13.08.2021
  303


Автор: Марат Қабанбаев

Жарық жұлдыздар

Жайпауыт өзен жағасына дірілдеп-қалшылдаған трактор табаны ілінуі мұң, жоғары көтеріле берген капоты көкжиек үстінде қатып-қатып тұрған жұлдыздарды біртіндеп сөндіре берді. Әлсіреген мотор үні ақырғы деммен бырқ-бырқ етіп, өшті де қалды. Тыныштық... Тек құлақ қапа шулайды. Кабинаның артқы шынысынан үңілемін - сақина толқындар өзен бетінде жүзіп жүрген жұлдыздарды әлдилеп тербейді. Одан әрі жарты мая шөп тиелген дәу тіркеме суды толарсақтан кешіп тұр. Балдыр-бақа сасыған жалпақ Қарасу үстінен қанаты суылдап жапалақ ұшып өтті.


Біраз уақыт меңірейіп отырып қалған тракторист жігіт жерге қарғып түсті де, қайдан тапқанын кім білсін, қаңсыған шелекті салдыр-гүлдір сүйрете өзен жағалап, жоғары беттеді.


— Жанармай бітті. Мына қабақ астында отырған сиыр фермасында цистерна бар...


Толқын-толқын даусы құмығып барып үзіліп кетті. Амалсыз жерге түстім де, үсті-басымды қақтым. Іштей күлдім - дәл қазір мені сыртымнан сынап тұрған кім бар дейсің. Қаладан келген студенттің тыраш әдеті де.


Бастырыққа байланған арқаннан ұстап, шөп үстіне өрмелеп шықтым. Шөмеле ортасындағы ұядай ойықтан Ораш басын көтерді.


— Неге тоқтадыңдар?


— Жанармай бітті...


Ол қолын бір сілтеді де, жантая кетті.


— Бәсе, манадан бері неғып тоқтамай жүріп келе жатырмыз деп таң қалып ем... Ол өзі қашаннан солай. Бірдеңені ұмытады да жүреді. Каленвалын ауыстырам деп, картер ішіне отыз екінші кілтін тастап кеткен адамнан не сұрайсың. Кел мында... Тоңып қаларсың.


Қысылысып-қымтырыла жайғасқан екеуміз астымыздағы шөптен шығып тұрған жаз иісін, шалғын иісін мұрынды әлсін-әлсін тарта жұтып қойып, биіктеп кеткен күзгі аспанға көз тігіп үнсіз жаттық. Жазда от тұтатардай жарқылдап тұратын жұлдыздар қазір кішірейіп кеткен бе, ұп-ұсақ. Қырау шалған Құс жолы бұлыңғыр. Жаз бойы жарау аттан түспеген Жетіқарақшы көкжиекке қарай басымен құдия құлап, шауып бара жатыр.


Салқын... Ой екеш ойларыма дейін мұздап бара жатқандай. Бүгін түнде қолын жеңіне тығып бүріскен қараша айы Қарасу жағасында қалғып кетіпті.


Кенет, ал қара көк аспанда жылт етіп от тұтанды да, айдынға қарай құлдилай сорғалады.


— Анаң қара, жұлдыз ақты!..


Ораш екен... Екі иықтан албастыдай басқан ауыр үнсіздікті бұзғанына қуанып кетті ме, даусы сергек шықты. Құлаған жұдырықтай метеоритке бола неменеге мәз болып жатыр? Әйткенмен Ораштың жиырма жетіге биыл толғанын еске түсірдім де, амалсыз тілімді тістедім. Әрі Орашқа да, метеоритке де емес, ең алдымен тоқтап тұрған тракторға, аяқ астынан бітіп қалған жанармайға, ең соңынан өз-өзіме ызам келіп еді. Мана ғой үлкен ағай: «Қолды-аяқты бала болып, жалғыз сиырға шапқан шөпті жеткізе салуды білмейсіңдер»,- деп еді, болды, есік алдында гүрілдеп тұрған трактордың тіркемесіне қарғып шығып кеттім. Ертең оқуға жүретінімді сылтауратсам, ешкім де маған өкпелемес еді. Ал Ораш болса, тарақтап алған қолын желкесіне жастап, былқ етпестен үнсіз жатыр. Қолтығына ши жүгіртіп, жынын келтіріп, тайдай тулатып алсам ба екен, бәлем?


Ақыры ойламаған жерден ұстай қалған балалығым:


— Ораш, ау Ораш!- дегізді.


Бері қарады.


— ?..


— Сен осы директорлықтан неге түсіп қалдың?


Астындағы шөпті сытырлата сындырып, бері аунап еді, хош иіс мұрын астына тағы жетіп келді. Жазда белуардан келетін көк шалғында жел лебімен теңселіп тұрған сарғалдақ, қызғалдақ, тағы да басқа сансыз гүлдер елестеді. Ораш шырпы жағып еді, қабағы түйіліп кеткен екен. Әлден соң темекі түтіні танау қытықтады.


— Оны неге сұрадың?


— Өткен жылғы буфеттегі оқиға есіңде ме?


Шылым оты жылт-жылт етті. Жатып атар сұрағын көздеген жерден тиген секілді. Өз-өзімді іштей сөгіп жатырмын. Бір елі аузыма екі елі қақпақ қою керек еді.


Ораш күрсінді.


— Есімде...


Одан әрі мен де үнсіз қалдым. Ол оқиғаны мен де ұмытқан жоқ едім.


...Жазғы демалысқа келген бетім. Ораштың жұмыстан қолы босаған бір әредікте киноға бармақ болып, қатар түзеп, көшеге шыға қалдық. Жолшыбай қонақ үйге кірдік.


Мен:


— Кинодан кешігеміз,- десем, Ораш: — Буфетті байқай кетейік. Сатушысын жуырда ғана жұмысқа алып едік,- деді.


...Буфетші үлбіреп тұрған жас қыз екен. Өзі жас, өзі үш қабатты даңғарадай қонақ үйдің жә деген сатушысы болса, бойжеткен қайтушы еді. Алдында тұрған адамның өзінің тікелей бастығы екенін байқамай қалды ма, әйтеуір, Орашты сол құлағымен тыңдап, қасында тұрған құрбы қызымен аузы-аузына жабысты да қалды. Қабағына көлеңке үйірілген Ораш тағам түрін таңдады да, соңғы тиынына дейін санап тұрып төледі. Онысы маған: «Көрдің бе біздегі тәртіптің қандай екенін. Директор екеш директордың өзі тамақты ақшасына алдыртады!»- деп, ым жасап, көз қылғаны сияқты көрінді. Үстел басына отырдық. Келімді-кетушілер бірен-саран ғана. Әлден уақытта әлгі бойжеткен қызды-қыздымен қатты күліп қойды. Сол мұң екен, Ораш орнынан тұрды. Жайлап аяңдап, қыздың қасына барды. Бара сала, жерден алып, жерге салып, ал келіп ұрыс: «Қайда істейтініңізді білесіз бе өзіңіз? Соншалықты сақылдап күлетіндей театрда тұрсыз ба? Театрда да бүйтіп күлмейді. Ертең болатын жиналыста қалай күлер екенсіз, оны да көрерміз...» Төбесінен жай түскендей болған буфетші бір сұрланып, бір қызарын, әлем-тапырығы шығып тұрды да, ақыры теріс қарап, солқылдап жылап жіберді.


Қысқасы, әлгі жерде ішкеніміз ірің, жегеніміз желім болды.


Сыртқа шыққан соң біраз күңкілдеп сөйлеген болдым.


Ол ештеме демеді, кинотеатрға дейін қарыштап адымдады да отырды. Тек касса алдында сатып алған билетті төрт бүктеп, қалтасына салып жатып:


— Тәртіп керек...- деді. Сонымен: «Сөз бітті!»- дегендей ары бұрылды.


* * *


Тіркеменің астынан су шолп етті; шабақ секірді. Шылымының оты бір сөніп, бір қызарған Ораш шалқалаған, күйі ой үстінде. Бала жастан келе жатқан томаға-тұйық мінезінің өзі сол. Аздан кейін қураған шөпті сытырлата бері аунап түсті.


— Қайда, қалай өстім, алақаныңда ғой. Бесіктен бел шықпай жатып жетім қалдық, бірде сау, бірде ауру, шешенің етегіне жармасып ер жеттік. Жеті класты бітірер-бітірместе: «Інілер оқысын, інілер жетсін, мен-ақ қой соңына түсейін»,- дедім де мал бақтым. Әскерге кеткенше анау көлбеп жатқан Сауыр-Сайқан тауының мен шарламаған сайы мен шатқалы қалмаған шығар. Армия қатарында ел мен жер көріп, көкірек көзім ашылғандай болды. Оқыған-тоқыған, білімді жігіттермен сөйлесіп, көкжиегім кеңейе түсті. Келе сала, өзің білесің, жұмыс істей жүріп, сырттай оқитын мектептен сегіз жылдық білім туралы куәлікті қолыма алдым. Сонан соң жығылсам да нардан жығылайын дедім де, Алматы тарттым. Еңбек стажымды ескерді ме, емтиханды кіл «орташаға» тапсырсам да, сауда техникумына ілігіп кеттім. Оны да тауысып, ауданға оралдық. Әуелі аудан орталығындағы қоғамдық тамақтандыру мекемесінің технологі ғып қойды. Кейін директоры... Өмір өз басымнан ешқашан да сипаған емес. Басқаларға да тым қатал талап қойсам, бір себеп сонда жатқан шығар.


Сенесің бе, сенбейсің бе, арамыздан ерте кеткен әкенің орны мен үшін әлі де үңірейіп тұр. Қыз балаға шеше қалай, керек болса, ұлға әке сондай қат екен. Дұрыс-бұрыстығыңды күнбе-күн кейде ақылмен, бірде қабақпен білдірін, қисығыңды түзеп отыратын қамқор да қатал әке бізге сыймапты. Есейіп, бел бекіткен сайын осы сезім көкірегіме қара тастай батып, сыздатып бара жатыр. Қаншама оқу оқып, еңбек етсек те, әкенің: «Әй балам, алдыңдағы анау бұрылыста тас жатыр, ақырын жүріп, анық бас, адыраңдап жүріп, маңдайыңды сол тасқа соғып алма»,- деген бір ауыз ақылы жетпейді де тұрады. Адамдар жетімдерді жер етін қарғаған кезде «Көргенсіз неме» дейтіні де сол екен. Әкеден көріп оқ жонғамыз жоқ. Қазір жұмыс үстінде де сол кемшінді екі күннің бірінде сезіп қаламын. Бұл сезімнен қашан ақи-тақи құтылып, серпілетінімді кім білсін...


— Өз алдымызға шаңырақ көтеріп, балалы-шағалы болғанда ғана құтылатын шығармыз.


Ол сәл-пәл үнсіз жатты.


— Дұрыс айтасың... Сен де менің жаңағы айтқан кебімді киіп жүрсің. Құрғыр жүрек сезеді ғой. Келер жылы үйлену керек... Сыбай-салтаң адам ауыл арасында бедел жинап, қарқ болмайды екен.


Ол көп сөйледі. Мен өз ойыммен өзіммін. Бір сөзі құлағыма жетсе, екіншісі орта жолда қаңғып қалып жатыр. Онсыз да оның өмір жолы маған бес саусақтай белгілі. Әйтсе де өткен жазда Ораш қатты өзгеріп кетті ғой. Тұйықтау болса да жүрегінің терең түкпірінен қашан да қайырымдылық табылатын оның қабағы бір ашылмайтын болды. Көпе-көрінеу жұмыстан басқа тірлікте шаруасы шамалы, жүріс-тұрысы санаулы директор Орашқа өзгеріп бара жатты. Жұмысқа ерте кетіп, кеш қайтады. Ала жаздай үйде мен - студент інісі демалып жатқандай тек бір-ақ рет - асханаға ең соңғы үлгімен шыққан тоңазытқыш келген күні жадырады.


Қызық болғанда, осыншалықты тәуір-тәуір жаңалықтардан соң директор демін еркін алып, серпілгеннің орнына ширыға түсті. Күндердің күні мекеменің ыстығына күйіп, суығына тоңып келе жатқан бухгалтермен сөзге келіп қалыпты. Келер жетіде екі аспазшы жұмысқа шықпай қалған екен, жұмыстан босатайын деп жатқанда қол астындағылар араша түсіпті. Ал өзіне құлақ салсаң, еститінің бір-ақ сөз: «Жұмыс істеу керек...» Сондай-сондайда: «Япырау, жұмыс кімге керек емес, бірақ ол шіркін мынадай ұр тоқпақпен алға басушы ма еді?»- деген күдік менің де көкейіме ұялай қалатын.


Бір күні әлденендей шаруамен кеңсесіне бас сұға қалып ем, орнында жоқ екен. Есік алдында көк бұйра темекі түтініне көмілген шофер отыр.


— Ораш басқармаға кетті-ау деймін. Жиналыс болып жатса керек,- деді ол сұраулы жүзбен қараған маған.


— Жайша ма?- дедім ол жиналыстың тегін емес екенін сезсем де.


— Ораш ағаңның үстінен арыз түссе керек...


Мен шофердің қасына отыра кеттім.


Ол темекі тұқылын анадай жерге ұшырып жіберді де, орнынан тұрды. Менен көзін алып қашып тұрып былай деді.


— Ораш әлі жас қой. Оған салсаң бір күнде апыр-топыр алтын сарай тұрғызғысы бар. Ондай сарай ертегіде ғана соғылады. Шүкір, бұрын жоспар орындалмай, жылы сөз естуден қалып едік, қазір көзіміз ашылды. Бірақ жоспар бар да, жұмысшылардың жөні бөлек қой. Адам жоспарлауға көнбейді. Әрқайсысының жұмыстан басқа да тірлігі, семьясы, бағып отырған жеке меншік малы, бау-бақшасы бар... Директор өзі қалай жұмыс істесе, басқалар да сөйтсе екен дейді. Оған бола ма. Ораш салт басты, сабау қамшылы бойдақ... Асхана жұмысынан басқа уайым-қайғысы жоқ. Ал біз ше? Аспазшылардың бәрі дерлік үйлі-баранды. Біреуінің баласы аяқ астынан ауырып қалады, екіншісінің бақшасы мына ыстықта қоқ болып күйіп барады. Ұрыс-талас та осы себептен шығады.


— Сонда кімдікі қате?


— Е, ол деген талай адамның басын қатырған мәселе ғой, — Сөйтті де: «Әй, осы бала қайтеді?»- дегендей маған күдікпен қарап қойды. — Менің білетінім бір-ақ нәрсе -адамдардың жай-жағдайымен санаса білу керек. Жұмыс жұмыс та, біз де ет пен сүйек, он екі мүшеден жаралған жандармыз, біз де керек кезінде ашулана аламыз.


— Ал осыны өзіне айттыңыз ба?


— Айтпасақ айтамыз,- аз отырды да, — ол бізді тыңдаудан кеткен...- деп қосты.


Бұл сөз ақыры аяқсыз қалмапты. Аудандық қоғамдық тамақтандыру мекемесінің жылдық қорытындыға арналған жиналысында директор жолдас сыналыпты. Ішінара мақтағандар да болыпты. Бірақ көп үннің арасынан басымдалып шыққан пікір мынау екен: «Таланты, еңбекқор, жігерлі. Дегенмен жұмысшылардың хал-жағдайымен санаса бермейді. Кейде орынсыз ашуға басып кетеді. Әлі тәжірибесі аз. «Коллектив пен директордың арасында биыл біте қоймайтын кикілжің бар». Ешкім: «Орныңнан түсе қой»,- демесе де, Ораш сол жолы өз өтінішімен жұмыстан босапты.


...Тракторист жігіт сол жоғалғаннан мол жоғалды. Түн салқындай түскен. Шабындық жақтан әлсін-әлі ат пысқырады, тұсамыс сылдырлайды. Оттары жымыңдаған фермадан жеткен түтін иісі танау қытықтайды. Алыстан бақа бір-екі рет құрылдады. Ол да саржағал күздің алдына түсіп, бұл өлкеден келер жылға дейін келмеске кетіп бара жатқан жайма-шуақ жаздың ақырғы «Қош! Қош!»-ы.


— Қызық, ә?! — Ораш басын көтеріп отырды.


— Не қызық?


— Кезінде технолог, директорлық «шен-шекпенді» армансыз кидім. — Мырс етті. — Осы күні ақылға салсам, сондағы ұрыс-керіс, дүңк етпе мінездер әлсіздік екен. Директорлыққа тағайындалған күні кеудеме нан пісті, анығын айтсам. Дүниенің астын үстіне төңкермек болдым, бір жылда жұмысты қолға қойып, атымды ауызға іліндірсем деген ор көңіл тізгін бермеді. Техникумда оқыған дәрістерді қалт еткізбей орындап отырсам болды, бәрі бітіп жатыр деп ойладым.


Алғашында ойлағаным алшысынан келіп, майға түскен пышақтай жылпыды да отырды. Сөйтсем балапанды күзде санайды екен.


...Ол сөйлеп жатыр. Менен гөрі өз-өзімен сырласып жатқан секілді. Шымқай қара көк аспанды көзбен сүзіп, мен жатырмын. Басқа уақытта Ораш сырының құлпын ашып көр. Нағыз «Жабыл, қазаным, жабыл» дейтіннің адамы. Дүниенің ың-жың итіс-тартысынан шөп үстіндегі оңаша тіршілік көкірегімде көптен бері қатталып қалған мұң мен сырды түртпектеп, сыртқа шығарыпты бүгін.


Рас, жас директор кеткен кемшіліктерді о баста түзетіп бақты. Өмір бір орнында тұрмайды. Жұмыс та солай. Алға, жылжыған үстіне жылжи беру керек... Міне, дәл осы тұста техникум берген білім саяз, жинаған тәжірибе аз болды. Директор бір орынды таптап тұрып қалғысы келмейді, алайда қай жаққа бет алып, бағыт түзейді, ол жағы қараңғы.


Ең көкейтесті деген сұрағына жауап табылмаса, қу жанда маза бола ма. Директор жиі күйгелектеніп, ашу шығаратын жағдайға жетті. Кейде біреумен кішігірім сөзге қалса; «Әй, осы мені жас деп тұр-ау өзі, басынбақ па, немене?»- деген ұры ойдың жетегімен дауды өшірудің орнына өршітіп алатын.


Не нәрсенің болсын, өз шегі бар. Тым қазымырлық, ашу шақыру жұмысшылардың жүйкесіне тие бастады. Бұрауды қос қолдап бұрай берсе, қайтушы еді, не бұрау сынады, не қыл арқан үзіліп тынады. Ораш қатты сыналған жылдық қорытынды жиналысында шыдам шегі шарт үзіліп еді.


...Таяу тұстан ши сыбдырлап, қараңдаған адам көрінді. Фермадан оралған тракторист... Жақындай бере:


— Ей, бармысыңдар?- деді даңғырлай сөйлеп. Соған қарағанда жолы болған-ау.


— Бармыз, бармыз...


— Болды, ендеше. Мен баққа жанармай құйып, өйтіп-бүйткенше әңгіме соғып жата тұрыңдар.


Бізге керегі де сол еді.


Шөпке қайтадан жантая кеткен Ораш әңгімесін сабақтады.


— Директорлықтан босаған жиналыстан соң екі иығымнан су кетіп, үлкен ағайдікіне бардым. Шынын айту керек, жұбату, жанашыр лебіз сөз естігім келіп еді. «Өте дұрыс екен. Қолын көтере алмайтын балтаны беліңе байлама»,- деді ол кісі.


Алғашқы алабұртқан көңіл, ыза басылған соң, оңашада көп ойландым, көп толғандым. Инерция заңын екеуміз де жақсы білеміз. Сол күндердегі мінез-құлық, жүріс-тұрысым, маңайдағылармен жасаған қарым-қатынасым сол заңдағыдай болып шыққан екен. Директорлық шіркінді ер-тоқымды салып жіберіп, қарғып мінетін «айт шу, ала атым» деп түсініппін. Сараптап байқасам, басшы деген ұғымды он орайтын сан қырлы нәрсе екен.


Білім аздау болды ғой. Техникум қабырғасында өткен төрт жылда біз не оқыдық? Таңдай үйіретін бифштекс пісіру үшін қаншама грамм ет, жұмыртқа, май, пияз, тұз, су қосу керек - әне, соны жат та тұр жаттадық. Ал коллективке басшылық жасау, адамдармен тіл табыса білу, психология, тағысын тағылар... ол жағын атама. Оқыған күннің өзінде оның бәрі өмірдің тегеурініне түскенде теңіздің қасындағы тамшыдай нәрсе... Ең басты да негізгі ғылымды жүздеген адамдармен дәмдес-тұздас бола жүріп, тоқиды екенсің. Ал ол үшін ай емес, сан жылдар керек.


Арман, құлшыныс, жігер мен өмірдің қиындығы осылай беттесті, бауырым. Әзірге соңғысы басымдау түсіп тұр.


Қазір мойныма алған совхоз жұмысшылар кооперациясы да оңай тиіп тұрған жоқ. Білім аз. Өз-өзіме келіп, етек-жеңімді жинайын, сонсоң... баяғы өзім білетін Алматыға тіке тартамын, кооперативтік институтқа сырттай оқуға түсемін...


Әңгімені трактористің даусы бөліп жіберді.


— Жә, жігіттер, жолға шықтық. Мына қара тұлпардың арғы жағына бірдеңе барған секілді, енді ауылға жеткенше қыңқ демейді.


Біраз күйбеңдеп, «ДТ-75»-ті от алдырған жігіт кабинаға бас сұға берді де, айқай салды.


— Орныңа келсейші, құрдас!


— Жүре бер. Шөптің үсті жайлы...


— Е, онда жатыстарың жайлы болсын!


Қарасу бетімен әуелі шымыр-шымыр толқын жүгірді, жағаны шылп-шылп соқты. Тіркеме дір етті де, жолға шықтық. Қойындасқан Ораш екеуміз аспанға көз тігіп, үнсіз жатырмыз. Оны қайдам, мен ертең Алматыға қарай ұшатынымды ойладым, оған қоса күзгі аспан астындағы әңгіме осымен оралмасқа кеткенін, жыпырлаған жұлдыздар сәулесі еміс-еміс себезгілеп тұрған мына айдау қара жолға енді қайтып табаным тимейтінін өкінішпен ойладым.


Тек күзгі аспандағы жыпырлаған жарық жұлдыздар ғана мәңгілік...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу