеге ренжісе, не жәбір көрсе салып жетіп осында келетін. Суынан уыстап сіміреді. Басында ойнайды. Бара-бара суға төнсе-ақ, ойын бөлсе-ақ сергіп жүре беретін болды. Тамыр-тамырына шымырлап күш құйылатын. Ішінен тұнатын.


Ана жылы апасына ілесіп, тау асып, нағашысына қыдырып барған. Нағашысы ат дүбірін естісе ас батпайтын шабандоз екен. Күніге құйын қуып көкпар шабады. Күніге ер-тұрманын оңдайды. Үйге қайрылу жоқ. Қонақ күтетін де, шыңыраудан су тартатын да, мал жайғайтын да — нағашы апасы. Кей-кейде шөлдеп бүйірін соққан киіктің лағы үй жанына дейін келетін. Сонда жүріп шөлдегені есінен кетпейді.


Ойлайды: директорға ілесіп ылдиға жөнер, мектепке барар, сонда бұлағын кімге қалдырмақшы?.. Сусынын қайтіп қандырмақшы?.. Ең қиыны сол болар!..


5


Етпеттей жатып бұлақтың тіс сындырған суынан сімірді кеп, сімірді кеп. Ту сыртынан дауыс шықты. Еңсесін жазып басын көтерді. Үй алдында көкесі қол бұлғап шақырып тұр екен. Жайлап тұрып, көлеңкесін қиғаш басып, жанына келген.


— Ағайың ылдиға алып кетеді, — дейді. — Үстіңдегіні сыпыр да таза көйлек-дамбалыңды ки, қымызға қанып іш.


Тойлыбай ағасы басынан сипады.


— Шашы өсіп кетіпті, оқасы жоқ, шаштаразға соғып сыпыртып тастаймын.


— Ұстарамен қырсын, — дейді көкесі. — Иіс су сеппесін. Жүрегім көтеріледі.


Мотоциклдің доңғалағын теуіп көріп жатқан Тойлыбай таңданады.


— Иіс суды балаңызға себеді ғой.


— О не, мен не — тартып туған соң!


Дүйсенбі үйге кірді. Ішкі бөлме астан-кестең. Апасы көрпелерді құлатып, әбдірені ашып шала бүлініп жатыр. Су жаңа бәтеңке шығарды, ши барқыт шалбар алды. Бәтеңке кең болып тұмсығына қағаз тығып киді. Көктемде көшкенде құлақшыны жұртта қалған. Көкесі ауданға барғанда киетін ала кепкасын берді. Лық етіп көзіне түсті. Газетті шеңберлеп бүктеп ішкі кемеріне салған, енді екі ұрты едірейіп шыққаны. Апасы әлмә-әл жаулығының ұшымен жанарын сүртеді. Шалбары ұзындау болып, балағын ішіне қайырып тігіп жатқан. Көкесі кішкентай Дүйсенбінің сықпытына қарап отырды-отырды да орнынан тұрып, қамшымен қонышын сабалады.


— Мұндай тіршіліктің ішін ұрайын!.. Он жыл құйымшағым тесіліп, тепектегенім жетер, жылқыны өткіземін, ылдиға көшемін. Екі қолға бір жұмыс табылар. Дүйсенбіні оқытамын. Мен де қисайтып шәпке киіп, қыдиып көшеде жүремін!


— Сіздей сері ылдидағы бұлт секілді маса мен кілкіген шаңға шыдамайды, — деп Тойлыбай жүгінеді. — Айтпады демеңіз, өкінесіз, макарон қуырып жеп, жылы квас ішесіз. Бұл күніңізге зар боласыз!


— Мынау не енді?.. Осы да өмір ме?.. Газеттің бәрі былтырғы. Радио сөйлемейді. Кейде нөсердің гүрілін машинаға жорып елегзиміз кеп.


Тойлыбай ойлаған: бұл жылқышының бір шаригін соғыста неміс атып түсірген деп. Әйтпесе биік астауынан, қымыз бен қартадан жеріп; қағаз деп, көше деп мөңірер ме?! Қыранды жерге, құмайды көкке телміртіп ынтық қылған қым-қиғаш тағдыр тәлкегі осы. Ылдидағы май топырақтың арасында міндет, жауапкершілік болмаса бір күн тұрмас едім. Жанға жайлы жұмыс пен саялы жер іздеп қарамды батырармын.


Көкесі ойлаған: ылдиды сығалап жүрген бірер қу деп. Сол танысым секілді кеңседе қалғып-мүлгіп отыруды мен де білемін. Сосын шәниіп жатып телевизор көреді, шахмат ойнайды, кроссворд шешеді. Уақытты қалай өлтіруді білмей мына біздер төрт қабырғаға сыймаймыз, желдің уілін, ағаштың шуылын тыңдаймыз. Тегі болмаған соң атқа мініп ойға-қырға лоқылдата жортақтаймыз. Екі тау арасында қымыз ашытып, қазы айналдырып жүре берсін дейді бұлар.


— Кей түндері ойдан ой қуып көз ілмей шығамыз, — дейді жылқышы.


— Әсіресе, үлкен көшенің бойы жаман. Күндіз-түні ағылған машина миымызды шағып бітеді. Басымыз жастыққа тисе-ақ қор ете қаламыз, — дейді директор.


— Әкесінің көрі, осы да тұрмыс па?! Төрт жүкаяқ, қос кебеже, екі сандық, қосауыз мылтық. Бұл үйдің барша мүлкін базарға шығарса мың сомға жетпейді, — дейді жылқышы көкесі.


«Екі мыңға араб төсегін аламыз деп қатын құлағымды жеп жүрген» деп ішінен іриді Тойлыбай. «Алдыңғы жылғы демалыс ақшама фортепиано түсірдік, балалардың бәрі қазір айналып қашады, босқа орын алып тұр әншейін. Былтыр ғана қонақ бөлмені сықап ағашқа толтырдық. Ас үйде айналатын жер қалмады. Мотоциклге мініп бастың ауған жағына қаңғып кетсем деймін кейде. Жетпейді-ау ақша, жетпейді...»


«Келер күзден қалмаймын», — деп бекінді Дүйсенбінің көкесі. «Жылқысын өткіземін, ылдиға көшемін. Текемет пен алашаны өртеймін. Сақыр-сұқыр еткен ағаштың не келістісін көкең жисын, кроссвордты көкең шешсін. Мектептің қарауылы болсам да қатарымнан қалмай сигар шегемін, екі ұрты томпайған галифені тастап, сым шалбар, судырақ плащ киемін, бәйге күреңді сатам да мотоцикл аламын, көшеде зырлатамын содан. Көрде тұр — кімнің шаңы зор екен».


Апасы ғана қамкөңіл, Дүйсенбінің бетінен сүйіп, өбектейді. Мотоцикл қорабына үлкен торсық қымыз таңды. Тойлыбайдың қоржынына сыбағаң деп қос қазы, төстік, түймеш, сықпа құрт салды. Жылап қалмасын деп қайта-қайта нығыздап тапсырып жатыр. «Қарның ашса жерсің» деп қалтасына кепкен ірімшік толтырды. «Ал қош, құлыным», десті. Көкесі қамшысымен қонышын сабалады.


Кішкентай Дүйсенбі мотоцикл қорабында селкілдеп тау асып бара жатып Құланшыны, бұлақты, Әулие ағашты ойлады, жұмсақ мысықты ойлап жанарына жас үйірілді.


6


Директор Тойлыбай кішкентай Дүйсенбіні ылдидағы малшы балаларына арнап салған интернатқа түн ішінде әкеліп орналастырған. Тау жолы, бейне, машина доңғалағындай кедір-бұдыр. Селкілдеп-секектеп жолай әбден сілкілеген. Төсекке жамбасы тиісімен тас болып ұйықтапты. Ертесіне күн көтеріле бірақ оянған.


Қарайды: әңірейген кең бөлмеде екі-ақ бала жатыр. Өзгелер таудан әлі түсе қоймапты. Серігі шашын ұстарамен қырғызған, кертіш танау, қалқан құлақ, кетік екен. Сыр бойындағы қауыншы диқанның баласымын, атым — Мыңжасар деп таныстырды. Өзі әлдеқашан ояныпты: мұның ұйқысын күзетіп көп отырыпты. Тұрып киінді, жуынды. Мыңжасар екеуі тізбектеліп сыртқа шықты. Ауланың іші абыр-сабыр: бір тәтей сатыға өрмелеп қабырғаны әктеп жатыр, бір тәтей алдына алжапқыш байлап ас үйде жүр.


Тізбектеліп қақпаның алдына шығып тұрды. Ары баруға қорықты. Көше толы құжынаған машина, басып кетер деп ойлады. Интернат дегені — дым жақсы емес, түк те жақсы емес, түк те қызық емес деп түйген Дүйсенбі.


— Басына өрмелейтін ағашы, жарысып ойнайтын құлыны жоқ, тоңқалаңдаған машина ылғи, — дейді Дүйсенбі. — Мен білсем қазір Жүзжасар сөлі сорғалаған қауын жеп отыр, — дейді Мыңжасар.


— Жүзжасарың кім?


— Інім ғой ол, оқуға жасы жеткен жоқ деп тастап кеткен, ілесемін деп ботадай боздап қалып еді.


— Үйдің төбесіне өрмелеп шығайық, — деді Дүйсенбі. — Мүмкін, екі тау арасындағы біздің үй көрінер, мүмкін, түтінінен танырмын, жылқылардың дүбірін естірмін.


Мыңжасар таудан келген құрдасына бұрылған. Шынымен даусы дірілдеп, шынымен үй төбесіне шықпақшы. Көз ұшында бұлдырап, көгеріп, көлденең көсілген Қаратауға үңіле қарағысы келіп-ақ тұр екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу