Өлеңдер ✍️

  13.08.2021
  456


Автор: Адырбек Сопыбеков

Ұстаздарым

Ақылмен ой-санаңа нақты ұстайтын,
Жарқырап өмір-бақи тот баспайтын.
Шамшырақ жолындағы – білім болса,
Ұстаз ол – сол білімге жол бастайтын.

Мектепке тұңғыш рет басқан қадам,
Бәйгеге сендердің ол қосқан балаң.
Білімнің басып алғаш баспалдағын,
Танып ап оң мен солын аспандағы.

Бармасаң әр баланы білімге алып,
Болады сол баланың күні кәріп.
Оқысаң көзің сонда ашылады,
Әрдайым білімдіге – дүние жарық.

Ал онсыз айта алмайсың білеп деп те,
Ап барар білімсіздік кереңдікке.
Қарасаң шығады тек білімдіден,
Ақылда да, даналық та, тереңдік те.

Сондықтан данышпан да, ақылды адам,
Ұстаздың ұлылығын мақұлдаған.
Олардың жарқырап бір лаулайтыны,
Сендерден түскен ұшқын лапылдаған.

Біз үшін білім нәрін арнадыңдар,
Қандай бір қиындыққа бармадыңдар.
«Инемен құдық қазған» ұстаздарым,
Күн болып жүректерге орнадыңдар.

Өздерің құт мекенді тұрақ еткен,
Өмірге тұлпар баптап, пырақ еткен.
Сендердей бақытты жан жоқ-ау, сірә,
Шәкірттері жер шарына тарап кеткен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу