Өлеңдер ✍️

  13.08.2021
  131


Автор: Қанипа Бұғыбаева

Іздер

Бір соқпақтан бір соқпақты іздесем,
Айқыш-ұйқыш заман басқан із кесем.
Сол жолдардың төсінде өскен, құрбыжан,
Өтінемін, бір тал гүлді үзбе сен!
Жолдар, жолдар табан сүйген не түрлі,
Көз алдыма түрлі сурет келтірді.
Тартсам деймін төменнен бір биікке,
Маңдайымнан тамған терден көл тұрды.
Ертеңімнің көріп ізін бүгіннен,
Уақыт қысқа, уақыт қамшы, жүгірем.
Өмір менің сүйеушім де, демеушім,
Сол себептен өмірге мен жүгінем.
Дәуір салған іздің көріп аумағын,
Ыстық тартып, үстіне сан аунадым.
Осы жолдан дүниеге кеш келіп,
Ата-бабам сыбағасын дауладым.
Бола алмаспын бір тірі жан сан үшін,
Менің де бар жарды соғар ағысым.
Асқақтаған арманымның дауысын,
Кім де болса сонадайдан танысын.
Арман, арман асу бермес көп өткел,
Кей жүректі сол арманнан кем еткен.
Жатыр әне, үлкен жолмен жалғасып,
Өткелді өмір сеніменен мен өткен.
Сезінбеймін көңілімнен күз демін,
Әр қабақтан күн арайын іздедім.
Тарсам деймін төменнен бір биікке,
Айқыш-ұйқыш тіршіліктің іздерін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу