13.08.2021
  142


Автор: Марат Қабанбаев

Қазбек, "СК-4" және таңғы түс

«СҚ-4» тағы да танапқа қарай беттеген екен дейді. Енді он шақты рет айналса болды, ат жалындай аз ғана егін бітіп қалады. Кенет, ұйыған кешкі ауаға буалдырланып шөккен шаң арасынан екі кішкентай қыз бала ақ көйлектері желбіреп шыға келді. Тұлымшақтары селтеңдеген олар нәзік қолдарын бұлғап, комбайнның алдын кесе ұмтылды. Шұқанаққа сүрінген әнебір апыл-ғұпыл басқан кішкенесі құлап та қала жаздады.


Руль ұстап отырған Қазбектің жүрегі шым етті. Япырау, Қаламқас пен Дина қайдан жүр?


Бану балаларды бақпай не ай қараған? Комбайнның астына түсер ме екен өздері?


Тежегіш тұтқасына қолын апара берген комбайнер қарабарқын көлеңкелер қалбалақтан қона бастаған танаптарға көз салды. Орылған бидай жалдары ұзыннан-ұзақ сайрап жатыр. Сол ұзын-ұзын ақ бұлақтардың нақ ортасында шабылмаған егін ұйыса түсіп, үрпе-түрпе болып тұр. Қазір астында гүрілдеп келе жатқан «СК-4» он шақты рет айналып шықса болды, Қазбек үшін биылғы жылғы егін орағының ақыр-тақыр аяқталып-ақ қалғаны...


Содан кейін... содан соң комбайнды анау көз ұшындағы Қызылтаңға бұрады, Қызылтаңда өйткені саман кірпіштен салынған үйде Бану тосып отыр.


Осы ой басына оралуы мұң, тежегішті құшырлана басып қалып еді, сақина-сақина түтінді атып-атып жіберген комбайн ілгері... жоқ ілгері беттей алмады. «СҚ-4»-тің алдын тоса қол ұстасып, көйлектері ағараңдаған Дина мен Қаламқас тұр еді.


— Аға, тоқтаңызшы, аға. Біз бидай сабақтары емес, Қаламқас пен Динамыз ғой...


... — Қазбек, вставай, давай, вставай, Қазбе-ек! — Иығынан қапсыра ұстаған біреу жұлқып-жұлқып қалды. Манаураған күйі көзін ашса, жаңағы сақина-сақина түтін атқан «СК-4»-те, комбайн алдын кес-кестеген кішкене сәбилер де лезде ғайып болып, оның орнын шикіл сары жүз бен күлмеңдеген көгілдір көздер басты. Кәдімгі күнде: «Қазақша үйрет»...- деп, қыр соңынан қалмай басын қатыратын комсомол ұйымының секретары Гриша... Дина мен Қаламқастың суретін балдыр-батпақ бір-екі ауыз сөзімен оп-оңай өшіре салған Гришаға ыза болған Қазбек теріс аунап кетті. «Қалқаларым-ай, таң алдында түске кірді ғой, таң алдында түске кірген адам сағынып-сарғайып жүреді деуші еді».


Анау қайта жабысты.


— Ну, Казбек, жалқауом быть не хорошо. Не так ли?


Естіртіп айтпаса да Гришаның сөздерін іштей құп алған жігіт еріксіз күліп жіберді. Комсоргтың адам тілін қиыннан қиыстырып қалай таба қоятынына таңы бар. Қазір ғой Гриша: «Жаңабеков, созалаңдамай, кәне, тұр. Егін болса масағынан төгілейін деп тұрғанда бұл жатысыңа не жорық? Сен өзі орақ кезінде комсомол мүшесінің орны қай жерде екенін білесін бе?»- деп жанын жағадан алып, дікектеп көрсінші. Бірақ Гриша олай демеді, шүлдірлеп: «Жалқауом быть не хорошо»,- деп еді, болды, бітті, ішінде бірдеңе еріп сала берді. «Жаңабеков жолдас» осылайша егін орағы тұсында жалқау болудың күн көтерілсе, де, кергіп жатып алудың терістігін түсіне қойды. Оның үстіне жатақханадағы жігіттер қарац-құраң қимылдап, төсектерін жинай бастапты.


Қазбек жуынып қайта оралса, аспаз апай түннен қалған сорпаны жылытып, туралған қияр, помидорларды дастарқанға тізіп қойыпты. Ыстық котлеті және тұр. «Айналайын, апайым-ай!»- деді ішінен. Қалайы шанышқыны котлетке көміп жіберіп, көмекейлете асап еді, шала піскен ет қаздай тізілген жас тістердің ырқына көнбей кірт-кірт ете қалғаны.


«Апай-ай...» Бұл жолы ренішті. Ала жаз бойғы көрген күндері осы. Бірде сорпа су татып кетсе, келесі күні қасықты салып қалсаң тік тұра қалатын макарон көже алдыңа келе қалады. Обалы не керек, тырысуын тырысады-ақ, қолынан келмесе, енді қайтсін... Соны білген жігіттер де амалсыз шу шығармайды, әрі жұмыстан шаршап-шалдығып келген адамға тас та ас екені белгілі, тәуекел деп алдына келгенді алып жіберді. Сол дәстүр бойынша Қазбек те тіс жарған жоқ.


Бірақ көңіл тереңінің түбінде бір кәдіктің байланып қалғаны және рас. Таң алдында көрген түсі бар, мына шикі котлеті бар, қалай дегенмен науқанның соңғы күні сәтті басталмады...


Сорпаны ішіп, қияр, помидорды соғын алғасын алдындағы котлетті ысыра салды. Стол басынан былай шыға беріп еді, Гриша тағы жетіп келсін. Әуелі араға ай салып, жаңа көрісіп тұрғандай хал-жағдайын тақылдап сұрады дейсің. «Е, жақсы». «Бала-шағаның, Банудың халі қалай?» «Жақсы». Іштей: «Мынау неге қолтыққа кіріп, жанын жағасынан алып барады?»- деп ойлап қойды.


Сонан соң Гриша бет-аузы шылп етпестен Қазбекті әлгі жерде жатып келіп мақтаған. Жаңабеков дегенін бригада, совхоз, ол түгіл аудан жастарының маңдай алдысы екен. Қазбек: «Әй, осының шын ба, ей?»- дегендей көзінің аласымен қарап еді, оған комсорг шалдырар емес, алдыға түсіп ағылып барады. Енді ше, былтыр бес жүз гектар егін орды. Жаңабековке су жаңа «Сибиряк» комбайнын бекітіп беруге облыстық комсомол комитеті қаулы шығарды. Москвадағы бүкіл одақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне барып қайтты. Бұл бір адамның басына аз ба.


Сөйтіп, комсорг Қазбектің басын амалсыз изеттіре беретін жылы сөздердің тиегін ағытты-ай келіп кеп. Кейінгі жылдары совхоз, ауданда алда болғаны шын еді. Биыл да сәті түссе...


— Бүгін совхоз бойынша егін орағын аяқтаймыз... Бір топ жас комбайншыны сен бастап апарсаң...


Өз ойына өзі елігіп тұрып, Гришаның сөздеріне ынта қоймап еді, соңғы сөйлеміне келгенде құлақ тіге қалды. «Мынау қайда, кімдерді бастап апарасың деп отыр?»


Гриша Қазбекті құшақтағысы келгендей иығына қол салды да, арқасынан қағып-қағып қойып:


— Қостанай облысына барасың,- деп салды.


— Қостанайға?


— Иә, көмекке.


Сөз барысын жаңа түсінген Қазбек ыза болды. Бәсе, неғып асты-үстіне түсіп, жездей қақтап кетті деп еді. Сөйтсе құлар жеріне жұмсақ бөстек төсеген екен. Соншалықты тілін беземей-ақ: «Қостанайға барасың»,- деп тура салса, жүрегі ұшып кетпес еді ғой. Қызыл сөзге алданатындай мұны бала деп тұр ма? Ал, ендеше, егескенде бармады, Жаңабеков сол Қостанайыңа бармайды.


— Гриша!- деді ол тығылыңқырап сөйлеп, — Гриша, бері қара!


Комсорг «бері қарады».


— Биыл міндеттемені асыра орындадым ғой?


— Орындадың.


— Бұл - бір. Егін аяқтала демалыс береміз дедіңдер ме?


— Екі,- деді Гриша күлімдей.


— Жоқ, осы сөзім рас па?


— Рас...


— Рас болса, Қостанайыңа мен бара алмаспын.


— Неге, Қазбек?


Сол орнында аңтарылып тұрып қалған комсоргке ол қайырылып қараған да жоқ, табан астындағы сабанды сытыр-сытыр сындырып, комбайнға қарай беттеді. «Бәсе, неге, комсорг жолдас? Сол сұрақты ең алдымен өзіне қойғаның жөн. Неге? Былтыр уәде етілген «Сибиряк» қайда? Әнеугүні егін орағынан кейін аласың деген демалыс ше? Қара теңіз курорттарына берілетін жолдама кәне? Жоқ та жоқ, ұшты-күйді жоқ... Ау, біз күндік нормамызды алда-жалда орындай алмай қалсақ шыр-пырлары шығады, ал өздері ше? Айтылған серттің атылған оқ екенін олар ұмытса да, Жаңабеков ұмытпайды. Ол өзі де сөзінде тұрын береді, соған қоса басқалардың да екі сөзін көтере алмайтын жігіт».


Жігіт таңғы шықты қызыл асығынан кешкен күйі егін шетінде қаңқайып тұрған комбайнға қарай аяңдады. Пышақ қырындай қырау тұтқан мұздай отырғыштан қашқақтап, «СК-4»-ті айналып біраз жүрді. Босаған тетіктерді қатайтты, шалғы саусақтарын қолындағы кілтпен бірлеп қағып, реттеп шықты. Сүт пісірімнен кейін басын көтеріп, көкжиекке қарап еді, күн қамшы сабы көтерілген екен. Жаздағыдай дір-дір балқымайды, қызғылт шет-шеті шаңытып тұр.


Баспалдақпен кабинаға көтерілді. Батыс беттегі Қызылтаңның мұржаларынан көтерілген түтіндер бір-бір қол орамалға айналып, желбірей қалыпты. Ауылдың қақ ортасында өз үйінің мұржасын іздеп еді, таба алмады. «Бану не тіршілік жасап жүр екен? Сиырды табынға қосып, мектепке қарай аяңдап бара жатқан шығар». Бану дегенде үйге соңғы барғанда келіншегінің ойламаған жерден өнер шығарып, теріс қарап жылағаны есіне түсті. «Оу, не болды, жарқыным?»- дейді ғой бұл баяғысынша. Сөйтсе Қазбек дегеніңіз үй-жай, мал-жанды ұмытып, кәдімгідей дала безіп тентіреп кетсе керек. Оған салса, үй-күй дегеніңіз ана арбайған-сарбайған «СҚ-4» екен. Комбайн шіркіннің гүр-гүрі мен аж-бұжы Қазбек үшін Қаламқас пен Динаның папалаған үнінен сүйкімдірек-міс. Қазбек бүйтіп жылдың төрт мезгілінде дала безіп кете барса, екі бала кіріп келген әкелерін танымай тырағайлап тұра қашатын күн де туар.


Бану осыны аз сөзбен қысқа-қысқа тұжырып айтса да, жігіт құлағына бишік шартылындай қатқыл тиген. Келіншегінің бетін қайтарар мәйекті дәлелді табан астында таба алмағасын амалсыз: «Әй, Бәке, сөзің дұрыс. Қатырып тұрып қорытынды шығарамыз, бәлем»,- деп еді.


Ал мұның бәрін анау селеу-селеу жирен шаш Гриша біле ме екен?


Қайдан білсін... Білсе жаңағы: «Неге, Қазбек, неге?»- деген сұрақты қоймас еді.


Жылдамдық тұтқасын булыққан ызамен басып қалып еді, дүр еткен «СК-4» алға ытып кетті. Сосын сап-сары масақтардың тұп-тура алты метрін таспадай тілігі, жұтып жатты, жұтып жатты.


Бұл кезде көрші алапқа Жолдасбек, Қайрақтар да түскен екен. Қайтқан құстай тізіліп, алқапты апшыдай қуырып барады. Кеше кешке бәрі де: «Ертең түске дейін, бұйырса, бөлімшедегі егінді орып бітіреміз»,- деп уәде байласқан. Мына екпін, мына жарыс сол сөздің тегін емес екенін меңзейді.


Комбайнның бірқалыпты гуілі мен бұрқыраған қалын шаң, алма-кезек келіп, бункер астына тоқтай қалған автомашиналардың қорабына құйылып жатқан дән тасқыны, қысқасы, кәдімгі күнделікті жұмыс Қазбекке әрі-беріден кейін таңертеңгі әңгімені ұмыттырып та жіберді. Бар ой-мақсаты - басталып кеткен ұлы сарынды сарынға жалғастыру. Осы тілек үстінде Қазбек өзінің биыл жиырма бес жасқа толғанын, қамшы сабындай қып-қысқа өмірінің жеті жылы комбайн рулі мен трактор рычагін ұстаумен өткенін ойлаған да жоқ. Дәл осы күні аудандық комсомол комитетінің бірінші секретарының кабинетінде совхоз, аудан бойынша тағы озып алға шыққан оның аты аталғанын да білмейтін.


Ол турасында ойлануға уақыты жоқ еді.


Түске қарай бәрі тынды. Биылғы егін орағы аяқталды. Комбайндардың соңынан көтерілген қалың шаң сонау ойпаңға қарай шұбалаңдай жылжып барып, сонда ұйлығып жатты. Жолдасбек, Қайрақ, Түлкібектердің де комбайндары тоқтап, әр жерде қалқиып-қалқиып тұр.


Қазбек әлі орнынан тұрған жоқ. Рульге бар салмағын салған күйі алдына қарап отыр. Масақ сүйреген сартышқан: «Келер көктемге дейін қош! Іс бітті, қу кетті...»- дегендей шиқ етіп, інге кіріп кетті.


Құлағы шың-шың етеді.


Әрі-беріден кейін ол да тынды.


Жым-жырт.


Көктемнен қара күзге дейін еңбек дүбірі бір тынбайтын мына далаға мұндай тыныштық жараспайтын да секілді.


— Қазбек! Әй, мынау керең бе өзі?


Комбайнның бункеріне шығып алып, аттан салып тұрған Қайрақ екен.


— Бәрің бері жиналыңдар! Егін орағы бітті! Сендер жумасаңдар мен ырымын жасаймын.


Қолында бөтелке. Бәсе, кеше кешке ауылдан оралғанда қалтасы тым томпайып келіп еді.


Жігіт Қайрақтың комбайнына қарай аяңдап бара жатып, соңына жалт бұрылған. «СК-4» күні бойғы екпіні мен ентігін әлі де баса алмай тұрғандай еңіске қарай құдиып барып тоқтапты. Саусақ ұшымен түртіп қалса, сырғып беретіндей. Қазбек бәленшебай күні астында темір тұлпардай ойнақтаған, еңбекті де, зейнетті де бірге көтеріп алған алып машинаны аяп кеткендей болды. Аяуы мұң екен, Бану, Гришамен болған жайсыз әңгімелер есінен тас шығып кетті. Айнала бере күбір етіп, бір ауыз сөзді дауыстап айтып қалғанын өзі де аңғарған жоқ.


«Несі бар, барамын. Күні ертең, Қостанайға аттанамын. Ол жақта қар жауып жатқан көрінеді. Комбайншылар күнді түнге, түнді таңға ұрып еңбек етіп жүр дейді. Көмек керек...»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу