13.08.2021
  307


Автор: Марат Қабанбаев

Жылан

...Жайлаудың шымқай жасыл шалғыны ат кеудесін соғады. Күн найза бойы көтерілген. Ен жайлаудың ортасында түндігін айқара ашып, есігін шалқасынан тастаған киіз үй самұрық құстың жұмыртқасындай ағараңдайды. Қол созсаң қарсы беткейдегі арқаш-жарқаш жартастың қожыр-қожыр бетін сипағандайсың.



Хайдар алты айлық інісін алдына өңгеріп, киіз үй ішінде көсіліп салып отыр. Әжесі көрші үйге от ала кеткен. Содан әлі жоқ. Иісі бұрқыраған қызыл бұйра шайдың нақ үстінен түсіп, айналып қалса керек. Шай десе әжесі үй-жайды, атасын, тіпті немерелері Хайдар, Таңатты да ұмытып кетеді. Әйтпесе былайынша өте жақсы әже! Атасы: "Барған жеріңе бадалып қалатын осы сенін не жының бар?" деп талай ұрысты. Әжесі біраз уақыт түзу жүреді де, қызыл шәйдің үстінен түскен күні тағы өстіп бұзылады.


Қызық болғанда, Хайдар әжесінің "барған жерінде бадалып отырып алғанын" іштей жек көрмейді. Әжей қайда жүрсе де немересін жалғанда ұмытпайды, барған жерінен пүліш қамзолының қос қалтасына құрт, ірімшік, бауырсақтарды толтыра салып ала келеді. Бүгін күн ыстық болады. Әлден-ақ шақырайып тұр. Әжей оған қарамастан қамзолын киіп кетті. Ол өзінше жасаған кішкене қулығы. Көйлекте қалта болмайтыны ежелден белгілі. Ендеше, Хайдарға деген құрт, ірімшік әлгі қамзолдың қалтасына түседі — мәселе қайда! Сол құрт, ірімшік осы үйде де бар, әне, анау қара кебеженің түбінде дорба-дорбасымен жатыр, бірақ өз үйіңнің жөні басқа да, көрші үйдің құрт-ірімшігі басқа ғой. Оның үстіне ол құрт-ірімшік жәй тіске басар емес, әжесінің: "Мені Хайдарым үйде екі көзі төрт болып тосып отыр" деп ескеріп, арнайы әкелген сәлемдемесі...


Атасы түнгі күзеттен келіпті: үстіне алдымен көрпе, оның сыртынан күпіні айқара тастап, тор алдында қор-қор етеді. Өткен жылғы күздің суық жаңбырында сегізкөзіне суық мықтап тиген. Содан әлі ада-күде құтыла алмай жүр. Қысқасы, жиі терлеп тұру керек, ол үшін әлсін-әлі сорпаланып, ыстық-ыстық шәй ішу керек, содан соң өстіп көрпені қабаттап жамылып, жата қалу қажет. Ал, Хайдар мұны әншейін атасы әжесіне ептеп еркелеп жүр деп ойлайды.


Сырттан Әнес пен Зарықханның аһа-аһалап күлген үні жетеді. Бұзауға бас үйретіп жүр. Хайдар осы бір есер күлкіні естіген сайын жарылып кете жаздайды. Оның үстіне таудың таза ауасы қандай; күлсе де, жыласа да ап-анық қып, дәп құлағыңның түбінен шыққандай жеткізіп тұрады. Әжесіне есепсіз ызалы. Құрт, ірімшік әкелсе, тезірек әкелмей ме. "Қазір ғана келем" деп еді, ол "қазіргі" қашан сонда? Бақыр басты, балпанақтай Таңатты да осы минутте сәл-пәл жек көріп қалғандай. Алай бір домалайды, былай бір аунайды. Бала болып бір тыныш отырсашы. "Далада жылап жатқан жерінен тауым әкелгеміз жоқ, өз бауырың, бақ, бақ!" дейді мамасы. Өз інісі екеніне дау жоқ қой. Бірақ Хайдар да ойын баласы. Осыны неге ешкім ойламайды? Таңатты егескенде ептеп шымшып алып, жылатып қойса ше? Бәлкім, әжесі етегіне сүрініп-жығылып жүгіріп келер... Інісіне қарап еді, қаннен-қаперсіз өз саусағын өзі сорп-сорп сорып, әлденеге мәз болып уілдеп отыр. Енді бар ғой, сүйкімді дегенде сондай сүйкімді! Мұндай баланы жазықсыздан-жазықсыз қалай жылатарсың!


Кенет есіктен ішке бұзаудың бас жібі секілді қара сүр жіңішке әлдене сып бергендей болды. Жүрегі зырқ ете қалды — жылан! Қалақтай басы қайқаң-қайқаң етіп, айыр тілі жылмаңдайды. Табалдырықтан бері сусып түскен бойда: "Шағып алуға татитын ешкім бар ма өзі?" дегендей, басын қақшитып көтеріп алды. Хайдар еш қозғалыс-қимылсыз қатып-сеңіп отыр. Ұзын құйрықтың мүйіз қабақты көзі өңменінен өтіп барады. Арбап тұрған жоқ па өзі? Хайдар айқай салмақ болып, аузын ашып еді, айқай шықпады, тамағы ғана қырылдады. "Тек атылмаса екен!" деп тіледі іштей жан ұшырып. Оқ жылан атылса, түйенің өркешін тесіп өте береді деп естіген.


Жылан атылмады. Ирең етіп, құрт-май салынған шермиме кебежеге, ыдыс-аяқ тұрған сәкіге қарай жөнеді. Хайдардың көзі Жылан қайда барса, сонда. Өзі кіп-кішкене, жіп-жіңішке, ұзындығы кесірткедей-ақ. Тапалтақ Сағат секілді өспей қалған жылан болды... Әне, әжесі шайға сүт қататын кәрлен кесеге барып қалды. Кіп-киттей басы кенереден қылт етуі мұң, кесе түбіне шүйірмектей дөңгеленіп түсе қалды. Тұмсығымен кесенің ішкі қабырғасын сыра түрткілеп, шыр айналды. Әлденеге өкпелегендей, әлде шаршады, кесе түбінде сақина-сақина болып жатып алды. Сәттен соң ұзынынан-ұзақ шұбатыла кесе сыртына салп етіп, ағып түсті. Манағыдай емес, жай, нәумез, ауыр-ауыр толқып иреңдейді. Атасынын қорылын, Таңаттың уілін естіп қалды ма, бетін бері түзеді. Жүрегін тоқтатып үлгерген Хайдар жыланнан көзін айырмай, бос қолымен атасын бүйірден түрткіледі.


— Ата, ата, тұр!


Бір дөңбекшіп, ары аунап түскен атасы оянбады.


— Жылан, жылан, ата!


Атасы әуелі көрпенің жиегін саңылаулап ашты, Хайдарға қызарған көзін қадап әудем жатты, сірә, ұйқысын аша алмай жатыр. Есін жиды ма:


— Ә, не?— деді жұлып алғандай.


— Жылан!


— Не дейд?


Атасы көрпе, күпіні қоса қабат ысырып тастап, буын-буыны сықырлап ұшып түрегелді — жанының тәттісін! Жылан қайда, онда шаруасы шамалы. Әп дегеннен уыққа жармасты, бар пәрменімен қос қолдап жұлқылап жатыр. Бас-аяғы байлаулы уық оған дес бере ме, солқ-солқ иілгенімен суырылмады. Қолға ілігетін басқа қару жоқ. Босаға жақтағы керегеге ілінген мылтыққа жан дәрмен ұмтылып еді, жылан қайқаң етіп сол тұсқа басын бұрып ала қойды. Атасы арбалып қалғандай қалшиып тұр. Бір уақытта ұят-сұятты жиып қойып, қарлыға барқырап, айқайды салсын.


— Жау, жау! Ойбай, Қатима, жау келді! Ашығын айту керек, атасы жүрегінің түгі бар кісі. Жаңбыр-шашынды түні аю арбаңдап қотанға шапса, мылтықты тарс та тұрс атып, қозыкөш жерге қуып тастайды. Қайбір жылдары сойылмен қасқыр да соғып алыпты. Сол жүрегі түкті батырыңыз жылан десе... жанынан қасым болып, төбе шашы тік тұрады. Өлменінде атын атамайды, сырттай сыпайылап: "аты жаман", "ұзын құйрық" дейді. Ашынғанда ғана жаңағыдай "жау" дейді.


Көп ұзамай әжесінің:


— Әу!— деген даусы талып жетті.


— Жау! Жау! Жүгір, бол, тез!


— Қайдағы жау, адырам қалғыр? Қазір жетемін, тоқтата тұр! Кеседегі шәйімді тауысып кетейін...


Жылан қоламта орнында басын қақшита көтеріп, ширатылып жатыр. Атасынан, Хайдар, Таңаттан оқты көзін айырмайды. Есік көзінен жығылып-сүрініп апасы да көрінді. Ішке басын сұға бере:


— Кәне, жау! Көрсетші көзіме!— деді жаулығының ұшымен самайындағы терді сүртіп тұрып. Үні сенімді, даусы нық — "жаудан" сескеніп тұрған түгі жоқ.


Төрге жиналған жүкке шығып кеткен ақ дамбал, ақ жейде атасы:


— Әне, әне!— деді қоламта жақты иегімен нұсқап.


Апасы танауынан осқырынып, күліп жіберді.


— Құдай-ай, сол-ақ па? Жылан дегенің жыланның құртымыштай баласы ғой!


Атасында тіл жоқ.


Апасы түндікті ашып-жабатын айыр бақанмен жыланды іліп алып сыртқа салақтатып алып шықты, ошақтың ар жағына сылқ еткізіп тастай салды.


— "Сүлеймен шалдың қара шаңырағы еді-ау бұ да" деп өзімсініп кеп қалған екен, бара берсін. Қап, басына ақ құйып жіберу керек еді. Түнде қасқа бұзау шешіліп кетіп, енесін еміп қойыпты,— деп сөйлей жүріп, үйге енді.


Хайдардың кеудесіне жан енді-енді кірді.


— Әже, әже, жаңағы,—"жылан" деуге аузы бармады, бұ да атасынан жұққан нәрсе,— жаңағы әуелі кесеге кіріп жатып алды. Онысы несі?


Әжесі күлді.


— Тәйірі-ай, бұл бала жылан түнде кеседегі сүтті ұрлап ішіп, әбден дәндепті. Түндегі нөсер жаңбырдан жаурап, бүгін сол сүтіне кешігіңкіреп келген де. Қорықпа, Хайдантай, бала жыланда у болмайды. Ересегінің өзі жаз ортасы ауа, шөп басы қатқасын барып у жинайды. Өзің бастап тиіспесең, мұның зияны жоқ. "Жатқан жыланның құйрығын баспа" деген мақал содан шыққан. Өзің сияқты бейкүнә бала ғой.— Әжесі әлгі иреңбайды күнде келіп кетіп, Хайдар, Таңатымен ойын соғып-соғып кететін көрші баладай мүсіркейді.— Жылан арбайды, сарбайды деп күмпілдейтіндер мына атаң сияқты "батырлар" ғой.


Атасы әжесіне алая қарады да, іргеге бетін беріп, көрпемен басын мүлдем тұмшалап алды.


Хайдар сүт құмар сол бала жыланның ағайындарымен әбден есі кіріп, етек жапқан кезде, Қабырға тал құмында кездесті...


...Күн түске тармасып қалған. Бес шөп машинасы жер-дүниенің шөбін қыра шауып, сыр-сыр жапыра құлатып келеді. Шөп машинаның біреуіне Хайдар не. Көз ілеспей зырғыған ораққа есінеп-құсынап, керенау көз салады. Томпиған томар, қалқиған тобылғы қараға, шиге келгенде орақты көтере қояды. Әйтпесе орақ қақалып қалады немесе жүзі сынады. Сөйтіп қалғып-шұлғып отырған шақта ұп-ұзын сұрғылт бірдеңе орақ үстінен көз ілестірмей сусылдап асып түсе берді. Баяғыда, жайлауда, киіз үйде көрген серіппедей ширатылған таныс ирең...


Жерден жеті қоян тапқандай:


— Жылан! Жылан!— деп айқай салды да, шоп машинадан каргып түсті.


Балалардың біреуі саусағын қос ұртына тығып жіберіп, жер дүниені жаңғырта ысқырып еді, трактор ар-ұр етіп барып, солқ тоқтады. Қарт тракторшы Қайсабай кабинадан басын қылқитып:


— Не, тағы не сынды?— деп айқайлады.


— Жылан...


— Жылан болса қайтейін?!


Дегенмен, темір тұлпарынан түсіп, бері беттеді. Жылан түгіл одан зорғы фашистерді соғыс кезінде жер жастандырған Қайсекеңе ұзын құйрық таңсық па. Таң сәріден шу мен шаң кабина ішінде отыра-отыра белі талып еді, бой жазу үшін жерге түсті.


Балалар қара тұмсығынан құйрығына дейін нүкте-нүкте сарғылт жыланды күргейлей қоршап тұр. Таудың құлашқа жуық қарақшы қара шұбар жыланына қарағанда түсі игі, құм түстес, қамшы сабындай ғана тұрқы бар... Ызбар да, ызғар да жоқ, иіріле кіп-кішкене төмпешік жасап, соның қақ ортасынан басын қылтитады. Құрттай айыр тілдері дір-дір етеді.


— Е-е, қандай еді, наука, наука, қап, міне, міне, тілімнің ұшында ғана тұр, ә, иә, "Наука и жизнь" журналынан,— деп, машинистердің ең үлкені, Ниғымет атты найзақара бозбала маңдайын тыржитып, қатты қиналды.— Тілі арқылы бұлар, е-е, нені, иә, жылылықты сезеді. Градусник сықылды бірдеңе. Тісі иісті айырады. Біздің мұрнымыз есепті. Қызық, ә?!— Өз сөзін өзі тамашалап, құптап қойды.— Әне, көзі мен тұмсығының арасынан кішкене тесікті көріп тұрсыңдар ма?


Балалар дәнеңе көріп тұрмаса да:


— Ие, ие!


— Анау тарыдай ғана тесік пе?!— деп ентікті. "Көрмедім" десе бір ұлы жарыстан қалып қоятын секілді. Әрі өзі білекті, езі жүректі Ниғыметті қоштап, жарамсақтанып тұр.


— Сол тесік жауы мен жемін айырады. О-о, бұ жылан емес, жатқан бір компьютер! Былтыр біздің бұзауды жусап жатқан жерінен шағып алған, содан бері жылан көрсем жыным қозады. Кегім бар мұнда, кегім! Жылан туралы мақаланы да әдейі іздеп жүріп тауып алғамын. Жауыңды жақсы білсең ғана жеңесің.


Дабыр-дүбірді әлдекімнің жалғыз ауыз сөзі пышақ кесті үзді.


— Мұны қайтеміз?


Ниғымет екі бүйірін таянып, өкшесінен көтеріліп-көтеріліп қойды.


— Қайткені қалай? Ата жауды қайтушы еді, бүйтеді.— Талтаңдап барып, машинасының сайман салатын кішкене қорабынан орақ басына май құятын сауытты суырып алды. Талтаңдап келді де, бөтелкені ұзын құйрықтың қасына дүрс еткізіп тастай салды. Қашудан дәмесі бар ма, сумаңдай иреңдеп, басын әр тұсқа бір қақшаңдатқан жылан ә дегенше бөтелкенің оймақтай аузына сып беріп кіріп-ақ кеткені. Ниғымет бөтелкенің аузын газетпен бұрап-бұрап тығындап тастады, алдына өңгеріп қосқа алып қайтты. "Ауа барып тұру үшін" тығынды босатыңқырап, саңылау қалдырады.


— Қайтесің, қоя бер, саған не істеді бұл жазған?— деген Қайсекеңді құлағына ілмеді.


— Бүгін түсте "концерт" көрсетемін,— дейді қарқ-қарқ күліп.


Нойыс мінез, ұр да жық Ниғыметпен Қайсекеңнің өзі байқап-байқап сөйлесетін.


...Күн қайнап тұр. Лапас қалқа асты қызыл жалын. Белуарынан жалаңаш, бастан-аяқ мыс түстес оқушылар көже-көлмекке бас қоя беріп еді, Ниғымет "концертті" бастап жіберді. Манағы бөтелкені үстелдің нақ ортасына тігінен тік қойды. Шиша түбінде иіріліп жылан жатыр. Таза ауа, қалың шөптің ең ортасы, жарқыраған шартабақ күнді — бостандықты аңсай ма, анда-санда ширатыла созылып, бөтелке аузына ұмтылады. Тігінен тік тұрып, тұрып, қайтадан сылқ құлайды. Тағы ұмтылады бөтелкенің оймақ аузындай жарық дүниеге, дәрмені құрып тағы құлайды.


— Қалай?— дейді Ниғымет тырнағымен бөтелкенің сыртын сырт-сырт шертіп. Балаларға масаттана, астам қарады.— Көрмегендерің көп әлі сендердің...


Баяғы газетті бұрап-бұрап, енді саңылау қалдырмай тығындап тастады. О баста ұзын құйрық тырп етпей тыныш жатты. Минуттан соң жыбырлап басын кетерді. Секунд санап таусылып бара жатқан ауаны құрығанда тілімен жалап көрмек пе, тілін жалақтатты, мүйіз тұмсығымен бөтелкенің бүйірін: "Мына түссіз зынданды тесіп шығуға бола ма, жоқ па?" дегендей тық-тық түрткіледі. Бір уақта ауызға тіке атылды ауа жетпей... Жан қысылғанда күшіне күш еселеп қосыла ма, құйрығының ұшынан тік тұрып, шығар ауызға дейін созылып жетпесі бар ма... Қамшы сабындай қатып тұр. Бөтелкенің аузы болса, тас жабық. Балалардың көпшілігі көздерін төмен салып, екі иықтарынан ыс-ыс етіп, үнсіз демалып отыр — істер амал жоқ.


— Қазір ісіп-кеуіп, тұншығып өледі. Ал, Ниғыметтей мықтының бұзауын шақ, өзін де шағып өлтір қолыңнан келсе!— Найзақараң бөтелкені көзімен ішіп-жеп, қатты өшігіп тісін қышырлатады.— Әнеугүні де осындай біреудің үстіне бензин құйып, от қоя бергенмін. Шөп-шөптің арасын қуалай зырылдап жүгіргенін-ай! Оттың өзі тіріліп, зулап бара жатқандай...


Осы тұста күтпеген іс болды.


Манадан бері балалар тамақтарынан ас өтпей түйіліп-түйіліп отыр еді, солардың біреуі бөтелкені үстел үстінен жұлып алып, айдалаға бар пәрменімен қаша жөнелді. Ниғымет аңырды да қалды.


Есін әупірімнен соң жинап:


— Аһ, әкең... үзейін сенің желкеңді!— деп атып түрегелді. Бұл кезде пысық бала құм белді асып кетіп еді.


Кейін де балалар тан сәріде шатыр іргесінде иіріліп жатқан кішкене сарғылт шөмеле — құм жыланының үстінен шығып жүрді. Брезент шатыр тез қызады, жылуды жер түбінен сезетін иреңбайлар жорғалап келіп, бұйығып жатып қалады екен. Оқушылар ұзын құйрықты таяқ ұшымен түртпектеп, қос маңынан ұзатып салып жүрді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу