13.08.2021
  323


Автор: Марат Қабанбаев

Тау еркесі

Шыңылтыр аспан астарын алтын сырғанақ дерсін; күй шығып келеді! Аңғал-саңғал тау арасы керісінше: қара көлеңке... Терең шатқал, ұзын ішек, киіз табан сайлар дыбыс та, сыбыс та жоқ, қалың ұйқының құшағында. Тау өзені қара көгілжімденіп, сар-сұр етеді. Тас үстінде қызыл тамақ шымшық қалт-құлт етіп, өзенге төніп-төніп қояды. Анда-санда ақ көбікке сып етіп сүңгіп, әудем жерден қылт етеді.


Ойқарағайдың ортасын ойған киіз үйден ағайынды қоңыр қаз — Ораш пен Самат жарты сағат бұрын шығып еді. Он жеті жасар Ораштың мойнында атқанын алысқа түкіретін сабау қара мылтық... Самат болса, белуардан шық кешіп, таңғы салқын ауаның өтінде дірдек қағады. Көнсең де, көнбесең де тау мінезі солай — күндіз ыстық, түнде суық. Күндіз киім шешіп, суға түссең, кешке күпәйкі киіп, аяғыңа керзі етік сұғасың.


Күн әлі көрінбейді. Тек қарсы беттегі қарғасы қарқылдап, сауысқаны шықылықтаған қарағайлардың жап-жасыл бұйра бастарын шалыпты. Сол сәуле жылжығаннан жылжып екеуіне жеткенше қашан!


Осы бетінде Самат Орашқа да, өзіне де разы емес. Кеше түнде Ораш сүмбінің басына шүберек орап, мылтығының ұңғысын тазалаған. Әне, сонда Самат оның он иығына асылып алып, құлақ етін жеген. "Әнеугүні: "Менің орныма қой жайсаң, аңға алып шығамын" дегенің қайда?" Ораш тіс жармады, көзінің аласымен қарады да қойды. Есесіне бүгін тан сәріде Саматты жылы төсегінен сирағынан суырып алды. Көрпенің шетінен қымқыра ұстап, біраз тыртысып көріп еді, Ораш білезігінен мытып жібергенде қалай қоя бергенін өзі де аңғармай қалды — қолы темірдей-ау, темірдей!


— Кеше түнде ертіп шық деп ызыңдаған мен бе, жоқ әлде сен бе?— деді өңменінен өткізе суық қарап. Екі көзінің арасы жақындап, мылтықтың ұңғысынан аумай үңірейе қалады екен.


Енді, міне, Ораштың өкшесін басып, қыр соңынан қалмай емпең қағады. Темекінің күлімсі иісі ауық-ауық жетеді — ағасының кеңсірігін құрт жеп келе жатыр.


— Қашан жетеміз? Күні бар ана қырқаға шықпаймыз ба? Тоң-ңып кеттім...— деді иегі иегіне тимей қалтырап.


Ораш тырс етіп үндемеді. Оның сүтпен сіңген мінезі со¬лай — аз сөйлейді, көп істейді. Бір беткей, табанды. Биыл мектеп бітірген. Оқу-соқу деп бас ауыртпады, нағашы атасына көмекші шопан боламын деді.


Ораш бүгін тіптен томырық. Жайшылықта жап-жақсы-ақ аға. Жұмысын бас көтермей істейді, темекісін бұрқыратып тартады, қойын жаяды. Ал, аңға шықса болды, аяқ астынан бұзылады. Танауын көтеріп, әспенсіп кетеді — сөз сұрап алуың киын. Саматтың байқауынша, ағасы Бала мерген деген лақап атына ептеп мастанады. Әнеугүні арқардың құйрығындай ағараңдаған анау асудың арғы бетінде малшылардың тойы дүрілдеп өткен. Күй күмбірледі. Көкпар тартылды, палуандар күресті, асқақтата ән салынды, ат жарысты. Ең соңында мергендер бақ-талайын сынаған. Осы Ораш қырық қадам жерге тігілген бір сомдық тиындарды шыр-шыр ұшырып, алдына жан салмады. Бәйгеге деп он алтыншы кең ауыз қара мылтық байланды. Орашым жөн білетін бала екен, он алтыншыны тамам жұрттың көзінше нағашы атасының алдына көлденең тартсын. Атасының төбесі көкке екі елі жетпей, көзіне жас алсын, мойнындағы отыз екіншіні сыпырып алып, бата беріп, жиеніне байласын. Соның буы ма, атасы кайтар жолда әлдебір бітіп болмайтын ескі әуенді мұрнының астынан ыңылдады да отырды. Содан бері қойға өзі жиі-жиі шығып, Ораштың мойнын босатады. Ораш ондайда, әрине, естіп аң қағады.


Арқар, елік жайлауда жыртылып айрылады. Кейде таңертең өзеннің арғы қабағындағы құламадан табынымен тізіліп өтеді, енді бірде биік жартастың шекесінде тас ескерткіштей қыдиып тұрған қошқарын көресіз. Ораш рас айтса: "Тасты қалқалап жасырынған мергендер нақ осы сәтті пайдаланып, тар қолтықты көздеп тартып жібереді" дейді.


Іркес-тіркес екеуі тік беткейге өрмелеп келеді. Саматтың маңдайы бусана бастады, мықты болсаң тауға шығып көр! Бала мерген бық ететін емес, мойнын ішке ала бұғып алып, тасбақадай тырбаңдап барады. Самат демалайық деуге оқтала беріп еді, Ораш онсыз да тоқтады, бусанған маңдайын сүртті.


— Сәл шыда! Анау қожалақ-қожалақ қорым тасқа жетіп алайық. Соны қалқалап, тырп етпей жатамыз. Бүгін, міне, үшінші күн, бір табын арқар күнгей бетке кенеше жабысып жайылып жүр. Бүгін қайтсек те қапысын табуымыз керек. Ық жағын баспалап барсаң арқарың оқ-дәрі, мылтық, адам иісін таяқ тастам жерден сезбейді.


Самат үсті-үстіне бас изеді. Иземегенде ше! Былайынша ол Орашты менсінбейді. Мәселен, Ораш Ертедегі Египет, көне Греция, әйтпесе бриз, кратер деген не, біле ме екен? Иісі мұрнына бармайды. Ал, арқар, қасқыр, елік, ұлар жәйін әңгімелесе, көзі қасқырша жайнап, құлпырып сала береді.


Екеуі бауырына көлеңке ұялаған қорым жартастың етегіне ентіге келіп тоқтады. Ораш мылтығын сылқ еткізіп еді, ұңғысы былқ етіп, жерге үңіле қалды. Затворын шақылдатып ашып-жауып, пистонның жез құйрығынан алай сығалап, былай сығалап үрледі ме, иіскеді ме, әйтеуір, әлек-шәлегі шықты. Күпәйкесін шешіп, тас түбіне жайды, езі соған аунай кетті. Қып-қызыл көзін уқалап:


— Мен аздап мызғып алайын. Түнде мылтыққа оқ жасаймын, ұңғы тазалаймын деп кеш жатып ем. Ұйқысы қанған адам қиядағыны қағып түсіреді, бауырым. Көздегенде қолы дірілдемейді, жүрегі қағып кетпейді. Ал, сен, анау құлама жартастың құлағын аңды!— Сатылап кете барған жалама жартастың ұшар биігін нұсқады.— Сүт қайнатымнан соң ұшпадан таутеке де қылт етіп көрінеді. Арғы жағында табыны жатыр жайылып, соны ит-құстан қалт етпей күзетеді. Көрінсе болды, мені түртіп қал. Дауыстама. Арқарың күншілік жерден сынған қурайдың сытырын сезетін сақ құлақ жануар, шырағым!— Саматқа оң көзін сығырайта қысып қарап, көш құлаш уағызын әрең бітірді. Ораш солай — аңға шықса аруақтанып кетеді. Өстіп "бауырым", "шырағым" деп, ит жыныңды келтіреді.


Ұшпаға көзін сатып әрі отырды, бері отырды. Ораш болса күпәйкені тас бүркеніп алып, қойдың түнгі күзетінен келгендей қор-қор етеді. Кейде тісін шақырлатады. Түсінде көк шолақ қасқыр отарға бұқпалап келіп қалды ма екен? Әлде шабан да шардақ торшолағы жүрмей, бас-көзге сабап тепеңдеп жүр ме? Самат ағасын іштей аяп кетті. Осы Самат, Саматқа тетелес кішкентай іні-қарындастары үшін қолына таяқ ұстап, қой соңына түсті. Оқу-тоқу іздеп қалаға тартып кетсе, кім қой дер еді. Екі қолға бір жұмыс қаладан да табылады. Алдыңғы жылы әкелері қайтыс болды. Амалсыз Саматтарға қарайлап ауылда қалып қойды. "Жазғы каникулында ауылдың шаңын бұрқылдатып кешіп жүргенше, тау көрсін, бүлдірген терсін, жуа жұлып жесін" деп, әнеугүні Саматты айдап сүйреп ала келген де осы Ораш... Жыл он екі айда бір бой жазып, ермек ететіні — осы аңшылық...


Самат әр түрлі ойға батыңқырап кеткен екен, біреу түртіп қалғандай болған соң, селт етіп, ұшпаға қарап еді, о ғажап! Әлдебір апайтөс, тұрықты жануар бір емес, екі бірдей алтын айды аспандата көтеріп, шығып келе жатқан күнге қасқая қарап тұр! Жартастың арғы шекесін өркеш-өркеш қазбауыр бұлт жалап өтіп барады: мынау өр де асқақ жануар сол мамық бұлтты қызыл асықтан кешіп, жартаспен біте қайнап, тура соның күж-күж алып денесінен суырыла шығып тұр. Былтыр алтын елік туралы бір ертегі оқып еді, бүгін, міне, оқымақ түгіл, алтын арқарды көріп тұр! Алға, тұңғиыққа қарай аттаса болды, құлама жартастан қалқи ұшып шығып, көгілдір кеңістікке сіңіп, күн сәулесіне еріп, тіпті екінші күнге айналып кетердей-ақ...


Әлдекім тұп-тура иегінің астынан пыс-пыс демалды. Алғашында өз демі ме деген. Сөйтсе, Ораш... Оянып кетіпті, екі көзі шырадай жанып: "Үндеме!"— дегендей сұқ саусағын ерніне апарды, құнжың қағып, мылтығының алқымын тасқа төседі, құндағын иығына тіреп, оң көзін қыса қарауыл қарады. Тізесіне жер томпақ келді ме, егеп-егеп жіберіп, шұқыршық жасады.


Самат ә дегенше... құлағы тұнды да қалды, әуедегі күн теңселді, таңғы таза ауаның таны тарс айырылды, қуатты жаңғырық тау мен тасты шартылдатып бетке шапалақтап, шатқалдарды аралай гуілдеп, заулай алыстап барады. Қарағай арасы қалың шу, аспанға көтерілген қарға, сауысқандар — қара мор...


Ораш Саматқа жалт қарады, әлдебір дүлей ашу, шабыттан шақшиып алған:


— Тиді ме, тимеді ме?— деп зекіді.


Самат дым ұқпай мәңгіріп, оған бақырая қарап тұр. "Тиді, тимегені несі?" Ораш қолын бір сілтеді, түрегеп жатып, өз сұрағына өзі жауап берді.


— Құйрығы бұраң етіп, секіріп түсті... Жамбасына тиді, білем. Борс етіп, жұмсақ етке кіріп кетті, естідің бе?


— Не борс етті?


— Оқ! Оқ! Ал, кеттік! Қалып қойма!


Екеуі ұшпаны маңдайға алып, әрі өрмелеп келеді, бері өрмелеп келеді. Шақпақ тастардың шот шекесінен, бұтақтардың тікенек-тікенек бұрымынан ұстап, заңғар жартас төбесіне өлдім-талдым дегенде әрең шықты. Өз көздеріне өзі сенбеді. Арқар түгіл сайтан жоқ, жым-жылас. Терең сайдың зымыран түбінен салқын самал аңқылдайды.


— Тимепті! Тимепті!— деді Самат қарадан қарап мәз болып.


— Оны қайдан иіскеп білдің?— Ораш жаман көзімен жалт қарады. Шықшыт еті бүлк-бүлк етеді.


— Қан тамбапты!


— Е, білгішім-ай!— Бала мерген жағымсыз, суық жымиды.— Оқ тисе қан қолма-қол сау ете қалады деген...— Кенет саусағын шошайтып, табан астындағы - шыңырау шатты нұсқады.— Әне, әне! Тиген екен!


Алғашында Самат Дәнеңені көрмеді. Қара қожалақ қотыр жартастар, қыртыс-қыртыс қорым тастар... Бірер минуттан соң барып бұлыңғырлау көкшілт ағын төмен қарай қиялай құйылып бара жатты. Екі бірдей алтын айды әуелете көтерген манағы өр қошқар емес, секіре-секіре безіп бара жатқан, жаны мұрнының ұшына келген кәдімгі арқар! Оң аяғын сүйрете безіп барады. Табынның ізі түгіл тозы жоқ.


— Ізінен екі елі қалмау керек! Көзден таса қылмай, әр шоқыдан қарауыл саламыз. Қансырасын, әлі құрысын! Бір бұтаның түбіне әлі-ақ қисая кетеді. Ал, шаппақ болсаң зымыра!


Олда, білде, түкірігі шашырай сөйлеп тұрған мына бозбала кәдімгі шаруақор Ораш емес, мүлдем басқа Ораш. Самат танымайтын түсі бөтен, жат Ораш! Көзі ақшаңдап, қолы ербең-ербең етеді. Қасында Самат тұр ма, басқа ма, онда шаруасы шамалы, өзі сөйлейді, өзі түзейді, өзі тыңдайды.


Аңшылық, аң қағу деген осы ма?


...Бірде екі өкпені қолға алып жүгіріп, кейде тас, бұта қалқасынан баспалай қарап, арқарды ұзақ қуалады. Бала мергенім, арқар шаршады ма, артқы оң сирағын сәл көтеріп, тұра қалған сәтінде жүрелей отырып, жүрдемелете атып-атып жіберді. Бір оғы айдалаға қаңғып кетті, екіншісі мүйізіне дөп тиді — арқардың басы қалтаң етіп, есі ауғандай меңірейіп тұр. Мылтықты қайта оқтағанша көрген түстей, сағымдай жалт етті де, жоқ болды.


Әрі-беріден соң өкпелері өшіп, екі иықтарын жұлып жеп жүгіру жайына қалды. Үміттері үзілгендей бір шақта арқардың ай мүйізі қылт етті де, қорым тасқа кіріп, ғайып болды. Айналасы ат шаптырым қорымнан жырылып қайтып шыққан да жоқ. Ораш мылтығына таянып, екі иығынан ырсылдап демалады.


— Екеуміз бірдей сұғынып қайтеміз. Сен кір... жатқан жерінен үркіт. Мылтық атуға болар еді аспанға. Оған көрмеймісің жалғыз-ақ оқ қалғанын. Бар, бар, тасты аралап, айқайға бас! Мына жерден бәрі де алақандағыдай... Шыға бергенде... бәлем, жалғыз оқ жалынсын.


Самат төмен қарап, қоңқ етті.


— Бармаймын!


— Неге?


— Сүзіп тастайды...


— Өй, ақымақ! Адам сүзетін аң бүл тауда атам заманда құрыған... Бар, бар! Қорқақ екеніңді қайдан білейін.


Самат осыдан Ораш жүндей түтіп, сабап тастаса да бармайын деп тұрған. "Қорқақ" деген жалғыз сөз шымбайына қатты батты. Қорқақ деген жаман атқа қалғанша, одан да өліп кеткенің жақсы. Амал жоқ, бір басып, екі басып, төмен қиялап қорым тасқа кірді.


Бытқыл тастың арасы иір-иір бұрма, қалың соқпа... Египеттің әйгілі пирамидаларындай мінсіз қаланған сандық тастар, ежелгінің батырларындай бір-біріне зор кіжініспен ұмтыла беріп қатып қалған қақпақ тастар... Елік, арқардың түнеуіне, түскі ыстықта үйездеуіне таптырмайтын жер. Әне, соның айғағындай жас құмалақтар шашылып жатыр.


Жақпар-жақпар жартастың нақ ортасына ендеп кірдім-ау деген кезде айқайға басу үшін демін ішке жия беріп еді, әлдекімнің ту сыртынан өзіне қадалып тұрғанын сезді. Төбе құйқасы шымыр етті. Есі кіресілі-шығасылы қалыпта тәлтіректей бұрылып еді... арқар екі қақпақ тастың арасынан бұған еш сезім-түйсіксіз жайбарақат қарап қалыпты.


Ештеңе ойлап үлгермеді, тек кейін шегіне берді. Арқасы тасқа тигенде барып, тынысын тереңнен алды. Арқар әлі бейбіт, момақан... Серіппедей бір-ақ ырғып, шаңырақтай мүйізімен Саматты тасқа жапсыра салайын дейтіндей шатақ ойы жоқ секілді. Ырғу қайда-а, қарағайдай мүйізі кертеш-кертеш екі тастың арасына кептеліп қалыпты. Тас не ары, не бері жібермейді, қайтып шықпастай ғып мықтап тұтқындапты. Құйындата шапқылаған күйі секіріп ете берем дегенде, тас қақпанға түскен де қалған. Көзінде нұр жоқ, жылу жоқ, кірпігі ғана қимылдайды. "Не қылсаң о қыл, менен қайран жоқ" деген бейшара, кейуана кейіп. Он жақ сауыры қызыл ала қан жоса. Бойра-бойра болып, қатып қалыпты.


Самат бір қырындай тасты сипалап, сырғи берді, сырғи берді, бұрмаға келгенде жалт беріп, жартастан шыға жүгірді.


Ораш тобылғының тасасынан мылтығын көтере-мөтере түрегелді.


— Арқар қайда? Неге айқайламадың?


Самат жерден көзін алмай күңк етті.


— Арқар жоқ.


— Жоғы қалай?


— Білмеймін... Түгел адақтап шықтым. Ары-бері безектеп жүгіріп жүргенімізде...— демін тереңнен алды — осы қазір өтірік айтады!— тошала сайға түсіп кетсе керек.


Ораш жерге бір түкірді.


— Ой, сенген қойым сен болсаң... Отыр, ендеше, осы жерде омиып. Тошала сайды мен қарап келейін.


Мылтығының дүмімен жер тіреп, құлдилап кете барды.


Тошала сайды Ораш армансыз аралады. Жоқ, арқар қайдан табылсын, жер жұтыпты. Ағалы-інілі аңшылар аш қарындары арқасына жабысып, қас қарая үйге қайтты.


***


Кейін, келер жылы жазға салым нағашы аталары бошалап кеткен қасқа сиырды іздеп, әйгілі қорымға кіріпті. Арқардың екі қақпақ тастың арасына қыстырылып тұрған аппақ қаңқасын көріп, ұза-ақ ойға батыпты. Сүйегі тіптен сетінемей, жіліктері ажырамай, зоология кабинетіне әдейі қойған үлгі қаңқадай тігінен-тік тұр дейді. "Арқарды кім қыстырып кеткен тас арасына, ол кімге дәрі, ұқсам бұйырмасын" деді атасы сол күні кешке тоқпан жілікті пышағының сыртымен тық-тық ұрып, майын алып отырып.


Самат мұрнын тартып, төменшіктей берді. Ораш түк білмегендей, түк сезбегендей қойдық миын шұқып отыр.


Бұдан былай Самат бала: "Аңға мені ертіп алып шыға қой!" деп, мерген ағасын қыжыртпайтын болды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу